Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  162


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Қызылорда

Қызылорда жаңа орда,
Бір кезгі Қызыл астанам!
Секілдісің шежіре
Ғасырлар жазып тастаған!
Көшенді бойлап келемін,
Көргендей кино күйдемін.
Жылдардан сонау сыр шертіп,
Сөйлеп тұр көне үйлерің.
Жыпырлаған мынау бір
Көп терезе, қақпа – есік...
«Сәлделі сүлік ұясы
Осы емес пе екен Ақмешіт!»
Перовск! Боз бөрік,
Тікірейген мұрт көрем.
Бой тасалап дойырдан
Ығысып, босқан жұрт көрем!...
«Кел қазақ, жиыл кедейлер,
Ұйымдас жалшы, құлдармен!» –
Деген үн бір кеп құлаққа,
Тоғысты отты жылдармен...
Жатаған мынау ақ үйдің
Қақпасын ашып ақырын,
Толғанып төрде отырған
Көремін күрес ақынын...
Осылай сурет ауысып,
Жылдарды жылдар қуады.
Керуендей шұбап, күн жылжып,
Ойдан ой өрбіп туады.
Қызылорда – жаңа орда,
Бір кезгі Қызыл астанам!
Секілдісің шежіре
Ғасырлар жазып тастаған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу