Өлеңдер ✍️

  20.09.2021
  185


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Сендім

Үлкенге сендім,
Асқар боп,
Арқамнан сүйеп,
демер бір деп.
Кішіге сендім,
Қыран боп,
Қырымнан қарап
Ісімді көрер бір деп.
Жақынға сендім,
Өлтірмес өз болып,
Жарылқамас жатқа
шүйілер, төнер бір деп.
Құрбыға сендім,
Сырластық
сыйластық жеңіп,
Ақ сөйлеп,
әділін
әлемге пәш етіп
берер бір деп.
Сендім бәріне
Адамдық парызын өтеп,
Ар алдына
Ақ жарылып
Ақтарылып
Келер бір деп.
Сендім үмітпен
маған да
Ақ шуақ
Ақ нұрын төгер бір деп.
Мұңы мол
жүрегімде содан
Бақыттың ақ гүлі
Бүр ашар,
Өнер бір деп.
Аңғал да аңқау,
Жалғансыз жанымды
өбер бір деп.
Сәулелі қуанышқа
мені де
көмер бір деп.
Алдамшы тағдырым
аяр да,
ақиқат
адалдық жеңер бір деп
Сендім алаңсыз,
Күттім келер күн
Келер күн деп.
О, адамдар.
Адамдар, ойлаңдар.
Ойлап тек қоймаңдар,
Сөзімнің мәніне бойлаңдар.
Өмір бар опасыз,
Алды үміт
Соңы тек өкініш
Жүрмейді оған еш
өкпе-наз,
өтініш.
Онда егіз
арбасқан ізгілік,
зұлымдық
деген зор.
Арпалыс,
алмасқан
бақ пен сор.
Сенгішті
көнгішті,
көнбісті
жұтарман құрған тор.
Айлалы
зұлымдар,
жылымдар,
Жарамсақ,
көлгір бар
етер көр.
О, адамдар!
Адамдар, ойлаңдар!
Ойлап тек қоймаңдар,
Сөзімнің
мәніне
бойлаңдар!
Өзіңсің,
демеуші,
жебеуші,
Жалынба,
жағалас
етіп іс.
Өзіңсің
хас қорған,
ешкімге алдырмас
ең мықты бекініс!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу