15.09.2021
  134


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Өскемендегі өкірек бастық

Бастық болса байсалды болғаны-ақ жақсы, шіркін! Айтқаныңды түсініп, қыйсығыңды түзетіп отырса оған не жетсін! Дүниеде өкірек бастыққа түс болмағайсың. Ойыңдағыңды айтсаң өре түрегеліп, өзінен басқаныкі жөн емес деп өкіректеп, киіп жарып көкіректеп, кеудесін соғып, кеңірдегін созып басқа әңгір таяқ ойнатады. Сіздерден несін жасырайық, нақ осындай бір өкірек бастықты Өскеменнен көргеніміз бар. Егер діңдарлау адам болып, оған тап келе қалсаңыз, құдайыңызға құлшылық етіп, жеті күлше құдайы таратып, ендігі әрі қу шұнақ құдай жұмыр басты пендеңнің пешенесіне мұндай бастықты бере көрме деп жалбарынатыныңызға біз кепілдік бере аламыз.


Өздеріңізге жасырып қана сыр қылып айтып отырғанымыз кәдімгі Өскемендегі облыстық тұтынушылар одағы басқармасының төр ағасы Карпахан еді.


«Бір көрме, бір кермеге сыр берме» дегендей, Карпаханды сыртынан көрсеңіз сынаптай сырғыған, жүзіктің көзінен өткендей адам екен-ау деп қаласыз. Сырттан қараған адамға ол ойласа басы бар, ақыл тоқтатқан жасы бар, алымды-шалымды-ақ адам болып көрінеді. Шіркін, адам өмірі деген, оны білу деген киын дүние! Оның есебін тауып бола ма, ол жақпар-жақпар жартас сияқты. Онда бір де түлкі болып сылаңдасаң, енді бірде қасқыр болып қабақ түйіп отыруға тура келеді. Өз өмірінде Карпахан осы екі әдістің екеуін де еркінше қолданып келді.


Әуел баста ол Тулада тұлпардай тулаған, қасқырдай қатулы бастық болды. Қанша қатулы қабақ көрсеткенмен өзі ұқсата алмай, ұқсатқанды ұнатпай жүріп орнынан алыңды. Сөйтіп ол бір төмендеп осы мекеменің өзінде орынбасар болып отырды. Орынбасардан қайтадан бастықтың орынын баса салу киын да емес сияқты. Бірақ бастықтан түсіп орынбасар болудан сор нәрсе жоқ екен, жоғарыға жалтақтай береді екенсің. Сөйтіп жүргенде бұл күні көп болып, ол ауданға кетті. Жақтаулы креслоға үйренген Карпахан кішкентай орындықты менсінбей жүрді. Ол орындықты олқысынып жүргенде одан да орнынан алынып, құлдырап Калугаға көшті. Осы кезде ол қасқыр қабақты қойып, түлкіше түлеуді шығарды. Енді міне, жел аударған қаңбақтай Қазақстаннан төбесін бір-ақ көрсетті.


«Құдай да қудың жағы» депті ғой бір күйген адам. Сол айтқандай-ақ Карпахан мұнда кен креслоға жайғасты. Алғашқыдан-ақ қызметкерлерді алқымнан алып:


— Менің мінезім жаман, — деп келе жатыр еді, оған осы мекемедегі қарт адам Иван Иванович:


— Шырағым, ол мінезіңді үйіңе көрсет! Сонау Туладан тулаған мінезіңді көрсету үшін келмеген шығарсың, — деп жіберді.


Соңда Карпахан енді қызметкерлерді жекелеп шақырды. Оларды жездей таптап, күмістей қақтайтын болды. Әсіресе әйелдер жағы бұл мінезді көтере алмай сықсыңдап жүретін болды. Бұдан кейін аяғын қия басқан қызметкерлердің бәрі Карпаханның қара тізіміне алынып, азғантай уақытта-ақ аппараттан аттанып кетіп жатты. Кадрдан қың шықса, көкіректен жан шыққанмен бірдей емес пе! Сондықтан... Ең алдымен бұғалық соны пікір айтып, істе іскерлік, еңбекте ерлік көрсеткендерге түсті.


Алғаш Карпаханға қарсы сөйлеп, істің ретін айтып қалған Мінәлі болды. Бір күні Карпахан төсегінде ұйықтай алмай дөңбекшіп шықты. Орынбасар мықты болса, кейде пайда болғанмен, кейде зиян. Көп алдында кеңесіп отырғанда орынбасардан бастық артып түсіп отырса, бір қаныбет, ал бастықты баса көктеп, орынбасар болса да шоқтығының биіктігін көрсетіп отырса қызыл кезді пәле сол емес пе?! Ондай жерде осал бастықтың бағасы бола ма! Осы тұрғыдан қарағанда, Мінәліні «жоғарылатып» жіберуді қарастырды. Мұның өзі жақпайтын адамнан құтылудың құдай сынынан өткен құрметті жолы. Сөйтіп Мінәліні Карпахан жолға салды.


Мінәлі кеткеннен кейін Карпахан қарауындағылардың қас-қабағына тағы бір қарап шықты. Әдетте мықтыларды мытып тастағанда, қаракетсіз қулар, әккі болған сұмдар құйрықты сыртқа салып шыға беруші еді, немесе жоғалып табылған күшіктей күйкектеуші еді. Жоқ олай болмады. Карпаханға орынбасарлар да одырая, бөлім бастықтары да бақырая қарайды. Кезі көзіне түсіп кетсе, кірпік қақпай, бедірейіп отырып алады. Мұны көрген Карпахан басқаларға да бармағын бастыруды батыл ойластырды. Мінәлінің орнына келген орынбасар Төлет бастық екен деп бұқпайтын, келелі мәселеде қарысып отырып алатын көкайылдың өзі болып шықты. Тіпті қарап отырса, бастықты оның аруағы басып, қызметкерлер арасында қымбаттап бара жатқанын Карпахан өзі байқады. Мұндай адамдарды әдетте жақсы қызмет ұсынып, жайма-шуақтап, ұзатып салмаса, болмайды. Сондықтан Карпахан облаткомге барыштап жүріп, оны да есебін тауып жылжытып жіберді.


Төлеттен құтылғанмен, Карпахан ол сияқты жаны таза адамдардан құтыла алмады. Қаржы дегенді колға алмаса, бастық бастық бола ма! Ол үшін оған тікелей басшылық ететін орынбасары Тулинді бауырына тартып, өңгелерден оңашалап ұстағысы келді. Бірақ Тулин Карпаханның өтірік көлкілдегеніне түбі түскен шелектей түбегей көшіп жөнелмеді. Мұндай қиқар орынбасар да Карпаханға қияс келді. «Ханға жаққан бір басым, қараға жаққан бір басым қара долыға жақпадым-ау», — дегендей тұтынушылар одағында отыз алты жыл істеген Николай Тулин де жолға түсті.


Тулиннің Қараханның айтқанына көніп, айдауына жүрмеуі оны бір нәрсеге бір жола бел байлатты. Ол енді жергілікті тұтынушылар қоғамдарының бастықтарына дейін бәрін ауыстыруды көздеді. Ертеңіне өзінің тағы бір орынбасары, үнемі бәйге алумен келе жатқан Калюжныйды да өкіректеп отырып қуып шықты. Карпахан бастықтардың басын қоспай бір ыдыратып, дөңгелетіп алған соң, басқаларды тоз-тоз етіп жіберді. Атап айтқанда, соңғы екі жылда облыстық тұтынушылар одағының бастықтарының арифметикалық кестесі ойпаң-тойпаң болып былай өзгерді: өзінің финанс жөніндегі екі орынбасары, сауда жөніндегі екі орынбасары, дайындау жөніндегі орынбасары, ұйымдастыру бөлімінің екі бастығы, қоғам тамағы бөлімінің екі бастығы, күрделі құрылыс бөлімінің тарт бастығы, финанс бөлімінің бастығы, өнеркәсіп товарлары бөлімінің бастығы, тағы тағылар. Осылай бәрі жолға түсті.


Облыстық мекемеде осындай өзгеріс болған соң аудандардың не жаны қалды дейсіз. Тек өткен жылдың өзінде осы жүйеде 642 адам ауысып, ту-талақай болды, бастан басталған «өнер» етектей келіп бір-ақ шықты. Аудандық тұтынушылар одағы бастықтарының алпыс проценті, бухгалтерлер бүтіндей өзгерді. Мұның сыртында жаңа келген жас кадр, қырық жыл істеген қарт кадр, қысқасы бәрі де бар.


Карпаханның бар енері кадрларды тас аяқтай қағыстырып, бірін алып, бірін салып жүргенде жоспар жайына қалды. Оны тексеріп, орындалғанын бақылаған адам болмады. Жоспарланған пайдадан жоспарланбаған зиян көп болып шықты. Оның өзі биыл жеті миллион сомның есігін соғып тоқтап тұр. Жыл аяғына дейін жиырмаға тартпайтынына қазір Карпахан кепілдік бере алмайды. Айналымнан артық жұмсалған үш миллион, жұрт мойнында жүрген он төрт миллионды біз әзір айтып отырғанымыз жоқ. Мұның сыртында екі жылда есептен шығарып, сызылып тасталған қайран он төрт миллион тағы бар. Шіріп жатқан көп дүниені тексерушілер тағы айтып жүр. Ал өкірек бастықтың өзі орта білімім бар деп әуені аяқтай, жерді тебінгідей қылып, өтірік айтып жүрген жайын біз айтпай-ақ қоялық деп отырмыз.


Осының бәрі Өскемендегі өкірек бастық осылай, әзіргі өнері адамдарды ауыстыру ғана болып отыр. Ішінде қандай өнері жатқанын қайдан білейік, жақында онысын да шығарады дағы. Әзірге бізге белгілі болып отырғаны — обком секретарымен серілік құрамын, Казпотребсоюз бастығымен бас мұжысамын деп мақтанып жүргені. Олармен ауыз жаласа ма, әлде ақмағамбет алыса ма, оны кім білсін. Бізге қатты батып бара жатқаны миллиондардың шығып болуы, оны айтқан адамды өкірек бастықтың өңменін салып қудалауы. Өскемендегі өкірек әзірге осылай жүріп жатып жатыр, сыр шашпай-ақ қойыңыздар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу