15.09.2021
  263


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Ұлың кішік болды

Облатком председателі Орынбетов кеш алдында аудан орталығындағы мейманханаға келіп тоқтады. Бұл аудан орталығы үлкен поезд жолының торабы Жандыағаш деген станция еді. Сондықтан мұнда үнемі бір поездан түскен адам екінші поезға мініп, үнемі сапырылыс, болып жататын. Сондықтан осындағы кішкентай мейманхана адамға лық толып, бос орын болмайтын. Орынбетов кішкентай мейманхананың аяқтай ауыз үйіне кіріп, дем алып отырды.


Әлден уақытта осы мейманхананың әрі қожасы, әрі әкімгері екі қолы иығына дейін ашық, көйлегінің ойынтасы анарына жетіп тұрған жұқа жібек көйлек киген Рәбила келді. Ол кірген бетте-ақ жан-жағына қарап:


— Отырмай-ақ қойыңыз, мейманханада орын жоқ — деп жауапты келте қайырды. Орынбетов жай ғана:


— Ең болмаса, осында отырып шығуға руқсат етіңіз,— деді. Рәбила мұны әңгімеге айналып естімеген болды. Тіпті аздан кейін ол сыртқа шығып кетті. Рәбила қайта кіргенде Орынбетов мейманханаға қонып жатқан біреумен әңгімелесіп отыр еді. Рәбила әңгімеден оның қаладан келгенін аңғарып қалды.


— Сіз қайдан келдіңіз?— деп сұрады ол Орынбетовтан.


— Облыстан.


— Сіздің фамилияңыз кім?


— Орынбетов.


Рәбила сәл үндеңкіремей қалды да:


— Сізге орын бар, жүріңіз,— деді.


Ол түкпірдегі бөлмеге Орынбетовты ертіп келіп алдымен кіріп осында бұрын орналасқан адамға адуын сөздер айта бастады:


— Сіз жөніңізді табыңыз, мынау орынға ұятты адамды орналастырамын. '


Төсекте жатқан адам басын көтеріп алды. Жас жігіт екен. Ол:


— Өзім студентпін, мұнда танысым жоқ, кеш батқанда қайда бармақпын.


Рәбила айғай шығарып, милиция шақырамын деген соң студент амалсыз орынды босатпақ болды. Орынды босаттырған Рәбила:


— Ал осында орналасыңыз, мен сізге төсек-орын әкеліп беремін, — дей беріп аңырып тұрып қалды. Өйткені Орынбетов студент «танысым жоқ еді» дегенде-ақ бұрылып шығып кетіп еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу