Өлеңдер ✍️

  17.09.2021
  242


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Менің өлкем

Жомарт қол бейне пішкендей мол, кен
Өнерлі ару зеріндей көркем,
Әлемде оған келер ме жер тең
Бұл – менің байтақ орденді өлкем!
Мәңгіге адам жүрегін дос қып,
Салтанат құрған ынтымақ, достық,
Әлемде оған келер ме ел тең
Бұл – менің байтақ орденді өлкем!
Кеудесі күміс, қойыны құрыш –
Шалқыған дәулет, тасыған ырыс,
Табысын теңер табылмас өлшем!
Бұл – менің байтақ орденді өлкем!
Эфирде қалқып шопанның әні...
Зейнетті еңбек жемісі кәні!
Өрісте малы мыңғырып өрген
Бұл – менің байтақ орденді өлкем!
Толқыған егін тың дала төсі,
Жұлдызын жақты қуатты ГЭС-і.
Балқыған болат өзенін көрсең!
Бұл – менің байтақ орденді өлкем!
Шығарған дарқан елінің даңқын,
Кен пейіл, дана қауымы жарқын,
Өнерлі өрен ұрпағы өңшең!
Бұл – менің байтақ орденді өлкем!
Күн сайын алуан тындырып тың іс.
Қуаты ерен, демі кең тыныс –
Гүлдене берер бүгіннен ертең
Бұл – менің байтақ орденді өлкем!
Жомарт қол бейне пішкендей мол, кең,
Өнерлі ару зеріндей көркем,
Әлемде саған келер ме ел тең
Сүйікті – менің орденді өлкем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу