Өлеңдер ✍️

  18.09.2021
  99


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

О, шіркін, қайран сонау балаусын шақ!

О, шіркін, қайран сонау балаусын шақ!
Жаның пәк, жүрегің ақ, алаңсыз шақ!
Жан біткен жанашырың тәрізденген
«Жат, дұшпан» ұғымдардан хабарсыз шақ!
О, онда кімді көрсең, бәрі де дос,
Бәріне дүниенің көңілің көш,
Аймағың анандайын тілегіңде,
Ай емес, апта емес, сағаттап өс.
Қосады бәрі тілек талабыңа,
Ол кезде бәрі мырза «қарағымға».
Аттаған сайын қайқы бөренелер
Жатпайды бүгінгідей қадамында.
О, шіркін, қайран сонау балаусын шақ!
Жаның пәк, жүрегің ақ, алаңсыз шақ!
«Шыны ма» – деп жанына үңілмейтін,
«Жат, дұшпан» ұғымдардан хабарсыз шақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу