Өлеңдер ✍️

  20.09.2021
  139


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Сұр костюмнің ішінде кім тұрмайды

Жүрегіңді толқытып ой тулайды
Ойдан туады жаныңды жейтін қайғы.
Сып-сыпайы өзінше сыр алдырмай
Сұр костюмнің ішінде кім тұрмайды.
Сырты таза, іші нас шен тұрады,
Шен ішінде шертиіп «Мен» тұрады.
Правоны, міндетті, адамдықты
Жиып қойған құдаймен тең тұрады.
Ата-анасын танымас паң тұрады,
Аузы-мұрны ақ түтек шаң тұрады.
Жанап кетсең жұғатын қара күйе,
Жілік жұтса қақалмас нән тұрады.
Мысық жүріс тойымсыз мес тұрады,
Қарын, қалта,
Жоқ өзге еш мұраты.
Ұмытпаған ұяда көргендерін
Таптың ұлы, сыздаған сес тұрады.
Бір басына он атақ аз тұрады,
Ширатылған «ғұлама» саз тұрады.
Бастығы жоқ жақпайтын жарамсақ сор
Күн көріске мәңгі құл мәз тұрады.
Наданменен алысқан адам тұрады,
Аттатпаған қақпандар қадам тұрады.
Тура айтып жақпаған туғанына
Қалта да жоқ, атақ жоқ жадаң тұрады.
Ойлағаны ел қамы, халық ары
Деп жүргенің табынып жігіт нары.
Таразысы тең жан деп сенген шенін
От басының боп шығады тоғышары.
Көкейінде тек қана дүние малы,
Жаны айырбас мал үшін пида ары.
Тамам будың астында қалады екен,
Бұраудың да соңында сұрау бары.
Көріп жүріп кейбіреу күлтелейді.
Сөзім ашық тыңдасаң үрке мейлі.
Сұр костюм, ақ жаға, сән галстук
Кімді ғана шен-шекпен бүркемейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу