Өлеңдер ✍️

  18.09.2021
  1524


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Мәншүк

Түйіліп шүберекке адам жаны,
Неше күн түтегелі оқ бораны.
Жансебіл, бұралқы жау бастырмалап,
Алса да сыбағасын тоқтамады.
От дауыл басылмады, қайта үдеп
Әлемді бір сұрапыл басты түтек.
Оқ шашқан жау ұясын байқады да,
Қайсар қыз соған бетті алды түзеп.
Шарт түйіп қабағына ел намысын,
Бойда бар жинап күллі қаһар күшін.
Қырандай қылт еткенін қиып түсіп,
Құрытты қысылшаңда жаудың мысын.
Боратып пулеметтен төкті жасын...
Талқандап жаудың соңғы от ұясын,
Көрсеткен мұнша қайрат жауынгер қыз
Оққа ұшты, көрді ерлер Мәнсиясын.
Алғандай көз шырымын бір мезетке,
Мандайын сүйеп қана пулеметке,
Қалыпты ол жер бауырлап,
жас арудың
Өлімі шақырғандай ерді кекке.
Алынды жау қолынан бұл күн Невель,
Құлпырды қайта көктеп, жаңарып жер.
Қазір де сол Невельдің төрінде тұр,
Қарайды ер тұлғасын қадірлеп ел.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу