Өлеңдер ✍️

  17.09.2021
  134


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Жаса де

Сәл ғана бүркеп күн көзін
Бұлт алса, түнек жапқандай,
Көретін әжең жел тұрса,
Ажалы келе жатқандай.
Қазығын қағып, жел бауын
Қайтадан байлап тас қылып,
Өресін жиып, қамдайтын
Арқанмен үйін бастырып.
Күбірлей түсіп, қол жайып,
Жалына кекке қарайтын...
«Көз жасты тәңірім көрді» – деп
Жел тынса, соған балайтын.
...От бүркіп, ойнап найзағай
Күркірер сәтте көктемде,
«Тасыт, – деп, – тәңірім сүт селін» –
Жасайтын ырым көп пенде.
Бісмілләсін жаудыра,
Аллалап ұстап жағасын,
Ақ құйып үйін айнала,
Шөмішін әжең қағатын.
Ғасырлар бойы осылай
Аспанға адам табынып,
Келген-ді тағы табиғат
Күшсізге күшті танылып.
Озық ой небір қиынға
Жайғанмен қиял қанатын.
Азалы жандай сазарып,
Беймәлім сыры қалатын...
Жаңарған ұғым, ескі ырым,
Әжең де тектей бермейді
Жаңа іс, жарқын болашақ
Жүзінен бір сәт сөнбейді.
Таныды жаңа ел адамын,
Қайталап әлем есімін!
Аспанның Юрий Гагарин
Айқара ашты есігін.
Қопарып бұлттың тауларын,
Сырларын ұғып жасырын,
Ал Герман «ВОСТОК – 2» мен
Паш етті Космос ғасырын.
Өз үйің бейне бұл күні,
Онымен мәңгі доспыз біз,
Космостың тұңғыш тұрғыны –
Андриян, Павел – қос жұлдыз.
Қоналқа ұшып аспанда
Нешеме тәулік өткерді.
Солайша арман іске асты
Қиял боп келген көптенгі.
Қайдасың, қыздар, құттықта
Қанатты заман қадамын,
Жаса де Космос ғасырын,
Жаса де жаңа ел адамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу