Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  111


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Кавказ шыңы

Қап тауы – Кавказ тауы тамашасың,
Заңғарсың, зәулім көкпен таласасың.
Осынау өзім тұрған төмпешіктің
Білер ме ем сен болмасаң аласасын!
Білер ме ем сен болмасаң шыңның барын
Таппасың айқын шықсам шын құмарым!
Бабамның мен нәсілі қалған алып
Адамның осалдығын – шың құмарын.
Ышқынып ішін тартып, ашу бунап,
Өртеніп өз дертіне өзі улап.
Шыңына қолы жетпей, құмары асып,
Қалыпты етегінде теңіз тулап.
Сынаман, өзім де осы теңіздеймін,
Толқысам теңізбенен егіздеймін.
Аңсаған адам біткен ақ басты шың,
Жетпейсің бір ғана сен,
сені іздеймін.
Әсіре болмаса да шың құмарым
Осы сәт шыңың болды шын құмарым.
Жүретін әсте айықпай басымдағы
Ойыма ұқсатамын шың мұнарын.
Алыстан шақырғандай сырлы асқарың,
Мұңменен бала жастан сырлас жаным.
Шың сүйген жүрегімнің құптағандай
Айбынды асқар шыңмен сырласқанын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу