Өлеңдер ✍️

  17.09.2021
  108


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Мақтанам

Жұмысшының қызымын деп
Бастап едім сөзімді,
Мырс етіп миығыңнан
Сығырайтып көзіңді,
Қарап маған Алатаудан
Шарпып өттің сезімді,
Бата алмадың, ерінінде
Іркіп қалдың сөзіңді.
Сен, білмейсің жұмысшының
Күрес шебін құрғанын,
Жеңіп шығып,
Өмір көшін
Жаңа арнаға бұрғанын.
Білмейсің сен, күлпаршасын
Шығарғанын Тахыттың...
Жұмысшының қолыменен
Орнағанын бақыттың.
Ол жыл құсы секілденіп
Іздемеген жылы жақ.
Жат ұяны мекен етіп
Өткермеген жыл ұзақ.
Тойған жерін місе тұтып,
Тауықша дән термеген,
Бұлт ілінсе аспанына,
Қайта қашып келмеген.
Осынау тым бұлғақтаған,
Биіксініп қараған
Қалпыңменен біле білсең,
Борыштысың сен оған.
Сиқыр күлкі, зәлім көзбен
Қарама сен, тасадан.
Бақыт дәмін татып жүрсің
Сол жұмысшы жасаған.
Қиын шақта құшақ ашты,
Деген кім бар бөтенсің?
Оған тозаң бүрікпе, шырақ,
Шаңға айналып кетерсің.
Ұйымшыл да бауырластық
Ұранын нық сақтаған.
Жұмысшының қызымын деп
Мен әлемге мақтанам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу