Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  136


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ақ шабақтар

Тулаған теңіз ашулы мана,
Момақан енді, бүлдіршін ғана
Бесікте бөбек әлдиде жатып,
Ұйқыға тәтті берілген жаңа.
Көгілдір айдын көңілдің хошы,
Көңілдің хошы, жанымның досы
Сәттерде осы шақырады ымдап
Теңіздің дарқан көк торғын төсі.
Қос қолым ескек, қайықпен өзім,
Мұндайда билеп дара бір сезім.
Қамынан тірлік арылып мүлде,
Сәбидей мұңсыз болады кезің.
Жылжимын ерке толқынды бойлап,
Жалықпас сынды жүзуден айлап.
Бір сәтте үйдің орнындай аумақ
Қазандай шұрқ-шұрқ жөнелді қайнап.
Ал керек болса, ғажайып жұмбақ...
Толқиды баяу көк мамық құндақ,
Сағына сүйген су бетін шөп-шөп
Жаңбыр ма әлде деп қоям тыңдап.
Білгенше жаның табар ма тағат,
Жылжимын алға жанарым қадап.
Алаңсыз орғып, айдында осы
Салып жүр ойнақ бір үйір шабақ.
Кішкене алмас қылыштай жайнап,
Атылып көкке, секіріп, ойнап,
Жалт беріп тағы сүңгиді кейін,
Жебедей терең толқынды бойлап,
Шабақтар ойнап сабалап суды,
Алаңсыз тіптен, білмейді мұңды.
Қимылсыз қарап тамаша қылған
Жүректе бір ой менде де туды.
Теңіз бе мейлі, тау ма әлде бөтен,
Әйтеуір жерді етуші мекен.
Жан біткен осы ақшабақтардай
Шаттықта ылғи бола берсе екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу