Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  117


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Тоғысу

Тереземнің дәл түбінен
Тулап теңіз тыншымайды.
Жаның толқып көрген болса,
Түсінші дос, білші жайды.
Түсінші дос, білші жайды,
Жан толқыса кім шыдайды?
Алтын оқа ай жолы онда,
Жүрегімді шымшылайды.
Жүрегімді шымшылайды,
Көк теңіздің күрсінгені.
Айықпас бір дертті жандай,
Күрсінгенде құр сүлдері.
Күрсінгенде құр сүлдері,
Сен айтқалы тұрсың нені? –
Деме достым, түсін дәйім,
Күлгенді емес, күрсінгенді.
Әлде Кавказ қарлы шыңы
Көк теңіздің аңсағаны.
Теңіз еткен ақын жанын –
Жүрек емі, жан самалы.
Дөңбекшиді теңіз аунап
Тереземнің дәл түбінен.
Мен тоғысып бара жатам
Кейін қалған тәтті күнмен.
Кейін қалған тәтті күндер,
Тәтті күндер шақырады.
Бірге толқып теңізбенен
Ақын да таң атырады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу