Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  88


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Көкше

«Арқаның кер без сұлу Көкшетауы...»
Сәкен Сейфуллин

Көкшені кім білмейді Арқадағы
Тамсантып табындырған әр танабы.
Арқаның кеудесіне жарасыпты
Тәрізді асыл тастар алқадағы.
Көресің көп ғаламат Көкше барсаң,
Байыптап айналаңа назар салсаң.
Тау толғап, орман ән сап,
Жартас жырлап,
Жамырап жөнеледі жанай қалсаң.
Көкшенің қызық біткен қына тасы,
Ішінде шежірелер ғұламасы
Тәрізді көне күннен сыр сөйлесе,
Табылмас тыңдағанға ұнамасы.
Көрмеген бұрын көзің жәй осында,
Жаныңа нұр құятын сая осында.
Айналаң – алуан сурет музейіндей
Ғажайып ашық аспан аясында.
Бере алмас шебер адам қолы жасап,
Мол мүсін табиғаттың өзі қашап
Қойыпты, түсінігі – тұнған аңыз,
Құлаққа құйып алар мол сыр ашад.
Қарағай қарауылы тәріздідей,
Тұрады қысы-жазы әні үзілмей.
Аққулы айдын көлдер тойлы ауылдай
Жататын салтанаты – сәні үзілмей.
Сақ қыран құз қиялап құлдырайды,
Шығандап аспанды өрлеп бұлдырайды.
Көкшенің көк күмбезді шолғыншысы
Көрінсе, көгілдір көл тұнжырайды.
Көшеді көкала бұлт тынбай кілкіп,
Жылқыдай дүркіреген жөңкіп, үркіп.
Кек күмбез көңілі босап әлденеге
Алады ауық-ауық жасын іркіп.
Түседі ертелі-кеш бұлбұл бейлі,
Ұйытып, әнмен тербеп, әлдилейді.
Қоңыр жел оркестрі күй төккенде,
Майысып қыз қайындар би билейді.
Маужырап мас боласың ауасына,
Дерт болса, кезігердей дауасына.
Жер осы емес пе екен деп ойлайсың
Жолыққан Адам ата Хауасына.
Көкшені көп жырлаған Сәкен аға,
(Көруге бұйырмаған бізге дана.)
Ақынның қаламына ілінбеген
Сөз етіп көрем кейбір қырын ғана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу