Өлеңдер ✍️

  20.09.2021
  111


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Неліктен

Ләззатқа бөлер
сымбатыменен, көрікпен,
Сүйкіміменен
қалпыңды баурап, еріткен,
Япырай деймін,
жанды-жансызда, достарым
Жақсы атаулының
өмірі қысқа неліктен!
Ақ сағым ойнап,
аймағың нұр боп көктемде,
Жадырап жаның
ақ самал лебі өбкенде,
Шие гүліне
үлгермейсің-ау қарап та
Ақ торғын болып
құлпырған сонау бөктерде.
Жаудырып нәзік
үф еткен лепке дірілдеп,
Қызғалдақ кеше
гүл ашқан бақта біріндеп.
Шүберек болып
ажары қалмай солады,
Қарасаң оған
оралып қайта бүгін кеп.
Байқасақ барлап,
әлі де қысқа өмір көп.
Ойың жетпесті
көз көретін бар небір кеп...
Ақыры біреу,
себебі мың сан құбылыс,
Әрненің дара
тағдыры болып көрінбек.
Ләззатқа бөлер
сымбатыменен, көрікпен,
Сүйкіміменен
жан атаулыны еріткен.
Сирек те сұлу
қасиет беріп табиғат,
Өмірін, сірә,
болар ма екен кеміткен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу