Өлеңдер ✍️

  17.09.2021
  110


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Қос шырақ

1
Айнадай аспан, тұрса да күліп күн көкте,
Тыныстай алмай тұншықты дала түнекте.
Зіл батпан заман зіл басқан бойын билетпей,
Аршындай алмай арманда жүрді түлек те.
Аршындай алмай арманда жүрді арулар,
Айығар зардан біле алмай қандай дару бар.
«Жазмыштан тиген сыбағам» – деді біліп пе
Сейілтер тұман дейтұғын күрес қару бар.
Көрмеген сынды азаттық деген атты естіп
(Деген жоқ әсте естіген қазақ жат несіп).
Бетінде ылғи итжығыс түсіп бақ пен сор,
Бауырында байлық Сарыарқа жатқан шақта өксіп:
Бостандық сынды таң атты байтақ далаға,
Күресте әділ ақиқат жеңбей қала ма!
Лапылдап жанған нұр шырақ азат күн атты,
Жарқырап сәуле түсірді әрбір санаға.
Сол шырақ нұрдан нәр алған сана оянған,
Ғарышқа ұшса арқалап бүгін ой-арман,
Бесігі болды қазақтың дарқан даласы
Достық нұрының шұғыласына боялған.
2
Қартайған әже сабақтай алмай инесін,
Қарғайтын Тәңірін қамығып жаны күйгесін.
Суыртпақ болса білтелік, жағар майы жоқ,
Тоғыз бен жоғы отының басын үйгесін.
Осындай сонау сүреңсіз сұрғылт заманда,
Тамұқтай азап болғанда тірлік адамға
Тағы да достық қол ұшын берген, демеген,
Нұр болып жеткен сөнейін деген жанарға.
Ысырып кейін «тәңірінің сол бір қосқанын»,
Заманға жаңа жасарып әжең қосты әнін!
Сақшыдай еді ол халықтың бағын күзеткен,
Жасады өзі ГОЭЛРО-ның жоспарын.
Көбесін сөгіп, тау жонын тіліп таспадай,
Ілені тұсап, бағытын нұсқап басқадай,
Жаңқадай ұшып, жартасы жатқан жаңғырып,
Бөлшегі соның бүгінгі біздің Қапшағай!
Өлкемді байтақ осылай алдан тосты бақ!
Күйінсе дұшпан, қуанды мұным досқа ұнап.
Баршындай баққа жеткізер талмай елімді
Бүгінгі достық білім мен қуат– Қос шырақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу