Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  408


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Еркек

Онымен толы ортаймас, азын толмас,
Болса да жұртта қалмас, көптен озбас
Санаға сіңіп қалған ұғымдар бар,
Өмірде келе жатқан тауып жалғас.
Мәселен ер азамат, еркек делік,
Мәнісі дараланар көрсек теріп.
Иесі шаңырақтың отағасы –
Есіммен тұрар ұя өрнектеліп.
Еркекке көрсетілер таудай сенім,
Еркегі жоқ үйде орны болсын ненің..
Сай болып төрт құбыла тұрсын мейлі
Молайтар еркек жоғы үйдің кемін.
Еркексіз үй жарлының үйі сынды,
«Ас ішті қайдан,
атты қайдан мінді»
Дегендей, әр қадамы сынға түсіп,
Ұқсатым, талап, еңбек күдік ілді.
Бар болса аты еркек тымақ киген
Жоқ мейлі тауқыметі жаны күйген,
Аталып есімімен малы-жаның
Ұлтыңды белгілеу де соған тиген.
Айтпайын баға беріп, тізіп-теріп,
Жамылған еркек атын жүр ғой өріп...
Өмірде сәйкессіздік – аққан өзен,
Бұл дағы құяды да соған келіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу