16.09.2021
  444


Автор: Қабылбек Әліпбайұлы

ЖАНҰЯДАҒЫ ӘКЕНІҢ РӨЛІ.

Әрбір отбасының темірқазығы, ұйытқысы, қорғаушысы – әке. Әкенің бұл ролі балалардың әкеге деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен биіктей береді. Ер азамат өзінің әкелік борышын ұмытпағанда, әсіресе әйелімен қабағы жарасып, тату, сүйіспеншілікте тұрғанда оның қадір – қасиеті де арта түседі. «Әкеге қарап ұл туар» деген бар. Ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Әсіресе, әке балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге болады. Әсіресе, отбасындағы әке-шешенің әңгімесі бала тәрбиесіне ерекше ықпал етеді. Жанұядағы жанжал, үлкендердің былапыт сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Сондықтан осындай оғаш істерден сақ болған жөн. Бала алдында әке-шеше үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, темекі тартатындар бар. Ертең ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жеткенде арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз. Сонда негізгі кінәні кімнен іздейміз? Бұзақылықтың басы бос жүруден басталады. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық. Аздырар адам баласын» деген бар. Кейде сабақты жиі қалдыруға әр түрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда балаға өтірік айтуды үйретіп отырған аңғармай да қалуы мүмкін. Иә, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Соның ішінде әке — әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен аталардың орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу