Өлеңдер ✍️

  17.09.2021
  148


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Әзіл-шыным

Өн бойында жинағыңның
Жана береді екенсің,
Таңданып та, тамсанып та.
Тала береді екенсің.
Өзіңді өзің мысал етіп,
Ала береді екенсің
Бірақ та сол жанамынмен
Қала береді екенсің.
Тез тұтанған тез сөнеді,
Қалмауы да сүлдесі.
Абайлашы, ақын досым,
Сөніп қалып жүрмеші!..
* * *
Емеспін мен ешкімнен артық адам,
Емеспін құр көкірек жарты да адам.
Өмірге өтесем де, алсам да одан,
Ешкімнің несібесін қарпымағам.
Ерекше маңдайым жоқ жарқыраған,
Білемін пендешілік салтын адам...
Қынжылман аз бақытты қимағанға,
Мен көбін тағдырымнан тартып алам.
Еңбекпен таң атқызып, күн батқызам,
Сөзімді халқыма айтам, тыңдатқызам,
Қол соққызып қолпаштау тілемейтін
Жырымды болашаққа бұлдатқызам.
Қазақтың бір қызымын – Тұрсынханмын,
Бұлдымын ауылына жыр сұлтанның.
Жыр өлмесе, мен де өлмен, жыр үстінде
Шапағы алаулаған тұрсын таңның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу