Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  165


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ана тілім

Ана тілім – тірлігімнің тірегі.
Тілмен ғана кірер адам іреңі.
Тілсіз қоғам өлі, мынау дүние
Түсініксіз тылсымменен бір еді.
Ана тілім – әрекетім азығы,
Бар ғаламды тануымның қайығы.
Ой-санамның өсуінің куәсі,
Ғасырлардың кейінгіге әз үні.
Ана тілім – айна түсер аймағы,
Елім, жерім, ұлтымның да айғағы.
Бар қалпымды, бар өремді дәлелдеп
Жеткізетін мәні, нәрі, қаймағы.
Ана тілім – бәрін сөйлер шежірем,
Тілсіз нені білдіре алам, не білем.
Тілім барда ғана мынау ғаламның
Кілтін табар саналысы сезінем.
Ана тілім – анам сынды аяулым,
Сенсіз жерде көш соңында жаяумын.
Сенсіз жерде күйім көрдей қараңғы,
Сенсіз қалсам құруға да таяумын.
О, адамдар, қадіріне жетіңдер,
Ана тілің – анаң,
сыйлап өтіңдер.
Туған тілін танымаған көр соқыр
Болып өтер,
ертең мәңгі өкінер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу