Өлеңдер ✍️

  18.09.2021
  102


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Дарқан болса жүрегің...

Қартаймайсың дейсің, мені күндейсің
Өз жүйкеңді өзің түтіп жүндейсің.
Соны ойлап ашытып аз миыңды,
Қартаятыныңды неғып білмейсің?
«Қартаяды ісегінде жаман қой» –
Дейді халық.
«Қалт айта ма», тамам ғой.
«Жақсы болса, жаужұмырды ит жемейді»
Жақсылығың – алынбайтын қамал ғой.
«Сырлы аяқтан сыр кетсе, сын кетпейді» –
Оны айтуға әділдігің жетпейді.
Көңілің кең, дарқан болса жүрегің
Жаны-тәнің көк өлеңдей көктейді.
Ішіне дәм түссе аузыңа ұстаған,
Болсаң-дағы осы аяққа ұқсаған,
Сыры кеткен, сыны өзінде көз тартар
Боласың, дос, сен де жақсы нұсқадан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу