Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  118


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Сарыарқа Сәкен ескен сайран дала

1
Сарыарқа – Сәкен ескен сайран дала,
Осы де жас жүзіндей жайраң дала.
Асыр сап, балалармен асық ойнап,
Асау тай жарыстырған қайран аға.
Осы де шежіре жер, көп көрген жер,
Басынан көп дүние өткерген жер.
Оянып сері сезім,
ақын алғаш
Аруға бота көзін төңкерген жер.
Осы де Сәкен ыстық керетін жер,
Сағына жырға қоса беретін жер.
Аймақты әнге бөлеп, тау ішіне
Ақбозбен түнделете келетін жер.
Осы де ит жүгіртіп құс салған жер,
Қызық шақ, қимас, қымбат түс қалған жер
Сонарда бөкен қуып, бері соғып,
Қаңтардың қысқа күні қысқарған жер.
Осы де өсіп ойы ұстарған жер,
Қауырсын қалам қолға ұсталған жер.
Көз көріп, заман сырын көңіл жазып,
Әділет жолын берік ұстанған жер.
Осы де сөйтіп Сәкен туған жері,
Ақ қанат сағым арман қуған жері.
Жетелеп ізгі сезім, игі ниет
Зұлматпен күреске бел буған жері.

2
Сарыарқа, сәнді Арқа, сайран Арқа,
Кең қазақ кең құлашын жайған Арқа,
Келемін көз буланып, көңіл босап,
Бұл күйге түсермін бе жайдан Арқа.
Үзілмес қоңыр желі ескен Арқа,
Өнерлі сан саңлақтар өскен Арқа.
Арқа мен өнер егіз ұғым болып,
Жасымнан көкірегіме кешкен Арқа.
Көмкерген көкалалар құба белдер...
Төгілген құйындатып Құлагерлер...
Айдынын әнге бөлеп аққу сызған,
Құрағы көз тұндырған тұма, көлдер...
Қазақтың кең жерінің төрі Арқа,
Кербез тау, керме иық бел, сері Арқа.
Ән өсіп, жыр қаулаған, күй көктеген,
Өнердің түгесілмес кені арқа.
Шырайлы қыз көркіндей керім Арқа,
Шұрайлы шүйгін жұпар жерің Арқа,
Сауықшыл өнер сүйген бұл өңірдің
Мақтан ғып атап кеткен елін Арқа.
Ақындар, сал-серілер елі де Арқа,
Шешендік сиқыр сездің кені де Арқа.
Ғасырлар асып жыр боп келе жатқан
Мен жырлап түгесе алман сені Арқа.

3
Бұл өңір бүгін – байтақ Жаңаарқа,
Жаңарып жері, елі, сана арта
Түлеген өңір көріп, өмір көріп,
Сүйсініп, көңіл өсіп, жанады арқа.
Көркі бар айырғысыз жасыл бақтан,
Телегей теңіз ырыс тасып жатқан.
Бүгінгі Жаңаарқаңыз Сәкен аға,
Аңсаған арманынан асып жатқан.
Несіне табыстарын тізіп айтам,
Көңілге қонымдысын сүзіп айтам.
Еңбегі, өнерімен ел мерейін
Өсірген ұлы менен қызын айтам.
Толқынды «Тоқырауын ырғақтары»
Еселеп ел бақытын жырлап тағы
Ғасырлар асыратын өнер сүйген,
Жасай бер, Сәкен аға ұрпақтары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу