15.09.2021
  124


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Мұздаған ет

Еркін ауылдан қалаға ет магазинінің директоры болып ауысты. «Біреудің асық жілігін жесең, өзіңнің жамбасыңды сақта» деген емес пе, Еркіннің үйі де «ерулікке қарулық» деп өздерін шақырып азды-көпті сый көрсеткен Төкен үйіп қонаққа шақырды. Жаңа ғана «жұмыстан шыға салып келіп едім» деген Төкең Еркін үйінің табағына шанышқысын бір қадап, бір түйір етті аузына салды да, соны ұзақ, малжаңдай шайнап, қайтып беттемей бедірейіп отырып қалды. «Алыңыз-алыңыз» деп қу жаны қалмаған Еркін сөзін естісе де естімегендей сұлық, қарш еткізіп тісімен тас шайнап алғандай сілейіп отыр. Үн жоқ. Тіпті Еркін жанын қоймаған соң салқын ғана «рахметін» айтты. Олар шайды шала ішіп үйіне қайтқан соң Еркін мен Гүлдан көздері аларып, біріне-бірі шапыраштана қарасты. Маңдайларынан бұрқ-бұрқ тер де шықты. «Етті сасытып» дегенді естігенде Гүлдан да Еркінге шап ете түсті:


— Жұрт сияқты менің тоңазытқышым бар ма? Қалаға келген соң бәрі сай болуы тиіс. Ауылда ол оп-оңай. Іңірде етті тұздап жая салсаң, таңертеңге дейін қанды суы сорғып, қоңыр жел кептіріп қоюшы еді. Енді міне, үйімізден қонағымыз қашты.


«Тату кісі ұрыса алмайды» дегендей ақыры ерлі-зайыпты екеуі желінбеген сасыған ет кінәсін бөлісіп алып, ертеңіне-ақ магазиннен тоңазытқыш іздемек болып жатты.


Көп сандалыстан соң бір магазиннен тоңазытқыш табылмағанымен, ұзыннан-ұзақ жасалған бір тізім кездесті. Көп умаждан кедейдің түтеленген киіз байпағындай болған қағазға Гүлдан сексен тоғызыншы болып тіркелді.


— Ертең-бүрсікүні тоңазытқышты ала аламын ба?— деп сұрады Гүлдан, жазып жатқан адамнан. Анау «сары майдан дәметкен кеудең құрысын» дегендей алара қарап алды да, «екі-үш ай күтесіз» деп салғаны.


— Екі-үш ай!


— Сонда екі-үш айға дейін үйіне келушілерді сасыған етпен сыйлауы тиіс, не аш аттандыруы керек. Одан соң қар да жауады. Міне саған, тоңазытқыш керек болса!


— Еркін-ау, енді қайттік?— деген Гүлдан даусы қатты шықты. Бұл тұрғандардың біразына-ақ естілді.


— Амал нешік!— деді Еркін есікке беттеп. Олар есікке жақындай. бергенде ақырын ғана «Азамат» деген сөз естілді де, Еркінді біреу жеңінен тартып қалды. Еркін сескеніңкіреп, ежірейе қарады. Жаңағы тізім жазып тұрған пісте мұрын сары әйел. Қабағы тұнжыраңқы, іші бұран ауырып тұрғандай кейіп, тыжырына сөйледі:


— Сіз қиналдыңыз ғой. Білем-білем. Ет сақтай алмай, қорлық көріп жүрсіздер ғой,— Ол жан-жағына қарап, иттен қашқан еліктей елең-елең етті. Бет-аузы да қайта құбылды:


— Ойбай-ay, әлек болғанда айтпаңыз етіміз иістеніп, үйімізден қонағымыз қашты,— деп, Гүлдан сексеуіл отына қайнаған қазандай лақылдап бар сырын ақтара салды.


— Ендеше менің жаздырып алған талоным бар, сіздерге-ақ берейін, кезегім келіп, алып едім. Зәру екенсіздер ақшам да жететін емес.— Әйел бір жапырақ қағазды қойнынан шығара қойды. Бұл қормал әйелге екеуі де қатты риза болып, қолындағы қағазға жармаса кетті.


— Ой бала-шағаңның игілігін көр, айналайын,— деп ерлі-зайыпты екеуі батаны басынан жаудырды. Ал Еркін әйел қолындағы талонды ала жөнелді. Нақ осы кезде жаңағы пісте мұрын сары ұры ұстағандай Еркінге шап берді. Көзі шақырайып, тас төбесіне бітіп, жаңа ғана қызылы-қызыл, ағы-ақ болып қарға аунаған түлкідей жайнай қалған келіншек, ит кемірген қу асықтай болып шыға келді. Ол жана ғана. Еркін қолынан Гүлданға жеткен талонды жырта-мырта жұлып алды.


— Немене, үш ай босқа жүрді деп пе ең? Бермеймін!—деп шаңқ-шаңқ етті.


— Ойбай-ау, шырағым, өзің берген соң...


— Тапқан екенсің нан жеместі!


Гүлдан пісте мұрынға жалынып, айрылмай қалды.


— Отыз сом бер.


— Мә!


Сөйтіп құр талонның өзін ғана отыз сомға түсіріп, одан тоңазтқыштың бағасын төлеп ерлі-зайыпты екеуі магазин қорасынан тоңазытқышты үйге алып қайтты. Неде болса тауып алғандарына қуанды. Сол күні-ақ Гүлдан үш төрт килограмм ет пісіріп, тоңазытқыштың ішін толтырды. Бір жағына шикі етті де орналастырды. «Ертең мен жұмыста жүргенде келсең жерсін» деп Еркінге еркелей күлімдеп те қойды.


Ерекеңнің де өзінше мақтаны бар. Ол ертеңіне-ақ түсте бір жолдасын ертіп, жетіп келді.


— Қазір бір тоңазыған ет жеп тоялықшы,— деп лепіріп те қойды. Бірақ тоңазытқыштан шыққан ет жолдасы екеуін қатты жұтқындырып, құр тамсантқаны болмаса ауызға түспеді. Өйткені піскен тіл, жау бүйрек, құйрық-бауыр бәрін де қыста далаға түнеген тоқтыдай қырау басыпты, тістеуге келмей, мұз болып қалыпты. Түскі үзілісте оны жылытып отыруға уақыт жоқ, екеуі құр шай ішіп, жолдасы Еркіннің сөзіне тойып қайтты. Дегенмен Еркін мал иесі болған соң «өлсем де» деп қыраулы, қатқан тілдің бірін түйіле-қабына жеп жіберді. Суыққа батырлық жүре ме, кешке қарай Еркін тамақ ауруы ұстап, күндіз денесі мүздап, кешке қарай қызуы көтеріліп қайтты.


— Мен сені сорпа ішкізіп жазамын,— деді Гүлдан. Ет асты. Бірақ бұл ет те бозарып үсіп, дәмі қашып кетіпті... Сөйтіп тоңазытқыш тілін ерлі-зайыпты екеуі жаңа үйреніп келе жатқанда бір күні асығыста оның қақпағы ашық қалып, бұзылып қалды. Техниканың тілін білу оңай ма, шіркін!


Еркін шеберханаларға телефон соғып, ешкімді тақыра алмады. Бәрі де «тоңазытқышты әкеліңіз» дегенді айтады. Бір килограмм емес, он килограмм емес, бір центнерге жуық темірді қайтіп арқалап жүрсін! Қиын-ақ болды. Дегенмен адал еңбегімен тапқан тоңазытқышты пайдаланбай соқайтып қойғысы келмей, ауыр болса да олар арқалап жүріп жөндетті. Мұның өзі бір ақыл жетпейтін қиын іс болды. Телевизор бұзылса үйге келіп жөндейді, ал тоңазытқышты, радиоқабылдағышты жөндеу одан қиын ба екен. Әйтеуір алып келіндер дейді де отырады. Бұған ерлі-зайыптылардың есі кетті. Таңданды да, тамсанды да. Ал күнде тоңазытқыш алу әуресі де, ондағы үсіген ет те естен шыға бастады...


Қыс түсіп, қырау басқан шақта бір күні Еркін үйіне зуылдап Гүлданның әкесі келді. Ойда жоқта келген сыйлы қонаққа Гүлдан жүгірген бойы Еркін директор болып істейтін магазиннен ет әкеліп, былқытып аса бастады. Жылқының сырбаз еті қарттың мұрнын қытықтап, тамсандыра түсті. Мұны байқаған Еркін атасына қарап сөз бастап еді:


— Па, па, бір мінсең де жорға мін,


Бүлкілдесін бүйрегің,


Бір жесең де май шайна,


Кілкілдесін жүрегің,—


дегендей, ата, қызың жылқы етін асып жатыр білем, жейтін шіркін жылқы еті ғой, асылғаны жұртқа жария.


Ия, рас, балам, бірақ жылқы етінің дәмді болуы ұнауына байланысты. «Алатау жазы бейіш, жылқының еті жеміс» деп бекер айтылмаған болар,— деп қарт жұтынып-жұтынып қойды.


Нақ осы кезде ет келіп, қол жуу сұралды. Жуған қолын орамалға сүртіп болып қарт орнына отырды. Сонан соң қалтасынан алған көздігімен еттің бір кесімін аузына салды. Қарт татыған айран ұрттағандай тыржиып, нақ жазғы күнгі Төкенше отырып қалды.


— Ет үсіп кеткен, деді қария түк те жасыра алмай. Шамасы, піскен еттің күйігі жаман» дегендей, оның үстіне қарны ашып отырғанда кезіккен етті бір қарпыта ала алмағанына күйіп кетсе керек. Еркін алая Гүлданға қарап еді, Гүлдан:


— Несіне қарайсың, сенің магазиніңнен қазір әкелдім, деп өзіне бас салды. Жаңа ғана кеуіп-басылып отырған Еркін не дерін білмей, жер шұқып отырып қалды...


Тоңазытқыштардың қорлығы-ай!


Еркінді жерге қаратып кеткен жоқ па, ол бар болғырларың. Сіздің үйдегі еттің дәмі қалай, оқушы. Үсіп кеткеннен аман ба, әйтеуір. Лайым дәмді болғай.


1962




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу