Өлеңдер ✍️

  17.09.2021
  123


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Құйын

Қасақана, кегі бардай өшігіп,
Ұйтқып соғып, қадамдарын өсіріп,
Жайбарақат шуақ сәтте тап болды
Жынды құйын үйіріліп есіріп.
Құмды иіріп, шаңды аспанға атты да,
Күлді үйіріп, топан теуіп қапты да.
Иілдіре, үзілдіре гүл белін,
Борандата кезді барып бақты да.
Күшке бағып құйын да тез тынбады
Нәзікпін деп гүл де мойынсұнбады:
«Тән әлсізін, жаны әлсізге санама»
Дегендей гүл майысса да сынбады.
Сағым сынды сәтінде жүз құбылған
Құйындар кеп бұл күндері шұбырған
Осы гүлдей құлпырарсың, жанарсың
Болсаң аулақ, құйын мінез құбылдан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу