Өлеңдер ✍️

  18.09.2021
  107


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ақ сәуле

Ақ сәуле!
Саған кімдер емес құштар!
Ақ дейміз адалдықты етіп тұспал.
Ізгі жан, үлкен жүрек, игі қадам –
Түйінін жалғыз ауыз ақ қана ұстар.
Жақсылық атаулының жаршысысың,
Әр жанның аузындасың сен сол үшін.
«Сәулем» деп үмітіне балайды адам,
Табиғат паш етеді сәуле күшін.
Ақ сәуле алауласа күншығыстан,
Түн түріп шымылдығын, бұлт ығысқан.
Ақ ару – ақ сағымдар аймаласып,
Ақ қанат жер үстінде нұр тоғысқан.
Осы нұр өмір сәнін белгілейді,
(Несіне деме, оқушым, тергілейді).
«Қара жер бауыры суық» тек сәулеге
Шынайы жүрек жарып елжірейді.
Сондықтан сәуле тірлік тірегіндей,
Оған шат тұратын түн күле білмей.
Ол жүріп өткен жолдың болған емес,
Қалғаны шешек атар гүл егілмей.
Адамға қиял қонып ой түнеді,
Әрқилы бірақ түлер ой түлегі
Ақ сәуле ақ кірпігін бір көтерсе
Тұра алмас тұра қашпай ой түнегі.
Бұзады сәуле түссе, түнек түсін,
Тырнайды түнек басқан адам да ішін,
Жалын жас жар сүйсе адал сәуле сынды
Оқ атар деп дұшпанға «Сәулем үшін!»
Өмірден сәуле адамның алашағы,
Сәулемен ертеңіне ол жол ашады.
Ғарышқа алып ұшар аяулы ақ құс —
Ақ сәуле игі қауым болашағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу