Өлеңдер ✍️

  17.09.2021
  104


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ой

Ой – теңіз, өзім – қайық барам жүзіп,
Аңғарын, иірімін қоям сүзіп.
Толқындай бірін-бірі қуған мәңгі,
Шегіне жеткізбейді қара үзіп.
Келемін кейде малтып, кейде қалқып,
Тұңғиық кетем кейде түпке тартып.
Ақ қайран күміс толқын құшағында,
Толқынмен кейде ағамын бірге шалқып.
Теңізде кейде бұрқап дауыл тұрып,
Қайықты үйіреді аласұрып.
Толқынның еркіндегі тал шыбықтай,
Жас өрім бұраламын ағын ұрып.
Ой-теңіз мен келемін әлі жүзіп,
Иірім бұралаңын жара сүзіп.
Таралып тармақты өзен сағасындай
Жүйрік ой жеткізбейді қара үзіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу