Өлеңдер ✍️

  18.09.2021
  119


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Даңғыл жол болмаса да қалар ізі

Даңғыл жол болмаса да қалар ізі,
Қауымға қаймықпай-ақ қарар жүзі.
Адамын тізіп, тере бастағанда,
Қазақтың мен де ауызға алар қызы.
Жаңғыртып жеті жаста жердің үстін,
Ән қостым дауысына ұшқан құстың.
Сол әнмен жеңілдетіп шерлі шерін,
Сол әнмен қуанышқа от қоса түстім.
Көтеріп ән мен күйдің нулы орманын,
Елімнің той-думанын мен қолға алдым.
Теңіз қып толқытатын тыңдағанды
Жауқазын жаңа ашылған жыр толғадым.
Дария ақыл болмасам да, көкірек дана,
Болғам жоқ бір әншейін ерге қара,
Жарқ етіп қайда салсаң, жарып шықтым,
Дегем жоқ мынау қала, мынау дала.
Ортама болғаным жоқ және ала,
Көппенен жарты дәнді жедім жара.
Өзіме тартқан сіңлім дер еді-ау
Тіріліп келсе бір сәт ақын Сара.
Мақтан сөз көкейіме қонып кетіп,
Тұрғам жоқ өзімді-өзім көрікті етіп.
Ғафу ет, өз оқушым, жазғанымды
Әншейін бір сәт көңілім толып кетіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу