15.09.2021
  139


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Уақытша туысқан

Бір енеден ұлдан жалғыз болғанымен, жүре жалғыз емес жайым бар. Қазір де үйімізден біреу шығып бара жатқанда, біреу кіріп келе жатады. Әсіресе менің туысқанымның көп екенін білгенім колхоз председателінің орынбасары болғаннан кейін. Анда-санда амандасып кетіп тұратындармен бірге мансабым жоғарылап, алдиярым артқаннан кейін төңірегіме талай марқасқа пайда болған еді. Алдарына келген асқа ата салтын бұзып қалтасынан қос қаз мойын шөлмек шығарғандар да болған. «Ағайын бір өліде, бір тіріде» дегенді жастайынан жаттап ескен мен бейбақ қайсысының ішіне кіріп шығыппын, бәрі қуанышыма ортақтасып, өкпесін қолына ала жүгіріп, жүретін жара қуаныш келген шығар деп шашылып-төгіліп жатырмын.


Ойбай-ау, алғашқы күні бара алмай қалдық, Балбақ. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген ғой дегендер қаншама. Кәдімгі қызметім жоғарылаған күні мен шүлен тарқатып, бұлар содан құр қалғандай қиналысады, қапаланып-қапылаттасады.


— Әлі де кеш емес, келе беріңдер,— деймін мен олардың сөзіне көп мән бермей:


— Сонда да,— дейді ағайындар ішінде Арамқара атанып кеткен ініңмін деп жүрген тышқан кез, жылтыр қара.— Жақсылыққа жұрттан бұрын жетпесек ағайын болғанымыз қайсы.— Айтқандай ұмытып барады екенмін, бұл да соңғы табылған туысқанның бірі болатын. Мұндай жүрекжарды сөзге қалай елжіремей тұрарсың, қалай май болып еріп кетпессің! Бәрінен де маған осы Арамқара басқалардан жақынырақ көрініп кетеді. Шығарда ғана жаны басқа болып тұрған адамды қалай жақын тұтпассың. Мұндайды жақын тартпағанның жарығы түссін дағы.


Әсіресе күнді күн, түнді түн демей үйге салып жетіп келіп тұратын Терікті айтсаңшы, біздің үйге келгенде май болып еріп, жібек болып есіліп бір кетеді дерсіз. Күлдірлеп кеудесінен шығатын қоңыр даусы қандай. Көрші үйге кіріп шыққан Көкеңді, үлкен бастықтың жақыны Төкенді айтып аузының суы құриды. Ал маған сыртымнан қақпан құрып, ін аузынан шыға келген саршұнақтай шақылдатып ұстап алмақ болып жүрген Бүргенді, Үргенді айтқанда ызадан булығып, тіпті жеті аяз көрген көрі серкедей қалшылдап кетеді. Маған жаны ашитын адамның бірі осындай-ақ болсын деп бауырдай былқылдап, жүректей солқылдап жібіп-ақ кетемін.


Терік — былай қарағанда басқа адамдардан ешқандай айырмасы жоқ, сып-сыпа жігіт. Қоңырқай өңіне қыр мұрыны құп жарасып, әсіресе мүйіз көзілдірігі көркемдіктің көрмесіне қоярдай елес туғызады. Жасынан елді қара құрттай аралап жүріп, туған-туысқанының қамын көп жегендіктен түсіп қалған ба, түсі қара екені, әлде қолаң екені белгісіз шашы сиректеу. Ағайынның қамын жеу, оларға қамқор болу оңай дейсіз бе, олар туралы дұшпандардың не айтып жатқанын қандай жолмен болсын естіп білу, олардың ішіне кіру, олардың Балбақтың төбесінен құй қазбақ болған бәле-жаласын түп-түгел, жіп-шырғысын шығармай ұғып алу, оны тереңнен алып жіпке тізген маржандай етіп, әбден иін қандырып, тігісін жатқызып сенетіндей етіп жеткізу кез-келген кісінің қолынан келеді деп ойламаңыз. Сондықтан да болар, «ақылды басқа шаш шыдамайды» дегендей, әйтеуір қоңыр құйқасы шашы арасынан сығалап тұрады. Құйқасы көрініп тұр деп айтқызғысы келмей ме, шашын бір жағына қара тарап, жабыстырып тастайды. Сонда Теріктің шашы бұзау арқасына түскен сиыр тілінің ізіндей тарақтанып, күрделеніп тұрады. Мұндай кезде Терікті «менің туысқаным» деп әлемге жар салғым келіп кетеді.


Бір күні енді жатуға әзірленіп отырғанымызда есіктің қоңырауы басқа бір енеге телінген, бүгін қарыны тоймай түлкі құрсақ болып қалған жетім лақша безілдеп жүріп берсін. Беймезгіл жарым түнде жүрген кім болды екен деп бәріміз де үрпиісіп қалдық. Көбіне мұндай жағдай, бәріңіз білесіз, елімнен хабар айтып жүргендер ғана болар еді.


— Япырай, ағайын-туған аман болғай еді,— дейді әйелім. Балалардың да пұстысы кетіп, түсі қашты.


Есік ашылып, үйге Терік кірді. Өңінде абыржу, жамандықтың нышаны бар ма деп анықтай қарап едім, ондай ештеме байқай алмадым. Қоңырқай өңі жылтырап, аузы сәл дорбаланып тұр, сирек шашы оң жағына жыға таралған күйі. Дегенмен де бейуақта жүргенінен әлі де іш жиып отырмын.


— Япырай, Терік, түнделетіп суыт жүрісің бізді мазасыздандырып барады, ел-жұрт аман болғай еді. Үй-ішің аман ба?


— Аман, аға, бәрі жақсы. Әншейін қыдырып келген жайым бар. Амандық біліп, сәлем бере кетейін дегенім ғой.— Пай-пай! Мәдениетті адамдардың жоя бөлек қой. Сонша жерден түн ішінде сәлем беруге келіп жүрген ерлікті айтсаңшы! Үлкен ауылдың түнде жүретін адам жаратын иті, телі-тентегі болмай тұрмайды. Солардан түн ішінде қорықпай-үрікпей жанын шүберекке түйіп келіп жүрген Теріктің басын қалай ғана кемітерсіз.


Көңіл жайланған соң әйелім де жайылып жастық болып, самауырды далаға ала жүгірді. Терік ойды орып, қырды қырып талай әңгіменің басын шалып, жоғары шығып, темен түсіп маған тор құрып, аяғымнан шалып қалып, ыңғайы келсе тоңқалаң асырғысы келіп жүргендер туралы, тіпті маған дегенде қырын келетіндерді тізіп, оларды сөз арасында сыбап та алады.


— Әлгі Арқабайдың үйінде бір жиын болып жатқан соң, біле кетейінші деп ат басын бұрған едім, әй өздері, Көкшоқылықтар жиналып алып, әй әңгімені май піскен күбідей күлдірлетіп жатыр екен. Мені көріп тыйыла қалған сап-сары басты, көк көз кісіге үй иесі өзіміздің бала деуі мұң екен, ол сөз аяғын сыпылдап, айрандай ақтарып кете барды. Мен әзім де қумын бұрышта басқалардың көзіне түспей, бетегеден биік, жусаннан аласа болып, бүкшидім де қалдым.— Осы жерге келгенде Терік менің сөзімнің бұларға әсері қалай дегендей азырақ тоқтап, бәріміздің бетімізге бір-бір қарап шықты. Сонан соң қалтасынан төрт бүктелген бет орамалын алып сүртінді де, сәл тамағын кенеп әдемі қоңыр даусымен қайта сөйлеп жөнелді.


— Бір кезде,— деді Терік мұрнын бір тартып қойып,— терде отырған кеспектей қара үй иесіне қарап «ей, Таңмерей, мен білсем мынау біздің бала емес, отырысын қарашы, арамдықтың асығын ұрлағандай шүкиіп қалыпты» демесі бар ма, иманым зәр түбіне кетіп еді, әйтеуір көзің жамандық көрмегір үй иесі «айта бер, ол өзіміз» деген соң барып қана сөйлеп кетті.


Одан әрі Терік көк шоқылықтардың құрып жатқан қақпаның алдымен Жайсаңбайды, сонан соң Жеңісті, Дөңесті құртпақ дегенді бір шолып өтіп, сөзім қалай әсер етті дегендей бәрімізді қайта түгендеп шықты. Әйтеуір осылай әңгімені сапырып балалардың бәрі әр жерде ұйықтап қалғанша отырмасы бар ма?


— Опырмай, мына көк шоқылықтарың көк соққандар екен ғой, қылмысы жоқ, өз жұмысын біліп қана жүрген адамдарда несі бар?— деп әйелімнің Терік кеткеннен соң да көп уақытқа дейін сұры кірмей отырды.


— Қылмысымыз болса аямасын!— дей салдым, әйелімді жұбатпақ болып. Солай демегенде не демекпін, онымен бірге қосылып алып қайғырғанда Көкшоқылықтар мені көрмей қалады дейсің бе.


Сөйтіп күнді күн, түнді түн демей есігімізге тыным бермейтін Терік бір күні келуін пышақ кескендей тыйды. Әркімнің от басының, ошақ қасының тіршілігі бар, Терікті де естен шығарып алыппыз.


— Терік ініңіз неге жоқ болып кетті, кеке?— дейді бір күні ұлым. Өзі сылқ-сылқ күледі.


— Жұмыстан қолы тимей жүрген шығар, келеді-дағы,— дей салдым. Шынымен оған мән бермедім. Сөйтсем ұлым оның неге келмей жүргенін сезген екен.


Бригадирдің жұмысы көп, оның өзі киізі құрымға айналған үй сияқты, бір жерін жамасаң, екінші жері тесілетініндей жұмыстың бір жерін жөндеп келсең, екінші бір жері ақсап жатады. Сондай бір аяғына қан түскен жылқының жүрімі құрығанындай қостағы жұмысым бір мандымай қалғанда колхоз председателінің қырын қараған кезі болған:


— Балбақтың қостағы жұмысы мандымады ғой, осылай бара берсе қалай болар екен,— депті ол мен жоқта колхоз басқармасы отырысында. Осы бір сез дабырайып, үлкейіп, біреу қосқа айтып, біреу қосарлап айтып, біреу өңдеп айтып, біреу жөндеп айтып, әйтеуір Балбақты су түбіне кетірген жайы бар-ды. Осыдан кейін көп туысқанның бірсыпырасы-ақ біздің үйді айналып өтіп, бала-шағаны, әйелімді көрсе де көрмеген болып жүретінді шығарды.


Тіпті бетпе-бет келіп қалғанда ғана қарақұрт шаққан адамды оқығандай болар-болмас ернін жыбырлататын болды. Бұған мен пәлендей мән бермегенмен, әйелім бұрын құрт берген, енді сырт берген туысқандарымның жаңағы мінезін көріп мұқырап қалып жүрді.


Енді бүгін колхоз председателінің орынбасары болып сайланған соң туған да, туысқан да көп. Олардың біразы уақытша туысқан екенін де білемін: Әне, тағы біреу есік қақты. Күн ашықта қойнына кіретін, күн жабықта мойныңа мінетіннің бірі болмағай. Тіпті есіктің арғы жағындағы жарқын-жарқын естілген дауысқа қарағанда, ағынан жарылатын біреу тұрған сияқты. Шамасы Терік білем. Жағдайға қарай өзгеріп, шіркін туысқанның түрі де көбейіп барады. Әне, қоңырау қайта сылдырады. Шынымен-ақ уақытша туысқанның бірі екен. Қалай көресіздер, ашсам ба екен есікті, әлде ашпасам ба екен?!


1983




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу