Өлеңдер ✍️

  19.09.2021
  208


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Көрші хақы

Ең алдымен айтайын көршілікті,
Қазақта мол көршіге кеңшілікті.
Аяқ-табақ арада жүгіріспей,
Кіржиісу дегенді ерсі ұғыпты.
«Ол дүниеде көрші үшін жауап та бар,
Татулыққһа «иман» бар, сауап та бар».
«Көршісіне құдайы» кешірім көп,
Іс керіссіз, кейіссіз аяқталар.
Ерулікке мал сойып шақырады,
Соғымынан сыбаға татырады.
Дәмді асынан қалмайды ауыз тимей,
Көршіге деп іркіп қап отырады.
«Көрші хақы өйткені – тәңір хақы»,
Қалт етпейді бар қазақ бұған мақұл.
«Көрші отырып не керек»,– десең болды,
Сұралмайды көршіде кеткен ақы.
Куә етіп шындыққа тәңір атын,
Дар алдында тұрса да табынатын,
Табарсыз ба халқымнан өткен дарқан,
Тең тұтыпты тәңірімен көрші хақын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу