15.09.2021
  40


Автор: Әнуар Әлімжанов

Махамбеттің жебесі

БІРІНШІ БӨЛІМ



Ғират қызы. Хиуа өмірі. Зелілінің қашуы. Махамбет, Балабек, Жантас, Ноян және адайлардың «құдайы» — Сүйінқара.



— Еліңе қайтамысың? — деді қыз.


— Иә, — деді ол.


— Мені бірге әкетемісің?


— Жоқ.


— Осында тастап кетесің бе?


— Жоқ.


— Падишаһқа қайырып бересің бе?


— Жоқ, жоқ, деймін, жоқ!..


— Кешір, мырзам, — деді қыз. — Алдыңа ашық келіп, қымсынбай сөйлесуге үйреткен өзіңсің. Маған, сен күн, емессің деуші едің ғой. Мен дегенде есігіңді ашық ұстадың, қысым - қақпай көргенім жоқ. Әйелді әріне қарап қана бағалауға болмайды, біздің ауылдың қыздары беттерін жаппай, ашық жүреді, егессе — еркектен кем емес дейтінсің. Қалғым келмейді сенен... Ұрғашының ұяңдығы ер жігітке жүк болмас. Әйелің әміршім болсын, айтқаның екі етпеспін...


Ол қыз алдында тұр. Дулығасы тар терезеден түскен күн сәулесімен шағылысып жалтырайды. Үстіне киген ақ сауытты, басындағы үкілі дулығаны әбден жарқырата тазалап берген де мына қыз. Тек қанжары мен семсерін ғана қыз қолына ешқашан сеніп тапсырған емес-ті.


Қыз біледі — жігіт жол қамында.


Мұны енді тастап кететіні хақ. Бірақ қашан? Бүгін бе, ертең бе не бірер аптадан соң, ба — онысын әлі айта қойған жоқ. Бірақ қоштасар сәттің таяғанын қыз сезіп тұр.


— Сонда бір алланың өзіне табыстап кетпексің бе?


— Жоқ!.. — сом темірдей салмақты жігіт қолы қыз мойнына артылды. Көз жасын көрсеткісі келмеген қыз бетін салқын кіреукеге басқан қалпы жігіт құшағына кіре түсті.


— Сені табалдырықтан аттап шықпай жатып-ақ, ұстап ап қайта сатып жіберуі мүмкін немесе қолдан-қолға жүгіртіп, нәпсіге құрбан етер... — деді жігіт қолаң шашты сипап тұрып. — Бұ қалада жаңғыз - жарым қалу сен тұрмақ, жаужүрек жігітке де қорқынышты.


— Білдім, — деді қыз асыға сөйлеп, — білдім, мырзам! Осы уақытқа дейін қалайша түсінбегенмін?.. Сен мені өлтіресің. Сүйетінің рас болса, өлтіріп кетесің! Бақыт деген осы ғой, мырзам. Ризамын бұған да... саған душар етіп, махаббатына бөлеген аллаға да шүкір. Жұмақтың төрінде қайта кездесу үшін, басқаның қорлық-зорлығын көрсетпей, абыройымды ақ сақтау үшін сен мені өлтіріп кетесің... Сенің қолыңнан жан тапсырсам, арманым жоқ. Қашпаймын одан. Үндістанның, раджпурлары мен біздің елдің еркектері бастарын өлімге байлап, жағадан алған жауға қарсы ақтық айқасқа аттанар алдында өз әйелдерін дұшпан қолына түспесін деп мерт қылады... Ондай өлім қасиетті ғой! Ғашықтардың жан-жүрегін о дүниеде көктегі иемнің өзі жалғастырады... — деп, шығып келе жатқан күнге қарап жалбарынып тұрған қызға сөзін бітіртпей шорт үзді, Иығынан шеңгелдей ұстап, тартып қалып еді, темірдей саусақтары тым қатты батып кетті білем, қыз шалқалай берді. Тізесі дірілдеп, жігіт қолына асылып тұр. Батыр қалш-қалш етеді:


— Сен, ұрғашы, не тантып кеттің?!


— Ашуланба, мырзам, мен бақыттымын... Тек әкеме дұғай сәлемімді жеткізсең болды, — деді қыз иығының ауырғанын сездірмей. Инабатты жүзінде өлімге бекем бел буған шешім бар. Және де сол шешіміне риза пішінмен сабыр сақтап, ғашығынан қоштасар сәттің соңғы ләззатын күтетіндей сықай танытады.


Ал жігітте үн жоқ. Түтіккен ашу мен мейірбан жанашырлық қатар кеп, аңтарылып тұр. Ақыры не дерін білмей, қызды бұрыштағы өздері түнеп шыққан төсекке тастай салды да:


— Сәлеміңді әкеңе өз аузыңмен айтарсың. О, зұлмат дүние! — дені есікті теуіп ашып, сыртқа ата жөнелді. Шығып бара жатқанда қылышы босағаға соғылып саңғыр етті.


— Ат қайда? Төке, әкел бері Ақжалды! Ноянға айт — керуенді күзетуге екі жігіт жіберсін. Қызылбастар көрінісімен маған хабар берсін. — Аяғы үзеңгіге ілінер - ілінбестен атына лып етіп мініп алды. Қасына торы айғырын ойқастатып? Жантас ілесе кетті.


— Бізді бүгін тоспаңдар!


Екеуі қақпадан шыға бере-ақ шаба жөнелді.


Қожасының не деп кеткенін мүлде ұқпаған қыз төсектің бас жағындағы жастық орнына қойылған төрге бетін төсей құлады.


Тегі, Хайуанға келгелі дәл қазіргісіндей қорқып көрген жоқ-ты. Егер бұған дейін өзін алланың құзырына тапсырып, кез келген кісінің соңынан қың демей ере берер болса, енді міне, жүрегінде махаббат отын тұтатып, тал бойындағы күңге тән төменшік, бұйығы, жасық мінездерін жойған жаннан қалайша ажырап қаларын білмей дал боп отыр.


* * *


... Ауғанстаннан Хиуаға келгенде олар он бес еді.


Мәхәллағакірісімен бау ішіндегі салқын көлшікке шомылды шүпірлесіп. Сырттарынан бұларды осында сатуға зорлап келген саудагер — керуен басының өзі бағып жүрді.


Судан шыққан соң ол қыздарды бәйтерек көлеңкесіндегі кереге сындас қаптай өскен анар бұталарының түбіне қаз - қатар тұрғызып қойып, аспай-саспай қарай бастады. Әсіресе Ғират қызына қызыға қарап, қасында ұзақ тұрды. Сонан соң жағынан сипап, тершіген алақанымен қыз кеудесін бір басып өтті де:


— Өзің бейіштің бағындағы періштедей екенсің, — деді.


Әтек жігіт қыздардың су жағасында шашылып жатқан ескі көйлектерін жинап алды да, жаңа киім таратып берді. Саудагер де дән риза.


— Сендерге көз тоймастай көрік берген жаратқан иеме құлдық. Хиуаның еркектері сұлулықты бағалай біледі. Бақтарың ашылсын, — деді де Ғират қызына қайта бұрылды: — Атың кім еді?


— Нұрбал, — деп сыбырлады қыз, саудагердің бетіне тура қарай алмай.


— Еншалла, ханға тартар сыйымның асыл алқасы сен боларың хақ... Тек ұнай біл, жағына біл, Ғираттан ұшқан кептерім, Шираздан жұлған раушаным, кердең басқан киігім, ләззаты ерен биігім, деп тамсанар болсын өзіңе. Алланың рахымы жаусын... Әй, құл! Ора мына қызды үлде мен бүлдеге.


Басқа қыздар бұған әрі қызғана, әрі жабырқай қарап, үн қатқан жоқ.


— Хан жүрегін жұмсартып, көңілінен шыға біл, аянба, аяла, сонда ол бізге де оң көзімен қарайды, — деп саудагер сарайға апарар алдында да үгіттеп қояр емес.


Сарайға әкелерде үлбіреген көгілдір бет пердесінің үстінен қара желбегей бүркеді. Тақ қойылған кең бөлмеге кіргізер алдында бүркеншігін алып тастады.


Сән-салтанат, жым-жырт тыныштық. Қыз айналасына, таққа, оның үстінде отырған құдіреті күшті әміршіге көз тастағысы кеп тұр, бірақ басын көтеріп, бет пердесін ашуға батылы бармады.


Саудагер алдымен ханға інжу-маржан, қамқа, доқаба - жібек, алуа-шекер, балдағына гауһар тас орнатқан қанжар, өңіріне алтын оқа ұстаған шекпен сияқты асыл заттарды тарту етті. Сосын қызды әкелді жетелеп.


Үлбіреген бет пердеден үй іші қара көлеңкеленіп, айқындалмай бұлың көрінеді. Саудагер сезін үзбестен қызды ақырын ғана алға итерді. Тақтың алдында тұрғанын сезді де, тез тізерлеп, бүктетіле қалды.


— О патша ағзам, арғысы араб елі, бергісі парсы жері аузыңа қараған, зор мәртебелі тақсыр! Жәмшидтей қызметші құлы, Кесердей қақпашы қолы бар құдіретті падишаһ, алланың сүлдері және жердегі уәзірі, Жейқұнның 2, Үргеніш пен Хорезмнің әмір иесі! Ауғанның мөлдір бұлағынан шырын жиған мынау балшекер гүлді тарту еттім өзіңе. Бақшаңда шешек атып, жайнай берсін...


Саудагердің тарамыс саусақтары қыздың иығына кеп жармасты. Жеп-жеңіл желбегей сусып жерге түсті. Қыз кірпідей жиырылып, қимылсыз қатып қалды.


— Киіктің лағындай сүйкімді екен...


— Бейіш бағының мәуесі ғой...


Хиуаның хан сарайына жиналған ығай мен сығайлары — - бекзадалар, саудагерлер мен байлар Нұрбалға оңынан да, солынан да жұтына қарап, көздерімен ішіп-жеп барады. Қыз ашқарақ көзқарастарға шыдай алмай, қатты қысылды.


Ә деп ішке кіргенде ол қорқынышын баса алмай, біразға дейін жүрексініп тұрды. Бірте-бірте, сұлтандар мен сардарлардың сөзін тыңдай келе, олардың өзіне қызығып тұрғанын түсініп, күлімсіреп қойды. Алланың өзі қуа, емексіген еркекті қай ұрғашы жек көрсін. Нұрбал да бой тоқтатып, басын сәл көтерді де, алдиярға қарағысы келді. Бірақ көре алмады. Көз алдын ақ мәрмәрдан қашалған керегекөз шарбақ көлегейлеп тұр екен. Нақышында нәзік шеберліктің табы бар: сабағынан үзілгелі тұрған жүзім шоғы да, раушан және лала гүлдерінің бейнесі де соншалық бір әсемдігімен көздің жауын алады. Жасыл жапыраққа жаңа түскен қар сияқты аппақ мәрмәрдің арғы жағынан аяқ астына төселген, қабырғаға ұсталған қызылды - жасыл құлпырған Хорасан кілемдері көрінеді...


Қыз басын одан әрі көтере түсіп еді, көзқарасы оқалы пердегінің барып тірелді. Енді түсінді: шарбақтың арғы жағындағы хан тағы еденнен әжептәуір көтеріңкі суфаға қойылыпты да, үстіне ту тігіліп, шәйі - жібектен істелген шымылдық жабылыпты. Ханның өзін көру үшін бүгілген белді жазып, т.с көтерілу қажет. Алайда бұған қыздың батылы бармады. Былқ етпестен әмір күтіп жата берді. Мәрмәр шарбақтың тор көзінен бір кезде барып өзінің тап қарсысында екі қолын тізесіне салып, малдас құрып отырған алдиярды керді.


— Түрегел, — деді хан сабырлы, өктем үнмен.


Қыз бел жазып, орнынан тұрды да, басын көтерді. Қолаң шашы суси төгіліп жалаңаш арқасын жапты. Алдында екі ұрты суалған, шикіл сары өңді, көз орнына мұз орнатып алғандай суық жанарлы адам отыр екен. Түріне қарап жасын ажыратып болар емес. Жамбасында — көпшік, үстінде — үлбіреген жеңіл киім, асыл тас орнатып, алтыннан соққан әшекейлері жарқ-жұрқ етеді. Қыз денесін кезбен тінтіп, ішіп-жеп барады. Жұрт бір сәтке тынши қалды. Артынша әміршінің жүзі жылып, қызға қарап күлім қақты. Жиналғандар да қайтадан жамырап қоя берді.


— Көркіне көз тоймастай хаса сұлу...


— Талшыбықтай бұралуын шіркіннің!..


— Ләйла да өзі, Шырын да өзі...


— Ақындар қайда?! Өлеңге қосар мүсін ғой. Жырлау керек жақсылап. Жайнатсын алдиярдың гүл - бақшасын, — деді көгілдір барқыттан тіккен, күміс әшекейлі шошақ бөрікті кісі. Өзі тақтың оң жағында отыр, қолында — піл сүйегінен жасалған таспиқ.


Хан болса, ашқарақ көзін ауған қызының әлі толыса қоймаған балаң төсінен аударар емес. Қыз да қорқынышын былай қойып, алдындағы суық жанарлы сары кісіге тайсақтамай тұра қарады. Ендігі тағдыры осының қолында екенін біледі.


Тақтың қасында қара сақалды біреу шіреніп тұр. Айналасына сабырлы кейіппен сыздай қарайды. Назарынан еш нәрсе қалтқы қалатын емес. Жиылған жұртты бастан-аяқ ешкімге байқатпай тінте қарап, әлсін-әлі көгілдір шалма салған шалға кез тастап қояды.


«Уәзір - ау», — деп ойлады Нұрбал.


— Беріштердің ақыны келді, тақсыр, қабылдауыңды күтулі. Оның Бөкей ордасындағы даңқы Махмұт палуанның Хорезмдегі даңқынан бір де кем емес... Мынау тотыңыз сол жігітке лайықты сый болар еді, — деп сыбырлады уәзір сәл еңкейіп, көзімен ауған қызын нұсқап. — Сіздің жомарттығыңыз жайлы хабар Жайықтың аржағындағы жалпақ далаға жайылары хақ. Алла бұйыртса, үлесіне үйір-үйір жылқы аласыз олардан. Жәңгір төбетке қарсы шыққан Махамбет пен Қайыпғали сұлтанды жетектің екі жағына қатар жегіп аласыз да, Еділ мен Жайық арасындағы жазираны баса-көктеп, жосылтып өтесіз. Ішкі орданың жауынгер қазақтары түгелдей қолыңызға қарайды. Еділден Ғиратқа дейінгі барлық жол алақаныңызда болады... Хиуаны кәпірлерден қазақ қорғайды.


Оның сөзін ханнан басқа ешкім естіген жоқ. Жұрт назары түгелдей ауған қызына ауып кеткен екен.


— Ей, алыңдар тартуды! Ауған саудагеріне фәрменберіңдер. Сатсын жайнатып, әкелген жиһаз - дүниесін Хиуа базарында. Мырзаның тілегін орындап, қасына күзетші жасақ қосыңдар. Хорезм жерінен қорықпай өтіп, қайтарында Мәскеуден асыл аң терілерін әкелетін болсын. Аумин! — деп хан оң қолының саусағын шошайтты.


— Ұлы мәртебелі шаһиншаһ, қасиетті Хиуа мен Хорезмнің әмір иесі, жомарттығын, шексіз - ау, — деді саудагер тәжім етіп. Сенің құлдығыңда жүріп, қызметіңді өтеуге мен дайын.


Хан болар-болмас қана басын изеп, жымиып қойды да, қолын көтеріп қалды.


Саудагер қолының ұшын маңдайы мен көкірегіне басып, тәжім етті де, иілген қалпы шегіншектеп барып шығып кетті.


— Беріш руының ақынын кіргізіңдер, — деп бұйырды хан.


Тіл қатпайтын дүлей жасауылдар қақ жарылып жол берді, есік ашылды. Беліне байлаған семсерін бір қолымен жамбасына қыса ұстаған жас сарбаз қабырға жағалай отырған Хиуаның қасқа - жайсандарын: байларды, имамдарды, саудагерлер мен сардарларды тез шолып шықты да, жеңіл қимылмен батыл адымдап кеп тақ алдына тоқтады. Басын да иместен, алдияр ханға лайық сый-құрмет лебіз білдірместен, қыздан анадай барып тұрды, тіпті оған көз де тастамады. Ызалы күбір көбейіп, отырғандар гу ете түсті. Хан тастай түйіліп, сұп-сұр боп кетіпті.


Нұрбал көз қиығын ақынға салды. Қысқа қойған қара мұрты бар, беті жалпақ біткен, қара торы өңді, иегі сәл шығыңқы. Басында төбесі үшкір дулыға, оң жақ бүйіріне әшекейлі шолақ қанжар таққан, сол жамбасында — семсер.


— Жейқұнның жебеушісі, Хорезмдегі барша шаһардың әмірі, Хиуаның қожасы, Мұхамбет пайғамбардың үмбеті, құдіретті шаһиншаһ саған өз бағымың сәні болған лала гүлін сый етіп ұсынады. Аузынан шыққан өлеңі от оранған сөз зергері болғанын, үшін тартады... Уа, қазақ ақыны, сен Беріш пен Адайдың сүйіктісі болсаң жанын дінсіздерге сатқан имансыз Жәңгір төбеттің тепкісіне түскен күллі қазақ руларының мақтанышы болсаң ауған тауларынан келген мынау ару сендік болады. Дәп енді әмірлердің әмір иесі сені әз қанатының астына алады — сен оның күш - құдіретін жырлайсың... Кемеңгердің кемеңгері, патшалардың патшасы түйген тоқтам да осы, рақым да осы. Аумин!


Уәзір бұл сездерді төске түскен темірдей таптап, мақамдап созып, салтанатпен айтып шықты.


— Рахмет саған, Аллақұл хан. Айтпағым — өз жайым емес. Жігіт намысын басқаның қорғағаны Жейқұндағы балыққа салған аумен тең. Бәрінен де азаттық пен бостандық артық. Сый - сыйапатыңа рахмет, тақсыр, бірақ саған жыршы бола алман. Шырыны шекер гүліңді алайын деп те келгенім жоқ саған! — деді ақын.


— Сен өз достарыңмен бірге Хиуаның, базарларында қару-жарақ жиып жүрген көрінесің. Сол үшін маған Жәңгірдің басын әкеп беретін боласың, — деп сыздады хан.


— Ел атынан елшілікке кеп отырған жоқпын алдыңа, жауынгер есепті кеп отырмын. Өз хандарына қазылықты халқымның өзі айтады...


— Халқыңда алынбаған құным бар. Арғынғазы деген сұлтандарың менің қол астымдағы жерлерге баса көктеп кіруден жасқанбады. Ұмытқан екенсің ғой оны?! — деді Аллақұл даусын көтеріп.


— Сұлтан — халық емес. Қоқан мен Хиуаның құшбегілері қазақ ауылдарын шапса, қазақ сұлтандары Хиуа қыстақтарына қырғидай тиген. Сол үшін халық кінәлі ме екен?! Иә, Арғынғазы өз нөкерің еді, асыңды ішіп, аяғыңды тепті. Жылқыңды үйір - үйірімен қуып, жер қаптырып, масқаралап кетті. Ал сен болсаң одан ала алмаған кегіңді қаймана жұрттан алып, кәріңді Сыр бойындағы қазақтың кедей ауылдарына төктің, жүздеген қазақ қыздарын күндікке саттық... Мына сыйың солардың өтеуі ме, қалай?... — деп ақын Нұрбалды нұсқады.


Ыза қысқан хан орнынан көтерілді. Хиуаның намысқой сардарлары қолдарын селебелеріне созды. Ақ оюлы, серейген шошақ төбелі қалпақ киген кісі орнынан атып тұрды.


— Жап аузыңды, Махамбет! Бейбастақтығың шектен шығып кетті. Қызыл тілің — қас жауың. Сорғалап тұр уы. Кешірім сұра! Неғып сілейіп тұрсың?! Жығыл аяғына!... — деп зекіді ол.


— Аптықпа, Қайбала, 4сенімен сөйлесіп тұрғаным жоқ, — деді ақын сабырлы үнмен. Ұмытсаң, есіңе түсірейін, құлақ сал. Қазақ мақалы: «Жалғыздың...» деп келе жатыр еді, хан сөзін аяқтатпай, аға миршабқа , ақынды сыртқа алып кетіңдер, деп ишарат жасады. Жасауылдар Махамбетке тап беріп, қолын қайырып еді, ақын бір-ақ сілкініп, босанып алды да, бас иместен шығып кетті.


Шикіл сары Аллақұл хан оның соңынан ернін бұртитып, тістене қарап қала берді.


— Құрметті сұлтан, сөз түйінін өзің айтасың. Шаирмен әңгімеміз тым созылып кетті, — деді уәзір меймандарға бір қарап қойып. Анау қолындағы құм сағатты төңкеріп жіберіп еді, сыздықтаған жылға ыдыстың, бір жағынан екінші жағына сорғалап құйыла бастады. — Елшілер қабылдау күтіп тұр. Хан бастапқы кейпіне қайта еніп тағы да бедірейе қалды.


Патша мен ақынның жүз шайысқанына өзін кінәлі санаған ауған қызы ендігі күйі нешік боларын біле алмай, әрі ұят қысып, әрі қорқыныш билеп, әрі жалаңаш денесі тоңазып, бас көтерместен мелшиіп тұр.


— Сөйле, Қайыпғали сұлтан, — деді уәзір.


Қайыпғали да сабасына түскен екен, өзіне өзі сенімді үнмен еселеп сөйлей жөнелді:


— Қара халықтың қараңғы - қараулығы қалған ба? Махамбет деген сол қараның ақыны ғой, тақсыр. Құмға қақталып өскен жан асқар таудың асқақтығын білмейді. Кезбе кісі кең дуалды тарсынар. Қара халық жұмақтың жақсылығын түсінбейді, жақсы аңшы құмайды қыран деп ұшырмайды. Махамбеттің Хиуада өлгені қауіпті. Қара қазақ оның есімін ту ғып көтереді. Сен үшін оның бақ ішінде серуен құрғанынан гөрі, дала кезіп жүргені пайдалы. Жәңгірдей дұшпан тірі тұрғанда ол маған да керек. Рахымың мол, жомарттығың шексіз ғой. Тек әділ шешім қабылдағайсың, қасиетті тақсыр...


Ақылгөй уәзір тағы да ханға еңкейді.


— Қырда тағы да бір Тентек төре 6пайда болса, сіздің, ақыл-ойыңыздың арқасында оны Жәңгір ханға қарсы айдап болар еді. Бөрілер бірін-бірі талай берсін — қойдың көбі арыстанның үлесіне қалады, — деп сыбырлады ол ханға.


Аллақұл хан уәзірді үнсіз тыңдады. Хиуаның әскербасылары қазақ шаирының әлгіндегі қылығына ызаланып, өзара күңкілдесіп отыр. Аллақұл қолын көтеріп, Нұрбалды әкетіңдер деп әмір қылды.


Ақынға апарып беріңдер. Махамбет ақынды босатыңдар — біздің жарлық осы... — деді хан даусын көтеріп, сосын Қайбалаға бұрылды. — Сөзің рас, сұлтаным, — деп барып, қайта түзелгендей раймен, — Кіші орданың ханы Қайыпғали мырза — деп тоқтады.


- Уа, айтқаның келсін, ұлы мәртебелі падишаһ!


— Алла бұйыртса... Аумин! — деді көгілдір шалма байлаған шал, жұмбақтай күлімсіреп, қолындағы тәспиғын тартып отырып. Бұл Хиуа мұсылмандарының басшысы.


Шығып бара жатып Нұрбал қарапайым ғана киінген еркекпен бетпе-бет келіп қалды да, қабырғаға қарай ығысып, қол берді. Бұл келген Хиуаның бас мұрабы болып істейтін Мунис ақын екенін ол білген жоқ...


***


... Сарай қақпасы алдында Махамбетті екі досы — түрікпен жігіті мен бозбала қазақ күтіп тұрған.


— Сонша кешіккенің не? — десті олар қосарланып.


— Үміт ақталмады. Атты әкел, Жантас!


Бозбала бота тірсек, ақжал сәйгүлікті көлденең тарта берді.


— Аллақұл мені мына бір тартуын бермекке шақыртыпты, — деді Махамбет, көңілді үнмен Нұрбал жаққа иек қағып.


— Қару орнына қатын сыйлағаны жаман ырым екен, — деп қабақ түйді түрікпен жігіті. — Кім өзі?


— Ауған қызы.


— Кеше Аллақұл сені жырыңды тыңдамаққа шақыртып еді. Бүгін сый - сипат жасап қылмия қапты. Ертең кісен салып, шынжырлап жүрмесе неғылсын. Зелілініде сөйткен. Байқа, Махамбет, қапы қалып жүрме. Ауғанның сұлуына сенуге бола ма? Қызылбастар кейде сатып кете береді.


— Өлең-жырды кеше мен ханға айтқан жоқпын, Мунис ақынға айттым. Ал ауған қызына келсек, бұ байғұстың не кінәсі бар? Хан мұны саудагерден сыйлыққа апты.


— Алды да саған берді ғой. Жаман емес. Зеліліге де айна қатесі жоқ осылай істеген, — деп қоймады Балабек.


— Зелілі қайда екен, білдің бе? — деді ақын.


— Түнде үш қабат күзет қояды екен, ал күндіз қақпа алдында ғана қарауыл бар. Бір уыс теңге беріп ертең түсте кіретін болдым. Кәзір Зеліліге шербет, күлше нан, қауын апарып берем.


— Күлше ішінде хат, қауынға тыққан егеу бар, — деп қосып қойды Жантас.


— Жалғыз өзіңді кіргізе ме? — деп сұрады ақын.


— Иә, жалғыз өзімді. Ақшаны күзетшілердің бастығы алады...


— Сүйінқарадан не хабар бар, Жантас?


— Әлі ешкім қатынамады ғой.


— Жақындап қапты деген сыбыс бар. Тегі, көп ұзамай кездесетін шығармыз. Хиуаны қалтыратқан адайлардың «құдайын» өз көзімізбен көрерміз сонда...


— Соңыра айтарсың, Балабек, — деп Жантас оның сөзін бөліп жіберді. — Ханның қақпасына дейін құлағы бар еститін. Анау күзетшілердің бізге көз тігуін кердің бе. Сенің түрікпендерің ғой. Соңымызға жансызын сап қойып жүрмесін.


Махамбет атына қарғып мінді.


— - Қарындас, қолыңды әкел!


Сәйгүлік қызды шыр айналып шиыршық атты. Ақын Нұрбалды жерден іліп ап, алдына отырғызды.


* * *


... Су толы местерге тағылған кішкентай қоңыраулардың шылдыры, су тасушылардың шаң-шұңы, ерсілі-қарсылы өтіп жатқан арба доңғалақтарының шиқылы, қайыршылардың жалынышты үні мен Хиуаның тар көшелерінде топ-тобымен шапқылап, оңай олжа, жалғыз-жарым жемтік іздеп тіміскілеп жүрген қала күзетіндегі жасауылдардың дөрекі айғайы барқыраған түйе даусына ұласып, көше бойын адам айтқысыз даңғаза шуға көміп жіберіпті. Қарсы келген бұхарлықтар керуені көтерген қою шаңнан түк көрінбей кетті. Махамбет атының басын тартты.


Соңғы түйені өткізіп жіберіп жігіттер базар көшесіне түсті. Көше бойының қабырға қуысындағы орындарынан жарыса сарнап ұсақ саудагерлер отыр. Базарға жақындаған сайын қалың нөпір көбейе берді.


Мүсәпір мүгедектер мен дәруіштер, асқа қосатын қалампыр, бұрыш тәрізді шөп-шалам сатушылар мен есек қуғыш лаушылар, қасапшылар мен наубайшылар; көше бойында палауын пісіріп, сорпасын қайнатып жатқан аспаздар, өзбек, қазақ» қарақалпақ, түрікпен ауылдарынан шыққан үнсіз кезбелер, алдындағы қалың тобырды қызметші -жасауылдарының күшімен қақ жарып өтетін байлар; жаһангез - жауынгерлер, әйтпесе лайықты басшы немесе қожа іздеп жүрген кәдуілгі жол торығыш қарақшылар; қуыс -қуысты қоймай жылмаң қаққан жеңгетай - делдалдар; алыпсатарлар, тәуіптер, ақысын берсең неден де болса тартынбайтын адамдар — киелі құдығы, қырық медресесі, қырық мешіті, сансыз мұнарасы, сансыз мазары бар қасиетті Жейқұн қаласы атанған Хиуаның бас көшесінде кім кезікпейді дейсіз.


Иран мен Үндістаннан, ауғандар мен адайлардан, Тибет пен Монғол жерінен, Еділ бойының ноғайларынан, Самарқанд пен Қоқанның саудагерлерінен, қазақтың Кіші және Үлкен ордаларынан келген көп керуен қаланың үлкен көшесіне түскенде арналы өзендей боп ағады. Бірінен-бірі қалысқысы келмеген ісмер ұсталар мен көзешілер осы көше бойында тұрып-ақ темір илеп, қыш күйдіріп, нелер әдемі бұйымдарды жасап жатады. Азан шақырғандай айқайлай да жамырай сөйлеген жаршы балалар аттылының да, жаяудың да аяғына оралғы боп жүргізбейді. Әйелдер ғана үнсіздік сақтап, үрпиісіп жүр. Пәренжілерін бүркей түсіп, қайыршыға да, бекзадаға да, жендетке де, дәруішке де ығысып жол береді. Міне, Хиуаның ең басты көшесі осы, қаладағы жиырма мәхәлланың ең байы да осы.


Нұрбал басына жапқан жұп-жұқа жаулықтың арасынан айналасына қызыға қарап келеді: мынау көшелер қаншалық, лас, қаншалық шаңға көмілген болса, ұшар бастарын тәкаппарлана көкке көтерген мешіт мұнаралары мен күмбездер соншалық таза, соншалық сымбатты. Түйе өркешінде өткерген ұзақ сапардан кейін, асу-асу белдер мен құлазыған шөлдерден кейін, жол бойы соққан сәнді рабаттардан, шағын қыстақтар мен үлкен ауылдардан соң мынау қала да оған Ғират тәрізді шетсіз де шексіз, түсініксіз боп көрінеді. Ол Ғиратты да керуен үстінен көрген-ді.


Қыз пәренжі жамылған әйелдерге шұқшия үңіледі, — жас па екен, кәрі ме екен? Өзінің жаңа қожасына да қорқа қарап, оның қолы денесіне тиген сайын дір ете түседі. Еркектің алдына міңгескен де ықғайсыз ғой. Бәрінен де жаңа иесінің үн қатпауынан үрейленеді.


Хиуаға жеткенше жол бойы керуен күзетшілері мен түйе айдаушылардың әңгімесіне алданып, ұзақ сапарды ұйқымен өткізгендей еді. Керуен басының дөрекі қалжыңы мен айқай - ұйқайына оншама көңіл бөлмей, қалғып отыра беретін. Бұл керуеннің өзі бір есептен туған елдің соңғы сілеміндей десе де болатын. Енді, міне, саудагер оны Хиуаның ханына сыйлады, ал хан мынау құпия жанға қосты да жіберді. Туған елмен жалғастырып тұрған соңғы жіп үзілді. Жат қолына түсті деген осы ғой.


Жаңа иесі жылы шырай көрсете қоймады, аузын да ашар емес. Соңдарынан ілесіп келе жатқан жолдастары да үндемейді. Бұлардың кім екенін қыз білмейді, олар да бұдан кімсің деп жөн сұраған жоқ. Иесінің жау қуған батыр, жыр шерткен ақын екенін Нұрбал алдияр тағының жанында тұрғанда естіді. Сонда не артық — хан гаремінде болған ба, әлде ақын үйіндегі тірлік пе?..


Тегі, қиналып не керек? Бәрі бір емес пе? Заты болса ұрғашы. Ақын құшағында отырғаны мынау. Тізгінді босырақ ұста дегендей ауыздығымен алысып келе жатқан ақ жал құла -жиренге қалың топ қақ жарылып жол береді. Жануар біресе арындап ала жөнелмек боп, біресе шиыршық атып ойқастап келеді...


Алдарындағы жаяу тұтқындарға ат үстінен қамшы үйірген хан жендеттері қарсы жолықты. Тұтқындар жалаңаяқ, киімдері жалба-жұлба, езулеріне қан қатқан, өздерін көк ала қойдай етіп сабаған, бас-көздері көнектей боп ісіп кеткен, қолдарын қайырып байлап тастапты.


Ақын тізгінін тартты.


— Қарақалпақтар ғой, қоңырат руынан шыққан Айдостыңсарбаздары, — деді Балабек Махамбетке жақындап.


Жантас күрсіне сөйледі:


— Қатал болғанымен қара қылды қақ жарған әділ би деседі ғой. Жейқұнның бас жағындағы құм ішін паналайтын көрінеді. Өз еліне сыя алмай, туған шаңырағын тастай қашқан жанның бірі осы. Қарақалпақ рулары да өзара қырық пышақ, бастары бірікпейді...


— Ей, тарт қолыңды! — деп зығырданы қайнап айқай салды Балабек, жендеттердің бірі қамшы көтергенін керіп қалып. — Қолы байлаулы адамға әлің жетеді екен ғой, ә? Жекпе - жекке қалайсың? Кәне, шықшы былай өзің!


Ақау да бұған алара қарап, найзасына жармасты. Қалшылдаған ызадан басындағы малақайы ұшып кете жаздады. Балабек семсерін суырып алып, жеміне атылған барыстай ұмтылып еді, Жантас шап беріп атының шаужайынан ала түсті.


— Сөзіңде мін жоқ. Бірақ өнеріңді мұнда емес, ұрыс үстінде көрсеткейсің — деді Махамбет тұтқындар өтіп кеткен соң.


Әлде Балабекке айтқаның әлде өзіне арнағанын анық аңғартпайды.


Жүз түйінді семсеріңмен бір-ақ ұрып шешпек екенсің ғой. Ондай іс алланың да қолынан келмес, Балабек, — деді Жамтас.


Жүз деген он емес.


Балабек мырс етті. Жантастың нені меңзеп тұрғаны есіне түсті. Ол күнгі оқиға жадынан кетер ме.


...Аллақұлдың зекетшілері бұлардың дария жағасында тігулі тұрған жалғыз үйіне шабуыл жасап, тонап кеткенде өзі жолда жүрген болатын. Әкесін өлтіріпті. Үйіне жеткен Балабек жау соңынан ұмтылды. Ұзатпай қуып жетіп, қылыш - қалқансыз, қолындағы жалғыз сойылмен айқаса кетті. Жолдастарымен Махамбет кездеспегенде Балабектің сүйегі далада көмусіз қалары сөзсіз еді. Олар Хиуаға кетіп бара жатып, мынау қаскүнемдікке кездейсоқ куә болды. Шыдап тұра алмай, Балабекке болысты.


Хан шапқыншыларын кескілеп өлтірді де, Махамбет нөкерлерімен үлкен жолдан шығып, құм ішіне сіңіп кетті. Оларға Балабек те ілесті...


Олар Хиуаға басқа жақтан орағытып, іздерін әбден шатыстырып барып келді. Содан бері бірінен-бірі ажыраған емес...


— Өлексе аңдыған көп күшіген бөрі алатын бір бүркітке қарсы тұра алмайды, — деді Балабек кеш те болса өзінің анадағы көзсіз тәуекелін ақтағандай раймен.


— Қоңыраттан шыққан Айдос дедің. Жантас - ау, сенің де тегің қоңырат емес пе? — деп Махамбет олардың сөзін бөлді.


— Мен қазақ қоңыратынанмын...


— Естіп тұрмысың, Балабек? Тегі біреу — қоңырат, сөйте тұра қазақ, өзбек, қарақалпақ, түрікпен боп қырық, бөлінеді. Хиуаның ханы Аллақұл да қоңырат. Жендеті де, құлы да бір рудың ішінде. Ал сен болсақ қарақалпақтардың басы бірікпейді деп ренжисің, Жантас. Со бірлігің біздің қазақта бар ма осы?!.. — деді Махамбет кейісті үнмен, тізгінді ұстауға кедергі жасаған Нұрбалдың қолын былай сырып тастап.


— Былай қара, Махамбет, бұл Шерғазының медресесі. біздің Фраги жырлаған түрікпен әулетінің киелі орны. Әкем айтатын — Фрагидің өзі де осында оқыған деп. Мен оның өлеңдерін білем.


— Кәне, айтып жіберші, Балабек, — деп Махамбет елең етті.


... Иомуд пен гоклен шеру тартқан анау топ,


Алға ұмтылса арқырап, жол - соқпағы қалай көп!


Тауды бұзып, тас жарып, таймай соқса екпіндеп,


Қарқыны оның басылмас, ешқашан да танаурап!..


Махамбеттің өлең жолдарын ішінен қайталап тұрғанын Нұрбалдың құлағы шалды. Балабек жырды аяқтап, үнсіз ғана ойланып қалды да, артынша әр сөзін салмақтай сөйлеп:


— Сонда бізде де бірлік болыпты - ау, ә, иомудтар мен гоклендер тізе қосып қимылдаған ғой. Ол қай кезде болды екен? Қазір сөйтсе, шіркін. Аллақұлдың тағын тітіретіп, Зеліліні бұғаудан босатар едік - ау. Айтып-айтпай не керек, түрікпеннің қақ жартысы Аллақұлдың құлдығында жүргенде ынтымақ болсын ба. Анада әкемді өлтіріп кеткендер өзім сияқты түрікпендер емес пе...


— Ақырын - ей, мұндағы әрбір есек тыңшы. Көрдің бе, әне, базардың дарбазасы алдында қаншама жыбысқынын, жүргенін! — деді әркез сақ жүретін қырағы Жантас оның сөзін бөліп. Сосын қақпаның тап қасындағы темір сырықтарға шаншып қойған адам бастарын көріп кілт тоқтады.


Күтпеген жерден Балабек атын тебініп қап, оқшаулана алға шықты, бар дауысымен айқай салды:


— Уа, жол беріңдер сұлтан мырзаға!


Қақпа алдында қарауылда тұрған жасауылдар жарыла жол беріп, Махамбетке тағзым етіп қала берді.


Базарға кірісімен Нұрбал өзн Хиуадан алып келген ауған саудагерінің көкала шатырын бірден көре қойды. Жиһаздарын жайып тастапты: дүрия жібек, күнге шағылысып жарқ-жұрқ еткен алтын-күміс бұйымдар, оқалы шекпен, көздің жауын алатын кәшмір маталары. Кілем төсеген тақтада керуенбасы отыр, оның алдында керуенмен бірге келген он төрт қыз түрегеп тұр, бәрі де беттерін бүркеп апты. Бай-манаптар мен әскер басылар ауған қыздарының бет перделерін кезекпе - кезек көтере қарап, сұлуларға бастан-аяқ көз жібереді. Екі кісі бір қызға таласып тұр. Бишараны біресе анау, біресе мынау, кезек-кезек қолынан тартады. Мұртынан күліп саудагер отыр — сауда қызған сайын баға да өсе түсері хақ. Нұрбал ішінен, мыналарға қарағанда бағым бар екен-ау, деп шүкіршілік етті. Тіпті керек десеңіз, мынадай жап-жас сұлу ақынға міңгесіп келе жатқанына бір есептен қуанып та отыр...


Топырақтан соққан қалың дуалмен қоршалған алаңда ине шаншар орын жоқ. Бас қақпаның алдындағы екі жаққа қатар - қатар тігілген шатырларда жиһаз - дүниеліктерін жайып тастап, алыстан келген жат жерлік саудагерлер отыр. Қастарына қызметшілері мен құлдарын ерткен дәулетті алармандар сауда қатарларын ерсілі-қарсылы маңғаздана аралап жүр.


Жол бөгеген халық нөпірінен құтылу үшін Махамбет атының, басын сол жаққа бұрды. Қалың тобыр дереу сиреп сала берді. Шаң, үстінде аяқтарын астына басып қатар-қатар отырған хатшылар мен жаршылар көрінеді. Бұлар құранның кез - келген сүресін, Көрұғлы жайлы қиссаны немесе «Шаһнама» дастанының тарауларын жатқа соғатын, қажеті болса ханның атына өтінішті де, қазыға айтар шағымды да табан астында жазып бере қоятын жандар. Олардың сыртын ала, дуалға тақау, қолдан жасаған қағаздарын саудалап ісмерлер жайғасыпты.


... Күш емес жеткізетін ұлылыққа,


Күш емес тастап кетер жер қылып та.


Жаһанда құрмет, қасірет — барлығы да


Пенделіктен екенін сен де ұмытпа...


деп басына кір басқан шалма ораған, ұзын ақ сақалды үндіс шіңкілдеген әлсіз дауыспен қасиетті «Панчетантадан» үзінді оқып отыр. Оның арғы жағында даңғараның дабылдатқан дүбіріне ілесе қимыл жасап, қытай сыйқыршысы өнер көрсетіп жүр.


Аттар қалың жұртты қақ жарып келеді. Аяқ астында қайыр тілеген кемтар - мүгедектер зарлайды...


Сандал ағашының жұпар иісі, қолқаны қабатын шаң мен қолаңса сасыған тер, аңдыған жеміс-жидек, шыжғырған еттің түтіні, шырқаған ән сазы, жылаған дауыс сұңқылы, дабыл» дың, дүңкілі, сарнағам жаршылардың, бақырған түйелер мен ақырған есектердің құлақ жарар ащы үні бірімен-бірі ұласып кеткен толассыз шуыл — осының бәрі Нұрбалдың басын айналдырып жіберді. Алдағы тірлігі не боларын білмей сарыла күткен әне бір ауыр күндерде қалжырағаны және бар. Буын - буынынан мүлдем әл кетіп, құлап қалмас үшін ердің қасынан мықтап тұрып ұстады да, Махамбеттің кеудесіне арқа сүйеп, жабысыңқырай отырды...


Жігіттер болса Шам шаһарында соғылған алмас қылыштарды, күмістеген ер-тұрман, қалқан мен кіреуке - сауыт, білтелі мылтық, болат қанжар көреміз деп кеп бөгелді...


Ақырында олар базардың шетіне де шықты. Мұнда алыстағы елдер мен жақындағы жерлерде қолға түскен, өзбек қыстақтарынан, қазақ, түрікпен ауылдарынан, орыс селоларынан айдалған тұтқындарды тірідей сатады екен. Араларында сонау Астрахань түбінен айдап әкелген қауға сақал балықшылар да бар. Бұларды Адай руының атақты қарақшысы Шәбек пен солдаттан қашқан жаужүрек атаман Андрей Стрельщиков әкеп сатады.


Хиуа ханының жарлығы бойынша Андрей де, Шәбек те өз сыбайластарымен бірге Каспий теңізінде қарақшылық ететін. Хиуадан келген делдалдар тұтқындарды солардан сатып ап, осы базарға әкеліп саудаға салады. Адам саудасы Хорезм әмірінің қазынасына көп пайда түсіретін. Бұның өзі тәж бен тақ қоңырат әулетінің қолына көшкен он сегізінші ғасырдың жартысынан бермен қарай дәстүрге енді. Ал таққа Аллақұл отырғаннан кейін құл сатудан түсетін пайда екі есе артты.


Махамбет тобы жаршылардың, жамыраған сөзін тыңдамай, тұтқындарға көз тоқтатпастан, ақырындап шеттей берді.


— Ағайындар-ау, қай елсіңдер? — деді Жантас, қолдары байланған екі қазақ жігітін кергенде шыдай алмай.


Үлкені басын көтерді, бет-аузы соққыдан көнектей боп ісіп кетіпті, бірақ үндеген жоқ.


— - Жейқұнның сағасындағы қара қыпшақтар ғой. Малдарын айдап әкеткен алдиярдың сарбаздарымен шекісіп қапты, — деді топ ішінде тұрған егде жастағы хиуалық, қазақ тұтқындар үшін жауап қайтарып.


— Ал өзіңіз Қайыпғали сұлтанның нөкерінен емессіз бе, мырза?


— Жоқ! — деп кесіп айтты Махамбет. — Қанша сұрайсың мыналардың құнына? — Саудагерге өктем үн қатып, атаған бағасын естіді де, бір дорба теңгені аяғының астына лақтырып тастады. Жантас қос жігітті матастырған арқанды қылышымен қиып жіберді. Жас тұтқын Махамбеттің алдына тізерлей жығылды.


— Қолдарына бос деген қағаз бе! — деді Махамбет тепсініп.


— Қандай қағаз? Оның не керегі бар? — деп саудагер алақанын жайды. — Құл дегеннің құлдықтан құтылмасын шаирлардың білмегені...


— Сендер енді боссыңдар. Бұдан былай өз еріктерің өз қолдарыңда, — деді Махамбет тұтқындарға. Жиылған жұрт оған тесіле көз тігіп тұр: біреулері риза болып қызыға, екіншілері атарға оғы жоқ, сыздана қарайды.


— Қазақ, ақыны Хиуада сұлу таңдап шапқылап жүр! — деді әлдекім. — Қайыпғали сұлтан екеуінің ниеті бір. Аллақұлдың ауылдарды шабуына болыспаққа кепті...


Ызадан қап-қара боп түтігіп кеткен Махамбет атын ышқынта тебініп, ата жөнелгенде бейқам отырған Нұрбал ауып қала жаздады. ? Құрт үнсіз қақ жарылып, жол берді.


— Уа, тоқтаңдар! — деп қырылдай айғайлады егде тұтқын.


— Иә, не айтпақсың? — деп Жантас оның жолын бөгеді.


Мырзаңа айта бар: маған сатқынның ақшасына алынған бостандықтың керегі жоқ! — Тұтқын ентіге сөйлеп тұр, екі көзі қанталап кетіпті.


— Жап аузыңды, ақымақ! — деп Жантас оны жотадан қамшысымен тартып жіберді. Балабек Жантасқа жармасты.


— Қарусызға қамшы жұмсамас болар!


— Тантығанды тезге салады! — Жантас қамшысын Балабектің қолынан жұлып алды.


— Құтқарғыштар... — тұтқын тісін шықырлатты. — Қазақ ақыны. Жырлағанда қыран көрінгенімен іс - тұрпаты қарғадай ғой. Сауға сұрап Хиуаға кепті. Сырым батырдың, түбіне жеткен Хиуаға... Уа, өз елің қайда сенің? Мені босатып жақсы атыңды шығармақсың ғой! Кім сенеді мені азат дегенге? Қара, әні! Апа-қарындастарымызды, аяулы аналарымызды сатып жатыр тобымен! Сатып ал соларды! Қатын ет...


Есінен айырылғандай сілейіп қалған Махамбет ашынған жігітке тікірейе қарап тұр. Ызадан қалш-қалш етеді. Бұлшық, еттерінің бұлт-бұлт ойнап, болат серіппедей ширатыла қалғанын Нұрбал да сезді. Кенет ол қызды алдынан аударып астады да, жылаған әйелдер жаққа қарай шауып ала жөнелді. Қазақ әйелдері — жоқтау айтып тұрған.


...Қару-жарақ асынған хиуалықтардың қоршауында беттері ашық, қыздар тұр. Бұл қалада, жалпы күллі Орта Азияда тек қазақ, әйелдері ғана перде, не пәрәнжі салмай, жұрт көзіне көріне алады. Қыздардың аппақ қудай өңдерінен басқа ештеңені көрмей, олардың солқылдап жылаған даусынан басқа ештеңені естімей, Махамбет келеді топ жарып. Арулар далба - жұлбасы шыққан көйлектерін де, жайылған шаштарын да жинай алмай, қорқыныштан, ұят пен өртенген намыстан жерге кіріп кете жаздап, қуа - қуа сілесі қатқан киіктей боп, бір-біріне шағылысып тұр. Олардың аяқ астында екі бетін жосадай ғып жыртып тастаған кемпір жоқтау айтып жатыр:


... Қорған қайда, ел қайда, ерлер қайда?


Жалынғанмен жауыңа, келмес пайда.


Еркек кіндік қазақ та құрыған ба,


Ту түбінде табысар жолдас қайда?!


Оу, алла, өзің жар бол жетімдерге,


Бізге енді елім артық өмірден де —


Хиуаның қорқаулары қан жұтқызып


Әңгір таяқ ойнатар кәріп елге...


Оу, алла, азабыңды маған - ақ бер,


Ара түс мынау тұрған жетімдерге!..


Батыр ақылын ашуға жеңдіріп, қолын қаруына созды. Махамбет сарт еткізіп қылышын қынаптан суырып-ақ алды. Бірақ қыздарды күзетіп тұрған жауынгерлердің найзалары Махамбеттің кеудесіне тірелді. Темір шықырлады. Балабек пен Жантас ақынға көмекке келіп үлгеріп, сілтенген қаруларды қағып-қағып жіберді. Махамбеттің, аты аспанға шапшыды.


— Алдиярдың атымен әмір қылам, тыныштық пен тәртіп сақтаңдар! — деген дауыс саңқ, ете түсті. Боп-боз болып кеткен Жантас тағы да Балабектің қасына келіп, иық тіреп тұра қалды.


— Кімсің өзің? Түріңе қарағанда сұлтансың, іс-қимылың қарақшыдай! Айт, жаның барда, әйтпесе ішек - қарныңды шаңға ақтарып тастаймын! — деп ақырды әсем киінген жауынгер. Өзі жердің астынан шыққандай лезде пайда болды. Жанында ханның сенімді жендеттері — миршабтар бар. Махамбет достарымен бірге қоршауда қалды.


Миршабтардың бастығы да келді. Ол Махамбетке тесіле қарап біраз тұрды да, сосын ақынды хан сарайынан көргені есіне түсіп, жайдары жүзбен күлімсіреп қоя берді.


— Өмір - жасың ұзақ болсын, ұлы падишаһының мейманы!


Ол ақынға неше дүркін иіліп тәжім етті де, бақырауық жауынгерді даңғойсың деп, жерден алып, жерге салып балағаттап тастады...


— Сіз боссыз, мырза. Мынаны сізге ұлағатты алдияр өзіңізге деген зор рақымы мен ілтипатының белгісі ретінде тарту етеді!


Миршабтардың бастығы Махамбетке жіңішке ай бедері салынған күміс табақшаны берді. Бұл Хиуа хандығының жерінде ешкім тимесін дейтін белгі...


Қыздардың аяқ астында жатқан кемпір тағы да зарлап жөнелді. Кескілескен шайқас көруге жиналған жұрттың үміті ақталмай, топ та біртіндеп тарай бастады. Осы арада ғана Махамбет айнала қаптаған қара-құрым халықтың түгелдей қару-жарақ асынып алғанын байқады. Тегінде, адамның қадыр-қасиеті иығына асынған қарулардың саны мен сапасына қарап бағаланатын сияқты. Сөз семсерге берілген шақ.


Базар іші тағы да даң-дұңға толып кетті. Қарызын төлемегені үшін құлағын кесіп тастаған бір бишараның есірік ащы күлкісі адам жанын азыната, аяздай қарып өтті. Бетке ұрған аптап пен өкпені қысқан қапырықтан, ойламаған жерде жағаға жармасқан пәле-жаладан бас айналып, екі шекесі солқылдай бастады. Жейқұнның суындай неше түрлі кір-қоқыс, лайсаңға толы мынау теңіздей толқыған көпшіліктен тезірек құтылғанша тағат таппай келеді Махамбет. Атының соңынан аяғына оралған ұзын желбегейіне шалынып жығыла жаздап, үрейі ұшқан Нұрбал келеді дедектеп жүгіріп.


Ол қалып қоям деп қорқады. Қалып қойса, бас салып ұстап қалады да, анау тұрған қазақ қыздарының кебін кигізіп сатып жібереді деп қорқады. Көзін тарс жұмып алған. Махамбетке жалбарына қол созып, үзеңгісіне жармасады, аяғын құшады. Әлгінде Махамбет босатқан жас жігіт те жуасып қалыпты, Жантас мінген аттың соңынан үнсіз желіп келеді.


— Әкет мыналарды, Жантас! Әкет деймін аяққа оралғы етпей, апар Төкеге, — деп ақырып қалды Махамбет, алға оза беріп.


— Өзің қайда барасың?


— Бәрі бір емес пе қолынан түк келмейтін сорлыға!


Махамбет тақымын қысып қалды артына бұрылып та қараған жоқ. Балабек те ілесе кетті. Айналдыра биік қамал соғып, терең өрмен қоршап тастаған хан сарайы тұрған төбені орағыта шауып өтті де, қаланың кіші қақпасына қарай құйындата жөнелді. Үстіне оқалы ақ шекпен киген сұсты жауынгерді тоқтатуға күзетшілердің батылы бармады.


Махамбет пен Балабек қамал сыртына шығып көрінбей кетті. Нұрбал тұтқыннан босатылған жігіт екеуі Жантасқа ілесіп, қазақ мәхәллаларына қарай аяңдады.


Қыбыр еткен тірі жан жоқ, тар көшелерді шарлап өтіп, олар осы мәхәлладағы бірінен-бірі аумайтын кішкентай көп қақпаның біреуіне келді. Жантас тақылдатты. Іштен шашын тақырлап алдырған, үстінде кең жейдесі, бұтында қабыған шалбары, аяғында көнетоз ақжем етігі бар, арық денелі адам шықты. Беліне қайқиған шолақ пышақ асып алыпты.


— Төке, мына қызды үйге апар. Тынықсын, қанша жол кешкенін кім білген байғұстың... Махамбет жіберді, — деді де, Төкенің әлі де түсінбей тұрғанын байқап: — Заты ауған ғой. Махамбетке ханның өзі айттырып қойыпты... Ал мына жігітті сырт көзге түсірмей, жасырын жолмен өзіміздің бір үйге жеткізіңдер. Со жерден өзінің қарақыпшақтарын тауып алады. Киім-кешек, қару-жарақ берсін. Ат тауып береміз. Атың кім, жігіт?


— Ноян.


— Тым жас емеспісің өзің?


— Жиырма бестемін.


Төке қонақтарды аулаға кіргізді. Сосын Жантасты бөлек шығарды да, құлағына:


— Сүйінқара батырдан хабар келді, — деп сыбырлады. — Жұма күні қамыс арасында күтпек. Түйе өткелдің тұсында...


— Махамбет Дарияға кетті. Сабасына түссін, өзім қарсы аламын ғой.


Жантас бір кесе қымыз ішті де, аттанып кетті. Төке мен Ноян ауланың түкпіріндегі ат қораның сыртында ескен шағын баққа кіріп жоқ болды. Әлдеқайдан бір бала келді де, қабырғаға тақай қойылған ескі тақтаға жайғасып алып, Нұрбалды алара қарап бақты да отырды. Теке қайтадан келіп, қызды қаракөлеңке салқын бөлмеге апарып кіргізгенше әрең шыдады. Содан кейін ол су, күлше нан, жүзім әкеп беріп, қызды оңаша қалдырды.


Нұрбал үрейі ұшып, бұрышқа барып тығылды да, талайға дейін есіктен көз алмады, бірақ ішке ешкім кірмеді. Ақыры аштықтан өзегі талды білем, нан мен жүзімді апыл-ғұпыл жеп алды. Сосын ыдыс-аяқты жинастырып, қайтадан бұрышқа барып отырды. Жүрегі орнына түсіп, тынышталайын деді. Көзі ұйқыға кетіп бара жатып, Ғираттың аржағындағы тауда қалған кішкентай жеркепені, ертеден қара кешке бел жазбай бейнеттенетін кәрі әкесін есіне түсірді. О байғұс көлемі мына есіктің аржағындағы шағын ауладан екі есе кіші, байдан жалға алған, алақандай жерге атбұршақ, күнжіт, апиын, бидай егіп тыным таппайтын. Атызды айналдыра жүгері, анар, шабдалы өсіретін. Әкесі мықты - ақ диқан еді, жылына екі өнім жинайтын. Сонда да қарызын өтей алмайтын, құлдың аты құл ғой. Бәрін де қожасы иемденіп кетеді, Нұрбал да соның меншігінде. Бұны саудагерге жібек шекпен мен бір жылқыға сатып жіберген де сол ғой. Әкесі бергісі келмеп еді, қол-аяғын байлап, сабап - сабап, анар ағашының түбіне тастап кетті. Тірі ме екен сорлы?..


Ұйқылы-ояу жатып Нұрбал қырқа - қырқа белестер мен мидай жазықтан асқан ұзақ жолды, апшыны қуырған ыстықтан қызарып көрінетін тастақ сүрлеуді есіне алды. Сонда алаулаған аптапты неше күн кешті, қанша кружер жүрді екен? Көз алдына тар ойықтары үңірейген оқ рабаттары, олардың меңірейген дүлей күзетшілері келеді. Тар бөлмедегі балшықпен сыланған еденге жая салған алашаның немесе жөке төсеніштің үстіне өзі сияқты күн, қыздармен бірге құлай кетіп, көз шырымын алатын. Тіпті түсінде де түйенің өркешінде жүретін: аттаған сайын іші-бауыры солқылдап, көкірегі сыздайды... Кейде жол бойындағы құм қатқақ сүр қардай көзге шағылысады, кейде аяқ асты жол емес, дал - дұлы шыққан қаңылтыр сияқты көрінеді...


Қыз кеш оянды. Күн сәулесі тар терезеден кеткелі қашан. Есік ашып еді, ымырт үйіріліп қалған екен.


Аулада бөтен ешкім көрінбейді. Бала лапастың астындағы Төкеге бұл ұйықтап жатқанда шауып әкелген жас шөпті ақырға салуға көмектесіп жүр. Үп-үлкен төбет баланың аяғына сүйкеніп тұр.


Есік сықырын естіп, Төке жалт қарады. Қыз есікті дереу жаба қойды да, орнына барып отырды.


Төке май шам әкеп жақты. Одан кейін бала ыстық палау әкеп берді. Едендегі кішкентай терең шұңқырға шоқ тастап, үстіне шәугім қойды. Мұнда жатып ұйықтауыңа болады дегендей, Теке екінші кеңірек бөлмеге апаратын оюлы есікті ашып қойды.


Тағы да жалғыз қалды. Ақын тек таң ата келді: өзі ашулы, шаршаған. Ләм деместен кешкі тамағын іше бастады. Coсын жуынбақ болып, құманға қол созды. Қыз орнынан атып тұрып, қолына су құйды. Жуынып болған соң қымыз ішті де, кенет қызға бұрылды: — -Таста мына бүркеншігіңді. Біздің қыздар бет жапқанды білмейді! — деп жамылғысын жұлып алды.


Қыз ыршып кетті...


* * *


Апталар артта қалды. Нұрбал Хиуаға келген түні мұнаралардың үстінен әлемге ажырая қарап, табақтай боп баттиып тұрған толық ай енді таусылайын депті, оның орнын орақтай жіңішке жаңа ай алыпты. Бұл шақта Нұрбал да Maхамбетке бой үйреткен.


Махамбет онымен аз сөйлеседі. Кейде қатты кетіп, дөрекілікке басып, тауын шағып тастайды, кейде бұны мүлдем ұмытып, өзінің тұңғиық ойына батып, қамығып отырып қалады. Енді бірде ол бұған әзінің туып - өскен даласы жайлы, қазақтар туралы айтады, қыздың отаны жөнінде сұрақ қояды. Бірақ қыз Ғират туралы ештеңе де білмейді, оған әкесінің шап - шағын ауласы мен алақандай бақшасынан басқа жарытып әңгіме айта алмайды. Шынында не айтсын, өз үйінің табалдырығынан екі елі аттап шығуға хақысы болмаса не білуші еді?..


Нұрбал әңгіме-дүкенге жоқ. Махамбетке достары қонаққа келгенде ол Төкемен бірге дастарқан жайып, пиалаларға қымыз құяды да, меймандарды оңаша тастап шығып кетеді. Төке бұны өз қызындай көреді.


Қожасының жай ғана ақын емес екенін ол бірден байқады: жұрт терезесі тең отырып сөйлескенімен оның сөзін өзгеше ілтипатпен тыңдайды. Соңғы күндері қонақ басып кетті, қырдан Беріш руының шабарманы келді. Соғыс болады деген сыбыс бар, дейді ол, әлдеқандай Жәңгір хан, Исатай батыр дегендерді айтады... Махамбет Хиуадан аттанбақ болды.


Нұрбал тағы да тағатынан айырылды. Ақын мұны өзімен бірге әкете ме, әлде тастап кете ме?


Қазақтар әйел затын айқасқа салмайды. Ал оның туған елінде еркектер соғыста жеңіліс табатындай болса, ата намысы, ел абыройы былғанбасын деп әйелдерін, аналары мен аруларын өлтіріп кетеді. Бірақ бұлай ететін тек ауған еркектері мен Үндістанның раджпурлары ғана ғой, ал Нұрбалдың қазіргі иесінің тегі де, діні де ондай емес. Өйтсе ол бұны өлтірмейді ғой... Сонда қайтпек? Ақын оның әкесін айтты - ау: «Сәлеміңді әкеңе өз аузыңмен айтарсың!» — деді емес пе! Сонда әкесіне қалай кездеседі? О дүниеге барғанда ма?..


* * *


Тастай боп қатып қалған сортаңды таң жарығынан бері кетпенмен тоқпақтап уатып, шығырмен су тартып құйып жатқан диқандар жұмыстарын тастай бере, Жейқұнға баратын жолда құйғытып келе жатқан қос аттыға мазалары кетіп, сезіктене қарап тұр. Кім біліпті, неткен жандар? Мүмкін, Аллақұлдың шабармандары шығар. Сонда олар қыстақтарға не хабар таратып жүр екен? Бәлки, соңдарында ханның зекетшілері бар болар. Бірақ салт аттылар ешкімге назар аудармастан, қыстақтарға бұрылмастан үнсіз ағызып келеді.


Махамбеттің көз алдынан қазақ бойжеткендері, олардың жасқа толы жанарлары кетер емес. Қарт ананың азалы даусы да құлағында тұрып қалғандай. Бетін қарсыдан соққан ескек желге төсеп, соңына өкшелей ерген Балабекті байқамастан, Махамбет, ауыр ойдың қорғасын құшағынан арыла алмай, шапқылап келеді, шапқылап келеді...


Бөтен жұрттан қорған іздеген қашақпын ба? Қара басыңды сақтап қалғаннан не опа? Күні кеше ғана атан даусың жапан даланы жаңғыртқан сен емеспісің? Еділ мен Жайық арасын, Арал мен Сырдың жағасын жайлаған қазақ жігіттері сенің өлеңдеріңді айтып жүр емес пе?..


Арғымақтың баласы


Аз оттар да, көп жусар,


Талаудан татқан дәні бар.


Азамат ердің баласы


Аз ұйықтар да көп жортар,


Дұшпанға кеткен ары мен


Барымтаға түскен малы бар.


Уа, Махамбет, ерлігің қайда ежелгі? Шыдамың қайда? Әлде ол қуатың Калмыководағы түрмеде түгесіліп пе еді, әлде алмас жүзің жер кезіп жүріп жасыды ма? Жоқ, батылдығын айрылып, болдық ба қорқақ, майырылып? Намыстан гөрі тірлігіңді тәттірек көре бастадың ба?.. Қобыланды батыр қиссасындағы: «Қасқыр екеш қасқыр да жолдасын жолға тастамас», — деген сөз есіне түсті. Ойы сан құбылып, бірден - бірге кетеді, таяудағы оқиғаларды көз алдына әкеледі... Тағы да жоқтау айтқан азалы ана:


Еркек кіндік қазақта құрыған ба,


Қатын болып қашқан ба терең сайға?


Қашақтай сырғақтап неге келді Хиуаға? Қара бастың қамын жеген қорқаққа туған елден артық не бар — қай ауыл да құшақ жая қарсы алып, жасырады ғой жаулардан. Көмек сұрай келіп пе еді? Кімнен? Хиуаның ханынан ба? Әсте бір қорқау екінші қорқауды талап өлтіруге болысса, жемтігі түгелдей өзіме қалсын деген ниетпен ғана көмектесетіні аян ғой. Әлде сен мұнда Есім ханның бөлтірігі Қайыпғали сұлтанды қолдап келіп пе едің? Ау, ол Жәңгір ханның тағын алу үшін ғана жүр ғой...


Қайыпғалидің әкесі Есім ханды кезінде Сырым батыр өлтірген болатын. Ал сен ғой, Махамбет, өзі хан.болғысы кеп жүрген сұлтанға қызмет етпексің... Уа, Махамбет, сонда сен Жәңгір ханмен неге өштестің?.. Әлде Қайыпғали Жәңгірге қарағанда рақымды болады, патша графтарына, атамандарға, сұлтандар мен байларға үлестірген жерлерді халықтың өзіне қайта таратып береді деп ойлайсың ба?.. Жоқ!..


Бірте-бірте соңғы жылдары көрген қиыншылықтарды есіне түсірді. Астындағы аты шабыстан желіске ауысты да, аздан соң иесінің басын еркіне жіберіп, бұған көңіл қойман отырғанын сезіп, аяңға кешті. Балабек те қуып жетіп, қатарласа жүрді. Ой құрсауынан кенет оянған Махамбет оған таңырқай қарап алды да, ақталған раймен:


— Өзен жағасына барайықшы, — деді. — Жайықты да, Сырдарияны да көрмегеніме көп болды ғой, Жейқұн соларды еске түсірер...


Алдарынан бір бала жолықты. Қолында түйіншегі бар екен. Жер айдап жүрген әкесіне тамақ алып барады - ау, шамасы. Махамбет күлімсіреп қойды. Мына бала інісі Мұсаға ұқсайды...


...Беріштің атақты жылқышысы Өтемістің он ұлы бар еді. Өтеміс оларды ат жалын тартып мінгеннен - ақ ер үстінде тәрбиелеп есірді. Әкесі кезінде өз ауылын Айшуақ ханның жендеттеріне қарсы көтергенін Махамбет бала шағынан біледі. Жүрек жұтқан жігіттерін жауға бастап шапқанда қарсы тұру қиын еді-ау оларға. Туған ауылын талай-талай қиын -қыстаудан алып өтіп, қол жеткісіз қиырларға бастап жөнелгенде хан жасағы да, қазақ-орыс атамандарының жазалаушы отрядтары да соңынан ілесуге батпай қала беретін. Қырды жаңғырықтыра зеңбірек атып, Оралдағы айырбас сарайында Айшуақтың баласы Жантөрені хан көтергенде және ол өзін күллі Кіші жүз қазақтарының әмір - иесімін деп жариялағанда, — Өтеміс иліккен жоқ.


Махамбеттің әкесі ары таза, әділ де батыл жан еді. Ол өз балаларын балапанын баулыған қырандай тәрбиеледі. Аяған емес, мүсіркеген емес, қаршадай кездерінен - ақ асау атқа мінгізіп, садақ тартуды, қылыш шабу мен найза ұстауды үйретті.


Балалары батыл боп өсті. Ең үлкені Бекмұхамбеттің басқаларынан гөрі ақыл-парасаты молдау еді. Ал кенжесі — жаңағы баланы кергенде Махамбеттің есіне түскен — Мұса, қой аузынан шөп алмайтын ұяң, ешкіммен жұғыса қоймайтын үндемес, бұйығы болатын.


Он алты жасында Махамбет Беріш руының жез таңдай ақыны атанды. Кез келген ауыл оны қошеметтеп қарсы алатын болды. Әдетте көп мақтау айтпайтын, сөзге сараң ақсақалдар бұл дегенде сайрап қоя беретінді шығарды. Ауызға ілінген талай-талай танымал ақындарды оп-оңай жеңіп, беріштердің айбынын асырды. Бұл келгенде старшындар да, батырлар да қол қусырып, есік ашатын болды. Оның даңқы бүткіл Кіші жүздің ауылдарын шарлап өтіп, Еділ бойындағы ноғайлыларға, Қаратауды жайлаған шектілерге, одан асып, қаптаған қалың қыпшаққа, Арқадағы Арғын мен Найманға жетті. Шекті руының малы жоқ кедей батырлары Көтібар мен Арыстан оған жортуыл үстінде түсірген арғымақтарын сыйға тартты. Ал беріштердің ең сыйлы адамы — старшын Исатай оны ең жақын досым, ең жақсы көретін бауырым деп жар салды.


Махамбеттің жасы он тоғызға толғанда жалпақ жазирадағы биік төбелердің бірінде иісі қазақ бас қосқан ұлы құрылтай болды. Кіші жүзден бес мың старшын, би, сұлтан және қожалар жиналды. Олар Жәңгір сұлтанды ақ киізге орап, бүткіл жүз басына хан көтерді. Орыс патшасының шешімі мен қырдағы сұлтан әулетінің ұйғарымы осындай еді. Жәңгір Бөкей баласы болатын. Өзі сұлтан боп тұрған кезде 1801 жылы I Павел патшадан Еділ мен Жайық арасындағы жерлерді Кіші жүзден бөліп алып, жаңа хандық құруға рұқсат сұраған Бөкейдің баласы - тұғын. Императордың канцеляриясы оған көмекті мықтап көрсету керек деп ұйғарды. Сөйтіп 1812 жылдың қарсаңында Кіші жүз екіге бөлінді. Еділ мен Жайық арасындағы кең жазық ішкі орда атанды да, қопалақтаған қазақтардың пысын басып, бұқтырып ұстау үшін патша ағзам қырға қаптаған қамалдар мен бекеттерді орнатып тастады. Бөкей ішкі орданың ханы болды — Бөкей дегеніне жетті. Жәңгір болса, хан тағына мұрагерлік салты бойынша келіп отырды.


Жаңа ханның құрметіне арналған салтанатты қошамет басталған кезде ұлағатты құрылтай Махамбетті Кіші жүздің ең мықты ақыны деп жариялады. Жас хан сол заматында - ақ дүйім жұрттың көзінше Махамбетті қасына шақырып алды да, астына ат мінгізіп, үстіне оқалы шекпен жауып, қолына үкілі найза, құрыш қалқан және күміс қынапты алмас қылыш , ұстатып тұрып, оны өзінің досы әм Кіші жүздің бас ақыны деп жар салды. Хан Өтемістің үлкен ұлы — Бекмұхамбетті де қанатының астына алып, көп уәзірінің бірі етіп тағайындады.


Махамбет бес жылдай ханмен бірге тұрды. Сарай даңқын асырған, сарай сыйын жырлаған ақын-жырау, әнші - күйшілердің ішінде оның жөні бөлек болды. Той-томалақ пен сауық -


сайранда да, ит жүгіртіп, құс салған, ат шауып, бәйге алған жиын - жарыста да ол ақсүйектер мен бай тұқымынан алдына жан салмады...


Әу дегенде, Махамбеттің киіз үйі Атырау жағасындағы қойнауларды қуалай қонған Жәңгір ханның биік те сәнді шатырлары мен абажадай ақ үйлерінің жанына қатар тігілуші еді. Ақ патшаның, Бұхар әмірінің, Хиуа ханының елшілері, Орта жүз бен Ұлы жүзден келген шабармандар ханға қалай жағынса, ақынның сый-құрметіне жетуге де сондай табынатын. Махамбет ол кезде бейне бейіштің төрінде жүргендей болатын. Жәңгірдің басқа қатындарын бір шыбықпен айдайтын, жыр десе ішкен асын жерге қоятын Фатима ханымның бұл дегенде үзіліп тұратын отты көзқарасы да жанына майдай жағады. Хан шабармандары ауыл-ауылды аралап, жаңадан алынатын алым-салық жайын хабарлап жүргенінде, сәнді шатырларда той-томалақ көбейіп, дастарқандар молайған сайын кедей ауылдардың хал - ақуалы мүшкілдене түсетінінде де Махамбеттің шаруасы болған жоқ. Ол тек Фатимаға табынатын, француз, неміс, орыс және парсы тілдерін күйеуінен кем білмейтінін, еркін өскен әрі шолжың, әрі нәзік, әрі зымиян — әйтеуір қырық құбылған қызық мінездерін көргенде тамсана беретін...


Құм шағылдары көктем айының күміс сәулесіне шомылған бір тамаша түнде Махамбет ханымның, шатырына кірді. Жәңгір аң аулап кеткен болатын, Махамбет те жиырманың біріне шыққан. Ханым оны қабыл алды.


Енді бірер жылдан соң Махамбет Жәңгірмен бірге Петербург аттанды. Ішінде марқұм Есім ханның баласы — Қайыпғали сұлтан бар, хан жасағымен бірге сол қысты орыстардың астанасында еткізді.


...Бірде Махамбетті сол жерде офицер - емшімен таныстырды.


— Даль-Луганский мырза сізбен қазақ ақыны ретінде аудиенция10 жасағысы келеді, — деді империяның ішкі істер министрлігінде тәржімеші болып істейтін жылпос найман жігіті. Махамбет қонағының атына емес, сыртқы кейпіне көбірек көңіл аударды. Өзі бір қазымыр жан екен, әлгі офицер, қыр өмірінен қайдағы жоқ әңгімені қазбалап, көп сұрады. Әрбір естіген қазақ сөзін буынға бөлшектеп, ежелеп айтқызып, мағнасын түсіндіруді өтінеді. Орынборға бармақ екен, содан да қазақтардың өмір - тұрмысымен кеп әуестенетін көрінеді, ауылдарда Пугачев туралы жұрттың не айтатынын білуге құштар.


Махамбет оған әкесінен, даланың ақын-жырауларынан, «Жиренбет орыстың»11жасағында қызмет еткен Беріш пен Адай шалдарынан естіген әңгіме - хикаяларын түгелдей айтып берді. Пугачев қазақша судай екен, аңыз - ертектеріңді еспелеп кеп соққанда көпті көрген көнекөз ақсақалдарыңның өзі аузының суы құрып тыңдайды екен десетін дала жұрты.


Қазақтардың қалмақ - қытай шапқыншыларымен қырғыны жайлы да Махамбет қонағына бір кеш бойы әңгіме шертті.


— Е-е, басқа төнген қатер бұлты сол бір шақта Кіші жүздің де, Орта жүздің де, Ұлы жүздің де барша руын ынтымақтастырды да, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірегей қимылдаған қуатты да айбарлы қазақ халқы арысы сонау Аралға дейін кіріп кеткен зұлым жауды туған жерден қуып шықты, туған елдің азаттығын қорғап қалды. Бірақ айқас кезінде талай батыр жер жастанды ғой...


— Ал бұған дейін қазақ бас қосып бірігіп көріп пе екен? — деп сұрады офицер.


— Ұлы жүздің Дешті - Қыпшағында сұлтан болған қара қылды қақ жаратын Жәнібек бидің баласы — Қасым хан тұсымда біріккен көрінеді ғой, — деді Махамбет. — Ал Қасымның ұлы Ақназардың жүрек жұтқан батырлығы мен ерлігі жайлы шығарылған талай өлең-жыр бар. Онымен Иван Грозныйдың өзі келіссөз жүргізіпті деседі. Ақназардың атақ - даңқы қазақтарды ноғайлармен одақтастырып, моңғолдар мен жоңғарларға талай жерде соққы берген соң тіпті дүрілдеп кетіпті. 1570 жылдары қазақтармен барлық халық есептесетін болды. Таққа Ақназардан кейін отырған Сығай ханның сорлылығы болмағанда біздің мемлекет боп нығаюымыз еркек тамамдалатын ба еді, қалай...


— Сіз қайда оқығансыз?


— Ауылдың оқымыстыларынан және жоғары мәртебелі тақсыр Жәңгір ханның ордасында, — деді Махамбет.


— Сіздер жаққа, Орынборға ақиқат барамын. Аман-есен жолығып, мәслихат құруға ынтықпын. Сол кезде мен сізден хан әулеті жайлы емес, Сырым Датұлы туралы сұрармын, ықсыр. Сіз, тегі, сарай ақынысыз - ау, ә? Дала шонжарларының ата-тегін жақсы білетініңіз көрініп тұр...


— Біздің байтақ даланың тұрғындары хандар мен сұлтандардың озбырлығына қарсы не заманнан бері күресіп келеді ғой, құрметті мырза. Ел оларды жаман атаса, істеген қылықтарына қарай айтады. Қазақ дегеніңіз ен далада еркін өскен өркөкірек халық. Сіңірі шыққан қара жаяуына дейін намыскер, бас имес тәкаппар келеміз. Мүмкін, біздің бағымыз да, сорымыз да осында шығар. Біз батырларды тірі кезінде қастерлемей, өлгеннен кейін қайғырамыз. Ең жаманы — әркімнің бір руын мадақтап қырық пышақ болатынында, ал ел бастайтын көсемдер өзара билікке, шен-шекпенге таласып-ақ қыр -қысып бітеді. Ел басына күн туғанда майданға батырлар шығады. Бірақ шын бостандық елде де жоқ, ерде де жоқ. Тегі Соның өзі болып па екен өмірде? Хан екеш хан да тағымнан түсіп қалам ба деп қалтырап отырады. Ал маған келсек, мен сарай ақыны емеспін.


Мен Сырым Датұлы сияқты даңқы жер жарған батырлары, еңіреген ерлерді жыр етіп өтпекпін!..


Егер мәслихаттың бас кезінде Махамбет алдындағы отырған кісіні тек патша чиновнигі деп біліп, әдептен аспаса, енді сұхбаттасы сөзбен шымшып алғанда, өзінің әдеттегі үйреншікті қалпына түсті. Көмейіне келген сөзді кері итермей, ой - пікірін ашық айтып, ашына сөйледі.


Қонақ кісінің ат жақты ашаң өңі бұрынғысынан да сопая түсіп, өзі де Махамбеттей қызынып алған. Түріне қарағанда әлі де отыра түсіп, әңгімені сабақтай беруге ынталы сияқты еді, ішке ханның адъютанты кірді де, Махамбетті ұлы мәртебелі Жәңгір хан шақыртып жатыр, деді.


— Біз сізбен әлі қырда кездесерміз... — деп қонақ қош айтысты. Махамбет оның сопайған ашаң жүзін, еңкіштеу тұлғасын жадында сақтап қалды.


Хан мен оның нөкерлері орналасқан оңаша сарай орталықтан шалғай еді. Хан ақшаны аямады. Күнде сауық, күнде той. Бір тойы бір тойынан өтеді. Патша сарайының төңірегіндегі ақсүйектер де Жәңгірдің мол сыйына шаш-етектен кенелді де қалды. Тігіншілер Фатимаға арнап көйлек артынан көйлек тікті. Әр балға, әр қабылдауға ол жаңа сән - сәулетпен барды.


Ол кезде Петербург ақсүйектерінің қыс көзі қырауда бірден-бір көңіл көтеретін жері — балдар мен қабылдаулар болатын. Ал ондай жиында қырғыз-қайсақ ханы мен оның қылымсыған қиық көз келіншегінің болуы қабылдауға ерекше бір экзотикалық реңк беретін.


Күн артынан күн зырлап, ай өтті, екі ай болды. Дүрілдеген ойын-сауық, қабылдау кештерін Жәңгір де азайта қоймады: ол алыстағы губернияларды аралап кетіп, қайтып оралмай жатқан императордың аудиенциясын күтулі еді.


Күндердің бір күнінде бәрі астан-кестен болды. Кешке белгіленген кезекті қабылдау өтпей қалды. Петербургке патшаның өлімі туралы хабар жетті. Қала үстін қоңыраулардың қаралы даңғыры жаңғырықтырды. Кеп ұзамай бәрі де жым болды. Енді жұрт жаңа патшаның тәж Кию салтанатын тосты. Жәңгір хан да жаңа алдиярына тартар сыйын әзірлей бастады.


...Он төртінші декабрь күні түстен кейін Сенат алаңы жақтан атылған көп зеңбіректің дүмпуін естіп, Жәңгір хан атын алдырды да, жанына күзетші - жасауылдарын ертіп, орталыққа қарай шаба жөнелді.


Қала көшелері жыпырлаған халыққа толы, алаңды қалың әскер қоршап алыпты. Жәңгір хан Ішкі істер министрлігіне қарай тартты. Сол жерде Махамбет тағы да Луганскийді керді. Луганский мырза қатты абыржулы екен, тіпті амандасуды да ұмытып кетті.


— Ал, бұған не дейсіз, тақсыр? Қандай жандар, а? Жо - жоқ, бұ дегеніңіз пугачевщина емес, бұл басқа Русь... Пәлі, сіз мені ғафу етіңіз. Сіз, әлбетте, бұл офицерлерді білмейсіз, Тегі, оларда шаруаңыз бола қояр ма екен сіздің, Махамбет мырза?!


Даль-Луганский сөзін шорт үзді де, асығыс кетіп қалды.


«Олар» туралы Махамбет шынында да ештеме білмейтін. Ал сол күні нендей оқиға болғанын оның білгісі - ақ келіп еді.


— Есуас бұзақылар бүлік шығармақ бопты, — деді Жәңгір хан.


— Армия көтерілді. Басшылығында ең таңдаулы офицерлер тұрған, — деп сыбырлады енді біреулер.


— Бүлікшілердің құпия қоғамы әшкереленді. Көтеріліс жанышталды, — деп жазды газеттер.


Хан өз адамдарына көтеріліс жайлы тіс жармауға жарлық қылып, өзі жаңа императорға жолығуға дайындалды.


Үш апта өткен соң Жәңгір хан жаңа патша ағзамның алдында адал қызмет етуге ант берді. Содан кейін сарайда бал болды. Махамбет Қайыпғали сұлтанмен бірге ақ мәрмәрдан қашалған тас діңгектердің түбінде тұрды. Ол кең залға, жарқыл-жұрқылға, көңілді шуылға толы мынау шадыман тобырға таңданбай да тамсанбастан, өз қара басының түкке татымайтын бишаралығына деген жиіркенішті сезіммен қарайды. Патшаға қарсы бас көтеруден қаймықпаған офицерлер туралы ой басынан кетер емес.


Содан кейін балға патша ағзамның өзі келді. Россия императоры залды қақ жара өтіп, иіліп сәлем қылғандарға сәл жымия жауап қайтарды. Хан тобының жанынан өте беріп ол Фатимаға аялдады. Жәңгір хан әйелін императорға өзі таныстырды. Патша оны биге шақырды. Фатима шет жұрт елшілерін естен тандырып, әсем де нәзік қимылмен дөңгелене жөнелді...


Оның құлағына айтылған патша сөзін жұрт бір-біріне сыбырлап таратып жатты.


— Жарқыным-ау, жабайылардың арасында қайтіп қана жүрсіз? — деген еді I Николай.


Азиялық әсем ару:


— Туған елдің түтіні ащы да болса жағады, алдияр... — деп орыс өлеңімен жауап қайтарды.


Қоржын - қапшығын сый тартуға, омырауын орденге толтырып, жаңа патша Николайдан генерал шенін алған Жәңгір хан ордасына қайтып оралды. 1826 жылдың көктемі болатын. Еділден Жайыққа дейінгі йен жазықтың жон-жотасы, сай саласы, құм - қопасы жасыл кілемдей жайнап жатқан. Жаз да келіп қалған. Барлық азулы сұлтандар мен старшындарды жиып, оралу құрметіне арнаған тойды өткізген соң Жәңгір енді Нарынқұмның қақ ортасындағы Жасқұс деген жерден capай соғуға жарлық қылды.


Жасқұсқа мыңдаған жатақты айдап әкелді. Ұзын - салқар түйелі керуендер мен ат жеккен арбалар құрылысқа қажетті ағаш, мәрмәр тартумен болды. Құрылысшыларды бес жүз төлеңгіт кірпік қақпай күзетті. Өзін күзететін, жұрттан мал, ақша, астық жиятын жаңа жасақты Жәңгір өз қолымен құрған еді... Әрбір отрядта генерал - губернатордың көмегімен линиялық қамалдардан алған қазақ-орыстар мен солдаттар барды. Олардың орнына Жәңгір қыр жігіттерін зорлап айдатып жіберген...


Петербургтен патшаның атынан Ордадағы хан сарайын жабдықтауға және тақ қойылатын залды сәндеуге деп отыз бес мың сом келді. Фатима сұлудың бір киер салтанатты жасауы, гауһар тас орнатқан қазақша ұлттық киімі ғана жүз елу мың сом тұратынын еске алсақ, патша ағзамның бұл сыйы рақымдылық пен дос ниеттің белгісі ретінде ғана берілген кішкентай тарту еді.


Хан әулетінің шатырдан сарайға көшу салтанаты бұрын - соңды болып көрмеген ұлы тоймен аяқталды. Алайда бұл думанның қонақтары арасында сұлтан Қайыпғали Есімұлы болмады.


Ол Петербургтен Николай патшаға да, Жәңгір ханға да риза болмай, әбден өкпелеп қайтты. Өйткені ол өзін хан тағына кіммен де болса таласа алатын лайықты бәсекелес санайтын. Жәңгір ханның тобында қатардағы көп сұлтанның бірі боп жүре беру оның намысын келтірді. Оның үстіне Жәңгір де оған көңіл бөлмейді, тіпті аға сұлтан деген атақ та бермеді. Хан нөкерін даланың жас ақсүйектерінен жиып, Орынбордан жиі-жиі қонақ шақыруға құштар. Солардың алдында өзінің тіл білетіндігін көрсетіп, едәуір мақтанып қалады. Иван Грозный жөнінде әңгіме қозғап, Барақ ханның Тәшкенде қаншама медресе, қаншама мазар салдырғанын әлсін-әлсін, сан қайталап қоймайды...


Өз қол астындағы жерлерде Жәңгір орыс патшасының тәртібін орнатты. Алым-салық көбейе түсті: хан дастарқанына деп соғым, сойыс, жасақ салық, әскер мен қонақ салық; патша генералдарына, жасауылдар мен шабармандарға берілетін алым; сұлтандар мен дінбасылары үшін төленетін салық. Хан ордасының маңайындағы он бес мың түтіннің әр қайсысы Жәңгірге ай сайын тарту әкеп тұруы керек. Кім де кім бұл міндетті орындамайтын болса, шаңырағы ортасына түсіп, айырлады, жанын береді. Ал Жәңгірге жеті атасын да болса азғантай жақындығы барлар Жасқұсқа қарай берді де, ұзамай сарай тұрған Орданың айналасы кішігірім қалаға айналып кетті.


* * *


Бір жағынан даңқ құшағына, екінші жағынан Фатиманың құшағына кіріп, әбден ерке боп алған Махамбет Петербургтен келген соң да ханның істеріне ден қоймай жүре берді. Бір күні ордаға Исатай старшын шақырылды. Хан оған Дархан қағаз12, бермек болып еді, бірақ Исатай алмай қойды.


Менің руым — Беріш, Жәңгір хан, сондықтан да сенің қағазың сен қара қатарына жатқызған елім мен өзімнің арама қойған қалқандай болуын қаламаймын.


Сен қағазды алмағаннан ештеңе өзгере қоймас, Исатай аға. Қонған бақтан қашпас болар, берген қолды қақпас болар, — деді Махамбет сарайдан шыға берген Исатайға. — Сен қағады алсаң да Беріш руының басшысы боп қала бересің. Мен де сол елдің баласымын.


Жөн айтасың, Махамбет. Бірақ сөз мен жөнінде емес. Сен құлдар есірген бақшада тұрасың, ханның қара халықтан тартып алған ақшасына келген шарапты ішесің. Жәңгірдің дархан қағазын ұстаған байлар, сұлтандар, билер мен қожа - молдалар кедейлердің өрісін тарылтты. Ауылдарды түгін қоймай тонап, адамдарды баспанасыз, жерсіз қалдырды. Еділден Жайыққа дейінгі Атырау жағасының шүйгін шөпті шұрайлы қонысы канцлер Безбородко мен граф Юсуповқа берілді. Войсковой атамандар біздің жерді сойған қойдың етін үлегендей бөлшектеп жатыр: ең семіз, шұрайлы мүшелерін жандаралдар, офицерлер, сұлтандар, қожа-молдалар мен хан алады да халық несібесіне мұжылған сүйектер қалады. Егін жайды, мал жайылымдарын да тарылтып тастады. Жәңгір қазақты ақсүйек пен қараға бөлді. Өтемістің ұлы болғаныңмен сен де көптен бері сол ақсүйектер тобындасың. Тарта бер солай, халқың қан жұтып, көкірегі қарс айырылып отырғанда Жәңгірді мадақтап жырлай бер...


Исатайдың әр сөзі қамшыдай тиді. Махамбет бір қызарып, қуарып тұр. Мұндай сөзді ол ешқашан естіген емес. Және ол өзі әділ де ержүрек батыр деп жақсы көретін, сыртынан дәйім табынып жүретін Исатай ғой сөгіп тұрған.


Исатайдың сөзін бір топ жасауылдарының ортасында тұрған ханның уәзірі, Махамбеттің ағасы — Бекмұхамбет те естіген еді.


— Әй, Исатай, сен тым еркінсіп кеттің, тілің де жыландай улы. Сен бүгін қонақсың. Сондықтан да бір жолға кешеміз. Бірақ ханның құрығы ұзын, одан қашып құтыла алмайсың. Есіңде болсын осы. Қонақтығыңды пайдаланып, Махамбеттің жүрегін улай берме. Ал енді сарай маңынан тайып тұр.


— Әміріңді екі етпен, Бекмұхамбет. Бірақ екеуміз майданда кездесер күн қарақ болар, — деді Исатай. Сосын Махамбетке бұрылып — Саған ешкімнің әмірі жүрмейді. Мынау бақшаның саялы екені рас, алайда ара бал жиған жерде жылан да у жыятыны тағы да шын. — Исатайдың сөзі оның дегбірін қашырып, беймаза күйге түсірді. Той тойлап, дастарқан басында отырса да, аңға шығып, саят құрып жүрсе де, есінен кетпей қойды. Ол енді бұрынғысындай рақатқа бейқам батып жата алмайтын болды. Хан алдында иілген басты, қызметші құлдардың әбден ұнжырғасы түскен жасқаншақ кейіптерін көргенде жыны ұстайды. Бордақыға байлағандай майы сыртына шыққан жасауылдарға қараса, қаны басына шапшып, қалшылдап кетеді. Туған ауылды сағынады. Бауырлары да елге шақырып қояр емес. Олар әкесінің оны жастайынан Мақпалға атастырып қойғанын еске салып, енді әке өсиетін орындауды талап етеді.


Петербургтен оралғандарына үш ай өткенде, ол ханға айтпастан, жүзбасы Жантаспен бірге ауылына жүріп кетті. Мұса оларды үйлерінен жиырма шақырым жерден қарсы алып, ауылға жеткенше Махамбеттің келгенін жұртқа жайып, қонақ шақырып, алдарында шапқылады да отырды.


Сол күні-ақ, Махамбет қаршадайынан бірге өскен Мақпалды керді. Ауылдағы ең әдемі бойжеткен бопты. Кешінде алтыбақан түбіндегі маздаған оттың басында, өзі сияқты бір топ қыздың ортасында жетіген тартып отырғанда тағы керді. Лаулаған жалынның жалпылдаған жарығында ол ертекте айтылатын Күнікей сұлудай елес береді. Екі беті албырап, жанарында қуаныш оты жарқырап, қолаң шашы қара алтындай жалтырап отыр. Даусы қандай десеңші! Сыңғырлаған үнінде сағыныш сазы бар. Әннің өзіне арналғанын, қыздың бұны зарыға күткенін, енді қуанышын әнге қосып шырқағанын Махамбет біліп тұр.


Келесі күні ол бойжеткеннің тұлпар мініп, топқа түскенін керді. Бір де бір жігіт қуып жетіп, бетінен сүйе алмады.


Махамбетке достары Мақпалда көп жігіттің ойы барын айтты. Байлар құдалыққа кісі салғанмен зорлық жасай қоймапты. Оның үстіне Мақпал да Махамбеттің көзіне шөп салмақ емес.


Екі жастың тойы жасалды. Беріш ауылдарының бәрі - бәрінен қонақ келді, бірақ араларында Исатай болмады.


Қайда кеткендері белгісіз, әйтеуір көшіп кетіпті, — деп келді жіберген кісі. — Көл жағасындағы тоғай ішінде ме, әлде Нарынқұмға кіріп кетті ме, кім білсін...


Жеті күнге созылған той-думан тарқай бастағанда-ақ ханның, шабарманы келді. Махамбет қайтсын депті Жәңгір. Ақын Жасқұсқа Мақпалды да ала барды. Жәңгір сұлтан мен билердің салтанатты мәжілісінде Махамбетті хан тағының, мұрагері — баласы Зұлқарнайдың ақылшы-ұстазы етіп тағайындады да, Орынборға оқуға аттанатын ханзаданың қасына еруге бұйрық берді. Мақпалды қайтадан ауылға жіберіп қалаға жүруге тура келді.


***


Махамбет Орынборда Фатима ханымның әкесі Мұхаметжан муфтидің үйінде тұрды. Бұл Бөкей өлгеннен кейін Жәңгір кәмелетке келгенше ішкі орданың билеушісі болған Шығай ханға да, Жәңгірдің өзіне де кезінде көп ықпал жасаған адам еді. Осы кісінің ақыл-кеңесі бойынша Ордада қожа - молдаларының үстемдігі дәуірлеп, кептеген мешіттер салынды, алланың атын жамылған алым-салық молайды.


Бір кезде Мұхаметжан орыс армиясының офицері — патшаның Қабулдағы барлаушысы еді, кейіннен Петербургтегі таныстарының көмегімен Орынборға көшіп барды да, губернатормен достасып алды. Мұсылмандар оны діннің жоқшысы деп құрметтейтін, ұзамай ол Меккеге қажылыққа барып қайтты да, өзіне-өзі мүфти атағын берді. Мұхаметжан бұдан бір жыл бұрын, Жәңгір патшаға барар алдында дүние салғанды. Сөйтсе де оның үлкен үйі еш өзгеріске ұшырамады, қызметші - малайларының саны да азаймады. Оның бәрі Фатиманың арқасында ғой.


Бұл үйде Зұлқарнайдың ақыл - кеңесшісі аз емес екен. Сонан да Махамбеттің ұзақты күн аңға кетуіне немесе жігіттермен бірге солдаттарды үйретіп жатқан алаңға барып қарап тұруына мүмкіндік туды. Офицерлер оған ханның осындағы көзі деп кепе - көрнеу иба сақтап, жария әдептілікпен қарайтын. Қылыштасу кезінде көрсеткен ептілігі мен керемет батырлығы оның абырой-атағын арттыра түсті. Ал мылтық ату кезінде асқан мергендігімен кезге түскеннен кейін офицерлер оны өз ортасына шақырды. Осы қауымнан бірте-бірте көңілдес достар тауып алды да, өз шәкіртін жанына қалдырды.


— Ханзадаңның хәлі қалай? Әскер өнерін үйреніп жүр ме? — деп сұрады одан бір күні басқалардан гөрі тонның ішкі бауындай жақындасып кеткен поручик Шустиков.


— Қазаншының еркі бар — қайдан құлақ шығарса, — деді Махамбет.


— Бұның орыстың «Каждый на свой аршин меряет» 13дейтін мәтеліне ұқсас екен, ә?


— «Вольному воля» 14деген дәлірек шығар.


— Ал, ханзадаң қайда кәзір?


— • Мүфтидің, үйінде пырылдап жатыр.


— Осы қайсақтар Сырымның асы 15дегенді ауыздарынан тастамайды. Мүфтиге де сондай ас береді екен деседі, рас па сол?


— Тап осы арада «Каждый на свой аршин меряет» деген сөз деп соғар еді. Халық Сырымды қорғанышым деп жақсы көрсе, мүфтиді иттің етінен жек көретін. Еске алса, оны қожалар мен имамдар ғана еске алатын шығар, — деді Махамбет.


— Әркімнің әулиелігі өз басына. Көргенмін мен сендердің мүфтилеріңді. Ал оның ең жақын досы князь Волконскийдің қолжаулығы Ермолаев деген болатын. Әй, қанішер еді-ау о да, құдды ханның етегінен ұстаған мүфтидей болатын. Ақыры жолы аңғарылмай, әскери соттың жазасына ұшырады. Сендердің, мүфтилеріңді ғой алланың өзі алып тынды. Қалай десең де дүниеде әділдік бар әлі.


— Ал Николай патшаның офицерлерді дарға асқаны қалай, ол да әділдік пе? — деді Махамбет әдейі түкке түсінбеген монтаны кейіппен.


— Сөзіңде бүлік бар-ау, ақын! — деп секем алып қалды Шустиков. Сосын ол да қуақылана күлімсіреп:


— Біздің бұрынғы генерал - губернаторымыз жоғары мәртебелі князь Григорий Волконский: «Бәрі де құдайдың құдіретінен», — деген сөзді көп айтушы еді. Өзі бір рақымы мол, мейірбанды кісі еді. Казармаларды аралап жүріп, солдаттардың «қарауылға қарап» 16бой түзеуін қадағалайтын.


Сондайда шпицрутен17 жеген ешкім болмаса, қатты - ақ, ренжитін Жоғары мәртебелі тақсыр солдаттарды, өте-мөте мұжық баласы мен сендердің қырғыз-қайсақ, тұқымдастарыңды сап ортасынан өткізіп, шомполмен18, шықпыртқанды айызы қана көрсететін. Өзі ешқашан қол жұмсамайтын, сырттан ғана бақылайтын.


Махамбет үн қатпады.


Ал сен декабристер туралы өлеңді естідің бе? — деп сұрады Шустиков кенет.


Декабристерің кім?


Әлгінде өзің айтып тұрған офицерлер ғой. Николай патшаға қарсы бас көтергендер. Өзің де сол кезде Петербургте болған жоқпысың...


Мен алаңда болғам жоқ. Тек зеңбіректердің дүмпуін ғана естідім, — деді Махамбет.


Сол офицерлер өз полктарында патша ағзамның указына қарамастан солдаттарды шпицрутенмен дүрелеуден бас тартты. Ал сенің дәрежесі биік Жәңгір ханың кәзір өзінің төлеңгіттерін сол шпицрутенмен соғатын бопты деседі. Рас па сол?


— Бізде шомпол жоқ!


— Шпицрутен орнына қамшы жеген, шыбыққа қарағанда әлдеқайда қаттырақ дүреленген жігіттерді өз көзіммен көрдім. Оларды осында, Орынбордың базарында сатты, — деді Шустиков.


— Кім сатты?!


— Алдияр ханның жасауылдары.


— Кімге?


— Бәрі бір емес пе? Кім алса, соған. Бұған арналған указ да бар.


Бұл жөнінде князь Григорий Волконский 1806 жылдың " ішінде-ақ рұқсат сұрап, Ішкі істер министрлігінің алдына мәселе қойған болатын. Ал граф Потоцкийдің арқасында помещиктер мен саудагерлер өздері сатып алған қайсақты жеке меншігіндегі крепостнойлар сияқты құлдану правосына ие болды. Былайша айтқанда, оны, мәселенки, итке айырбастаймын десе де өз еркінде. Керек десеңіз, Потоцкий мырза қайсақтардың баласын сатып алғандарға айырықша жағдай жасауын талап етті ғой.


— Қазақтар өз баласын сатпайды. Салса, тұтқындарын ғана салады саудаға! — деді Махамбет. Бірақ Шустиковтың сөзінде шындық барын біледі. Поручиктің сөзі зәрлі мысқылдан гөрі мұңдас, қарайлас көңілден туғандай. Жәңгірдің қатыгездігі мен озбырлығын меңзеп, кезейтін секілді.


— Баласын өз еркімен кім сата қойсын, Махамбет. Әке - шешесіз қалған жетім балалар ғой саудаға түсетін. Далада қаңғырып жүрген жерлерінен ұстап алады, аштыққа ұшыраған ауылдардан жинайды. Бұны мен тізімнен білемін... Жерсіз қалған кедей бақташылар Жайықтан өтіп, бізге барады. қазақтар болса оларды кері қуады. Ауылдар аштыққа шыдамай қырыла бастайды. Аман қалғандары жетім балаларды сатып күнелтпек болады, қайтсын, тұйықтан шығар одан өзге жол жоқ болса бишараларға, бүйткенде тірі қалары хақ қой, әйтеуір...


Шустиков аяусыз ашық айтып тұр. Махамбет үн қатпады. Бұл арада таласудың да, ашудың да орны жоқ. Ол өзегін өртеген ызаны шарапқа жеңдірмек болып іше берді, тыңдай берді. Бір кезде қарт ақынның аузынан естіген Ақтамбердінің19 мына бір өлеңі түсті:


Күлдір де күлдір кісінетіп,


Күреңді мінер ме екенбіз,


Күдеріден бау тағып,


Ақ кіреуке киер ме екеміз!


Жағасы алтын, жеңі жез,


Шығыршығы торғай көз,


Сауыт киер ме екеміз!..


Қоңыраулы найза қолға алып,


Қоңыр салқын төске алып,


Қол төңкерер ме екеміз!


Ол мас болған жоқ. Ішкен сайын ойы да ұстарып, ұштала түскендей еді. Енді есіне Исатайдан келген хат түсті. «Ақын деген — ел еркесі. Бірақ олар халық сүйіспеншілігі мен халық үмітін ақтамаса, қарғысқа ұшырайды. Дала дәстүрі осындай. Қазтуған 20 да, Шалкиіз бен Жиембет21, Тәтиқара да, Бұқар жырау 22да — осы ақындардың ешқайсысы да өмір бойы ханды жырлап, ханды мадақтап өмір кешкен жоқ» — деп жазған еді Исатай. Бұл хат оған қатты әсер еткен, Исатаймен соңғы кездесуі көз алдына қайта-қайта оралып, көпке дейін кетпей қойған...


Махамбеттің оңаша шығып, жалғыз қалғысы келді...


Орынборға келген аға сұлтандардың біреуі оны мүфти үйінің сыртындағы бау ішінде отырған жерінен тауып алып,тақ мұрагерін тәрбиелеуге онша көңіл бөлмей, өз бетімен кеткені үшін ханның атынан реніш білдіріп, ашу шақырды. Махамбет әлгі сұлтанды нөкерлерінің көзінше дауыстап тұрып сыбап алды да, қайтадан Шустиковтың үйіне кетіп қалды. Бұнда ол Жәңгір ханның дұшпаны Қайыпғали Есімовтің бүлік шығарғанын естіді. Бұл хабар генерал - губернатордың кеңсесіне бүгін келіп түсіпті.


Мүфтидің үйіне қайтып оралған Махамбет жігіттеріне ат ерттесуге бұйрық берді.


Сол жолы ордаға қайтып келе жатып ол енді не істейтінін білген жоқ. Тек бір нәрсенің басы ашық — әбден өшіктіріп болған хан сарайын енді мәңгібақи тастап кететіні хақ.


Қыр жолдарында, бүгінде мына жатқан Жейқұнның бойындағыдай күйкі - жүдеу кедей кештер ұшырасады. Біреулері Жайықтың арғы бетіне, біреулері бергі бетіне өтпек. Жерден өріс жайылымнан жұрдай болған ауылдар қоныс іздеп аласапыран. Өзен - көлдің жағасы мен бұлақ саздың саласындағы жақсы жерлер қолдарында Дархан қағаздары бар байлардың сұлтандардың хан тұқымының, еншісіне берілген, шеніне жуытпай айдап шығады. Жатақтардың астындағы атын, түйесін, соңғы қойын тартып әкетіп жатыр. Хан жасағындағы төлеңгіттер, линиялық қамалдардағы жасауылдар мен қазақтар бас көтерер, пана болар естияр еркектерді айдап кетіп, артында қалған қыз-келіншектерін қорлайды. Кедей ауылдар жазалаушылардың көзіне түсе бермеу үшін қоныстарын күре Жолдардан аулақ салып, құм ішін бойлай отыратын болды...


Махамбет жолшыбай еш жұртқа тоқтамады. Ешкімнен ешнәрсе сұрамастан, өз ойына терең шомып, жүре берді.


Екі күндік сапардан соң Махамбет пен оның достары Жайық қамалының жолаушылар аялдайтын үйіне келіп жетті де, ат ауыстырып мініп, Ордаға тура баратын жолға түсті. Орман ішінде олар суатқа тоқтаған кішкентай шекті ауылына тап болды. Салт аттыларды көргенде үстері жалба-жұлба, жалаңаяқ, балалар арбаларға қарай дүркірей қашып, әйелдер дереу отырып өшіріп, оны-мұны заттарын жинастырып, түйелерін қомдай бастады. Еркектері бір жерге иіріліп топтана қалды.


— Қайдан келесіңдер, қайда барасыңдар? — деп сұрады Махамбет.


— Көктемнен бері көшумен келеміз. Ата-бабамыздан бері жайлап келе жатқан жеріміз бір атаманға ұнаған екен, енді қай арадан барып ошақ қазарымызды бір алланың өзі ғана біледі, тақсыр, — деді арық шал, — Арқандаған аттай болып жүрміз ғой шыр айналып. Еділге жетіп ек — патша жері деп әрі жібермеді. Жайыққа барып ек, одан да өткізбеді — жер өзіміздің қазақтікі болғанмен қамал құрып, бөлшектеп тастапты ғой, түге. Шекарадан өтуге болмайды дейді. Тоқтайық десек — түріп шығады, жер өзіңдікі болмаған соң... Енді бізге бір-ақ жол қалды — құмға барып паналау. Қолымызда түгіміз жоқ: астан да, малдан да жұрдаймыз. Екі шалымыз бен бірнеше баланы жолшыбай көмдік, мырза. Қәзір сізге берер лайықты дәм де таппай қиналып тұрған жайымыз бар. Рахым етіңіз, айыпқа бұйыра көрмеңіз... — Бір беті жарақаттан қисайып кеткен арық шал — ауыл ақсақалы Махамбет атының алдына жер тізерлей құлады. Балалар жылап жіберді.


Сұмдық еді бұл. Жұрт тамақ бере алмаған жоқшылығымыз үшін жазаға ұшыраймыз ба деп қорқып тұр. Мәңгілік қорқыныш құшағында ғой бұл пенделер. Кез келген салт атты кісі бұлар үшін бақытсыздық белгісіндей. Сондықтан да олар жол үстіндегі кездесуден шошынары хақ...


Махамбет енді кеш атаулыға жолауды қойып, оларды сонадайдан айналып өтетін болды.


Ордаға Орынбордан аттанғандарына бірнеше күн болғанда келіп жетті.


— Майдан даласынан асыққан шапқыншыдай болып, тез - ақ жеттік-ау, — деді Махамбеттің бір досы алдарындағы құм төбелердің астынан Жасқұс ойпаңы шыға келгенде. — Осыншама ұзақ жол оңай емес-ау. Сонау Жайықтан Еділдің жағасына дейін...


Ойпаңға түсер алдындағы биіктен ашылған көрініс тамаша екен.


Айналасын алтындай жалтыраған құм шағылдары қоршаған ертегінің кілеміндей кең жасыл алқапта ирелеңдей аққан айна бұлақтар мен шағын өзендер, сарғайған егін мен өрттей қызарған тары егістігі, шоқтана өскен тоғайлар мен жайқалған шабындықтар, бытырай қонған ақ шағаладай ауылдар, жайылған мал көрінеді... Бірақ бәрінен де жолаушыларға ең жақыны қамал еді. Барша жолдың түйіні соған барып тіреледі. Махамбеттің ауылдарына апаратын тар соқпақтың басы да осы түйінде жатыр-ау, тегі. Осынау ойпаң бір өзінің бойына шел сағымы мен дала елесінің барша түрін түгел жинап алғандай.


Қамал қабырғаларының түбінен қазылған терең өр алыстан байқалмайды, оның үстіне мүк басқан қабырғалар да алқаптағы жасыл шалғыннан онша ажыратарлық емес. Сарай ғана мен мұндалап оқшау көзге түседі. Көше жақтағы қызыл түсті зор есіктің алдына ақ мәрмәрдан алты діңгек өріпті. Сарай сән-салтанаты мол, еңселі салынған. Оның екі қапталын ала хан туыстарының үйлері тұр. Оларды қаусыра орналасқан қызметшілер мен күзетшілердің жатын орны, одан әріректе бау-бақша, тағы да қалың қабырға көрінеді. Сол қабырғаның арғы жағында тастан қалаған абақты, терең зындан, тұтқындардың жылаған даусы да сол арадан шығады...


Ат тұяғы Жасқұстың жұмсақ шалғынына тиген кезде таяудағы шоқ қайыңның ішінен бір топ құс ұша жөнелді. Арттарынан қаршыға қуып барады.


Қап, қорамсағым болғанда, шіркін! — деп өкінді атқосшы жас жігіт.


Болмағаны мұндай жақсы болар ма, әйтпесе өлер жерің сол ғой. Сен тартқан садақтан түсе қоятын қандай сұңқар ол?! — деп күлді екіншісі.


Қаршыға деген бір құс бар,


Қанаты айдың астында,


Ұясы оның саяда,


Қарағай, қайың басында.


Аңқау өскен ер едім,


Бұла болып жасымда.


Бұл қонысқа қондырған


Ата-бабам оңбасын,


Таңда — сират 23басында!..


Атқосшы бозбаланың үні ашық та ащы екен. Махамбеттің өлеңдерін бірінен соң бірін еске түсіріп, шабыттана жатқа соғып келеді. Онысын ақын да ұнатып қалған.


Уаһ - һай! Бас, бас! Өлеңдетіп, әндетіп кірелік Жасқұсқа! — десіп жігіттер де дүркіреді. Астарындағы аттары да ұнамай белдері босайтынын сезіп, оқыранып, ауыздық сүзе бастады.


— Махамбет сөйлесін, жаңа шығарған өлеңдерін айтып берсін! Сапарымыздың аяқталу құрметіне! — деп қояр емес достары.


— Ер жігіт өз жолының қай жерде аяқталатынын біле ме екен, сірә? — деп сұрады Махамбет. Достарына бір қарап алып, көзін Жасқұстың ұлан-асыр жасыл жазығына қадады:


Ай астында бір көл бар


Ат шаптырса жеткісіз...


Ортасында алуа, шекер бар


Татқан қулар кеткісіз.


Ол бір сәт үнсіз қалды да, ойлы жүзбен жалғастыра берді:


Қарада да қара бар,


Хан ұлы басып өткісіз,


Алланың бір күні бар,


Бір жарым ай жеткісіз.


Мұңдас ерлер болмаса,


Менің айтқан сөздерім


Құлқыңа жаман жеткісіз...


Жігіттер біріне-бірі қарасты. Ақын жұмбақтап сөйлеп келеді. Осы сәтте олардың алдынан тым-тырақай шапқылаған көп салт атты шықты.


— Не көрінді? Жақсылыққа болса еді мыналары? Өй, бұ неғылған бәйге? — деп дауыстады Махамбет.


— Бәйге де ертең, шаршы топқа жігіт түсер ат ойын да ертең! — деді ұзын бойлы бозбала тізгінін тарта беріп. — Армысыз, ақын - аға! Хош келіпсіз!


— Бар бол, інім, атың кім? — деді Махамбет.


— Құмар, Жаппас батыры Нарымбайдың баласымын. Әкем жеме-жемге келгенде талай жолбарысты жайратқан кісі. Өзім Жантастың жүздігіндемін. Жантас сізді әбден сағынды, күтулі. Ертең біздің жүздік масқарлардың жүздігімен жарысқа түсетін еді, аттарымыздың терін ап жүрміз. Көптен бері жүгірмей, шәу боп қапты жануарлар. Бүгін түн таң асса, ертең әлекедей жаланып шыға келеді ғой. Аяқтары да жеңілдейді...


— • Ал аналар кім? — деді Махамбет, қамалдан алыстап бара жатқан жүксіз керуенді нұсқап.


— Ханға- — қарыздарың бізге атшы, жалшы әкеп беріп, енді қайтып бара жатқан Шөмекейдің алаяқтары ғой. Ақсақалдары кеткен жоқ, ханға айтар арыздары бар көрінеді. Хан болса аң аулап жүр.


Қабағың қату ғой, Махамбет. Орынборда не болды? Әлде тағы да ханымның құшағын сағынып қалдың ба? Ондай болса, күзетінде тұруға мен дайын. Фатима да күтулі шығар, деп қулана сөйледі Жантас оны шығарып салып тұрып.


Қашан да өстіп қылжақтайсың да жүресің. Менің келгенімді ханым естімей-ақ қойсын...


Әлдеқашан біліп алған болар-ау. Алдай алмайсың оны. Сен немене, ханның рұқсатынсыз келіп пе едің?


Иә.


Ал тұқымы қайда?


Орынборда.


- Онда сен мұнда неге келдің?


— Сенімен қоштасайын деп...


— Немене сонда, хан ордасы жақпағаны ма саған?


- Менің өз ордам бар ғой.


— Оның несі артық?


— Басқасы болмағанмен, бостандығым артық.


— Бостандық деген — еркін өмір ғой. Біздің арамызда сенен еркін адам жоқ. Айтқан сөзің сұлтандардың да, жарлы-жақыбайдың да аузынан түспейді, байлар келіп бас иеді, әйел біткен ғашықтықпен көз сүзеді өзіңе. Осы сен Қайыпқали сұлтанның жолын қуғалы жүргеннен саумысың? Есіңде болсын, біз оны ұстайық деп әскер жиып жатырмыз.


— Қош бол! — деп Махамбет оның сөзін бөлді.


Жәңгір демалып отыр. Аңнан түнде қайтқан, енді бүгін таңдаулы жасауылдарының өнерін көрмек. Анадайда бірінен - бірі оқшауланып он екі ата байұлының жас сұлтандары мен байлары тұр.


Бұл күні Ордаға жиналған белгілі старшындардың қасында атағы жер жарған қос батыр да бар: Парижге шапқаны үшін медаль алған, бір кездегі орыс армиясының солдаты Нарынбай кәрия, оның жанында жігіт шағында жау жүрек Әкім атанған, Бородино шайқасында көрсеткен қаһармандығы үшін Кутузовтың өз қолынан наград алған, қазір алыстағы Жиделі ауылында тұратын Алдияр ақсақал. Нарынбай мен Алдиярды хан отставкаға шыққан князь Волконскийдің орнын басқан генерал Эссенге көрсетейін деп шақыртқан болатын. Жаңа генерал-губернатор ханға қонаққа тек ертең келмек. Ал бүгін жігіттер дайындықтарын ақтық рет байқап көруге шықты...


Жігіттер көк майданға жиналып жатыр. Тебенің етегінде айналаларына жалтақтай қарап, бірақ сонда да өздерінін, осалдықтарын сездіргісі келмегендей, еңселерін көтеріңкі, тік ұстап Шөмекейдің кедей ауылдарынан келген ақсақалдар тұр.


— Анау арыз айтқыш жанашыр немелерге барып айт: ауылдары указ бойынша тиесілі қой - жылқысын айдап әкелгенше осы арадан тырп етпейді! — деді хан жаршысына. — Оған дейін қамап тастаңдар өздерің!..


— Қылыштасуды бастауға болады, тақсыр! Төлеңгіттер дайын тұр, — деді Жантас ханға, — Содан кейін біздің жүздік масқарлармен жекпе-жекке түседі...


Хан үндемеді. Шатырға Махамбет таяп қалған еді. Жәңгір ақынның тым еркінсіп кеткендігіне ызалы болатын. Maхамбеттің Орынбордан келіп, енді өз ауылына аттанбақ боп жатқанын бүгін таңертең естіген. Жолынан тоқтатып, осында әкелуге әмір қылған. Басқаларға қарағанда Махамбеттің жөні бөлек, ханның онымен жүз шайысқысы келмейтін. Ақындармен араздасқаннан абыройың артпайды. Бірақ бүгінгі қылығы бастан асып кетті. Махамбет қаршадай Зұлқарнайды Орынборға жалғыз тастап келді. Тым асқақтап кетті-ау, терезесін тең санай бастағаны ма...


Ақын төбенің етегіне келіп атынан түсті. Шөмекейдің шалдарына құрметпен бас иіп, сәлем берді.


— Құлағым сенде, Жәңгір! — деді дауыстап.


— Қасыңнан хан тағының мұрагері, жас мырзаңды көре алмай тұрмын ғой, — деді хан ызасын ішіне тығып.


— Ол Орынборда қалды.


— Ал сен неге мұндасың? Әлде сен өзіңді мынау сұлтаннан мықты санаймысың? — Жәңгір айналасындағы жайсаң топты нұсқады. — Махамбет, орныңды біл! Менің де рақымым шексіз емес. Қайт Орынборға! Жәңгір ханның саған айтар жарлығы осындай!


Хандығың да, жарлығың да өзіңе, Жәңгір! — Махамбеттің үні темірдей қатқыл естілді.


Жұрт тына қалды. Фатима шатырдан шығып, босағаға тоқтады. Киімі күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Жігіттер сапы қыбыр етпей, сұлтандар үрке қарап, үдірейісіп тұр. Жәңгір аузын аша алмай, сілейіп отыр.


Сен халық қарғысына ұшырадың, Жәңгір хан! — Махамбеттің зор үні сай-салаға саңқылдап, көмейіне көптен бері тығылып жүрген сөздері ағыл-тегіл ақтарылып кетті. — Сен мені өзіңнің сұлтандарыңмен салыстырдың ғой. Жауап бер ендеше:


Алтын тақты хандардың


Хандығынан не пайда?


Қарып пенен қасерге


Туралық ісі болмаса? ...


Ханнан қырық туғанша


Қарадан бір-ақ тусайшы,


Халықтың кегін қусайшы...


Тарт тіліңді, тілің кесілгір! — деп ақырып жіберді есін жиған хан. — Қайдағы кек, кімді айтып тұрсың?


Сені, Жәңгір! — деді Махамбет. Сосын шөмекейлерді нұсқап: — Хан екенің рас болса, босат аналарды. Қазақ араша сұрай келген ақсақалдарға бұғалық салмайды.


Рас айтады. Бас кеспек болғанмен, тіл кеспек жоқ. Аталы сөзді аяққа баспайды. Босат шалдарды, алдияр!.. — деп күжілдеді Нарынбай.


Әй, жігіттер! Ақсақалдарға ат әкеңдер! — деді Махамбет, көңілді үнмен атшыларға бұрылып. Олар не істерін білмей сасып қалды. Ойламаған жерден батырланып алған шөмекейлер аттарға қарай тұра - тұра жүгірді. Алдарында дембелше келген төртбақ шал барады. Ол бір атқа ырғып мініп алды.


Тоқта! — деп ақырды Жәңгір орнынан тұра беріп. Қолындағы кішкентай алтын шоқпары жарқ ете түсті.


Ей, Жәңгір! — деді оған шөмекейлердің басшысы. — Сабыр ет. Дәл қазір менікін кесіп тастасаң да, құдайдың өзі куә, Махамбет дұрыс айтады!


Әкім батыр, жүзідігің қайда! Байлаңдар бәрін! Соғыңдар дүрені! — хан шоқпарымен Махамбетті көрсетті.


Махамбет атын аспанға секіртіп, шалдарға айғай салды:


Әйда, кеттік ақсақалдар!


Шөмекейлер шаба жөнелді. Әкімнің жүздігі соңдарынан қуып берді.


— Кеттік, жігіттер! — деп Жантас Махамбетті өз жүздігінің ортасына алды да, тартып отырды. Махамбет сытылып алға шықты да, жігіттерді Әкім жасауыл бастаған солдаттардың соңына салды. Солдаттар мылтықтарына жармасып, ат үстінде шүріппелерін қайыра бастады.


— Тоқтат! Тоқтат! — деп айқайлайды, Жантас жігіттерінің ортасына түскен Әкім. Өз солдаттарын селдеген ат нөпірінен әрең-әрең дегенде алып шықты.


Шөмекейдің шалдары қазған ор, аққан арықтан орғытып өтіп, бидай егісі мен көк шабындықты артқа тастады да, арындата шапқылап кете берді. Соңдарынан жазық далада андыздай шауып Махамбеттің достары барады, құм жоталарды бетке ұстап...


* * *


Жәңгір терісіне сыймай ашуланды. Сол күні-ақ генерал - губернаторды қарсы алуға аттанды да, келесі күні таңертең сәлемдесіп бола бере Эссенге «ұры, сатқын, бүлікшіл» Махамбеттің жүз жігітті жанына ертіп, қашып кеткенін баяндады. Сол жерде тұрып генералдан қамал күзетін күшейту үшін қосымша отряд сұрады.


Өз әскерлерінің ішінде бүлік шығуынан қорыққан Жәңгір хан қазақ жүздіктерін линиядағы орыс қорғаныстарына жіберді де, олардың орнына солдаттар мен қазақтардан құралған жазалаушы отрядтар алып, жаңағы жазалаушылар мен төлеңгіттерден аралас жүздіктер құрды. Жеке жасақтарын Жәңгір аға сұлтандарға көмекке жіберді.


Махамбет ақын Жәңгірге ашық қарсы шығыпты деген хабар ауыл-ауылға дүркірей таралды. Бір ауылдан соң бір ауыл сұлтандар мен хан билігіне бағынуды қойып, бүлікшілерді күреске бастайтын көсем іздеді. Оларға әздерін патша бекеттері мен қамалдарының самсаған қалың ортасынан Жайықтың арғы жағасына, патша жендеттері мен Жәңгір хан зекетшілерінің көзінен тасалау, Сарыарқаның көз жеткісіз кең жазирасына алып шығып, Кіші жүздегі туыстарына бастап апаратын адам керек еді. Сондай адам табылған да сияқты болатын.


Есім баласы — Қайыпғали сұлтан өзін Жәңгірден жәбір көргендердің қорғанымын, қайыберен - қырық шілтен құтқарушысымын деп жар салды. Ол артына ерген халықты Шығысқа, Жайықтың арғы бетіне бастап апарып, Кіші жүз бен Орта жүз хандарының келісімі бойынша ұшы-қиырсыз Сарыарқа төскейінде көш - қонысына шек қойылмайтын жаңа хандық құруға уәде қылды.


Оның төңірегіне Тана, Шеркеш, Шөмекей, Шекті руларының ашулы старшындары, Масқарлар мен Кетелердің жапа шеккен кедей ауылдары, жеті ру — Кердері, Төлеу, Жағалбайлы, Табын, Тама және Керейдің қуғын көрген қашқындары топтаса бастады. Бірақ Бөкей ордасындағы басқа рулар, әсіресе сұлтандары мен байлары Жәңгірмен жақсы аталар, асықпай артын күтіп қалды. Осыдан аз уақыт бұрын бүлік шығарған Қаратай сұлтанның жорығына қатысқан ауылдар да қозғала қоймады. Бұлар шайқас кезінде талай-талай боздақтарынан, мал-мүлкінен айырылып, азып-тозып, патша жандармдары мен хан қарақшыларының қатаң бақылауында болатын.


Олар Қаратайдың соңынан он бес жылдай ерді. Соның бұйрығы бойынша Үндістаннан, Ираннан, Бұхара мен Ауғанстаннан Россияға баратын сауда керуендерінің жолын кесіп тастады. Даладағы барша соқпақ осылардың қолында болды. Патша әскері бұларды ұстай алмай-ақ қойды. Қаратайдың сөзіне сеніп, олар жалаң қылыш, жақ садақпен зеңбірекке қарсы шапты. Ақырында хан тағына жете алмаған Қаратай бұларды жендеттердің талауына тастап кетті.


— Қарғадан қыран шықпас, сұлтаннан жауың ықпас деген. Қайбала алдымен қолынан не келетінін көрсетсін, содан кейін соңынан ерер - ермесімізді біз де шешерміз, — десті олар.


Беріш ауылдары да асықпады. Олар кедей жұрттың жоғын жоқтап, кедей елдің сөзін сөйлеймін деп, хан бұғалығын да киген, ақ патшаның абақтысын да көрген, ең сабырлы, ең салауатты старшын — Исатайдың сөзін тосты. Бірақ Исатай үндемеді.


Жәңгірдің қолынан сытылып шыққаннан кейін Махамбет соған барайын деп еді, бірақ таба алмады, Исатай өз ауылын құм ішіне көшіріп әкетіпті. Ханмен үш дүркін жүз шайысып алғаннан кейінгі сақтығы болса керек.


Махамбет қиын сәтте қол ұшын берген жігіттермен қоштасты. Шөмекейдің шалдары да өз жөніне кетті. Ақынның жанында Жантас бастаған он шақты жігіт қалды.


Олар Махамбеттің туған ауылына тартты. Қонақтарды ақынның аға-інілері құшақ жая қарсы алды. Мақпалдың жанарында қуаныш оты жарқырады. Бірақ қашқынды ұстап әкелсін деп арттарынан жасақ жіберіпті деген суық хабар дегбірлерін кетірді. Бірге туған бауырлар аттарын жаратып, қылыш - найзаларын қайрап, сауыт-сайман, білтелі мылтықтарын әзірледі. Махамбеттің өзі болса, қара басынан гөрі туған - туысқандарының қамын көбірек ойлап, ақсақалдардан ауылды құмның алыс түкпіріне жасырын алып кетуді өтінді.


Тасқараңғы бір түнде ақынға Қайыпғали сұлтанның шабарманы келді.


— Дұғай сәлем бауырға, — деп бастапты хатын Қайыпғали. — Сенің Жәңгір ханға айтқан сөзің Кіші жүздің барша ауылының аузында жүр. Менің де ата жауым, менің де семсер сілтерім — сол Жәңгір. Қасымдағы сұлтандар мен билер де осыны айтады. Менің шатырымды — өз шатырыңдай, менің сарбаздарымды — өз сарбаздарыңдай көр. Жеңістік бермес ақын, жүрек жұтқан батыр екенің рас болса, әкел қолыңды, Беріш азаматы, аяман сенен көмегімді... Жәңгір өзінің көк төбеті Баймағамбет сұлтанға сені ұстап, шынжырлап әкел деп бұйырыпты. Баймағамбеттің жасағы ізіңе түсті. Менен басқа панаң жоқ...


Махамбет жауап жазбады. Жігіттерін жиып, Баймағамбеттің алдынан шықты да, бір бүйірінен айналып өтіп, таң шапағымен бірге сұлтанның қосына лап қойды. Сарбаздар күзетшілердің быт-шытын шығарып, төлеңгіттердің қару-жарағын тартып алды да, сұлтанның шатырын төңкеріп тастады.


Баймағамбет сұлтан ақынның алдында іш киімімен ғана тұр, тұла бойы қорқыныштан қалш-қалш етеді. Махамбет оның қолындағы қылышын, астындағы тұлпарын тартып алды да, жасақты түгел жаяу тастап, аттарын айдап кетті.


Баймағамбетке көмекке Қарауылқожа сұлтанның жасағы аттанды. Бірақ Махамбет қолға түспеді...


Ол ауыл-ауылға кісі шаптырып, бұдан былай кез келген сұлтанды шабамын да, мал-мүлкін кедей жатақтарға бөліп беремін, деп хабар таратты. Сұлтан адамдарының кісі өлтірген, ел тонаған бір де бір қылмысы жазасыз қалмайды деді.


Ел билеуші сұлтандар да, Жәңгір хан, әсіресе Орынбор өлкесінің әскери губернаторы генерал Эссен де Махамбеттің шапқыншылығынан гөрі қара халықтың ой-санасын оятатын бүлікшіл жырынан қаттырақ қорқып, ақынды тып-тыныш қана шусыз құртуға асықты.


Оның үстіне олар Махамбеттің Қайыпғали сұлтанға қосылып кетуінен сескенді, өйтсе бүлікшілердің күш алып кетуі сөзсіз ғой. Сондықтан да ру - рудың бірігуіне жол бермей, қайта біріне-бірін айдап сап, қантөгіс қырғынға, барымтаға, құн алуға апарып соқтыратын араздық - алауыздықты өршіте түсу керек болды...


Махамбеттің жасағына сатылған Шекті жансыздары жұмсалып, Шекті ауылдарына жалдамалы беріштер жіберілді... Сонымен бірге генерал Эссен қазақтардың полковнигі Донсковтың барлаушылары арқылы Жәңгірге сездірмей Қайыпқалимен келіссөз жүргізіп жатты. Егер сұлтан өз төңірегіне ауылдарды тез топтастырып, Орал өзенінен өтіп кетуге ұмтылатын болса, деп хабарлады полковник бүлікшілердің басшысына, онда бұл, полковник Донсков, азғантай пара алып, оларды кордоннан Кіші жүздің жеріне өткізіп жіберер еді...


Бәрінен бұрын шектілердің көсемі, кәрі батыр Дастан қолға түсті. Жас кезінде ол мың жігіттен құралған жасағымен жауға бүйідей тиіп, Россиямен сауда жасайтын Бұхар саудагерлеріне шектілердің жерінен өткені үшін алым төлететін.


Күзеті күшейтілген Дастанды Жайық қамалына жөнелтіп, Шынғали сұлтанның қарамағына бес жүз қазақ жіберілді. Сол күні ауылдан-ауылға Дастанды ұстауға беріштер көмектесіпті, ал генерал Эссен жіберген солдаттар оны хан жендеттерінің қолынан босатып алып, батырдың бұрынғы істерін тергеу үшін түрмеге айдапты, деген сыбыс таратылды.


Махамбетті де түн ішінде, жақын маңайда қуғын жоқтығына сеніп, жігіттерін уақытша үйді-үйіне жіберіп, өзі жатақтардың кішкентай кедей ауылында тынығып жатқан жерінде келіп басты. Баймағамбеттің жасауылдары оны созған қолын қылышына жеткізбей байлап алды. Киіз үйдің сыртындағы шөмелеге шығып ұйықтап жатқан Жантас Мақпалдың айғайынан оянып кетті. Бірақ ол Махамбетті босата алмады, Мақпал мен кішкентай Мұсаны алып кері шегінуге мәжбүр болды.


Махамбетті Калмыково абақтысына алып кетті де, ел ішіне оны шектілер мен адайлар ұстап беріпті деген хабар таратылды.


Жәңгір хан әбден риза. Төлеңгіттерінің ішіп-жемі мен линия қамалдарындағы атамандарға сый беру үшін төленетін алым-салықты өсіре түсті. Хан Жәңгір мен генерал Эссен қолдарын ысқылап қуанып жүр. Өйтпегенде ше, бұлардан бұрынғы әкімдер бүлікшіл Қаратай сұлтанды бақандай он бес жылға жуық тайраңдатып қойып, ақырында тарту-таралғы беріп, оның да кейбір талаптарын орындауға мәжбүр болса, бұлар Ішкі ордадағы барша былықты осы күзде-ақ тезге салмақшы. Енді тек беріштер мен шектілердің бір-бірін алқымнан алып, Қайбала сұлтанның артынан ерген бүлікшіл ауылдарды Жайыққа қарай бастауын күту керек.


Алайда хан да қателесті, генерал да қателесті. Беріш руы шектілерді шаппады. Оларды қайтпас - қайсар Исатай старшын ұстап қалған еді. Ал кәрі батыр Дастан өзін сатқан беріштер емес екенін ебін тауып еліне жеткізіпті. Оның үстіне Шектінің атақты батырлары Көтібар мен Арыстан, Адай батыры Сүйінқара бір ауыздан Жәңгір ханды елін сатқан опасыз деп жариялап, оны хан санаудан бас тартты. Енді хан қайткен күнде де шектілердің Қайбала жасағымен тізе қосуына жол бермеуге тиіс болды. Сөйтіп генерал Эссеннің полктары көтеріліс шығарған Шекті ауылдарына лап қойды.


Қылышқа қарсы зеңбірек, көк найзаға — көп мылтық... Эссеннің солдаттары мен қазақтары мың-мың сан, ал жігіттер азшылық, тіпті саусақпен санардай. Олар тіпті бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратындай баба туының астына жиналып та үлгірмеді. Талайды көрген танымал батырлар Көтібар мен Арыстан көп бұлталақтап, іздерін әбден шатыстырып барып, аман қалған ауылдарды құм ішіне, қамыс арасына апарып жасырды. Ал Көтібардың баласы Есет пен аты аңызға айналған Сырым батырдың ұлы Жүсіп бастаған жаужүрек жігіттер бастарын өлімге байлап, екшелей қуған өлшеусіз жаумен арыстандай алысты. Олар шағын-шағын топтарға бөлініп ап, Эссеннің әскерлеріне біресе ана жерден, біресе мына жерден атойлап тиіп, жұлма - жұлмасын шығара, ашына түйгіштеп өтеді де, жан-жаққа бытырай жайылып жоқ боп кетеді. Табан астында жерден шыққан жебірейілдей болып басқа жігіттер шыға келеді де, естерін жиып үлгірмеген солдаттарға тағы да құйындай тиеді. Естері шыққан төлеңгіттер мылтықтарын көздеп те үлгіре алмайды. Сарбаздар олардың қаруларын ат үстінен тартып әкетіп жатыр...


Сұлтандардың қосылып шапқан жасақтары андыздаған шағын топтарды екі дүркін қаусырып алып, құртып жібермек боп ұмтылып еді, бірақ екі ретінде де көтерілісшілер оларды қаша ұрыс сап, байқатпай еліктіріп апарып, біресе саз батпаққа, біресе қалың құмға тығып кетті, енді бірде өзеннің жарлауыт жағасына қарай тықсырып, қатты састырды.


Көмек сұраған сұлтандар шабармандарын ханға шаптырса, хан — генерал Эссенге шаптырумен болды. Долданған дұшпан бар кәрін ауылдарға төкті. Әрбір өлген төлеңгіт немесе солдат үшін ондаған бейкүнә жанды атып-асып, каторгаға айдады. Абыройлары төгілген Шекті қыздары намысқа шыдамай өздеріне - өздері қол жұмсады. Тұтқынға түскендердің ішінен мықтылардың мықтысы ғана көк шыбықпен соғылған бес жүз дүреден тірі қалды. Олардың өзіне де кісен салып, Сібірге айдады....


Калмыковоның абақтысында отырған Махамбет мынадай хабар естіді: өзеннің шығыс жақ бетіндегі Орта жүздің жеріне өтпек боп Жайықтың жағасына жиылған қалың көшті атаман Донсков зеңбірек оғының астына алған. Өзен арнасы өлікке толған. Ал шығыс жағалаудағы бақытты өмірге шақырған Қайбала әрең қашып құтылыпты...


Сырым мен Көтібардың жас батыр ұлдарының ерлік істері жайлы хабарды да Махамбет осы абақтыда отырып естіді.


Көтерілісшілердің жасағы күн санап көбейе берді. Кәрі де, жас та қай ру, қай атаның баласы екеніне қарамастан қосылып жатыр. Генерал Эссеннің полктары, Баймағамбет, Қарауылқожа, Шынғали сияқты аға сұлтандардың, Жәңгір ханның төлеңгіттері кері шегініп, қамал - қамалға қашып тығылуға мәжбүр болды.


Ішкі орда мен Кіші жүздің барлық ауылдары жас батырлардың соңынан бір кісідей боп еретін күн туған тәрізді еді. Бірақ күзгі жаңбыр басталып, арты қарға айналды да, ұзамай аяз ұрып, даланы жұт жайлады. Ал көктем туа ауылдарда оба бұрқ ете түсті...


Оба Калмыковоға да жетті. Қазақтарда ес жоқ. Бір күні тал түсте солдаттар мен жандармдар төбелесіп қалды да, Жантас бастаған жүз шамалы жігіт соны пайдаланып, қамалға лап қойды. Жарым - жартысы оққа ұшқанымен жігіттер Махамбетті босатып әкетті.


Махамбет көктем мен жазды Мақпалмен бірге туған өлкесінде өткізді. Ақынның жаңа өлеңдері ауыздан-ауызға таралып, ел ішін шарлады:


Ханның ісі қатайды,


Азамат ерден бақ тайды.


Қанды көбе киініп,


Бір аллаға сиынып,


Ұрандап жауға тигенде,


Кім жеңері талай - ды,


Жолдастарым, мұңайма!


Ол халықты ынтымаққа, бірлікке шақырды, бірақ аштықтан азып-тозған ауылдар байлардың тіліне еріп, тар қонысқа таласумен болды. Шекті, Шөмекей және Жағалбайлы рулары арасында шатақ бұрқ ете түсті. Үш рудың үшеуі де шөбі шүйгін өрістерінен айырылды: Жәңгір хан бұл жайылымдарды жомарттық жасап, патша офицерлері мен қазақтарға үлестіріп берді.


Бір шайқастың үстінде шектілер мен жағалбайлылардың арасына түсіп, татуластырам деп жүріп, атақты Көтібар батыр қазаға ұшырады. Кеудесінде кіреукесі, қолында қалқаны мен шоқпары да жоқ екен. Үйінен жейдешең жүгіріп шыққан батыр атына жайдақ міне салып, бірін-бірі өлтіріп жатқан ағайынды екі елдің шатасқан жігіттерін ажыратамын деп, шайқастың қалың ортасына қойып кетіпті. Қаңғыған жебе жүректен тиіп...


Жәңгір хан қулыққа басты. Ол ақынды беріштердің басшысы етіп тағайындайтынын айтып сәлем жіберіп, Махамбетті өзіне Дархан қағаз алуға шақыртты. Бірақ Махамбет ханның сасық қулығын әшкерелеп, шабарманын мазақтап қуып жіберді. Хан ордасынан келген алым-салық жинаушыларды қамшының астына алды. Осыдан кейін Жәңгір Махамбетті өле-өлгенше бітіспес қас дұшпаным деп жариялады.


Ішкі орданың Жайықтан Еділге дейінгі кең жазирасын бір сұмдықтан соң бір сұмдық жайлай бастады. Жәңгір ханның жендеттері мен генерал Эссеннің жансыздарынан жасырынып жүріп, Махамбет тағы бір қысты туған өлкесінде еткізді. Енді қала беруге болмады: өз басына, туған-туысқандары мен достарына төнген қауіп-қатер күшейе түсті.


Туған ауылынан ол жасырын кетті. Мақпал ғана куәсі болды. Есейіп, сабырлы, салауатты әйел санатына қосылған Мақпал ерінін, басына қиыншылық түскенде қолына қылыш алып, үстіне сауыт киіп, бұрымын дулығаның астына жасыратын да, хас сарбаздай қасына еріп, жорыққа бірге аттанатын.


Таңғы тұманды жамылған Махамбет пен Жантас Жайықтың арғы бетіне аттарымен жүзіп шықты да, қақ бөлінген Кіші жүздің шекарасын кесіп өтті. Бірақ олар бұнда да тыныштық таппады. Тегі, қазақ жерінің тынып жатқан кезі болды ма екен тарихта?


Ру тартысы, жер жанжалы, мал мен жесір дауы, барымта - қарымта, қатар қонған екі ауылдың, кикілжіңі, қатар жатқан екі елдің қырқысы сияқты қырық рудың қырық пышақ пәле-жаласы бұл өңірді ерте заманнан бері емін-еркін жайлап келеді ғой. Жерлеріне Иран шаһының немесе Жоңғар жаугершілерінің жер қайысқан жасағы жортуыл жасағанда ғана бастары бірігеді бұлардың. Сонда қазақ алмаған жау болмады. Олар Атыраудан Алтайға дейінгі ұлан-ғайыр зор елін алты ғасыр бойына жауға бермей, не дүлейдің алдында да тізе бүкпей ұстады. Қазақтарды өз хандарының даңққұмарлығы мен алты бақан, ала ауыздығы құртты. Бұл халықты тек айла - шарғымен ғана, бірін-біріне айдап салып, хандары мен сұлтандарын сатып алу арқылы ғана жеңуге болатын еді.


Бірде құман, бірде татар, бірде половцы, бірде қырғыз - қайсақ атанған дала перзенттері айла-қулығыңды, саясат - сұмдығыңды біле бермейтін. Шайқас үстінде жаужүрек, қайтпас - қайсар қаһарман болғанымен тыныштық кезінде аңқылдаған ақкөңіл, иланғыш ұяң келуші еді.


Кіші жүз бен Орта жүздің жерін, Сарыарқаның төскейі мен Арал жағасын, Түркістаннан Әулиеатаға дейінгі аралықты қаптаған жасауылдар, жергілікті сұлтандардың төлеңгіттері мен ақ патшаның жазалаушы жасақтары шарқ ұрып, кезіп жүр. Бәрінің де із кесіп, аңдыған - баққаны — бүлікшілер, «түз қарақшылары» және де Тентек төренің басшылығымен Қоқан бектерін талқандап жеңіп, содан соң шағын топтарға бөлшектеніп ап, байлар мен патша жандармдарына қарсы қылыш көтерген он екі мың жігіттің әлі тірі жүрген бірен-саран қалдықтары. Жоқ, қазақ жерінен тыныш түкпір табылмайтын бұл таңда!


Махамбеттің соңына түсуді Жайықтан алысқа, Орта жүздің жеріне кетсе де тоқтатпады. Кіші жүздегі сияқты мұнда да өз хандары бар. Мұнда да бір руды бір руға, бір көшті бір көшке өз сұлтандары айдап салады. Егер ру бірлігі, ел ынтымағы аман кезде Орта жүз Хиуа мен Қоқанға өз дегенін істетсе, енді өз басына Хиуаның қаһарлы қылышы төнген шақ. Бәлки, сондықтан да болар, ұзақ уақыт арып-ашып Арал бойын аралағаннан кейін Махамбет сенделіп Бұхараға барды, одан Самарқанға өтті, содан соң ауыр сапарды артқа тастап, ақырында мынау қарғыс атқан Хиуаға келді. Мұнда ол өзіне талай-талай сенімді дос тапты, ал дұшпандарының саны құдіретіне қулығы сай алпауыт - зымияндардың есебінен еселеп көбейе түсті.


Бұл бір жер бетін түгелдей қара күш жайлай бастаған шақ еді. Жер үстінде жаманшылықтың жалақ қылышы жалақтап тұрған...


Асылы, бұл Махамбеттің ойы емес, Хиуа ақыны әрі мұрап Мүнис айтқан сөз. Онымен Махамбет Нұрбалға кездесерден бұрын танысқан. Аллақұл бұны сарайда өтетін ақындар мәслихатына алғаш рет шақыртқан күні Мүнисті хан бақшасынан көрген болатын. Сарай күзетшілері өзін қаумалап алып кетіп, іште хан Қайыпғали сұлтанмен сөйлесіп жатқан кезде де көрген.


Махамбеттің Хиуаға келерінен екі жыл бұрын Мүнис падишаһының сарай ақыны еді. Ал осыдан бір жыл бұрын ақындар айтысы кезінде ол Бұхараның күллі ақынын жеңіп кетіп, ерекше көзге түсті. Даңқы жер жара түскен Хиуаның алдияры:


— Айтқаныңды орындаймын, ақыным! Айт, өтінішіңді — деді.


— Ата-бабам мұрап болып етіп еді, ұлы падишаһ, өзім де сол мұрап боп қалғым келеді...


— Ендеше сен бүгіннен бастап Хиуаның бас мұрабы әм күллі Хорезмнің жыршысысың! — деді хан. Сол күннен бері Хиуаның ақындары мен ғұлама ғалымдары падишаһының бағына ғана емес, Мүнистің үйіне де жиналатын болды. Оған Махамбет те жиі барып тұратын.


Міне, бүгін де өткені жайлы ұзақ ойдан кейін, Амудария жағасынан қайтып келе жатып, Мүниске кіре шығуды жөн керді Махамбет...


* * *


Махамбет қызба болатын, жұртпен сезге келмей жатып - ақ айтысып қала беретін. Осындай тік мінезі достарының жанына батып, тек жалғыз өзі оңаша қалғанда ғана естіген - білгенін салмақтай алатын. Ой соңынан есіне өткендегі бастан кешкен жайлар оралып, соған қоса тұла бойын туған елге деген сағыныш сезімі билейтін. Реніш - өкпе, өткенге өкініш, ызамен сағыныш тоғысып кеп, жыр боп ағатын.


Ал бүгін жыр туар емес — бүгін жанын жегідей жеген сары уайым мен сыздаған сағыныш қана бар. Таңертең ханға жолыққан соң, одан базардағы оқиғадан кейін де сырт қарағандағы ер кеуде, илікпес кейпінен өзгермеп еді, енді бар дүниеге селқос қарап, әбден қажыған - талған сыңай байқатады. Оның бір күннің ішінде соншалық жүдеп кеткенінен шошынған Балабек:


— Басың ауырмай ма? — деп сұрады қала дарбазасына жақындағанда. — Ыстыққа үйренбегендікі ғой...


Алда, шаңға көміліп, бір табын сиыр кетіп барады. Отын артқан арба тарсылы естіледі, бірлі-жарым жолаушы көрінеді.


— Ат арыса ауыстырып мінеміз, ал өзіміз өлгеннен кейін бір-ақ тынығармыз, — деді Махамбет көңілсіз үнмен. — Дарияға бекер барған екенбіз. Бұ жақтың өзені де Жайық сияқты емес, Еділге де ұқсамайды. Арабтар бостан-бос Жейқұн атамаған - ау. Суы лай, ағысы жыландай зұлым, сайқал. Палуанға бару керек...


Палуан деп тұрғаны Хиуаның қасиетті иесі Махмұд палуанның мазары. Қатты бір қамыққан кезде немесе шер тарқатып, сабасына түскісі келгенде Махамбет сонда баратын. Қалаға қарағанда шуы аз, тыныш болғандықтан емес. Онда күллі Орта Азияның кедей-кепшігі жиналатын. Жол шаңын қағып, құдық басында дәрет алғаннан кейін жұрт қойындарынан таза шалмаларын шығарып, аяқ киімдерін мазар керегесінен анадайда қалдыратын да, дірілдеп - қалтырап табалдырықтан аттайтын.


Қайыр-садақа тастайтын ыдысқа тиын-тебендерін тастап тұрып, жұрт Махмұд әулиенің басында құдайға ақырын ғана тілек айтып, құлшылық етеді. Жақында ғана тұрғызылғанымен киелі жер атанып үлгірген мазардың әдемі өрнек - нақышына мәрмәрдан қашалған торкөз керегелеріне, құпия жазулары мен көз жауын алатын көгілдір бояуына аңырая қарады.


Күнәмді кеш деп алласына жалбарыну үшін, жан жарасы мен тән азабына тигізер бір шипасы бола ма деп, жолшыбай тоналып, кездейсоқ қатерге ұшырап қалатындарына қарамастан, алыстағы ауылдар мен жақындағы қыстақтардан зират еткен сан халық осында ағылады да жатады. Орта Азияда енді киелі үш орын бар: біреуі — қазақ жерінде, Түркістандағы Ахмет ақынның мазары, екіншісі — Самарқанда, Шаһ-и-зиндағы қасиетті құдық, ал үшіншісі — мынау Хиуадағы имамдар Әли пайғамбардың өз баласы деп атайтын Махмұдтың мазары. Шынында ол тері илеушінің баласы еді, Хиуаның ескі қақпасының түбінде 1247 жылы дүниеге келген болатын.


Қажыға келгендер мазар алдында жатқан үлкен тастың шұңқыр - шұңқырына таңғажайып таңырқай қарайды, өйткені олар бұны Махмұд әулиенің саусақтарының ізі деп ойлайды. Әулиелігін былай қойғанда күші қандай еді жарықтықтың деседі. Тасты балшықтай илейді екен. Ал бәрінен де жұрт мазардың түрлі-түсті жалтырауық қыштан өрген күмбезіндегі, жасыл тастан қашаған құлпытасындағы және мәрмәр керегесіндегі неше түрлі ою-өрнек пен сыр-бояуларға, жазу-сызуларға тамсана үңіледі. Дінбасылары, Түркістандағы құл - ақынның басына екі түнеу немесе Шаһ-и-зиндағы қасиетті құдыққа үш рет құлшылық ету Меккеге қажы болып барып қайтқанмен барабар деп қанша үгіттесе де, ел осы жаңа әулиеге көбірек келетін боп барады. Мазардағы жазулар басқа киелі орындардағы сияқты құранның сүресінен емес, Махмұдтың парсы тілдегі өз өлеңдерінен алынған сөздер екенін зиратшы халық біле бермейді.


Өлең мәнін ұғатындар азшылық, бірақ олардың ешқайсысы да өз білгенін дауыстап сыртқа шығармайды. Өйткені Махмұд ақын алдиярлардың ақымақтығы мен жебірлігін мазақтайды, құдайға тіл тигізіп, оның жердегі уәзірлерін күлкі қылады:


Барғанша қажы әп - жылан еді қожекең,


Айдаһар бопты орала салып сапардан,


деп тәржіме етті Мүнис бір өлеңді Махамбетке.


Ақымақтың сөзін тыңдап, отырғанша былжырап,


Теңіз кешіп, жұлдыз сана одан - дағы қалжырап...


— Күмбездегі жазудың мағынасы осындай екен. Махамбет содан бері Махмұдтың өзіне де, сөзіне де қызығатын болды.


— Ол жендеттерді күлкісімен жер қылушы еді, — дейтін Мүнис. — Көзі тірісінде оны Ғиратта да, Хиуада да талай рет кісендеді ғой. Шаһ жендеттерінен қашып жүрсе де, Хиуада оны жыға алатын жан жоқ еді. Үндістанда ең күшті адам атанса, Ғиратта ақындығымен даңқы шықты. Өзі көз жұмғалы бері өткен ғасырлар оны әулие атандырды. Шаһид - мазарды 24салдырған да сол. Хиуаның іргесіндегі жапан далада тұрған мазарды көрдің ғой. Елі үшін өлген ерлер сонда қойылған. Халқының сүйген ұлы еді-ау, сабаз! Мұхаммет Рахым падишаһ бекерден-бекер оның әруағына сыйынбаса керек. «Әулие» ақынға арнаған мазарды соның бұйрығы бойынша тұрғыза бастап еді, Аллақұлдың тұсында әрең бітірді де. Қайыршылар да, зиратшылар да, қожа-молдалар да — бәрі де риза. Мұсылман байғұсқа құлшылық қылар жер керек, ал имамдар мен қожаларға алым төлер ел керек. Аңқау елге — арамза молда деген осы да.


Махамбет пен Мүнис мазар артындағы ауланың түкпірінде бітісе өскен биік шынарлардың көлеңкесінде жиі-жиі жолығып тұратын.


Шынардың дәл түбінде көк жақұттай жарқыраған салқын сулы қауыз 25бар. Аулаға да су шашқан, мұнтаздай таза. Мазардың қалың қабырғалары мен биік дуал көше шуын мұнда өткізбейді. Отағасы Махамбетті иіліп қарсы алатын да, қауыздың жанындағы айбанға апарып, астына көпшік төсеп отырғызатын. Тас төбеден жүзім шоқтары салбырап тұрады. Тып - тыныш, салқын жерде мәслихаттары жарасып, әңгіме туындай береді...


Мүнистің келуін тосқан Махамбетке үй иесі әр кез иісі аңқыған хорезм қауынын әкеп тіліп, алдына шербет пен шарап қоятын. Мүнис - мұраптың Хорезм жері жайлы әңгімесін, Мүнис - ақынның Хафиз бен Атаи жырлары туралы толғауын, Мүнис-тарихшының Түркістандағы қазақтардың мазаратында қаншама батыр мен философ жатқандығы туралы хикаясын Махамбет осы жерде естіген. Адай жігіттерінің Хиуа хандарымен ұзақ соғысы жөніндегі аңыз-әңгімелерді де ол Мүнистен білген...


Мүпнс пен Махамбет ұзақ сұхбаттасатын. Бұл жерге Аллақұлдың алаяқтары келмейді, кедергі болар жан жоқ...


ІІІапаныңды шаң басып, атыңның іші қабысып кетіпті. Шапқылағасыңдар - ау тегі. Тыныштық па, әйтеуір? — деп жылы шыраймен қарсы алды Мүнис Махамбет пен Балабекті.


Дария жағасынан келеміз, — деді Махамбет.


Оу, әлгі тұтқын қыздарың қайда?..


Махамбет түсініңкіремей, Мүниске таңдана қарады.


Хан бағындағышы — ауған қызын айтам. Таңертең екеуіңді алдиярдың сарайынан шығарып салған едім ғой, — деп күлді Мүнис. Сонда ғана Махамбеттің есіне Нұрбал түсті.


— Түу, күн қандай ұзақ еді. Таусылмай қойды ғой, тегі!..


— Иә, бұл күн саған жеңіл болмады, досым. Қой, сары уайымға салынып, босқа нали бермелік. Жүріңдер, жыр бұлағына баралық, — деді Мүнис достары сусындаған соң.


...Балабек аттарды Төкеге алып кетті. Махамбет пен Мүнис бишілер тұратын мәхәллаға бет алды.


— Жаңылмасам, қазақта: «Жебең жетпесе, семсеріңді сілтеме» деген мақал болса керек, — деді Мүнис тырс еткен тірі жан жоқ тар көшеге шыққан соң, шалмасының ұшын арқасына тастап. Кештің қызыл арайы қайтып, аспанда суық ызғарлы жұлдыздар жылтырай бастапты. Күз келіп қалғаны ғой.


Көшеде арба сықырлады. Арбакеш жігіт апарып тастамақ болып, бұларға бұрылмақшы еді. Мүнис керегі жоқ дегендей ишарат жасады.


— Айта бер, Мүнис. Сөзіңді аяқтамадың ғой, — деді Махамбет.


— Еншалла, жебеге де, қылышқа да зәру болар күнің әлі алда. Сондықтан өзіңді ашуға жеңдіре бермей, сабыр сақта, қару сайла.


— Ашу ақылға әмсе бағына бермейді, — деді Махамбет, Мүнистің құл сататын базардағы әлгі бір жөнсіз қақтығысты меңзеп тұрғанын енді ғана түсініп.


— Сонда да ашудан ақыл артық...


— Бірақ шынайы сезім адамға бағынышты емес, ал көнбістікке құлдар ғана үйренгені — деді Махамбет.


— Біздің бәріміз де құлмыз, — деп басын қамыға шайқады Мүнис. — Бәріміздің де өміріміз — азап. Ананың ғана бағы бар! — Мүнис сонадайда үстіндегі сылдырмақтарын сылдыратып, әлде бір аятты әндете, арқасын дуалға үйкелеп тұрған қаңғыбас дәруішті нұсқады. Сол тұрған жерінде өрім - өрімі шыққан ескі-құсқы бірдеңелерді жайып, жатуға дайындалған сыңайы бар.


— Біз екеуміз жыр бұлағына, шарап ішіп, би көруге кетіп барамыз, ал мына байғұс сол шаңға аунаған күйі қалады, — деді Махамбет.


— Сонда да ол бізден гөрі бақытты. Құдайдың құдіретіне кәміл сенеді. Көңілі көншір тыныштықты кезбеліктен тапқан. Қара басы, қайда барам, не істеймін десе де, ерік өзінде. Ал сенші? Сен өз бостандығыңа сенесің бе? Әйтпесе халқыңа бостандық әпере аламысың?.. Бұ жалғаннан Рудаки де, һайям да, Фирдоуси де өткен, бірақ олардың ешқайсысы да қолға қылыш ұстамаған... Қылыштың аты қылыш қой. Бір қолда бір-ақ қылыш болады. Ал алдиярлар қаншама? Олар мың - мың сам ғой, досым...


— Салыстырам деп мені тым асыра мақтап жібердің, Мүнис! Мен Рудаки де, Фирдоуси де емеспін, қырдың кәдуелгі кінаратсыз қарағашымын. Қарағаш қырдан кетпейді. Суы жоқ шөлмен, аяусыз күнмен тайталасып өсе береді. Сондықтан да ол су жағасын жайлайтын ақтеректей нәзік болмайды. Өмірім менің шайқаста өтеді, өлімімді де аттан түспей, ер үстінде жүріп қарсы алармын. Сондықтан сөзіңді босқа шығындамай-ақ қой...


— Иә, мен Хиуаны, оның бау-бақшаларын суға қандыруды аңсаған мұрап болсам, сен басқаны армандаған ақынсын,. Сенің жырың да раушан гүлінің жұпар иісінен ада. Өлеңіңнен қақтығысқан қылыштың шыңылы, көп тұяқтық дүсірі естіледі, жусан иісі еседі. Ондай өлең-жыр Шығысқа жат...


— Шығыс үлкен ғой, Мүнис. Ал раушан падишаһылардың сарайында ғана гүлдейді. Оны құлдар өсірсе де, қызығын басқалар көреді. Күллі дала, құлдар мен батырлардың, барша жолы жусан иісіне бөленген. Сайрам үшін, Отырар мен Сығанақ үшін болған шайқастан кейін жеңіліс тапқан наймандар мен қыпшақтар26 селдіреп қалған. Шыңғыс хан түмендерінің сапына қосылып, бөтен ел, бөтен жұртқа аттанғанда ер-тоқымдарының оқпанына раушан емес, жусан тығып жол тартқан. Онысы — жат жерде туған даланың жұпар иісін ұмытпайық дегендері ғой.


Жә, айтысты доғаралық, — деп Мүнис оның сөзін бөлді. Өкініші мол болса, еткенді еске алып керегі не. Дауды да қойалық, сенімсіздікті де қоялық! Келіп қалдық...


Олар биші қыздар тұратын көшеге шыққан еді. Әр үйдің табалдырығына шам қойылған. Сауда қатары тәрізді бәрі де ашық. Күндіз бұнда шынында да саудагерлер отырады. Қазірдің өзінде де кейбіреулерінде буы бұрқырап палау басылып жатыр, төселген ши үсті Хиуаның тәтті-дәмді тағамдарына сықап тұр.


Көше бойындағы үйлердің есіктері ашық. Іштерінен үлде мен бүлдеге оранып, жастық шынтақтаған немесе аяқтарын астына жасырып, шоқайып отырған биші қыздар көрінеді. Бұрыш-бұрышта қонақ күтіп қалғыған әнші-күйшілер.


Үйлері қос қабат екен. Одан да, бұдан да, астынан да, үстінен де ән естіледі. Әредікте көше бойымен түнгі күзет өтеді, кей жерлерде қожаларының атын баққан малайлар көрінеді...


Қап-қараңғы, айналма, тар баспалдақпен Мүнис Махамбетті екінші қабаттағы недәуір кең бөлмеге ертіп шықты.


Қабырға бойлай жұмарланған жастық қойылыпты, кілем жабылған енсіз тақта тұр. Бұларды жұқа жібек дамбал киген сұлу қарсы алды. Жанары жарқыраған, ботаның көзіндей балбұл жанады.


Мүнис, келдің бе әйтеуір, — деп бадам гүліндей ернін сәндене созып, жымиып қойды, бірақ отырған орнынан тұрады.


— Саған досымды ертіп келдім, Гүлжан, — деді Мүнис.


— Отырыңдар, жігіттер. Гүлжан, сен шарап құй! — деп бұйырды үй иесі — сары қарын бәйбіше.


— Ассалаумағалейкүм, Хиуаның құрметті саудагерлері! — деп сәлем берді Мүнис. көпшіктерге көлбей түсіп, шіреніп жатқан асыл киімді қос еркекке. Бас жақтарында шарап құйылған құмыра тұр, бұрқыратып хука тартып жатыр өздері.


— Әй, мұрап. Сөзін бөліп жібердің. Кел тезірек, отыр, Гүлжанның ертегін тыңдайық! — деді егделеуі.


— Танысыңдар, мына кісі Махамбет деген қазақ ақыны, — дейді Мүнис.


Саудагерлер бастарын әрең изеп жауап қайтарды.


Ақындар жыр құмар жандар ғой, ертегіңді ертеңге дейін қоя тұр, Гүлжанжан! — деді де, жасырақ саудагер қыздың алдына бір уыс күміс тастады.


Даңғыраның дабылды үні дүрілдей жөнелді. Жан-тәнімен беріле ойнаған даңғырашы жігіт екі көзін тарс жұмып алыпты. Дутар мен чанг тыңқылдай бастады. Даңғыра енді саябырлап, саз ырғағына қарай қосыла соғып тұр. Хиуа аспанында сызылған тұнық әуен тамылжыды.


Гүлжан орнынан тұрды. Әдейі жұрт қызықсын деп, алла өз қолымен мүсіндегендей әдемі екен. Табан астында жатқан тиындарды жалаңаяғымен басып кеп, құмыраны алды да, жас шыбықтай иіліп, Мүнис пен Махамбеттің, ыдыстарын толтырып қойды. Сонан соң аяғына қоңыраулы сақиналарын салды да, әсем қимылмен бұрымдарын арқасына тастай беріп, дөңгелене жөнелді...


— Уә-ә-һ-һа! — деді жас саудагер шыдай алмай.


Сүйгеніме жолыққанша оңаша


Зуһрадай жанып барам алаулап...


Қыз даусының тазалығы мен ән сазының ғажаптығы Maхамбеттің есін алғандай, бәрін де ұмытып отыр.


Қоңыраулардың нәзік шылдыры чанг даусына ұласады, чанг пен дутар үні Гүлжанның әніне қосыла шығады. Мына бөлме сол әннің толқынына көмілген. Махамбет көзін бір нүктеден аудармай, мелшиіп отыр.


Құмартасың құпияға, үңілесін, дүниенің сырына,


Білсем дейсің, қансам дейсің қызық - жұмбақ жырына.


Түн ұйқыңды төрт бөлмеші соның үшін, жан досым,


Бастан ғалам санаспапты, алмапты ғой қырына.


Бұны айтқан Мүннс еді.


— Әй, ақылгөй, аузыңды жап! Бұлбүл сайрағанда қарға қарқылдамас болар! — деді кәрі саудагер.


— Рас айтасың, сыйлы кісі. Сондықтан да аузыңды ашпа, — деді Мүнис сабырмен.


— Айтыла түссін өлең-жыр, — деді Гүлжан билеп жүріп...


Әулие деп атапсыңдар. Артықтау - ау соларың,


Ағайындар, құдай куә, дұрыс емес оларың.


Болмақ түгіл бөтен жұртқа көріпкел


Біле алмадым өзімнің де қайда барып құларым...


— Сен де рас айтасың, мұрап, — деп қарқылдай күлді жас саудагер. — Бар, жолыңнан қалма. Күшіген қанша күшенсе де қыран бола алмайды, топ сұңқарға тазқара ере алмайды.


— Оу, алла, естимісің? — деп Мүнис басын ұстады, — Хауаның саудагерлері һайямды жеңді. Бүгін қабірінде бір аунап түсер...


Жеңсек не, ұлы Омарды емес, сені жеңдік, — деп қояр емес жас саудагер.


Ал менің айтқаным соның өлеңі ғой... Қу түлкі, — деп саудагер кілемге теңге шашты. — Міне, жеңісіңнің ақысы. Мойындаймын жеңілгенімді.


Түсінікті еді мүләйімси қалуы. Мұнысы — бәріміз де жұмған аузымызды ашпалық дегені. Өйткені һайям мен Хафиздың өлеңдерін білмейтін адам надан деп есептеледі де, Хиуа бишілерінің үйіне бас сұға алмайды.


Бұнда да Персиядағы сияқты қалаған жанның, — мейлі сақал-мұрты әлі тебіндемеген бозбала болсын, — кімнің де келуіне болады. Тек қай-қайсысы болса да бір нәрсені — мұнда ән жыр патшалық құратынын білуге тиіс. Өзің өлең шығармаған күнде басқаның өлең-жырын білуің парыз. Мұнда әйелдер пәрәнжесіз жүреді, тақпақтар да тараңдық көрмейді. Шығыстың талай-талай ұлы ақындары мен әнші - бишілерінің осындай мәхәлләлардан басталған...


Поэзия мен әйелдер үстемдік құрады бұнда.


... Гүлжан тағы бір биді қалықтатып әкетті. Шарап құйған құмыралар бірінен кейін бірі босап, масайған саудагерлер биші қыздың алақаны тиген сайын бір теңгеден төлеп отыр. Гүлжан үнсіз дөңгеленіп, сызыла билеп жүр...


Махамбет қылышын тастап, шекпенінің омырауын ағытты. Көз алдына біресе өр кеуде, асау мінез, нәпсіқұмар Фатима ханым, біресе бұрымын дулығасының астына түйіп ап, сар жазықта қатар жортқан Мақпал келеді... Тамылжыған ән мен былқылдаған Гүлжан да есін алғандай:


Ақ сұңқар, аспан гүлін тұтқан сұңқар,


Ұяңды сайға салма — нелер сұм бар!


Не болған, отырсың ғой былқ етпестен


Ысқырып, шақырса да аспанда іңкәр?..


Махамбет шыдай алмай, іліп әкетті:


Ғашықпын, ғашықтарға жалын берем шырақтан


Шыққанға қорықпастан жаным берем пырақтай...


Гүлжан да қайта қосыла жөнелді:


Жараланған жан-жүрегім от пен суға малынып,


Құса болдым өштім-өлдім, бір көруге зарығып, шырақтай...


Бұлардың айтысына Мүнис енді асығыс араласты:


Көрмей сені өткен күнім түн-түнектен қараңғы,


Біттім жанып, болдым ғаріп, қызғанам деп қарақты-ай!..


Махамбет байыппен тесіліп, Мүниске көз жіберді. Әдеттегі сабырлылығынан сайтан да қалмапты. Өлеңге өзінін, барша сезімін, Гүлжанға деген сүйіспеншілігі мен ынтызарлығын қосып отырған сыңай танытады. Ал қыздың жалтылдаған жалынды жанары ешкімге тоқтар емес, әнге мейлінше елтіп, қызынып алған. Жан-тәнімен беріліп, балқып отыр... Әбден сілесі қатқан саудагер:


— Уа-а-аһ! — - деп еңіреп жіберді, қатты риза екенін білдіре, қыздың аяғын құшпақ боп қарманып. Егделеуі қорылдап ұйықтап кеткен болатын, ашулы Мүнис оның бетін жастықпен жаба салды. Үй иесі әйел жерде шашылып жатқан теңгелерді байқатпай теріп ала бастады. Өз өнерлеріне өздері елтіген күйшілер Гүлжанмен бірге аһлап-үһлеп, күрсініп отыр. Мүнис сөніп қалғам хуканы сормақ болып аузына тарта берді де, қайта лақтырып жіберді. Темекісі төгіліп қалды.


... Саз толастады. Гүлжан биін аяқтай бере жердегі соңғы теңгелерді теріп алды да, үй иесі әйелге тастады. Өзі бұрынғы орнына барып отырды. Жасаураған, жабырқаулы жанарын ақындарға қамыға қадап тынып қалды.


Махамбет дереу иығынан шекпенін шешіп, қыздың аяқ астына апарып төседі. Мүнис тырсиған бір дорба теңге тастады алдына. Гүлжан күлімсіреп қойды да, жердегі шекпені алып, Махамбеттің иығына жапты. Теңге салған дорбаны Мүнистің өзіне қайырып берді.


— Хиуаның саудагерлері қолда ғой... — деп саңқылдай күлді Гүлжан. — Ақындар бізге бауыр болады. Қазынаңды игі істерге сақтағын. Мүнис, — қыз енді Махамбетке бұрылды, — ал сіздің шекпеніңіз, жігітім, маған шақ келе қоймас...


Мүнис үндемеді, сосын дорбаны жұлып алды да, терезеден сыртқа атып жіберді. Үй иесі әйел шар ете түсті, күйшілер далаға қарай жүгірді. Баспалдақ үсті опыр-топыр болып, әлдекімнің айқайы естілді. Сонша болмады — музыкантта қайта оралып, соңдарынан миршабтар қуа кірді.


— Алдиярдың атымен! Орындарыңнан қозғалмаңдар Біз падишаһының қашқын құлдарын іздеп жүрміз... — деп миршабтар бұларды бастан-аяқ қарап өтті де, келесі бөлмеге ауысты. Күйшілер тағы да есікке қарай ұмтылып еді, енді алдарынан Жантас кесе көлденең кеп қалды.


— Тоса-тоса атыңның белі талды, Махамбет, — деді ол оспақтап жатпай, тіке кетіп.


— Жүре бер, досым. Мен таң атқанша осында болам,- деді Мүнис.


— Бізді ұмытпаңыз, — деп Гүлжан да қол бұлғады.


— Балабек айтты: қалада торуыл бар дейді. Бір ұрыларды ұстамақ көрінеді, — деп түсіндірді Жантас. — Ал ертең сені Амударияның жағасындағы қамыс ішінде Сүйінқара күтеді...


Жантастың қабағы қату, әлде неге ашулы. Махамбет оның алдында өзін күнәкар сезініп, қысылып қалды.


— Босқа әуре болғансың ғой, Жантас.


Жігіттерге ойын-сауық емес, қимыл керек, Махамбет! Ақын үндемеді. Жантастың сөзі жөн-ақ.


... Атын Төкеге тастады да, есікті жұлқи ашты. Ауған қызы таңертеңгідей басына пәрәнжі жамылған қалпы, шырағдан түбінде отыр екен. Сол бетін ашпаған күйі тамақ әкеп берді.


Пәрәнжісін жұлып алып еді, шошығанынан шоршып түсіп, бұрышқа барып тығылды.


— Ағат кеттім білем, айыбың менен, ғафу ет, Нұрбал, — деп шекпенін былай тастады да, аулаға шығып, біраз жүрді. Сосын қайтып келіп, Нұрбалды төргі бөлмеге кіргізді де, өзі киіз үйде отырып қалды.


Түні бойы кірпік ілген жоқ. Біресе базардағы кәрі ананың жоқтауы есіне түседі, біресе көз алдына Гүлжан мен Нұрбал келеді... Таң қылаң берген кезде ғана көзі ілініп кеткен екен, әлдекімнің жұмсақ алақанынан оянып кетті. Көзін ашса, алдында Нұрбал отыр екен. Сан-сапалақ оқиғаға толы, ұшығы жоқтай таусылмай қойған беймаза, ұзақты күннен кейінгі бұл екеуінің бірігіп өткерген алғашқы түні осылай тәмамдалды.


* * *


... Махамбет екі қолын шалқалай жазып жіберіп, түсінде әлденеге күлімсіреп, шалықтаған жас баладай жымиып жатқан Нұрбалға қызыға қарап көп отырды...


Сосын қолын Нұрбалдың басының астынан ептеп суырып алды да, ақырын орнынан тұрып, қыз үстіне шапан жапты. Кенет оған Нұрбалдың орнында Мақпал жатқандай көрініп кетті. Бейне өз қара шаңырағынан шыққан түтіннің иісі мұрнын жарып, атын атап шақырған сүйкімді таныс дауыс құлағына келгендей болды.


— Жігіттерге ойын - сауық емес, қимыл керек!


Жантас осылай деді - ау. Ол есікті қымтай жауып, аулаға шықты. Әлі ерте екен, таңғы салқын дене тітіркендіреді. Ақжал ат Махамбетті көріп оқыранып қойды. Төке әлі тұрмаған сияқты, аулада көрінбейді. Махамбет керегеде ілулі тұрған көнекпен құдықтан су алып, атқа апарды.


— Суғаруға әлі ерте, жем жей тұрсын! — деді сыбысын сездірмей шыға келген Төке аяқ астынан. — Жігіттер тұрғалы қашан. Бәрі де қаннен-қаперсіз қарын сипап жата беруден жалықса керек, ұйқыдан жарылар болдық, деседі.


Ақын жасырын жолмен көрші үйдегі достарына барды.


...Белуарларына дейін жалаңаштанған жігіттер суық суға жуынып болып, қолдарына қалқан, қылыш алды. Қатарласа тұра қалысып, жаттығуға кірісіп те кетті.


Сырттан қараған кісіге бұл аулада нағыз шайқас басталғандай көрінер еді. Жалаң қылыш ұстаған жігіттердің бірін-бірі аяусыз соғатыны сондай — қалқандары жаңғырығып, алмас жүзді семсерлер жарқ-жұрқ от шашады. Біресе анасы, біресе мынасы «дұшпан» тегеурініне шыдамай, шегіншектеп барып, қайтадан қапысын тауып, алға қарай атылады.


Жігіттердің біреуі қолына ұзын сырғауыл алды. Ұшындағы шеңберге көн теріні керіп тастаған екен. Жігіт қырық адым ұзап барып тоқтады да, сырғауылды жоғары көтеріп, ары-бері көлбеңдете бастады. Садақшылар да мерген екен. Қарауылға қап жебе қадалды.


Содан кейін күрес басталды. Бетпе-бет сап түзеген жігіттер Балабек белгі берісімен алыса кетті.


Біріне-бірі жай оғындай жылдам қимылмен тап-тап берігі, ес жиғызбай жер қаптырып жатыр. Кей-кейде қарсыласы алдамшы қимылмен жалт беріп кетіп, ұмтылғанның өзін омақастырады.


Ноян өзгелерден оқшау тұр. Бұтында күміс зермен өрнектеп, құлын терісінен тіккен жарғақ шалбары бар. Махамбет біледі, бұл Жантастың жиын-тойға, жорыққа шығардағы бір киер дүниесі. Жайсақ жігіт бұл киімді Жәңгір ханның Жасқұстағы қамалында өткізілетін салтанатты шерулер мен бәйгеге киіп шығушы еді. Енді міне кеше ғана тұтқыннан босатылған Ноянға басы бүтін берген сияқты. Екеуі достасып үлгерген - ау, тегі, қазір де жұптарын жазбай, қатар тұр.


— Әй, сен неғып тұрсың? Қампайған қарныңа мәзбісің?! Қой оныңды, Ноян шырақ, кел бері. Көрсет маған қолыңнан не келетінін! — деді Балабек көңілді дауыспен.


Жұрт назары жаңа жігітке ауды. Кеше базардан әкелгенде ол арық та әлсіз көрінген еді. Ал енді ұйқысын қандырып, тынығып алғаннан кейін мүлде басқаша көрінеді. Бойы биіктеп, тұлғасы сомданып, бұлшық еттері қатайып кеткен тәрізді.


— Кел енді! — деп Балабек алақанын ысқылай түсті. Екі иығына екі кісі мінгендей, үлкен - ақ.


Жасы үлкен екен деп сескенбе, қос жауырынын қатар тигізіп жерге. Өкпелемейді. Күш атасын танымас деген...


Ноян үн шығармастан екі қолын арбайта жайып жіберіп, басын тұқыртып ап, Балабекке жақындай берді. Қарсыласына қадала қарап, көзімен ішіп-жеп барады. Ширығып тұрған Балабек оған аяқ астынан атылғанымен шынтағынан ұстай алмай қалды. Жалт беріп сытылып кеткен Ноян ә дегенше ту сыртына шықты да, Балабекті белінен көтеріп алып, ес жиғызбастан лақтырып жіберді.


Абырой болғанда, Балабек жерге жауырынымен түспеді. Жығылған күйінде басып қалмақ боп ұмтылған Нояннан әрең - әрең босанып, орнынан тұрды. Екі көзі қып-қызыл боп шатынап, қабағы қатулана түйіліп қапты. Екі иінінен дем алып, Ноянның әр қимылын бағып тұр. Ал анау болса Балабекке бейне бір аюмен қоян-қолтық алысуға шыққан аңшыдай боп жақындап келеді. Екеуі де жора - жолдастарының қалжыңдасып, дем берген дауыстарын естір емес...


Мынау ойынға Махамбет те қызыға қарап тұр. Біресе анау, біресе мынау жығатын сияқты көрінгенімен шынтуайттап келгенде біріне-бірі алғызар емес. Оларды айнала қоршап алған жігіттер гу-гу етеді:


— Өй, саған не көрінген, Балабек?! Жерге қаратпа бізді!


— Ноян, тайсалма!


Күрестің қызығына түскен жұрт есік алдында күзетте тұрған жігіттің қақпаны ашқанын да, қасында оншақты сараны бар, өзі құла қасқа айғырға мінген Қайыпғали сұлтанның аулаға кіргенін де байқаған жоқ.


— Уа, күш молайсын, жігіттер!


Бәрі де сұлтанға бұрылды. Бірақ ешкім үн қатпады. — Сәлем беруді ұмытқаннан саумысыңдар өздерің? — деді Қайыпғали.


— Ниетің түзік боса, аттан түс, мырза, терлет, — деді Жантас.


— Байқаймын, кісі сыйлау дегенді мүлде қойғансыңдар ау... Туған елді көре алмай, әбден торығып, жадап-жүдеген екенсіңдер, түге. Е-е, жат жер жайлы болған ба! Жат елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан болғаның артық деген ғой.


Қайыпғали ырсылдап атынан түсіп, шылбырын жасауыл жігітке ұстата берді де, Махамбетке қол ұсынды. — Кеше Аллақұлдың сарайында сөзің нығызырақ сияқты еді ғой, — деді ақын оның сәлемін алып жатып — Сені мұнда сұлтан емес, хан деп атайтын көрінеді. Ханның тағдыр тәлкегіне назаланғаны жарамас.


— Ол әуелі Жайықта қырылған боздақтардың қаны мен жетім-жесірдің тағдыры үшін жауап берсін, — деді Жантас шыдамай. — Қалың елді атаман Донсковтың алдына қойдай айдап апарып, қырғынға ұшыратты да, өзі тайып тұрды. Енді кеп Аллақұлдың табанын жалап жүргені мынау...


— Әй, жігіт, осы сен Жәңгірде жүзбасы болып, қалын, елді қан қақсатқаныңды ұмытқанбысың? Жұртымды құтқарып, Сары арқаның кең жазирасына өткізбек болғаным үшін кінәлай алмайсың. Бұ заманда күштің бетін күш қайырмақ. Атаман Донсков бұ жолы қапымды тауып, алдап соғып, жер қаптырып масқаралап кеткенін бетіме салық ете берме, тарта сөйле қыршаңқы тіліңді! — деп Қайыпғали жасы үлкендігін сездіріп, сыздана сөйлеп тұр Қолындағы күмістеген қамшысының сабымен сақтиян былғарыдан тігілген саптама етігінің қонышындағы шаңды қағып, иығындағы алтынмен зерлеген көгілдір шекпенін түзеп қойды. — Сендердің бірбеткей өркөкіректіктерін, болмағанда бүгін Хиуада қаңғырып жүрмес едік. Аллақұлдың алдына қара бастың қамын ойлап келгенім жоқ. Жібі жоқ инеден без деген. Қолда қару, соңда сарбаз болмаса, бізден не пайда. Батыл болса да батыр бола алмас бұзақылар дүниеде толып жатыр. Одан да іс жайын ойластыралық. Үлкен жорықта албырттық пен қызбалықтан келер пайда шамалы... Мен саған келдім, Махамбет! Сөзім бар...


— Жігіттер, дастарқан қамдаңдар, — деді де Махамбет сұлтанмен бірге үйге кірді. Таза сыпырылған жер еденде кереге жағалай үстеріне жыртық киіз жабылған ағаш сәкілер тұр. Бас жақтарында көнетоз шапандар, кіреуке - сауыт, дулыға, ер-тоқым көрінеді. Қанша жігіт жататынын ер-тұрман санына қарап білуге болатын.


— Ыбрайбектің «сарайы» ғой, — деді Махамбет, сұлтанның үнсіз сұрағына жауап қатып. — Байбақты руынан, Сырым батырдың жасағында болған, Хиуаға да батырмен бірге келген.


Махамбеттің есіне енді түсті. Сырым батыр кезінде Қайыпғалидің әкесі Есім ханды өз қолымен өлтірген, ал Қаратай сұлтанның жансыздары Сырымды осында, Хиуада у беріп құртқан еді ғой. Ал Қаратай болса Қайыпғалидің ағасы...


— Иә, опасыздар Сырымның түбіне осы жерде жетті. Ол да Байбақтыдан еді ғой. Сонымен, ЬІбырайбек иесіз қалдырмаған екен ғой батырдың ісін. О, еркенің ессін, көсегең көгергір азамат. Нар жолында жүк қалмас деген осы-ay! Апыр-ау, ру арасындағы тартыста қаншама арысымыз құрбан болмады... Сырымның әкемді өлтіргені рас, бірақ ол қалың қазаққа қандай қадірлі болса, маған да сондай. Жә, өзім де енді бірге туған бауырым Жәңгірге қылыш көтеріп қарсы шыққаным жоқ па... — деп сұлтан Махамбеттің ойын сезіп қойғандай ақтала сөйледі. — Есіңде ме, екеуміздің Петрборда болғанымыз? Сонда патшаға қарсы семсер сілтеген орыс офицерлері де қарадан шыққандар емес еді ғой... Айтса да, Ыбырайбек немен күнелтеді екен? — сұлтан кенет әңгіме төркінін басқаға аударып жіберді.


— Алақандай жері, оншақты түйесі бар, — деді Махамбет. — Күні бүгінге дейін Сырымның сүйегін іздейді екен. Түркістандағы ұлы мазаратқа апарып қоймақ көрінеді.


— Еншалла, өзің жар бола көр жалғызға, көмек берер адам табылатынына сенімім кәміл. Сырым сүйегі қазақ үшін қасиетті тәбәріктей ғой. Ардақты Әбілқайырды да осында, Хиуада улап өлтірген болатын... — деді Қайыпғали.


- — Иә, хан әулеті аз болмағаны хақ.


— Рас айтасың, Махамбет. Хан болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Басы билікке жетсе, көп жұрттың көзін шел қаптап, кешегі күнін ұмыта бастайды. Ел басқару естияр ердің ғана қолынан келмек. Менің Жәңгірге қарсы шығып отырғаным да содан. Халқыма деген сенімімнің қаншалық пәк екеніне, халық жарасы менің жаныма қандай бататынына бір алланың өзі куә. Арманым — Жәңгірді есік алдындағы құлақ кесті құлым етіп, қазақтың барша руының басын біріктіру, сөйтіп өзіңдей ақын азаматтардың қанатын қомдап...


— Еділден Алтайға дейінгі иен далада ақын атының аяғына тұсау салған күн бар ма еді, тәйірі, — деп Махамбет сұлтанның сөзін бөліп жіберді.


Бөлмеге жігіттер кірді. Екеуі ішіне шүпілдетіп қымыран құйған дәу тегенені көтеріп әкеп қойды. Төке мен Ыбырайбек те келіп отырды.


— Ассалаумағалейкүм, Ыбырай ата! — деп Махамбет орнынан тұрып сәлем берді, — Қайдан жүрсіз? Танысып қойыңыз: мына жігіт Есім ханның баласы Қайыпғали сұлтан болады.


— Көріп отырмын. Осы үйдің табалдырығын аттаған екен, енді қонақ болсын, — деді шал сабыр сақтап. Сұлтан Махамбетке қарап қойды.


— Айта бер, — деді ақын, — достарымнан жасырар сырым жоқ.


— Күйеу балам, Аллақұл падишаһ, маған бір жарым мың жалан, қылыш әскер берді. Келіссеңдер, сендердің әрқайсыңды жеке-жеке сардар етемін соларға.


— Сонда мені де сардар қылмақпысың, сұлтан? — деді Ыбырайбек сәкіге жайғасып отырып жатып.


Ноян қолына ұзын сапты, жұмыр бас ожауды алып, қымранды араластырып сапыруға кірісті. Ағаш аяқтар әкелінді. Ноян шүпілдетіп толтыра-толтыра құйды.


— Ал енді Аллақұлға нөкерлері үшін не бермек болдың? Күйеу баланың қайын ата ретіндегі сый - сыйпаты ма әлде? — деді Ыбырайбек тамағын кенеп.


— Қызымның естиярлығы кейбір есірік еркектен артын түскеніне қуанбасам ренжімеймін. Хиуаның ханымен көңіл қосса, ханым атанайын деп емес, Жәңгірге қарсы күресте туған елге тигізген пайдам болсын, деп барды. — Сұлтан орнынан тұрды да, есікке беттеді. Дастарқан шетінде тұрған шараны ақтарып кете жаздады. — Уай, жігіттер, жетті емес пе осы сандалғандарын, да?! Қылышқа жүгінер күн туған жоқ па әлдеқашан! Көкірек кере берген саған жараспайды, Махамбет. Кімге керек ондай жалған намыс?! Бар, Аллақұлдың алдына, игін басыңды, бергін антыңды, айнымаймын де, сонда Бөкей ордасына, Жәңгірге қарсы жорығымызды бастаймыз. Айтпағым осы еді...


Сұлтан шығып кетті. Ешкім үн қатпады, жым-жырт тыныштық. Қайыпғалидің атына мініп, қасына ерген нөкерлерімен бірге ауладан аттанып кеткен дыбысы анық естілді.


Махамбетте үн жоқ. Ноян айналасына сұраулы пішінмен жалтақ-жалтақ қарайды. Ол сұлтанды білмейтін, бірақ Хиуа ханының мынау Қайыпғалидің қасына түрікпен нөкерлерін қосып бергенінен сезіктеніп отыр. Ал екінші жағынан, жаңағы сұлтан да, мынау өз достары сияқты халық қамын әңгіме етіп, Жәңгір ханмен соғыс жәйін қозғады...


Үнсіздікті ақырында Махамбет бұзды:


— Қайтеміз, достар, мүмкін, шынында да уақыт жеткен шығар. Бәрін, де боссыңдар. Адал қызметтеріңе мың да бір рахмет. Қосылыңдар Қайбалаға. Ал мен оның соңынан ере алмаймын. Аллақұлдың алдына басымды иіп бара алман. Тұтқынына түскен аналар мен апа - қарындастардың азалы үні құлағымнан кетпек емес.


— Сырымның соңынан ерген жас кезімізде албырттық атты қызбалық бізді талай рет орға жыға жаздаған еді, — деді Ыбырай кәрия күрсініп қойып. — Асықпаған абзал. Аллақұлдан жиырма мың нөкер алса да, Қайыпғали бұл арадан сендерсіз қия баспайды. Қасына сендер ермесеңдер, оны Кіші жүздің бір руы да, бір атасы да қолдамайды. Халық өз үмітін Исатай сияқты, өзің сияқты батырларға артады, Махамбет ақын... Бұ заманда ел сеніміне ие болу қиынның қиыны, ал одан айырылып қалу тіптен оңай... Хиуаның қазақтары мен Тобы тұқымы мұнда қанша болсаңдар да сендерден ештеңе аямайды. Біздегі бардың әмбесі өздеріңдікі. Асықпаңдар, бола тұрыңдар әлі де. Жай-жапсарды жақсылап ойластырып, ақыл таразысына сап көріңдер де, келген кесіктен қайтпас болыңдар. Қаншама қанды шайқасты Сырыммен қатар жүріп өткізіп едім, енді мен де қартайдым, жігіттер. Жаужүрек сұлтан Қаратайды да өз көзімізбен көргенбіз, зұлымдығында шек жоқ еді-ау, шіркіннің! Соның жансыздары ғой Сырымды у беріп өлтірген. Сақ болыңдар, — Ыбырайбек біраз үнсіз отырып қалды. — Енді бізде не қалды дейсіңдер, тұр мынау, тұрпат мынау. Асарымызды асап, жасарымызды жасап дегендей, енді қолдан ақыл айту ғана келеді. Ал ол ақылдан келер пайда бар ма, жоқ па, ол жағы...


— Сізге өкпеміз жоқ, Ыбырай ата, рахмет. Бұндағы ел - жұрттың дәм-тұзына да ризамыз. Тек бүгінгі мәселені жігіттердің өздері шешсін, — деді Махамбет.


— Шешетін несі бар?! Әлде сен бізден бөлек кетпекпісің, Махамбет? Жетегіміз біреу ғой, — деп қабақ түйді Жантас. — Сынап керелік сұлтанды, адайлардан, құдайы Сүйінқара не айтар екен оның сөзін де тыңдайық, сонан соң келерміз бір шешімге! Тек Исатайдың хабарын тосу керек... Әкеліңдер ыдыстарыңды. Мұндай шұбатты хан сарайынан да іше алмайсыңдар. Ыбырай атаның өзі ашытқан... Уәй, Балабек, саған не болған - ей? Мұңайып қапсың ғой, сұлтан сөзі сай сүйегіңді сырқыратқан - ау, тегі? Жүгір соңынан. Күллі әскері түрікпендерден екен ғой, кет әрі дей қоймас.


— Өз руындағы ауылдардың қанша жігіті Жәңгірге қызмет қылып жүр? — деп зеки сұрады Махамбет. — Әлде сен біздің қоңыраттар жайлы әңгімемізді ұмыттық ба?


— Әй, солар да түрікпен бе? Қайдағы бір жалдамалы сұмдар ғой, — деп Балабек күңк ете түсті де, орнынан тұрды. — Қой, мен аттанайын.


— Зеліліге барамысың? — деп елең етті Жантас.


— Алла бұйыртса, бүгін Зелілімен көрісетін шығармын, — деді Балабек.


— Жолың болсын. Байқа, сақ бол, қалай-қалай емес, қасыңа екі жігіт ертіп ал. Есіңде болсын: күн туса, Зеліліні сенімен бірге бәріміз де қорғаймыз! — деп шығарып салды оны Махамбет.


Күн қақты ердің астында


Көп жүгіретін көлік бар.


Көн садақтың ішінде


Көбе бұзар жебе бар.


Қарайғанның, жігіттер,


Бәрін кісі демеңіз,


Күпе-күндіз тайраңдап


Түзге шықпас ерлер бар...


Өлең жолдары өз-өзінен туып жатқандай. Жас шағында, Жасқұстың жасыл шалғынында Фатиманы жасырын тосқан кездегідей немесе жанына көп үндей қоймайтын, тал шыбықтай нәзік, бірақ ер жүректі Мақпалын ертіп алып, Нарынқұмды жаралы жолбарыстай жанұшыра жортқан дабылды күндердегідей. Сөз нөсері құйылып кеп, жыр жолында қатарласа сап түзеп, қалықтап жөнейді. Ол кезде өлеңінің әр сөзінде, әр жолында буырқанған күш жатушы еді. Енді жабырқаулы сағыныш сазы, мұңды сарын молаяйын деген бе, қалай. Махамбет бұл таңда өз өлеңдерін дауыстап айтпайтын болған. Бірақ дәл бүгін жыр әуезінен қанша тырысса да құтыла алмай-ақ келеді.


Нұрбал сөзі көкейінен кетер емес.


«Өзіңе адал да таза күйімде қалсын десең, сен мені өлтіріп кетесің... Ондай өлім қасиетті ғой!.. Үндістанның раджпурлары мен біздің елдің еркектері бастарын өлімге байлап, жағадан алған жауға қарсы ақтық айқасқа аттанар алдында өз әйелдерін дұшпан қолына түспесін деп мерт қылады...»


Ал егер дәл қазір жасақты жиып жіберіп, Аллақұлдың сарайына лап қойса, тұтқынға түскен дала қыздарын босатса, сөйтіп наркескеннің алмас жүзін ханның қара қанына бояса қайтер еді? Күпті болып күте бергенше ат үстінде алысып өлген артық қой!


... Оның Нұрбалмен танысып, базардағы адам саудасын өз көзімен көргеніне бір айдай болды, азалы ананың жоқтау айтқан аянышты үні құлағынан әлі де кетер емес. Қорқыныштан өң-түссіз қалшылдап тұрған қыздар да көз алдына қайта айналып келе береді. Енді бірде Орынборды ойлайды, генерал-губернатор Эссеннің астанасында қазақ балаларын сатады деген офицер Шустиковтің сөзін есіне алады. Айтпақшы, Эссен емес, Сухэтлен екен-ау, Эссеннің орнына Сухэтлен келді ғой. Енді жұрт Сухэтленнің орнына Гекке деген келеді әйтпесе Перовский келеді десіп жүр... Исатай да өз хатында солай депті, Сүйінқара да осыны айтқан. Онымен Махамбет түрікпен жігіттері өздерінің ақыны Зеліліні зынданның күзетшілеріне у қосылған шербет пен қымыран беріп қатырып тастап босатқан түні кездескен болатын.


Жігіттер Зелілімен бірге қала көшелерін азан-қазан қылып, ысқырып - қышқырып, шапқылап етті. Қала қақпасын күзеткен жасауылдардың мойнына шалма тастап, тақымға сап, тастақ жермен сүйретіп апарды да, өздері құм ішіне кіріп жоқ болды. Олар Аллақұлдың Қайыпғали сұлтанға сатқан жүздіктерінен шыққан түрікпендер еді...


Зеліліні жалғыз өзі босатпақ болған Балабектің әрекетінен ештеңе шықпады. Бар айласы құрығандай еді. Зындан күзетшілері тез ауысып кетеді. Параны біреулеріне береді, беріп үлгірмей, күзетке екіншілері келеді. Зелілінің қашып кеткенім Балабек тек келесі күні ғана, қашқынды іздеген хан миршабтары қаланы астан-кестен етіп тінту жүргізгенде ғана білді. Зеліліні босатқан түні Махамбетке ілескен Балабек пен Жантас Сүйінқараға барып жолыққан болатын.


... Дембелше бойлы, емен ағаштың жуан тамырларынан шауып жасағандай шомбал денелі, сүзеген бұқадай алара қараған бір адам Ыбрай ақсақалдың ауласына тосыннан кештетіп кірді. Кірді де, еш жанға сәлем берместен, жан-жағына бұрылып қарамастан, Махамбетке тура тартты.


— Өтемістің ұлы Махамбет деген сенбісің?


— Өзің кімсің?


— Онда шаруаң болмасын! Атың қайда? Жүр. Сүйінқара тосып отыр.


— Қайда?


— Онда шаруаң болмасын. Ер соңымнан.


Астындағы аты да өзі сияқты жуан аяқ шомбал екен, иесі әлгінің екі бүйірін тақымымен нығыз қысып, мықты отыр. Жолаушының астыңғы ерні жырық екен, жорық кезінде түскен жарақат болу керек, быртиған жуан саусақтары да не көрмеген — көн болып, жарылып - жарылып кетіпті. Ол атының басын үнсіз бұрды да, аяңдай берді.


— Қарағым, қай баласың, ең болмаса есіміңді айта кетсеңші? — деп еді Ыбырай кәрия, бірақ анау үн қатпады.


— Әй, өзің бір өгіз сияқты неме екенсің? — - деп айғайлады соңынан Ноян. Алайда анау естімегендей боп кете барды. Көшеге шықты да, қақпаға бет түзеді. Махамбет те асығыс атына мінді.


— Бірге барыңдар, — деді Ыбырайбек жігіттерге. — Мына «мақаудың» қайда апарарын кім біледі. Қас қарайып келеді...


Жігіттер аттарына қонып, Махамбетке ерді. Бұны көрген жолаушы тізгінін тартты:


— Қайда барасыңдар, түге? Екеуден артық ертпеймін, — деп беліндегі жалпайған қайқы пышағын түзеп қойды.


— Жә, қайтыңдар, көріп тұрсыңдар ғой ашуын, — деп Махамбет күлді де қасына Жантас пен Балабекті ғана алып қалды.


Қаладан жеті шақырымнан ұзап, әлдекімдердің мақта егістігі мен бау-бақшасын аралаған сүрлеумен біраз шиырлаған соң ол бұларды қалын, қопаға әкеп кіргізді. Тас қараңғыда сипалағандай болып біраз жүрді де, айналасын ну жыныс қоршаған шошаланың алдында маздай жанған ошақ басынан бір-ақ шығарды.


— Түсіңдер аттарыңнан. Келдік...


Шошаладан ұзын бойлы біреу шықты, қараңғыда нағыз қара дәу тәрізді. Жантастың аты осқырынып жалт берді. Таяудан, тоғай ішінен, жылқы кісінеді. Қараңғылық құшағынан тағы да бірнеше сарбаз шыға келді.


Дәу от басына жақындады. «Мақау» атынан жас баладай жеңіл қимылмен қарғып түсіп, әлдеқайдан жолбарыс терісін алып келді де, дәудің аяқ астына тастады. Анау бөстекке отырды.


— Иә, кім боласыңдар, жөн айта отырыңдар? — деді ол.


— Мені шақыртқан кім, алдымен соның жөнін білгім келеді?


— Кездескісі келгенді шақыртатын әдетім болғанмен, кім көрінгенмен құшақтасып көрісер әдетім жоқ. Алдыңда тұрған адайлардың құдайы Сүйінқараның өзі! Руымды Арыстан дейді.


Белгілі туған ер едім,


Беліме садақ асынған,


Біріндеп жауды қашырған


Мен келелі қара бұлтпын,


Келе жаумай ашылман.


Найзағай менен жасылмын.


Жұрт айтады, осы өлеңді маған арнап Беріштен шыққан Махамбет ақын шығарды, дейді...


— Сол Махамбет — мен! — деді ақын. — Қанша тұзақ құрса да Жәңгірдің қолына түспей зар қылған да мен. Ал Жәңгірдің ағасы Айшуақ хан менің әкем Өтемістің қас дұшпаны болатын...


Сүйінқара орнынан тұрды.


— Жігіттер - ау бізге Беріштің сұңқары қонаққа келіп отыр ғой, сый - сыйпат қайда?! — деп Махамбет пен оның жолдастарын кезек-кезек құшақтап шықты. — Отырыңдар, ағайын!


«Мақау» бұта арасынан жаралы киікті алып келді. Сүйінқара арбайған үлкен алақандарын жайып, қонақ құрметіне шалынатын сойысқа бата қылды. Содан соқ «Мақау» жануарды анадай жерге сүйреп апарып, жықты да, жерге тізесімен басып отырып, қайқиған жалпақ пышағымен тамағын орып жіберді. Жылтырай аққан жылы қан отқа барып құйылды. Екі жігіт қазандықты көтеріп, етті жіліктеуге кірісті...


— Иә, Махамбет, маған не шаруамен келдің? — деді Сүйінқара назарын асылып қалған қазаннан аударып әкетіп.


— Ел аузына іліккен әділдігің мен күштілігіңе жүгінейін деп келдім, оған қоса Исатай батырдың дос ниетті сәлемін жеткізсем деп едім, — деді Махамбет.


— Өзіңмен және Исатаймен дос болу мен үшін үлкен абырой, — деді Сүйінқара. — Ата дәстүрі ғой, алдымен асқа отыралық...


Ақырын ғана жылқы оқыранды. Көп ұзамай ошақ басына салт атқа мінген жас жігіт келіп, қолындағы қымыз құйған торсығын «Мақауға» ұстата берді.


— Әй, Ерсары, неғып тұрсың сілейіп? Қымыз құятын ыдыс әкел! — деп дауыстады Сүйінқара, шошаланың жанында тұрған адамға. Махамбет те, Жантас пен Балабек те әлгіні осы сәтке дейін байқамапты.


— Өй, сендерге не болған, түге, келісіп қойғандай?! — деп Сүйінқара «Мақау» жаққа бұрылды. — Ей, Нұралы, мен саған айтып тұрмын. Ерсары, сен де тыңда. Махамбетпен бірге туған елге қайтпақ болып, жолын тосушы едіңдер, енді орталарыңа келгенде үндемеулеріңе жол болсын? Мінеки, Махамбеттерің — Беріштен шыққан сұңқарың! Қолына су құйыңдар. Алдына бас тартыңдар. Ал сен, Махамбет, біздің сөзімізді тыңдама Ералы, Нұралы бәріміз құрдаспыз, содан да қаттырақ кетісіп жатқанымыз ғой. Нұралының түрі анау, не десең де бар айтары: «Онда шаруаң болмасын», — дейді де бедірейіп тұра береді, — деп Сүйінқара тағы да құрдасына тигізе сөйледі. — Сол үндеместігі үшін оны біз Бөкейхан деп айтпаймыз. Бөкейхан Нұралыдай үндемес бопты ғой. Ол да біздің Нұралы құсап қисыны келсе де, келмесе де: «Онда шаруаң болмасын», — деп тұрып алатын көрінеді. Ал мен болғам, Бөкейге Нұралыдан гөрі өз немересі Қайбала сұлтан көбірек ұқсайды деп ойлаймын да отырамын. Өтірік пе? — деп Сүйінқара әңгіме желісін күрт өзгертіп, Махамбетке тіктей қарады. — Саған келгенде Қайбала сұлтан дос пейіл көрсетеді, Махамбет, ал Адай балаларын Аллақұлға қоспақ боп жанталасады. Сонымен қатар ол Атырау бойындағы патша қамалдарына бекінген адамдармен де астыртын байланыс жасап тұрады. Егер Жәңгірдің тағын тартып алуға көмектессеңдер, Исатай мен Махамбетті өз қолыммен ұстап беремін деген уәдесі бар қазақ-орыс атамандарына...


Махамбет ләм деместен қолындағы шараны төбесіне бір - ақ төңкерді.


— Әй, Ерсары, Махамбетке көрсетер сыйларын, қайда?.. — деп дауыстады Сүйінқара.


— Әкеңдер, жігіттер, Қайбаланың табақ жалағыш құлын! — деген Ерсарының барылдаған жуан даусы естілді ну арасынан. Егде сарбаз от басына екі қолы байлаулы, үстінде бешпеті бар бір адамды алып келді. Тұтқынның төбесіндегі кішкентай тақиясы бір шекесіне қисайып кетіпті. Жантас дереу таныды — бұл Қайыпғали сұлтанның жақын кеңесші досы еді.


— Айтқан сөзің рас қой? — деді Сүйінқара оған бұрылып.


— Бір алланың өзі куә... — деп тұтқын жер тізерлеп, бетін жапты.


— Сұра, Махамбет, — деді Сүйінқара, ақынға қарап. — Осыдан үш күн бұрын Ерсары жасырын барып, Қайбаланың қосынан байлап әкепті ғой мына табақ жалағыш немені.


— Менің сұрағым жоқ.


— Атаман дар сенің Қайыпғалиыңа не жауап айтты? — деп сұрады Сүйінқара тұтқыннан.


— Олар Жәңгір ханның жағында екен, тақсыр. Қайыпғалидің өзі мойынсұнып келсін, деп отыр.


— Бара бер, — деп әмір қылды батыр — Жандаралға бәрі бірдей: Жәңгір де, Қайбала да. Тек әзірше Жәңгір күштірек. «Қайбаладан қәупім жоқ... Қазақ хандары мен сұлтандары бірін-бірі мүжи берсін...» — дейтін көрінеді граф Сухэтлен...


Жұрт үнсіз келіп тамаққа отырды.


— Хандар мен жандаралдар Сырымның басын үш мың сомға бағалаған болатын, — деп арыдан орағытты Сүйінқара. — Хан әулеті Ер-Тарғынды да туған жерден екі рет масқаралап қуған ғой. Сонау Қырымға кетсе де есіл ер ел басына күн туғанда қайта оралып келіп, қол бастап жауға шапқан. Сенің де туған ауылыңа оралып, өз руыңды, өз халқыңды қорғап қалатыныңа сенімім кәміл... Тек сақ болғайсың, Махамбет. Қасқырды қанша асырасаң да қанға құмартуын қоймайды. Қайбалаға көп сене берме, байқас бол. Сырымның түбіне жеткен сол иланғыштығы ғой.


Сүйінқара етті турап болып, кездігін саптамасының қоны - шыны сүртті де, қынына салып қойды. Қасында, жолбарыс бөстегінің үстінде қылышы мен шоқпары жатқан. Жантас семсердің балдағындағы өрнектерге қызыға қарап отырған.


— Көңілің құлап-ақ қалған екен, аямас едім, бірақ болмайды, біреуден сыйға алып едім, — деді Сүйінқара оның көзқарасын аңдап қап. — Граф Сухэтлен жандарал ғой. Мінеки хаты, — батыр қалтасынан сарғыш орамал алып, Махамбетке ұсынды.


«... за доставленных мне двух русских пленных посылаю мам при сем отделанную зеленым бархатом саблю. Желаю, чтоб вещь сия могла вам пригодиться27, — деп оқып шықты ақын. Хаттың аяғына Сухэтлен қол қойып, мөр басыпты.


— «Біздің Ресейге қастығымыз жоқ және оның да бізге жауықпауын қалаймыз»,- — деп жауап қайтардым хатына. Ал енді сенің ас алдындағы сұрағыңа жауап берейін, — деді Сүйінқара. — «Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейді қазақ. Адайдан туғаным рас болса, осы Үстіртте өлетінім де рас. Хиуа ханы қаңғыбас Шәбекті Адайға хан қоям деп емексіткен көрінеді. Сорлы Шәбек орыстың бүлікшіл атаманы Андрей Стрельщиковтың сойыл соғары болып апты.


Бірақ Адайда хан болған емес, болмайды да. Бұл Адай ұрпағының сонау атам заманнан бері перзент бесігі мен ата мүддесі үстінде берер ақты. Екі ұлымның сүйегі туған жердің топырағында, ал үшінші ұлымды Хиуа ханы зынданда шірітіп өлтірді. Алыстан шабынған кәрі бура құсап Маңғыстау мен Үстіртті кезіп, мүрделерді айналсоқтап жүрген менің түрім мынау. Қиып кете алмай... деп Сүйінқара түңгі аспандағы жыпырлаған сансыз көп жұлдызға қарап, ұйыса өскен, қысқа, көк бурыл сақалын сипап қойды.


— Туған жерім тұсау боп тұр аяққа. Көзімнің тірісінде, адай жігіттерінің ең болмаса біреуінің көзі тірісінде қолына қылыш ұстаған қас дұшпан үйімізге кірмек емес, аулымызды алмақ емес...


Мінеки, інім, бар сұраққа жауап осы. Егер күндердің бір күнінде иісі қазақ Ақназардың, Тәуекелдің немесе үлкен Қасымханның тұсындағыдай бірігер болса, адайлар да алыс кетпейді, сол көппен көрер ұлы тойды бір кісідей көтеріп алуға бар... Мен болсам кәртайдым, Махамбет, ұзақ жорыққа шаршаймын, саған батамды берейін. Мына семсерді де ал, — деп Сүйінқара алтын қынапты наркескенді28 ұстата берді. — Ерсары жүз жігітін ойлап отыр. Әзірге жол азық әзірлеп, аттарды жаратып, осында бола тұрсын, Ыбрай ақсақал хабар берісімен аттанады ғой. Жол ұзақ. Исатайға сәлем де. Бірақ осыдан жүз жыл бұрынғы Жаңатай батырдың жоңғарлармен соғыстағы хикаясын ұмытпа...


Қытай жерінен қаптап келе жатқан жоңғар жаугершілерінің он мың қолына бес жүз сарбазбен қаймықпай қарсы шауып, қиян-кескі ұрыс сап, тоқтатқан екен дұшпанды. Хандар мен сұлтандар өзара керілдесіп, бір ру екінші румен шабысып, қалын, қазақ қырық пышақ боп жатқанда жер қайысқан қисапсыз жауды жалғыз өзі тоқтатып, туған жерді таптатпайды. Үйсінбай деген батыр досы екеуі басқыншыларды быт-шыт етіп, кері қуады. Сайдың тасындай бес жүз сарбаздан он жігіт қалғанда ес жиған дұшпан далақтап қаша беруді қойып, есіл ерлерді қоршауға алады...


Сол ұрыста Жаңатайдың жалғыз ұлы Тоқаштың мінген аты оққа ұшып, батырдың өзі де қаза табады. Жараланған Үйсінбай батыр өз атын жас Тоқашқа тартып:


— Елге шап, ауыл-ауылды аралап бәріне айт, қойсын қазақ ала ауыздықты! — дейді.


Бала тіл алмайды, батыр шапалақпен тартып жібереді. Анау бәрібір міз бақпайды. Сонда батыр баланың аяғына жығылып: «Бөгелме, айналайын, шап! Өйткені сені өлтірсе, артымызда біз үшін кек алатын жан қалмайды!» — деген екен...


Сол айтқандай, Махамбет, қиналған шақта хабаршың бізге шабатын болсын. Адайлар ағайын басына ауыртпалық түскенде қарап қалған емес... Бірақ есіңде болсын: бүркіт біткен алғыр қыран бола бермейді, қыранның да ақиық алғыры бар. Білесін, бе:


Ақиығынан айрылған ұябасар ұядағы жұмыртқаларын қыс көзі қырауда қалдырады. Жұп -жұқа қабық жел еті мен үскірік аязға шыдамай жарыла бастайды. Көктемде ұябасар ұясына қайта оралып, қиын сыннан аман қалған жалғыз жұмыртқаны бауырына басады да, әбден балапан шыққанша орнынан тұрмай шайқай береді. Әлгі жалғыз шыққан жас түлектің күш-қуаты да, алғырлығы да ерекше ғажайып болады. Азуы алты қарыс көкжал арланды алатын нағыз ақиық қыран содан шығады... Адамдар да сондай, Махамбет. Қиынның қиянынан өтіп, шайқаста шыңдалған ер ғана қалық елді айқасқа бастап шыға алмақ.


Ет желініп, қол жуылғалы қашан. Қымыз құйылған шарлар тағы да қолдан-қолға жүгіре бастады. Батырдың әңгімесі әркімді де ойға қалдырғандай, жұрт үнсіз отыр. Сүйінқара орнынан тұрды.


— Биыл күз ерте түсіп, салқын болатын сыңай танытады, — деді ол тағы да жұлдыздарға қарап. — Қош бол, Махамбет...


* * *


Сүйінқара батырдың соңғы айтқаны есіне түскен Махамбет аспанға көз тастап, мешіттердің күмбездері мен мұнараларына ұзақ қарады. Бүгін Мүниске тағы да жолыққан болатын. Мүнис айтты, Аллақұл хан Махамбет жайлы сұрапты.


— Аллақұл сені өз жағына шығармақ боп жүрген көрінеді, — деді Мүнис, — ал егер дегеніне көнбесең, қол-аяғыңды кісендеп, Зелілінің орнына зынданға тастайды, деседі жұрт. Сондықтан сақ болғайсың. Зелілі қашқан соң қала жансыздарға толып кетті...


Ішкі қамалдың қабырғаларын іргелей айналып келе жатып, ақын, Аллақұлды өлтіріп, тұтқындарды босатсам, деген таңертеңгі ойы есіне түсіп, мырс етіп күліп жіберді. Бала боп кеткен бе, немене. Соғысқа да ақыл керек. Көзсіз батырлықтан түк шықпайды. Алып көр мынадай қалын, қабырға мен терең ордың арғы жағындағы Хиуа өмірінің сарайы мен гаремін...


— Хабар бар, — деді Махамбетті есік алдында қарсы алған Жантас. — Исатай елге жар сап, Жәңгірге қарсы қол жиып жатқан көрінеді. Болар бізге де...


— Болды! — деді Махамбет. — Таңертең аттанып кетуге қазір болайық. Ерсарыға кісі шаптыр: өткелде тосып алсын бізді.


— Саған Нұрбалды мінгізетін ат керек пе? — деп сұрады Жантас.


— Иә, ат керек. Біреуін ереуге аламыз. Қызылбастардың керуені жайлы не сыбыс бар?


— Керуен келіпті. Үлкен екен. Осы түн Хиуадан Ғиратқа жүрмек көрінеді.


— Неғып тұрсың айтпай?! Нұрбалды жолға дайындау керек. Қолдағы барымызды берейік өзіне. Керуенбасымен келісіп қою керек. Нұрбалды үйіне дейін Төкен, апарып салса болар еді. Бар, керуеншілерге жолық, ұмытпай айт: жүк артатын аттарын сайлап қойсын!


— Нұрбал бізбен бірге жүрмей ме?! — деп таңырқады Жантас.


— Өз үйіне қайтады!


— Немене, Мақпалға көрсетуден ұяламысың?


— Қинағым келмейді байғұсты. Нарынқұм бізге өз үйіміздей, ал оған бөтен ғой...


* * *


Әбден қараңғы түсе Хиуаның бас қақпасынан Ауған керуені шықты. Түнгі салқынмен жүрейік деп әдейі кеш шықты.


Зындандағы Зеліліден айырылып қалған миршабтардың кесілген бастарын қақпаға ұп-ұзын тот шегелермен, ағаш қазықтармен қағып тастапты. Ең соңғы түйеге мінген Нұрбал бетін қара пердемен бүркеп алып, үнсіз жылап келеді. Қасында жетегіне қос ат алған үндемес Төке бар.


* * *


... Хиуаның азаншылары мешіт мұнараларына шыққан кезде шалғай өткелдің жағасындағы сексеуілі қалық бір сайда Махамбеттің жігіттері Сүйінқара сарбаздарын ұшыратты. Олардың арасынан Махамбет астындағы аты ақ көбік боп терлеген Мүнисті көрді.


— Таңырқама, Махамбет. Кетпенімді семсерге айырбастағам жоқ. Мұраптығым жақсы. Сені шығарып салайын деп келдім, — - деді Мүнис досынан бұрынырақ сөйлеп. — Жейқұнның арғы бетіне өтпей тұрғаныңда езіңді Зеліліге жолықтырғым келеді.


Қасында бота тірсек араб арғымағына мінген жинақы, арық адам көрінеді. Үстінде қымбат матадан тігілген жеңіл шапаны бар, басына қара торы өңі мен ашаң бетін айқындан түскен күмістей көк жылтыр қаракөл тымақ киіпті.


«Шамасы, абақтының азабы күлкіні де ұмыттырған - ау..» — деп ойлап қойды Махамбет.


— Бауырларым - ау, үндемей қалғандарын, қалай? — деді Мүнис.


Ақындар ат үстінен жақындасты да, ескі таныстардай құшақтасып көрісті.


— Жырды зынданда ұстап тұра алмайсың. Бостандыққа шыққаныңа қуаныштымын, Зелілі, — деді Махамбет.


— Біз енді боспыз ба?! Онда мұнда неге тығылып тұрмыз? — : деді Зелілі ащы кекесінмен. — Әкбар падишаһты соғыс өнеріне үйреткен ұлы түрікпен Байрамхан: «құл құмға кіріп кетсе де құлдықтан құтыла алмайды» дейді екен...


— Әлемнің барша байлығы қолында тұрса да, құл боп қалатындар бар. Ал қолда түк жоқ, тіпті бас бостандығым жоқ жағдайда да құл болмайтындар бар! — деді Махамбет. — Қолымызда семсер тұрғанда боспыз!..


Қымыз толтырған ағаш аяқты көтере ұстаған жас адай жауынгері батырға келді.


— Ақырын, бір тамшысы да жерге тамбасын! — деп баж ете түсті Сүйінқара. Сосын қоржынынан бір күлше нан алып, төртке бөлді де, бір жапырағын Мүниске, екіншісін — Махамбетке, үшіншісін — Зеліліге берді...


— Жасы үлкеннің сөзін тыңдаңдар: қолға құран алып ішкен анттан, нан ұстап берген серт әлдеқайда киелі де қаттырақ болады. «Құранды бассаң да нанды баспа, аяқ астына ақ тамызба» дейді қазақ. Қазір әрқайсымыз өз жөнімізге кетеміз. Хиуаның кедей-кепшігі Мүнисті күтеді, түрікпен ауылдары Зелілісін көруге асық, ал сені, Махамбет, Исатай шақырып жатыр! Ендеше мынау нан мен мынау ақ қанжығаға байлаған қара торсықта шайқалып, әбден күшіне енген сары қымыз, болашақ шайқас, келер жорық алдында бізге қуат берсін!..


Сүйінқара аяқтан бір ұрттады да, Махамбетке ұсынды. Ыдыс жігіттен - жігітке ауысып, жағалай берді...


Өткелге жетпей Махамбет атынан қарғып түсті де, бір түп жусанды тамырымен жұлып алды. Сосын қайтадан атына ескіріп мініп, Мүнистің артынан тұра шапты. Ат дүбірін естіп Мүнис те тізгін тартты.


— Мә, Мүнис! Мына жусанды раушан гүлдердің жанына апарып ек. Су құймай байқап көр — қайсысы мықты шығар екен: раушан ба, жусан ба!..


* * *


— Еншалла, енді біз арғы бетті жайлаймыз, — деп Ерсары өзінің талай жорықта сыннан өткен кәрі тарланын толқынға қарсы салды. Найзасының ұшында бір уыс жылқы құйрығы мен алқызыл шүберек желбіреп барады. Иығына қонақтап сұңқары жалп-жалп етіп қанат қағып қояды. Ол — Сүйінқарадан алған тартуы.


Үндемес Нұралы, Жантас, Балабек және Ноян Махамбеттің жанында кетіп барады.



ЕКІНШІ БӨЛІМ



Сағырбайдың есер ұлы.
Тас орманның әуені. Ақшолпан.
Алдияр - атаның өлімі.
Дәруші жұртта қалған жоқ.



Дала ыстықтан маужырап жатыр. Шықылық қағып, бетеге үстінде жер бауырлап жүйткіп жүрген құстар да зым-зия жоғалыпты. Шыбындаған бір үйір бие алыстағы суатқа кетіп барады. Тығыршықтай тоқ саршұнақтар індерінің аузында жүндес томаршадай қаздиып қалыпты. Имек тұмсығын аңқайта ашып, үп - үшкір қызыл тілін жалақтатқан кәрі бүркіт жапан түздегі жартылай құлаған жалғыз мазарға барып қонды. Екіншісі, мынадан гөрі жастауы, әлі айналып жүр. Аптаптан түсі оңған шүберектей бозарып кеткен шырқау аспанда, сонау ақша бұлттың аясындағы салқын самалда қалықтап жүр.


Кәрі бүркіт бір түп сарғыш шидің арасынан қылтиған саршұнақты шалып қап, ұмтыла беріп еді, анау сол заматта - ақ ініне сүңгіп кетті. Қыран қанатын қомдап, айналасына көз тастады.


Кең жазықта ап-аласа, дүңкиген доғал бас жоталар көлбеп жатыр. Ен, үлкен қырқаның етегінде терең жыра қарауытады, оның аржағында жол бар. Бәрі де баяғыдан бері көріп келе жатқан үйреншікті дүние.


Өзі сонау шалғайдағы өзеннің арғы жағындағы жақпар тасты тауда түлеп ескенімен қанаты қатайғалы бері осы аймақта жем аулайды. Жас шағында анау қалын, құмның қақ ортасында адамдар қырғынын да көргені бар.


Өлексе жеуге сонда қаншама қара құс, қаншама құман жиналды десеңші. Жемтік дегенін, жеткілікті еді. Бұрын-соңды ондай ырғын молшылықты өз басы көрген емес...


Бірде аңнан оралса, ұябасары жартастың етегінде жайрап жатыр екен. Ұя қаңырап қапты. Қабығын аршып тастаған аша таяқ пен қара қылдан тоқыған тордың жыртығы көрінеді. Айнала шашылған қауырсын, мамық жүн, жартастың бір жарғышағына қан сіңген шүберек іліп қалыпты...


Ұзақты күн тау-тастың үстін шыр айнала шаңқылдап, үн басарын, балапандарын шақырумен болды. Түнді де жалғыз өткерді. Тақ ата тағы да көкке көтеріліп, шарқ ұрып іздеуге кірісті. Бірақ аштық қысып, далаға қайта келді. Көзіне безек қағып, маңырап жүрген аппақ қошақан түсті. Әлгі ессіз сорлы бір дөңнен екінші дөңге шығып, айналасына жаутаң-жаутаң қарап алады да, ілгері жөнейді. Аш бүркіт лақтырған тастай құйылып кеп, қозыны тұяғымен бүріп түсті де, төбесін үшкір тұмсығымен тесіп жіберді.


Сосын жемтігін ілген бойы әуелеп барды да, ұясының жоқтығы, балапандарынан айырылғаны есіне түсіп, бетегеге қайта қонды. Қошақанның жұп-жұмсақ жұқа терісін сояудай өткір тырнақтарымен тілгілеп, етін ақ бұйра жүнімен қоса жұлып, қарбытып жей бастады.


Жоғарыдан таныс суыл естілгенде тояттап та қалған-ды. Жалт қараса, жас қыран екен зулаған. Кәрі бүркіт тұмсығындағы бір жапырақ қызылды тастай беріп, қарсы ұмтылды. Бірақ қарулы мұзбалақ оны алғашқы екпінімен - ақ соғып өтіп, шалқасынан ұшырып түсірді де, қошақанның қалдығына барып қонды. Бұл кепе - кернеу басынғандық еді. Шәу қыранның Көзі қанға толып, жүні үрпиіп кетті. Бар қуатын бойына жиып, тұмсығын ызалана ашып, тұяқ - топшысын тебуге сайлап алды да, жауына атылды. Қос қыран шырқап биіктегі бұлттарға жеңіп, бірінен-бірі айырылмай, қанаттарымен сабаласа бастады. Бәрі бүркіт аянар емес, алысып-ақ жүр. Самғап, биіктей түсер ме еді, шіркін, бірақ жас қыран қояр емес, бастырмалатып барады.


Түлкі тұрмақ қасқырды да бір-ақ шайқайтын осы өлкенің әміршісі — ой құсы ақырында жан сауғалауға мәжбүр болды. Ол тайқып барып, алыстағы жон-жотаға қарай кетті, ал жеңіске жеткен ақиық қошақанның жемтігіне қайта барып қонды.


Содан бермен бұл жазықтық екі қожасы бар.


Жас қыранның өткір тұяғынан түскен жарақаттары көпке дейін жазылмады. Бірте-бірте кәрі құстың әлі де ада бола берді. Енді саршұнақ, тышқан аулап күнелтеді. Бұ шақта қоян екеш қоян да алдырмайды. Ал анау жүрген ақиықтың ашқарақтығын айта көрмеңіз. дым татырмайды. Өзі қырғауыл іліп, .шау - мынау адасып қалған қозы-лақтарды аңдып жүріп, бір Көзін кәрі бүркіттен алмайды. Ондағы ойы — мынаның бірдеме ілгенін көзі шалса, дереу тарпа бас салып, тартып алу.


Ал бүгін кәрі бүркіт тоқ еді, сондықтан жас бәсекелесіне көңіл аудара қоймайды. Оның мазасын алып тұрған басқа жайт. Балапандарынан айрылған соң мекен еткен мынау мазардың маңынан тағы да екі аяқты тағы көрінді. Екі қырқаның арасындағы сайда қой жайылып жүр. Осы жерден баяғыда алтын қырғауыл ілгені есіне түсті. Көлеңке қуған қойлар ұйлығысып, бірінің бауырына бірі басын тығып, топтасып тұр. Олар осы тұрысында шағын арал сияқты, құдды сонау шырқау аспандағы жас қыран айнала қалықтап жүрген ақша бұлттан аумайды.


Қойды екі адам бағып жүр.


Құлаған мазардың қабырғасына қонақтаған құс осы бір түсініксіз, қос аяқты құбыжықтарға сақтана қарап отыр. Тегі өмір бойы қорқа қарап келеді оларға.


Отырғандардың біреуі орнынан тұрып, отарды айналып шықты. Құс оны таныды. Осы адам бірде далаға бүркіттің балапанын алып келіп, ұшырып қоя берген болатын, содан есінде қалыпты. Әлгі балапан кең жазықты бір айналып шықты да, кәрі қыранның жүрегін шым еткізіп, көзден біржола ғайып болды.


Мынау қойшы ұшырып қоя берген сол балапанның өз түлегі екенін мазар иесі қайдан білсін. Жартастың үстіндегі бұның ұясын бұзып, жыртылған торын тастап кеткен адамдардың өзі аспанға тұңғыш көтерілгенін де көрген Жиделі ауылынан екенін де білмейтін...


Жиделі кең жазираның ең шетіне, оның Нарынқұммен жанасқан жеріне орналасқан.


Бетегелі жазық пен шағыл құм түйіскен тұста қоршай ескен қалың сексеуіл мен шытырман жыңғыл құшағында шөбі шүйгін жасыл жайлау бар.. Шабындықтың қақ ортасындағы жеркепелерде кең даланын, жарлы-жақыбайы — жатақтар тұрады. Түтін басына екі тұяқ уақ мал мен ыңыршағы шыққан жалғыз түйе ғана бар; бүткіл ауылдың қаужайтыны — алақандай тары егістігі. Бар байлық осы.


Жатақтар өздерін осыдан қырық жыл шамасы бұрын ақ патша мен хан әулетіне қарсы көтеріліс бастаған атақты Сырым Датұлының сарбаздарынан қалған ұрпақпыз деп есептейтін. Бұлардың арасында қазақтар Еділ жағасынан Жайыққа көше қашқанда ұлы көшке ілесе алмай қалып қойғандар да бар. Қазақ-орыс отрядтары мен хан нөкерлерінен жырыла босқан қалың ел малдан да, жаннан да айырылып, қалың құмға, қу тақырға қамалды ғой. Жүріп өткен жолында көмусіз қалған көп өлік — саудыраған қу сүйек...


Азапты сапардың аяғына бәрі бірдей шыға алмады. Алға жылжыған сайын жол бойындағы сүйек көбейе берді. Кейбіреулер жазалаушы жасақтардың қолына түспеу үшін жолдан бұрылып, құмда қақталып өлді. Бірнеше түтін осы Жиделіге келіп жетті.


Ауыл адамдары оларды жатсынып сыртқа теппей, қолда бар қойларын, қалған-құтқан тарысын ағайыншылықпен бөлісті. Кірмелер де қарап қалмай, ауыл жігіттеріне ұста кәсібін үйрете бастады. Беріш руының жігіттері адай қыздарын, адайлар — беріш сұлуларын айттырып, наймандар арғындармен құда болды. Бала-шаға көбейіп, Жиделі жұрты өсіп-өне берді. Ит жүгіртіп, құс салушылар да шықты... Сол баяғы Сырым сарбаздары мен Еділ жағасынан келгендердің арасынан бірлі - жарымы әл жиып, тұрмыс түзеді. Жиделі жамағаты өздерінің, жергілікті байшыгештерінің басшылығымен жақсылы - жаман күн кешіп жатты. Сырым жорығының дүмпуі естерінен кете қоймаған жуандар да көп дігерлемейтін.


Бұл ауылдың өз жайсаңдары да жоқ емес-ті. Солардың ішінде Алқа деген сымбатты, бойшаң әйелдің есімі ел аузында айрықша аталатын. Ол өзі көпті керген көнелердей ақылды, күш-қайраты палуан жігіттерге бара - бар жан. Жас кезінде осы өлкенің атақты әншісі болатын.


Қазір Алқаның жер үйінде айран да тапшы. Сонда да мал ұстап дағдыланған әйел сырт көзге сыр алдырмайды. Сонысына орай жұрт оны берекелі қатын деп сыйлайды. Күйеуі — Сағырбай қойшының қашан көрсең үсті бүтін, мұнтаздай тана. Анау құрақ жейдені де, киіз байпақты да, елтірі тымақта да Алқа өз қолымен тігіп берген. Осы жасқа келгенше тұрмысқа налып, тірі пендеге мұңын шағып керген емес. Қос ұлы Құрман мен Байғазы болса анау, құлын-тайдай тебісіп бірге өсіп, ержетіп келеді. Оларға Сағырбай мен Алқа не зекіп, не қол жұмсапты дегенді ауыл іші ешқашан естіген емес. Кедей жатақтан туса да, бұл екеуі малды ауылдың мазағын көрмей, жәбір-жапа шекпей, еркін өсіп келеді.


Ел жиылып, той-томалақ болған жерде Алқа күйеуінің, шалбарын киіп, шаршы топқа түсетін. Ондайда бұған тең келер күш иесі сирек табылатын. Бір қартайған ұста онымен күресемін деп масқара болғаны әлі күнге жұрттық есінде. Әлгі байғұс екі дүркін жауырынымен жер сүрген соң ұят пен қорлыққа шыдамай Жиделіден қашып кетті...


Ал ауылдағы нағыз атышулы адам Алқаның ұлы — Құрманғазы болатын. Әкесі сияқты ол да қаршадайынан қой бақты. Бірақ әкесінің қасында, жалпы өз құрдастарының қасында оның шопандығы түкке татымайтын бос әуре еді. Бала кезінде алдындағы бес қозыға не бола алмаған жан есейгенде қой бағып не оңдырушы еді. Тіпті кейде шопан екенін де ұмытып кетеді. Ондайда мал есіне түсісімен айналасына тінте көз жіберіп алады да, бөрі шапқандай бажылдай бастайды. Оның күндей күркіреген күшті дауысынан шошынған қойлар бетегелі жазықпен үрке жосылып кеп, қойшы жанында үрпиісіп біраз тұрады да, қайта тарап кетеді. Ұзамай мал — бақташысын, шопан — отарып тағы ұмытады. Жас қойшы адасқан қозы, бөлініп қалған қой үшін мал иесінен талай рет қамшы да жеді. Бірақ жұрт ешқашан да оның жылағанын көрген емес. Қашан да болса ой құшағында түнеріп жүргені.


Жиделі жұрты оны алғашында ылғи «Сағырбайдың қисығы» немесе «Алқаның ақымағы» деп атайтын. Оның да өзіндік себебі бар. Баланың, ән-күйге құмарлығы орасан еді. Домбыра болсын, қобыз болсын, сыбызғы болсын — бәрін де елте тыңдап, шешесі айтқан әнге де, ел аралаған жаһанкездің жырына да құлай құлақ түретін. Ән шырқалған жерде қалын, бұтаның арасына кіріп алып, ертеден қара кешке дейін тыңдап жата беруден жалықпайтын. Әйтпесе тамақ ішуді де ұмытып, шидің арасында сайраған құсқа еліктеп отыра беретін. Еділдің жағасынан келген кәрі қойшылардың біреуі беріп кеткен ескі қобызға ауылда естіген мұңды әндерді салып, боздататын да кездері болады.


Келе-келе жұртшылық «Сағырбайдың қисығы», «Алқаның ақымағы» деген сөздерге басқаша мағына беріп сөйлеуге айналды. Кішкентай Құрмаш осы маңның ең таңдаулы күйшілерімен тайсалмай өнер жарысына түскенде ел оған әрі таңырқай, әрі қызыға қарайтын болды. Енді бірде оның өз қолымен жасап алған, басқа домбыралардан әлдеқайда үнді, әлдеқайда әуезді аспабын кергенде көпшілік бұрынғыдан да таңырқай түсті. Жеткіншек жаңа домбырасын қолына алып, бұдан бұрын ешкім ешқашан естімеген өзінің тұңғыш күйін тарта жөнелгенде Жиделі қауымының қуанышы арнасынан асып төгіп, көршілес жатқан көп ауылға таралып кетті.


Біреулер, Сағырбайдың жетінші атасы ұлы күйші болған екен, Құрмашқа со жарықтықтың енері дарыған ғой десті. Екіншілерінің айтуынша, Құрмаштың домбырасы да айна - қатесі жоқ «Фарабидің қос ішекті домбырасындай» сиқырлы болса керек. Тіпті, мүмкін Құрмаштың өзі де бұдан неше жүз жыл бұрын Сырдың жағасында өмір сүрген, домбыраны ойлап шығарған, қыпшақтардың ұлы музыканты Мұхаммед әл - Фарабидің тіке үрім-бұтағы шығар. «Даусы Фарабидің қос ішекті домбырасының үніндей таза екен» деген сөз бекер айтылмаған ғой...


— Қалай десең, олай де, бірақ мына баланы жәй ғана домбырашы деуге болмайды. Шынында да жын-шайтан иектеген болу керек өзін. Кәдуелгі балаларға қай жері ұқсайды бұның?! — деп жағаларын ұстасты үшіншілер.


— Ау, ағайын, қыр төсінде атақты күйші аз ба еді, кәзір де жеткілікті емес пе? Көз жасынан қақ тұрған, жел өтінде көні кеуіп суалған, күн көзінде жоны жанып қуарған, басқыншылар талап - талап, тоналған мынау далада аз бон па еді әншілер мен күйшілер?.. Ал солардың қайсысы Сағырбайдың баласындай қаршадайынан қатпас - қайсар қисық болып көрді екен? — дейтін ауыл ақсақалы Алдияр кәрия, өз ойын ашық айтып.


Алдиярдың ақылына Жиделіде ешкім күмән келтірмейтін. Үлкен де, кіші де оны әділдігіне орай Алдияр би деп атайтын. Жас кезінде жапан даланы жалпағынан басып етіп, Орта жүз бен Ұлы жүз жерінде болып қайтқан, талай-талай қақтығысты бастан кешкен адам. Үлкен атасы жоңғарлармен соғыста батыр атанса, өзі француздарға қарсы болған Отан соғысында орыс патшасынан алғыс алған.


— Әніміздің тынысы кең, әуезі майда қоңыр болғанымен, күйіміздің күмбірлеген көмейінде төгілмелі түйдек бар, — дейтін Алдияр мұңды үнмен сөзін жалғап. — Жендеттер боздақтарымыздың басын мың мәрте шапты ғой. Жалпақ елдің есін екеу, түсін төртеу етіп, быт-шыт қылып бостырып, қызыл қанға бөктіріп, қорлады - ау дұшпан, қорлады - ау! Ерлерінен, елдігінен айырылған көпшілік өз боп қалған. Бас құрайтын жан табылмады, қол жиятын жер табылмады. Әр жүз, әр ру, әр ата өз алдына жан сауғалаумен жүрміз. Бүгін бізде Әбілқайырдай хан да жоқ, Бөгенбай, Тайлақ, Сайрық сынды батыр да жоқ. Күні бүгінге дейін Сырымды жоқтап жылаймыз. Қазағым еңіреген ерлерінен ғана емес, елдігінен де айырылды, тәнімізге бөтен таңба түсті. Осындай елге Құрмаштай есер домбырашы керек пе? Күйі көмейіңе ыза боп кептеліп, жүрегіңді сыздататын, жаныңды жай таптырмай, өткен жорықтар жайлы ұмыт болған сөздерді есіңе түсіретін қырсық домбырашы бұл елге несіне керек?! Сағырбайдың мына баласы ел басына түскен қасірет -апаттың барша аза - мұңын бойына жиған зарлы да шерлі әндеріміздің қаралы арнасына арқыраған екпінмен келіп қосылғандай...


Алланың арқасында, Бөгенбай бастаған батырлар мен үш жүзден жиналған мық сан қол жер қайыстырған жоңғар жаугершілерінен даламызды тазартып, ел намысын қорғап қалды. Бірақ содан бері өз күшіміз де әлсіреді, ел ішінде ер жігіттер азайып, барлық жүзді қорқыныш билеген...


Сырымды сақтай алмадық қой. Арыстанның аузынан шыққан сөз көп жүрегін Құрмаштың күйіндей толқытушы еді. Ерді - ау ел де соңынан! Сырым батыр тіккен тудың астына қаншама жігіт жиналды. Қазақ қайта туғандай, күш-қуат бұрынғыдай молайып, жігіттердің бойына ата-бабамыздың жауынгер рухы қайта қонғандай болып еді. Хандарды тәубесіне келтіремін, елімді жақсы өмірге жеткіземін деп Сырым он жыл шабысты. Жеңіске де аз қалып еді, бірақ алла-тағала тағы да жолымызды оңғармады. Жер бетін жұт басты. Жол бойы шашылған сүйек және көбейді. Өлімге мойын ұсынған ата-баба бізге: бәріне де шыдаңдар, алланың жазғанын үн шығармай көтеріп алыңдар деп өсиет айтты..


Құдай - тағала құдіретті ғой? Жер бетіндегі біз сияқты құлдарын әрбір қисық қылығы үшін жазалап отырады. Бүлікшіл пендеден, өр - батыл жыр мен есер сөзден аулақ болыңдар деген бұрынғылар. Құрмашқа абай болыңдар, сақтаңдар оны, тек домбырасы сәл сабырлырақ сөйлесін...


Алдияр әдетте бұндай ұзақ сөйлемейтін. Сөзге саран, кәрия Құрмаштың дарынына қатты -ақ құлаған сияқты.


Кейде істеп отырған шаруасын тастап, аяңдап ауыл аралап кетеді. Орталарына Құрмашты алған бозбалалардың жанынан үлкендерге тән салмақты сабырмен жайлап өтіп, жақын маңдағы киіз үйге кіреді де, отағасымен әңгімелесе отырып, Құрмаш күйіне құлақ тосады. Бүлк етуді білмейтін безірейген суық жүзінен оның әлде домбыра тыңдап, әлде өз ойына беріліп отырғанын аңғару қиын...


Па, шіркін, бұ неткен сыйқырлы саз, мынау Құрмаштың өзі... Күй толғаған Сағырбай баласының домбырасы да емес, дірілдеген қос ішек те емес. Бұл әуен кең даланың бетегелі бешпетін тұяқпен жыртқан батыр тұлпарларының шабысына қосылып дабыл қаққан қасиетті қара жердің күмбірі ғой. Сансыз сарбаз сүрен сап, дүниені дүрліктіріп барады, әне...


Өткен жорықтардың жырын шерткен Құрмаш домбырасында даланың бұған дейінгі әндері мен күйлеріне тән зарықпалы жылауық сарын жоқ. Ол жорық жолын еске сап, жеңіс дабылын қағады. Алдияр кәрия бұндай сәттерде шыдап отыра алмады? Жүрегі қыз -қыз қайнап, көмекейіне не бір аталы да айбарлы сөздер келгенде шектен шығып кетпес үшін тісін шықырлатып, өзін-өзі әрең тежеп қалады.


Ақсақалдың бұл дәстүрін бұзған кезі де болды. Ол оқиғаны Жиделі тұрғындары ұмытпайды. Бірде Алдияр әдетінше киіз үйде отырған болатын. Кереге басында жарқыратып тазалаған ұзын мылтығы — Жиделідегі жалғыз мылтық ілулі тұр. ? Жас кезінде Алдияр Астрахань етіп, одан 1812 жылы орыс патшасына хан жіберген қазақ жасағының құрамында Москва барған. Сонда француздармен шайқаста көрсеткен ерлігі үшін бұған ат мінгізіп, сыйға осы мылтықты берген, омырауына крест қадаған. Мылтықтың астындағы көн терімен қаптаған тұғырда басында томағасы бар бала бүркіт отыр. Шал анда-санда құсына шикі ет беріп қояды...


Құс ауғалы қашан, бірақ кешке дейін әлі де үш қазан ет асар уақыт бар еді. Биелерді соңғы сауымға айдап келеді, ауада жылқы тері мен айран иісі шығады. Көрші ауылдың қыз -жігіті құлын байлайтын желінің жанындағы көгалға жиналып жатыр.


Құрмаш ой құшағында. Міне, саусақтары қос ішекке жанасты. Домбыра сыңар дауыспен тыңқ - тыңқ етті де, үнсіз қалды. Сосын қос ішекке қатар тіл біткендей асығыс былдырлай жөнелді. Қайта үзілді. Кенет домбыра булыға өксіп, ыңырси үн қатты. Алдиярдың қолындағы ет жерге түсіп кетті. О, ғажап, бұ не, Құрмаш алжыған ба, қалай? Шертіп отырғаны зарлы аза, қапалы шер ғой!


Бірақ шал қателескен екен, күй бірте-бірте түзеліп, күшейе түсіп, әбден қатайып алды. Сөйтсе Құрмаш шежіре шерткен жыраулардай өз күйін ел басына түскен қайғы -қамырықтан әдейі бастапты. Кенет ол өткен күннің барлық күйінішін жүрегінен жұлып тастағандай болып, басын көтеріп алды да, шанақты шарт қимылмен қағып қалды. Арқыраған арынды күй ақтарыла жөнеді. Лапылдаған дауылпаз үн таяу маңдағы үйлерден де асып, ауыл үстінде дабылдады.


Өзін-өзі қайталар емес бір сәтке. Домбырасын толғаған сайын он саусақтан естімеген жаңа күй туындайды. Жаяулар тоқтап қалған. Салт аттылар да тізгін тартып, осылай бұрылып келуде.


Құрмаштың өңі құп-қу. Шақырайта ашқан екі кезін жиылған жұрттың басынан асыра, киіз үйлерден әрідегі сары белдерге қадап, бірақ ешнәрсе көрмей отыр. Қанатын қомдап, ұшуға оқталған сұңқар сынды...


Домбырасы тағы да шер төгіп, зарлап, безілдей жөнелді. Тағы да күндей күркіреген қуатты дүбір естілді. Мың сан тұяқ дала тесін дірілдетіп, кісінеген жылқы үнін шақылдаған семсер дабысы басқандай. Көбесінен күй тігілген көп саусаққа көз ілесер емес.


Бір сәт қос ішекті сатырлата қағып-қағып жібергенде асқақ сарын шапшып аспанға атылғандай болды. Алдиярдың жүрегі алас ұрып, сыздап кетті. Күй буын - буынына түсіп, дуалап тастағандай. Екі көзін Құрмаштан ажырата алар емес. Бұрын күй тыңдағанда аздап теңселіп отырушы еді, кәзір қимылсыз қатып қалыпты. Кең даланың барша сотқарлығы мен шалқар шексіздігі осы күйдің бойына жиналғандай. Жапанды кезген жауынгер қазақтың, түз перзентінің өршіл рухын еліктіре түскендей. Кәзір Алдиярдың құлақ түбінде мың сан қыпшақ қолы батырлар жырын шырқап тұрған тәрізді...


Қарт орнынан тұрды. Киіз үйдің ішінде одан әрі шыдап отыра алмады. Табалдырықтан аттады да, құдды су қараңғы адам құсап, ақ таяғын алдына соза ұстаған қалпы, домбырашыға қарай жылжыды. Бір басып, екі басып, тіпті ақырын келеді. Оған мынау жарық дүниені түгелімен домбыра дабылы билеп алғандай, ал байтақ дала сол сарынға қосыла гулеп тербеліп жатқандай сезіледі...


Домбырашы қолын үртіс көтерді... Шарт етті де, меңіреу тыныштық орнай қалды. Фарабидің күйшанағы өзі өз болғалы бері дәл мұндай долы қолға түсіп көрмеген шығар.


Алдияр тоқтай алар емес, қыбырлап әлі жүріп барады. Күй сарыны құлағында әлі күмбірлеп тұр.


— Тарта бер, Құрмаш, Құрманғазы! — деп дауыстап жіберді кәрия. Тұла бойы қалш-қалш етеді. Құрмашта үн жоқ. Аяқталмаған күйінен шыға алмай, әлі есін жия алмай тұр ол.


Жігіттер кәрияға ізет көрсетіп, орындарынан тұрды. Біреуі Құрмашқа өз домбырасын ұсынып еді, анау алмады.


Бұлардың көңілін алыстан шыққан тұяқ дүсірі бөлді. Жалт қараса, бір топ салт атты ауылға қарай шауып келеді екен.


Құлын кісінеді. Жыра жақтан түйе боздады. Алдияр қария қайтадан өзінің әдеттегі тәкаппар қалпына келіп, қасында тұрған бозбалаға бұрылды.


— Барып бүркітті алып кел. Үйде, босағаға таяу тұғырында отыр. Жеңсені ұмытпағын...


Алдияр жас қыранды Құрмашқа берді.


— Алдыңнан жарылқасын, ақиығым, самғай бер асқардан - асқарға мынау қырандай! Бұрынырақ білмеппін, азат туған азаматым екенсің. Сен енді жаңғыз Сағырбайдың ғана баласы емессің, жалпақ елдің мақтан тұтар перзенті болмақсың. Даңқың ассын, Құрманғазы, жақсы атты бол еліңе! Аумин.


Келесі күні таңертең Құрмаш ауылдан ұзап барып, бір жотаның басына шықты да, Алдияр берген бала бүркітті босатып қоя берді. Мазар үстіндегі кәрі құс анау тастүлекке әбден кезден жоғалғанша тесіле қарап отырды...


Кеше ауыл үстін айнала ұшып жүргенде бүркіттің көзіне көп аттылар шалынды. Жәңгір ханның Жиделі ауылын осы өңірдегі ең мықты бай Дулатқа бергенін, Жиделіге келген көп аттылардың ішінде бай баласы бар екенін және Дулат мырзаның жасауылы жиделіліктерге аға сұлтанның әмірін жеткізе келгенін кәрі құс қайдан білсін.


Жиделі қонысы ежелден-ақ Дулат мырзаның меншігінде, депті аға сұлтан, онысын осы уаққа дейін дабырайтудың қажеті болмағасын айтпай келіпті. Ал енді бүгіннен бастап Дулат бай жиделіліктерді өз қанатының астына алады. Бірер күннен кейін нөкерлерін ертіп, мырзаның өзі де кеп қалар деді жасауыл. Жиделі о кісіні тік тұрып, құрметпен қабылдауы керек. Сағырбайдың баласы күй тартып, құлақ құрышын қандыратын болсын. Ал Дулаттың ұлы Құрмаштан осы дәп кәзір, табан астында өнер көрсетуін талап қылды.


Жұртта үн жоқ. Алдияр да үнсіз. Құрмаштың он, қолындағы қалын, жеңсеге қонақтап бала бүркіт отыр.


— Көздерің жоқ па, домбырасының ішегі үзіліп қалды, — деді бір шал.


— Басқа домбыра жоқ па? Осынша домбырашы тұрып... Кәнеки, бер біреуің домбыраңды! — деп зекіді Дулаттық баласы.


Құрмаш оған тесіле қарады.


— Өй, мынаның өзі шынында да қояншық шығар. Көзін қарашы, қасқырдың көзіндей... — деп қарқылдады бай баласы.


Бүркітті қасындағы жолдасына ұстатты да, Құрмаш шап беріп, шаужайдан алмақ болды. Бай баласы атының басын тартып ап, қамшысын көтерді...


Құрмаштың қасындағы жігіттер де араға түсіп үлгерді. Біреуі сілтеген қамшыдан күйшіні өз жонымен қорғап, қалғандары Дулаттың мұрагерін ат үстінен көзді ашып-жұмғанша жұлып алды.


Бірақ қамшы үйірген аттылы топ жаяуларды тықсырып, өз мырзаларын қайтадан атқа қондырды.


Тоқта! — деді Алдияр жігіттер мен Дулат нөкерлерінің арасына түсіп. — Тоқта, түге! Батып бара жатқан күнмен жарысып не болды сендерге?! Бұл деген зауал шақ, кешкі намаз оқитын киелі мезгіл. Әлде ата дәстүрін аттайсыңдар ма? Қай қазақ күн батарда жауға шауып, ағайынмен араздасып көріп еді, айтыңдар, естіген - білгенін, бар ма?


— Бопты. Көрерміз ертең қалай сайрар екенсің... — деді бай баласы тістене сөйлеп, кекесінді раймен.


— Қорықпа, Құрмаш, біз бармыз ғой, — десті жігіттер, бай жылқысының түнгі күзетіне кетіп бара жатып. Бірақ дауыстарында мазасыз діріл де бар еді...


Жиделі қонысынын, Дулат меншігіне етіп, жылқышы жігіттердің бай баласымен шекісіп қалғандығы жайлы хабар ешкімді қуанта қойған жоқ.


... Кешкі аспанда қалықтап жүрген кәрі бүркіт жылқышылардың ауылдан шыққан соң, сар желген ат үстінде қолдарына домбыраларын алып, тарта бастағандарын көрді. Олар Құрмаш күйінің жалғасын тартып бара жатқан. Даланы дүрліктірген жойқын күй кәрі бүркіттің де жүрегін шымырлатты.


Ауылда ән айтылмайтын болды. Шеттегі кедей жатақтардың үйлері жақтан жылаған бала даусы естіледі. Ауыл адамдары бірлі-жарым қойларын асыға айдап әкеп, аттарын ұзап кетпесін деп үш аяқтап өрелеп, отты да үнсіз жағып жатыр. Сағырбайдың жертөлесі маңынан қатындардың шаңқылдаған даусы шығады.


— Сор болды ғой сенің балаң Жиделіге. Дулат байдың баласына қарсы шығатындай кім еді өзі соншалық?.. Кімнен тапқасың бұ немеңді? — деп бажалақтайды қатындар кеше ғана өздері мақтайтын Алқаға. — Ұшыратты - ау ақыры бәле - жаласына, мына есер немең, тайдырды - ау бағымызды басымыздан!.


Еркектер әбден екіленіп алған қатындарын әрең қойдырып, үйлеріне таратып әкетті. Алқа жалғыз өзі қалды. Қызыл шоқ болып өше бастаған оттың басында ұзақ отырды. Баласына ештеңе демеді. Тек бүркітіне берсін деп бір жапырақ қой етін қолына ұстатты.


...Қас қарайып, ел орынға отырды. Еріне шөгіп, түн де келді. Ел көпке дейін елегізіп, ұйқы құшағына әрең шомды. Айнала әбден тыншыған кезде бірнеше түтін жүктерін дыбыссыз артып, туған ауылды тастап тартып отырды. Пәледен аулақ дегендей...


* * *


Ертесінде түске қарай Жиделіге бай керуені келіп жетті. Малайлар түйеге артқан жүкті түсіріп, дем сағатта Дулаттың ақ ордасын тігіп те болды.


Алдиярдан алған жас қыранды бостандыққа қоя беріп қайтып келе жатқан Құрмаш бай ордасын сонадайдан байқады. Қона сала - ақ бие сауып, ат байлауға керме тартып, ошаққа қазан көтерісіп, әбігер боп жатыр екен.


Құрмаш байқап келеді: қарсы кезіккен ауылдастары бұның бетіне тура қарамай, көздерін төңкеріп әкетеді. Не себептен екенін білмеді.


Ауылға Дулат кешке қарай келеді екен және бұнда екі-ақ күн болатын көрінеді деген сыбыс тараған. Малға қарайтын бақташыларын белгілеп, жайылымдар мен шабындық жерлерді бөлмек. Түндегі қашқындардың соңынан қуғыншы жіберіпті, Құрмашқа дүре соғатын болыпты, енді Дулаттың данышпандығы мен жомарттығын жырламай көрсін деседі жұрт...


Домбырашының өсек-аяңға көңіл қойып жатуға уақыты болмады. Аяқ астынан әкесі сырқаттанып қалды да, Құрмаш қой бағып кетті. Алқа күйеуінің асты-үстіне түсіп бәйек болып жүр. Жылы қанның үстіне қымтай орап, ошаққа жақын жатқызды да, бір жақтан қымыз тауып әкеп берді. Сағырбай тыншып, көзі ұйқыға ілінген кезде сыртқа шығып, дала жаққа қарап ұзақ тұрды...


... Күн көкжиекке жетіп, ыстық қайтты. Шырқау аспанда бозторғай шырылдайды. Ол біресе көкке ерлеп, біресе төмен сорғалап әлдебір қызық қиссаны құмарта жырлағандай, уылжыған жіп-жіңішке үнмен сайрап жүр, сайрап жүр. Кәрі бүркіттің бетеге үстімен сырғыған көлеңкесін көріп бозторғай жырын кілт үзді де, көрінбей кетті.


Кешкі арай әдемі - ақ еді. Жерге жеткен жалқын күн қызыл жалынмен алаулап тұр. Дала тесіне сол жақтан мыңдаған алтын сүңгіп шашылғандай. Құрмашқа әлгі сәулелер дыңылдап, күй шертіп тұрғандай, сол сарынның әсем әуезі жалпақ жазираға таралып жатқандай болып керінді. Ол иығынан домбырасын алып, ішегіне қол тигізе беріп еді, аяқ астына алыстағы дөңнің көлеңкесі келіп жетті де, күй орнына маңыраған қой дауысын естіді.


Дулаттың ақ ордасына қарап қойып, қойын ауылға қарай айдады.


... Тар бөлмеде, тулақ үстінде әкесі жатыр екен, бүрісіп. Қасында шешесі отыр. Кимешегінен қобыраған бурыл шашы маңдайын жауып кетіпті.


— Қасыма келші, балам. Жаңа айды көрер - көрмесін бір аллаға ғана аян. — Әкесі үздік-үздік сөйлеп жатыр. — Сен енді жігіт болдың. Алдыңнан жарылқасын, құлыным. Кеше бай баласымен жанжалдасып қалдың ғой. Кімнің кінәлі екенін алла-тағалам өзі біледі, бірақ енді саған бұнда күн көрсетпес. Жазмыштың дегеніне көнгің келмеді, енді бізге қарайлама. Жер ұйықты аңсаған Асан қайғыдай өз бақытыңды ізде. Жолың, болсын, жарығым... Шешен, де батасын берсін...


Құрмаш анасына қарады. Үн жоқ, әке сезіне қосылатынын басын изеп ишаратпен білдірді.


— Ал енді домбыраңды ал да күй тарт, — деді әкесі.


Қос ішек қоңыр үнмен күмбірлей жөнелді. Үй ішінде жарық та молая түскендей. Анасының да жанары жылып, мейірбан жүзбен қиыла қарап отыр.


Құрмаштың домбыра шертуге дәп кәзір зауқы жоқ-ты. Бірақ әке көңілін жұбатып, ана шерін жеңілдету керек.


Әкесі көзін жұмды, әлпетінде салиқалы сабыр, ойлылық бар. Шешесі ұлына қимастықпен мұңая қарап отыр.


Әкесі ұйықтаған соң Құрмаш домбырасын ұстай тысқа шықты.


Ауыл үстін жұлдызды шатыр жапқандай. Ай астында бай ордасы айқындалмай ағараңдап бұлың береді. Дулаттың өзі мініп келген ақбоз да көрінеді. Әлдеқайда Бөрбасар төбет маңқ, етті, ақырын ғана қозы маңырады.


Азғантай аялдады да, Құрмаш қоңсы отырған Сарман жылқышының қараша үйіне келді.


— Сарман, ұйықтаған жоқпысың? — деді ол есікті түре ашып.


— Жоқ.


— Не хабар бар, Сарман?


— Бүгін жылқыны Көкжайпаққа жайып едім, сонда көрші ауылдың жылқышысына жолықтым. Сенің Дулат баласымен кезіккеніңді естіпті.


— Тағы не дейді?


— Қырға Махамбет қайта кепті дейді, жаңа жырларын тақпақтап айтып берді.


— Жаттап алдың ба?


— Жоқ, — деді Сарман. — Мен Махамбеттің жалпақ елге жаппай тараған сөзін ғана білем. Жәңгір ханмен араздасып ажырасқанда айтыпты ғой. Сен бұл әңгімені естімеп пе ең, Құрмаш? Осыдан жеті жыл бұрын Махамбет Шөмекей руының кедей жатақтарына ара түскен екен. Сонда Жәңгір тұрып Махамбетке: «Сен немене, менің әділдігіме шек келтіремісің?» — дейді. Махамбет табанда былай деп жауап қайтарады:


Хан емессің — қасқырсың,


Хас албасты басқырсың,


Достарың келіп табалап,


Дұшпанын, сенің басқа ұрсын!


Хан емессің — ылаңсың,


Қара шұбар жылансың.


Хан емессің — аянсың,


Айыр құйрық шаянсың.


Сарман тоқтап, тыныштыққа елегізіп құлақ тікті. Сосын қонышынан жалпақ сүйек шақшасын алып, тілінің астына насыбай салды.


— Бұл өлеңді маған қайталап айтқызбай-ақ қой, Құрмаш. Кім білсін, мүмкін, жалған сөз шығар, ұзын құлақ не демейді. Ал Дулаттың мына жуандығы бекерден-бекер емес. Дәу де болса, осының өзі Жәңгір ханның әмірі - ау деймін... Ақынның айыбын күллі Беріштен алғысы келеді білем. Сөз садақтың оғымен тең. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деп қазақ бекер айтпаған ғой..Ақын айтарын айтты да, тайып тұрды. Ал айыбын елі тартады. Солай, Құрмаш. Сен де Дулаттың ұлымен босқа шатастың. Кінәлі болмасаң да... Кім жеңерін уақыт көрсетер... Көп сөздің тоқ етері мынау: шындықты бетке айтам десең, астыңда алыс жолға арымай шабатын арғымағың болсын... Ал сенің күйлерің шалғайға тарап кетті ғой...


Жұлдыздар биіктеп, аспан алыстай түскендей. Ақын сөзі есіне қайта келді. Кәдуелгі, күнде естіп жүрген, қарапайым сөздер. Ақынның айтқаны Құрмаштың да көкейінде жүрген нәрселер...


Түнгі самал денесін аймалады. Есіне әке сөзі түсті. От басынан аластағаны емес бұл. Өзі құсын бостандыққа қалай жіберсе, әке-шешесі де бұны солай босатып отыр ғой. Тек кішкентай Байғазы ғана... Қайда жүр екен өзі? Біреулермен ойнап қалған болар, тегі. Құрмаш інісін есіне алғанда ақырын жымиып қойды. Енді Ақшолпанды көргісі келді. Қыз үйін бір айналып шықты. Тым-тырыс. Ақшолпан ұйықтап қалған екен.


... Екі жастың — Ақшолпан мен Құрманғазының құпиясын ешкім білмейтін, кейін де білген тірі жан болмады. Одан хабардар болса, жалғыз-ақ даланын, кәрі бүркіті ғана хабардар шығар. Көк аспанда бұлардың үстін кеп айналып жүргені бар. Ал бұлар оған мамыр айында мазардың арғы жағындағы қалын, шалғында шалқаларынан қарап жатты. Бұған тұңғыш келіп жолыққанда Ақшолпанның үстінде көйлек сыртынан жамылған жұп-жұқа, көк шалғындай жасыл шапаны бар еді. Қыз беті өрттей алаулап...


Екеулері шөп сыбдырына, шегірткенің шырылына, қойдың маңыраған үніне құлақ салып, аспанға, көктегі кәрі бүркітке қарап ұзақ жатты.


Содан қайтып оңаша жолыққан емес. Анда-санда кездейсоқ бетпе-бет кеп қалғанда қыз тура қарамайтын, әйтпесе сықылықтап қашып кететін...


Құрмаш Ақшолпанның үйін тағы бір айналып шықты. Үйден жарық көрінбеді.


— Қош бол, Ақшолпан, — деп сыбырлады Құрмаш.


Ол жол таңдамай түнгі ауылды аралап келеді. Жер тарпыған тұяқ дүбірі мен аттың пысқырған үні ойын бөліп жіберді. Ақ орданың алдында тұрғанын бір-ақ байқады. Байлауда Дулаттың ең жүйрік сәйгүлігі көрінеді..


Ат... «Ер қанаты — ат», — деді ол халық мәтелін түсінде қайталап тұрғандай.


Жаңа шабылған жас шөптің, қымыз бен ат тезегінің иісі сезіледі. Ақбоз ат басын ақырдан көтеріп, Құрмашты танысындай иіскелеп қойды. Бозбала жануарды мойнынан құшақтап, жалын сипады, сосын шыдамы таусылып, шылбырын шешті. Тамаққа тойған маңтөбет бір маңқ, етті. Құрмаш атты үркітіп алмайын деп, тізгінді тежей ұстап тұрды да, тың тыңдады.


Қой қора жақтан біреудің тықыры естілді. Жүрісіне, бүкірейген тұлғасына қарап, Құрмаш ауылдағы сопа басты батырақ Жақып шалды таныды. Жиделі отарларының түнгі күзеті осы кісінің мойнында.


Құрмаш атқа мініп алып, басын бұрды.


— Мен ғой, ата, — деді ол самарқау үнмен. — Мен, Құрмашпын, Сағырбайдың баласы.


Жақып тоқтай қалды. Бет-әлпеті Құрмашқа анық көрінбей тұр. Шамасы, шал таңырқаулы болса керек.


— Құрмаш... Бұның қалай? Әке-шешеңді қайтесің?


Ат ауыздығын кеміріп, тұяғымен жер тарпи бастады. Құрмаш жауап қатпады. Ақиқаты, әкесі мен шешесі баталарын берген. Тек дәл бүгін жүріп кетер деп ойламаған. Құрмаштың өзі де ондай ойдан аулақ-ты, әйтпесе Байғазыны мықтап тұрып құшып, әке-шешесін жұбатып шығар еді ғой...


— Қайда барасың?.. — деді Жақып бастырмалатып. — Жә, жарайды, алла жар босын, жолыңнан бөгемейін. Бір бәлеге ілікпей тұрғанда жөнел тезірек. Жолық болсын, ер азығы мен бері азығы жолда деген. Енді неғып тұрсың? Құдай жолыңды оңғарсын. Тарт, ойланып тұрар шақ емес кәзір. Солай, шырағым, маған сенсең...


— Мың рахмет, ата!


Құрмаш тізгінді босатты. Біраз аңдап барды да, тасырлатып шаба жөнелді.


Жақып құлақ салып тұрып-тұрып, жусап жатқан қойға қарай беттеді.


— О, құдай, есі кеткен ұлдарыңа өзің жар бола көр...


Заулаған Құрмаш көне мазардың жанынан еткенде кәрі бүркітті шошытып оятып кетті. Атынын, басын түні бойы бір тартқан жоқ. Қолтығына қанат бітіп, асқақ әуенге тербетілген ұшқыр құстай, қыр үстінде қалықтап келе жатқандай сезінеді өзін. Мана достарының ортасында бастап, Дулат байдың баласы бөліп кеткен сол әуен құлағына қайта оралған. Енді бұрынғысынан да бетер анығырақ, күштірек естіледі, Құрмаш оны аяғына дейін біліп келеді. Мына күйдің сарынында ел мұңы, халық қамырығы ғана емес, күркіреген күндей құдды ретті жауынгер ұран, екпінді атой, Махамбет жырынан туған жойқын леп бар.


Қайда келе жатқанын білмейді. Әйтеуір Махамбетті іздейтіні хақ. Бірақ қайдан табады оны? Бір ауылдан бір ауылға жасырын жылыстап, елді ханға қарсы шығуға шақырып жүрген ақынның жолын анықтап болар ма? Жырға қарап із кесу мүмкін бе? Жыр дегенің дала үстінде желдей есіп жүреді, олардың қайда туып, қалай тарайтыны белгісіз.


Қайда бармақ? Осындай ойлар уайымын көбейте берді. Әбден шаршап, қарны ашқан кезде Құрмаштың есіне туған үйі тағы да түсті. Дулат ендігі ақбоз атын іздеп те жүрген шығар...


Дулатбай, сөз жоқ, бұның шешесіне барып, айғайлап қорқытып, баласының қайда кеткенін сұрайды. Әйтеуір бір сойқанның болары даусыз...


Дәл осы кезде туған ауылында не сұмдықтың болып жатқанын ол бәрі бір болжай алмаған-ды.


***


... Дулаттың төлеңгіттері Сағырбайдың үйін қоршап алған.


— Балаң қайда? — деп Дулат тұр Сағырбайдың басында дігерлеп.


Бұған дейін бұрышта үнсіз отырған әйелі орнынан тұрды.


— Ол ауру. Тыныштықпен жан тапсырсын, тимеңдер.


Нөкерлердің біреуі әйелге қамшы кетерді. Алқа оны қолынан шап беріп ұстай алып, анадайға ұшырып жіберді.


— Әй, әкетіңдер мына мыстанды!


Төрт төлеңгіт тарпа бас салып, қолын артына қайырды да, далаға алып шықты.


— Бар ма екен алла аспанда?! Бар ма екен көзі алланың? Бар болса неге көрмейді? — деп зарлап келеді ана.


— Сабыр ет, қызым, — деген Алдиярдың дауысы естілді топ ішінен. — Кішкентай ауылымыздағы жалғыз еркек басты әйел сен едің ғой... — Шашы жайылып кеткен. Жалаңбас тұр. Қаралы күн туғанда, басқа пәле келгенде аналар осылайша шаштарын жайып, жалаңбас қалады.


— Табыңдар ұрыны! — деп зіркілдейді бай.


... Дала терінде күн шығып келеді. Құрмаштың тұла-бойы қалтырап, басы зырқ-зырқ етеді. Анда-санда айналадағының бәрін ұмытып, ат үстінде кезі ілініп кетеді. Бір қырқаға шыға келгенде алыстан түтін көрінді. Аты кісінеп жіберіп, әлгі үйге қарай тартты.


Қараша үйден бұрымы тізесіне түскен қыз шықты. Жүзі ашық-жарқын, жалтылдаған кең жанарлы, кірпігі қалын, біткен жан екен.


Құрмаш қызға таңырқай қарап тұр. Түсінде көргендей. Бірақ ауырған басы мен талған белі, денесіндегі діріл мен кебірсіген ерні бұның түс еместігін айқындағандай.


Қыз ойда-жоқта сап ете түскен жас жігіттен секем алып қалды. Астындағы аты қандай сәйгүлік, ал үстіндегі киімі неткен жұпыны? Бозбаланың қызарып кеткен көзіне, арғымақтың қабысып қалған ішіне қарағанда бұл екеуінің ұзақ та қиын жолды артқа тастағаны айдан анық.


— Сусын... — деп Құрмаш ат жалын құша берді.


— Сізге не болды? — деп қыз қасына жүгіріп келді. — Кешіріңіз, ағай, сізге көмектесер еркек жоқ кәзір бұл үйде. Келіңіз, өзім - ақ...


Қыз Құрмашты сүйемелдеп аттан түсіріп, үйге кіргізді де, сырмаққа әкеп жатқызды. Содан кейін өрешедегі сабанын, аузын шешіп, кесеге қымыз құйды да, бір қолымен Құрмаштың басын көтеріп, сусынды аузына тосты. Анау ішіп болып, көзін жұмды.


Қыз сыртқа шығып кетті. Ұзамай ағасы — жылқышы Зарбай келді.


— Бұ кім? — деді ол атты керіп.


— Атын айтқан жоқ.


Ағасы ақбоз атты айнала қарап шықты.


— Домбырасы бар ма?


Бүгін таңертең Зарбай «Атақты домбырашы Құрманғазы Дулат байдың ең жақсы арғымағын мініп қашыпты, содан әрі қарақшы, әрі бүлікші атаныпты» — деген хабар алған болатын. Дулат жігітті ұстауға бұйрық беріпті.


— Өзі қайда жүр? — деді ағасы.


— Үйде, ұйықтап жатыр. Науқас білем.


Зарбай ақбоз аттың қасына барып, мойнынан шапалақтап қойды:


— Сақыш, көк өзекке апарып, арқандап қойшы!..


Сақыш қайтып келген соң Зарбай жүргінші бір саудагерден сатып алып қалған жаздық қысқа шекпенін ілулі тұрған жерінен қолына алды.


— Сақытай, мына шекпенді қонақ балаға берсек қайтеді, а? Қарашы, үстінде лыпасы жоқ қой...


Жылқышы сөзін кілт үзді. Іргеден тасырлатып келіп қалған ат дүбірі естілді. Сақыш ағасына үрейлене қарады. Зарбай үйден шықты.


Аттары ақ көбік болған топ адам келді.


— Жол болсын, жігіттер! — деп сәлемдесті Зарбай.


— Қарақшы қуып келеміз! — деді жолаушылар. — Ақбоз ат мінген бір әруей кезіңе түспеді ме?


— Жоқ, — деді Зарбай міз бақпастан.


Топ басшысы жылқышыға бастан-аяқ қатулана кез тастады.


— Түнде қайда болдың?


— Мен Дулаттың сенімді жылқышысымын, — деді үй иесі қаймыға қоймай. — Егер байдың аты көзіме түссе, табан астында жазбай таныр едім ғой...


* * *


Үшеуі дастарқан басында отыр. Ұйқысын қандырып, ет жеп, қымыз ішкеннен кейін Құрмаш әлденіп алды. Тамақты әлдеқашан ішіп болса да, әңгімелері қиысатын емес. Сөзге жоқ Зарбай қонағын қалай сыйларын білмей қиналады. Құрманғазы да үндеместің бірі. Ол қолына домбырасын алып, ризалығын күймен білдірмек ойда.


Қос ішек қартайған сырқат әке мен аяулы ана жайын, бостандық туралы сөйлеп кетті. Сақыштың көз алдына тақтайдай жазық кен, жазира келді. Сол далада келмей жатып қыз көңілін баураған мынау сымбатты да тәкаппар жігіт кетіп бара жатқандай...


Жо-жоқ, жалғыз өзі емес, қасында Сақыш бар сияқты. Жігіт жыры бұның жыры секілді... Ау, Құрмаш неге бұғап қарамайды, неге күй тартып бермейді? Ол басқа бір жаққа қарауыл, үлкен қара кездерін қызға салар емес, әлдеқандай терең ойға шомып келеді.


Сақыштың ұяң, жүзіне қарап Құрмаш оны Ақшолпанмен салыстырды...


— Жүрейін. Рахмет сіздерге... — деді де Құрмаш орнынан тұрып, үстіне Зарбай берген шекпенді киді. Сақыш оған ірімшік, құрт және күлше салған қоржын ұсынды.


— - Сақытай, ағақа атын көрсетіп жібер, — деді Зарбай.


— Рахмет, өзім - ақ тауып алам ғой. Сіздер тек жөн сілтеп жіберсеңіздер болды, — деді ол, әбден риза үнмен. Бірақ ыстық ықластан туған жылы сөзі Сақышқа бір түрлі салқын естілді.


Жыраға түссе, аты өліп қалыпты. Бұлақ жағасында төрт бұты төрт жаққа кетіп, серейіп жатыр, анадайда тұяқ тиіп тапталған жылан көрінеді.


Жайнаған жасыл адырлы Жиделі жазығы Жайыққа жете Нарынқұмға жалғасады. Нарынқұм деген батыс қазақтарының өмірін сонау көне заманнан бері көріп келе жатқан тілсіз куәгер ғой. Аш-жалаңаш азапты өмірдің құрбандығы болған көшпенді елдің қаншама ұл-қызы қалмады мұнда. Сонымен қатар осынау тылсым шөлдің төскейінен ел кегін қуған ерлер де баспана табады.


Хандар мен сұлтандардың озбырлығына шыдамай, Жайық пен Еділге қарай қаша көшкен қалың ел талай рет өзен жағасында патша әскерлері мен хан жендеттеріне соқтығысып, түтеген оқтың астында қалғанда Нарынқұмның сұрқай бет: қызыл қаннан қоңыр тартып жататын.


Меңіреу құм безірейіп үн қатпайды. Тылсым дүлей аңызақ пен аптапқа жомарт болса да, ылғал атаулыға келгенде сараң - ақ. Замана өтер, ағаш қурап, өзен суалар, бірақ құм құрымайды.


Құм бетіндегі көзге көрінбейтін жазуға қарап, салқын суды құдықтың қайда екенін, желаяқ жүйрік ақбөкеннің қайда жүргенін анықтайтын адамдар некен-саяқ. Ал сол шағын топтың ішінде қартайған Ұзақ ақынға жетер із кесер мүлде жоқ.


Бүгін Ұзақ өзінің Мыңтөбеде отырған ауылына асығып келеді.


Құм ішіндегі әр түп сексеуілді, әр төбені ұзақ жақсы біледі. Осы жасқа келгенше көрмегені жоқ: кезінде хан сарайында да, қараша үйлерде де болған. Елмен бірге ержетіп дегендей, тыңдаушысы табылса, өлең-жыры таусылып көрген емес. Адам баласын алалаған жоқ, бәрін де бірдей санап, бәріне де айта беретін.


Сенімді аты жол жорғамен тербетіп келеді. Қанжығада қапқа салған домбырасы. Басында парсы жібегімен тыстаған түлкі тымағы, үстінде түйе жүнінен тоқыған биязы шекпені бар. Белінде күміс белдік.


Атынын, жайлы жүрісі әр нәрсені еске түсіріп, өткен-кеткенді ойлап келеді. Әмірін босқа өткермегені белгілі. Көп қиналмай атақ-абыройға жетті де, сол даңқы бұны өз қанатына қондырып алып, Нарынқұм үстімен, күллі дала төскейімен зырғытып өте шықты. Бүгінде оны бүткіл орда жұрты біледі. Бірақ біраздан бері бір ой мазасын алып жүр.


Бәрі де өзін Ұзақтың шәкіртімін деп атаған әлгі домбырашы бала жайлы хабарды естігеннен басталды. Алайда жас күйші ұстаз жолын қумады, ол домбыраны байлар мен сұлтандардың құлақ құрышын қандыру үшін тартпады...


Ауыл арасында ел аузына Ұзақтан гөрі соның аты көбірек алынатын болды. Оның үстіне ол шығарған ән-күйлер де әдеттегі дала әуезінің дәстүрінен шығандап кететін. Сарынында бүлікшіл әуен, өршіл екпін бар. Бала домбырашы халық барған сайын сүйсіне тыңдайтын болды. Құрмаштың жаңа күйлерін әр ауылдың домбырашылары асыға күтіп, естіген заматта - ақ қағып әкетеді. Өзін жайсаңдығы үшін мақтаса, күйлерін жалындаған қызуына бола мадақтайды. Ұзақты қанша құрметтесе де дәл Құрмаштай ешқашан қастерлеп көрген емес ешкім.


Бүлікшілдік қашан да Махамбет сияқты ақындардың жырында болатынын Ұзақ ежелден білетін. Бірақ ол халықтық күйді де жырдай түсініп, жырдай қабылдағанын ешқашан естіп - көрген емес. Жуандар әулеті осы уақытқа дейін ақындардан ғана қорқады, солардың атақ-абыройын күндеп, айтқан сөздерінен ғана қаймығады, ал күй атаулыны олар еріккенде езетін ермек деп біледі.


Ән-күй деген, мән - мағынасы — сөзі жоқ құрғақ әуен, адам жанын өлең-жырдай баурап, еліктіріп әкетуге тиіс емес. Ұзақ бұған құдайдай сенетін... Ал Құрманғазының күйлері естілуі мұң екен...


Ұзақ қанжығасынан шешіп, қолына домбырасын алды. Атынын, бір қалыпты майда жүрісін күйге қоспақ болды. Бірақ басқа бір ойлар келіп, домбырасын ұмыта берді.


Тылсым құм түнеріп, тымырайып жатыр. Ұзақтың ойына жағадағы йен тоғай түсті. Ол жерлер қазір қос граф Безбородко мен Юсуповтің меншігінде. Жатақтарды айдап шығып, сан сарайды салдырып тастады ғой.


Сол маңайды жайлайтын жалшы қауым енді шарқ ұрып, құм ішін кезіп, қоныс іздеуде. Ол — ол ма, тіпті өз жерлерінің үстімен өздері көшіп өткені үшін әлгі Безбородко мен Юсуповтарға от ауыз, тұяқ ақы салығын төлеуге мәжбүр.


Міне, осынау жарлы-жақыбайлар мен азап шеккен кедей жұртты Махамбет жырға қосса, Құрманғазы да өз күйлерін соларға арнап шығарып жүр. Рас, олар жайлы Ұзақ та жырлаған, бірақ бұл көнбістікке үндеп, жазмышқа қарсы шықпай, мойынсына беруге шақырған...


Ақбас домбырашының есіне осы өңірді бұдан бірнеше жыл бұрын жайлаған жұт түсті. Ондай жұтты Ұзақ өз өмірінде бұрын-сонды көрген емес. Байлардан басқада тігерге тірі тұяқ қалмады. Еділден Жайыққа дейінгі кең жазық адам мен малдың көмусіз қалған өлігіне толды.


Мынадай сұмдықтан естері ауып, аштан бұралған қалың ел Қарауылқожа сұлтан мен граф Безбородкоға қарай ағылды. Кей-кейде сапар соңы қанды қырғынмен бітетін. Енді міне тағы да солай болайын деп тұр...


Беріш руының старшыны Исатай Тайманов шабылған жұрт, езілген ел кегін алмаққа аттаныпты деген сыбыс ауылдан-ауылға тарай бастады. Жәңгір ханның әмірі бойынша аға сұлтандар Баймағамбет пен Қарауыл қожа екі рет Исатайды ұстамақ бопты, қол-аяғын кісендеп, абақтыға айдатуға әрекет жасап керіпті.


Исатай ханға: «Ел өз меншігін өзі иеленгісі келеді... Ал егер бұл сауалдың жауабын алмасақ, онда бізге әмірін жүргізер еш басшы жоқ деп есептейміз», — деп жазыпты дегенді естігенде Ұзақ сенбеді. Бұл хаттың дөрекілігі Сырым батырдың орыс патшасына жазған хатындай еді.


— Астағпыралла! — деді Ұзақ жағасын ұстап. — Далада тағы да дауыл тұрар. Әзірейілдің ажал күрзісі көтерілген екен. Немен тынбақ бұның бәрі? О, алла құлдарыңа қаһарыңды текпе, сақтай гөр қазағымды!..


Көңілсіз ойлардан серпілмек болып, атын қамшымен тар¬тып жіберді де, Ұзақ жас кезіндегідей бар дауыспен шырқан жөнелді. Бірақ дауысы жарғышақтанып, әрең шықты. Ол да болса көңілге медет...


Құмнан шыққан соң Ұзақ жалғыз аяқ тақтақ сүрлеуге түсіп, алыстан көзге шалынған ауылға қарай аяңдады. Жанары әлі жаси қоймаған кәрия ауыл үстіндегі құжынаған көп адамды, жығылған үйлерді, қаптаған арбалар мен ерттеулі аттарды сонадайдан байқады;


«Бұ неғылған жиын? — деп ойлады ол. — Не боп қалды екен?».


Жақындай келе байқады: әулетті старшын Ақбай мен соның туысқандары ғана үйлерін әлі жықпапты. Ауылдың қақ ортасындағы қалын, топ Ақбайдың қарулы нөкерлері мен солдаттарын қоршап алыпты.


— Ассалаумәликүм, ақсақал, жол болсын! Әбден дер кезінде келдіңіз, — деп қуана қарсы алды Ұзақты Ақбай старшын. — Ақылға сабыр серік деседі ғой. Қазылығын өзіңіз айтыңызшы, ақсақал. Домбыраңызды қолыңызға алыңыз да, мынау тілазар бақташыларды Баймағамбет сұлтанның айтқанына көндіріп беріңіз... Әйтпесе бұлар анау бүлік шығарған бұзақы Исатайдың шабарманын босатамыз деп әкіреңдеуін қояр емес...


Ұзақ нөкерлердің ортасында тұрған орта жастағы, қалың қара қасты, сымбатты жігітті көрді. Денесін қыл шылбырмен шандып тастапты. Жұрт шу-шу етеді. Тек Ұзақты кергенде ғана аздап тыншып, ақынға қақ жарылып жол берді.


— Сәлем бердік, ата, — деді тұтқан басын иіп. — Тұмсығын тескен түйені шығыршық өткізіп, жіп байлайды да, не су берместен, не оттатпастан құмда жетелеп жүріп үйретеді. Маған да саны істеді, ата, тек әзірге тұмсығымды теспей тұр... Айтыңызшы, ақсақал, Жәңгір аз адамды дарға асты ма, Ақбай елді аз жылатты ма? Көп жасаған білмейді, көпті керген біледі дейді ғой. Сіздің жасыңыз да үлкен, көрген - білгеніңіз де көп...


— Аты-жөнің кім болады, балам, жауабын содан соң естірсің, — деді Ұзақ.


— Өз атым — Ноян. Руым — Қарақыпшақ. Туған жерім Сыр бойы, бұдан алыста, орта жүзде. Туған-туысқан атаулыдан жұрдаймын кәзір. Қазақ ханы Арғынғазы мен Хиуа ханы Аллақұл алыс-жақынымды түгелдей тып-типыл ғып, қу басымды қаңғытып жіберді... «Қара таудың басынан көш келеді» — деп күңіренуден басқа ештеңе қалмағандай көрініп кетеді кейде... Өксікті немен басармыз, кекті қалай қайтарармыз, ата?!.


— Таусылма, балам, өксіме өлең-жырдың құстасына — деді Ұзақ. — Қазақ әні қашаннан қайғы-шерге толы!.. Бірақ көз жасы көл болса да септігі жоқ. Долы дауыл қанша соқса да жер бетіндегі ағаш атаулыны түп-тамырымен түгелдей қопара алмайды... Сол сияқты жер үстінде жаманшылық атаулы да қала береді. О деген дүниеге адамның өзімен бірге келетін пәле ғой.


Басыңды сақта, жаның аман болсын, шырағым, әлі-ақ үбірлі-шүбірлі боп кетерсің...


— Рас айтасыз, ақсақал. Алайда арынды су тас бұзады. Бізге де Махамбеттің арынды ән-жыры мен Исатайдың жол бастар сөзі керек, — деді Ноян.


— Адам қылығына қазылықты замананың өзі айтар, балам, — деді Ұзақ ойлана сөйлеп. — Бұ ғаламда у мен шипа, жақсылық пен жамандық қатар жүреді...


— Ақсақалдікі жөн. Ноянның бізге істеген жаманшылығы жоқ. Ей, Ақбайдың табақшылары! Қол-аяғын шешіп, табанда босатыңдар, болмаса осы арадан біреуің тірі кетпейсің! — деп гу-гу етеді топ.


— Исатай батыр ауылдарды аралап, жігіт жиып жүр. Кек алуды көксегендер, хандар мен сұлтандардың тепкісінде жүргісі келмегендердің бәрі де батыр қолына сарбаз болып қосылып жатыр. Біз өз ауылдастарымызды жағадағы ата қонысымызға қондырғымыз келеді! — деп дауыстады Ноян.


— Ақсақал - ау, домбыраңды неге алмайсың қолыңа? Мына бұзылғанның үнін өшіріп, ана шулаған жұртыңа ақылыңды айтпаймысың? — деп жақтырмай қалды Ақбай. Қолынан келер ештеңе жоқ болған соң ызадан жарылып кете жаздап шақ тұр. Нөкерлерінің аздығы ғой қолын байлаған. — Мүмкін, сен де қантөгіске құмар шығарсың?!


— Өлең-жыр шындыққа қарсы келе алмайды!- — деп кесіп айтты Ұзақ. — Әлде қазақшылықтан кетіп ең, «әлде сөзге сот жоқ» деген ата мәтелін ұмытыппын.


Мысы құрыған Ақбай ашуға қанша тығылса да дала ғұрпын аттай алмай, Ұзақты аттан түсіп, үйге кіруге шақырды. Бірақ Ұзақ орнынан жылжымады. Ол Махамбеттің өлеңін айтқан Ноянды тыңдады.


Ей, тақсыр-ау, ей, тақсыр!


Боз орданы тіктім деп.


Боз ағашты жықтым деп.


Ханым, ханым дегенге


Көтере берме бұтыңды,


Көптіре берме ұртыңды... ...


Өздеріңдей хандардың,


Қарны жуан билердің


Атандай даусын ақыртып,


Лауазымын көкке шақыртып,


Басын кессем деп едім.


Еділдің бойы йен тоғай,


Ел қондырсам деп едім!


Жағалай жатқан сол елге


Мал толтырсам деп едім!..


Ақбай нөкерлеріне топтан шығыңдар деп әмір қылды. Бірақ жиылған жұрт оларды жібермей, екі жақ шарт та шұрт қақтығысып қалды.


— Қойыңдар! Жіберіңдер, барсын, және де басқа қансорғыштарына да айта барсын: қалық ел қынаптан қылыш суырды. Келер сәт, сонда өз ханын өзі белгілеп алар! — деп айғай салды босанған Ноян.


Жігіттер оған ат әкеп тартты.


— Исатайға ергісі келетіндерің жолға жиналыңдар! — деп жар салды анау ерге қарғып мініп.


Жұрт арбаларына қарай жүгірді. Ығы-жығы араласты да кетті. Сықырлаған арба, бақырған түйе, адасып қалған құлыншағын іздеп кісінеген бие, маңыраған қой дауыстары араласып азан-қазан болды. Ауылдың жарым - жартысына жуығы Исатайдан келген бейтаныс жігіттің соңына еріп тартып отырды.


— Сазайларыңды Жәңгір ханның өз қолынан аларсыңдар әлі-ақ! Нарынқұмда сел боп аққан қандарыңнан қақ тұрар! Исатайларыңның жонын қамшы тілгілеп. Махамбет жырының орныма кісен, шынжырдың шылдырын естірсіңдер! — деп тепсіне ақырып Ақбай қалды соңдарында. Ызадан түтігі қасына жақындаған малайларын оңды-солды шықпырта сабап, аяқ астында жатқан жез легенді теуіп жіберді. Нөкерлеріне ұрсып жүріп ол ауыл шетіне кірген жалаңаяқ, құр сүлдері тұрған Құрмашты байқамады. Арқасында дорбасы, қолында домбырасы бар. Ақбай оны киіз үйге кіріп бара жатып көріп қалды.


— Уау деген, ұстап әкеңдер ана қайыршыны. Оны да Исатай жіберген шығар!


Жас жігітті ұстап, дүрелей бастады. Ұзақ келіп арашаламағанда немен тынары белгісіз еді...


— Тақсыр - ай, ие жазығым бар? — деді қызыл - ала қан болған Құрмаш.


— Жап аузыңды, күшік! — деп зекіді Ақбай. — Тірі қалғаныңа аллаңа рахметіңді айт.


— Сағырбайдың қарақшы баласы Құрманғазы ғой мынау. Дулаттың сәйгүлігін мініп қашқан осы, — деді нөкерлердің біреуі, оны танып.


Жігіттің атын естігенде Ұзақ селк ете түсті.


— Байлаңдар иттің баласын! — деп бұйырды Ақбай. Сосын Құрмаштың домбырасын бір теуіп, ортасынан қақ белді.


— Енді осы домбырадан туған күйлерді де құртып көріңіз, тақсыр! — деді Құрманғазы қалың қабағының астынан алара қарап.


— Жап аузыңды! Арғымақты қызыл май ғып өлтірдің ғой, енді зынданда шірітейін. Әзірге тұтқында бола тұр. Ертең бұралқы иттей сүмеңдетіп Орданың түрмесіне айдатамын...


Ақбай өз үйіне кіріп кетті. Ұзақ домбыра сынықтарын жинап алды.


Ас ішіліп болғалы қашан, шаңырақ иелері Ұзақты жалғыз тастап, өздері басқа үйлеріне кетті. Түндіктен жылтыраған жұлдыз көрінеді. Қақ ортадағы темір ошақтың астында жанған от та өшуге айналған.


Қонақ кәдесін бұзып, бұны жалғыз тастағанда Ақбайдың кәрі жырауды Исатайға қарсы сөз айтпадың деп көзге шұқымақ болғанын, сөйтіп өзінің бұдан артықтығын сездіретінін Ұзақ біліп отыр. Сонда да шынымен-ақ қатты жалғызсырады. Өз өмірінде ақынның немесе домбырашының ұзақты түнді оңаша еткізгенін керген емес.


Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша ауыл адамдары кеш сайын домбырашының немесе көпті көрген кене кәрияның, ертегішінің, тілі өткір қалжыңбас жанның қасына жиналып, ән-күй, жыр-қисса, әңгіме - ертек тыңдайды...


Ұзақ та өз өмірінде бүгін тұңғыш рет қас қарая жалғыз қалып отыр. Қолына сүйектен жасаған тасбиғын алып, іштей дұғасын оқи отырып, ауылдан кеткен адамдар жайлы, Ақбай туралы, кәзір қамауда отырған жас домбырашы жөнінде ойға шомды.


Өзінің барлық жаңсақ басқан қадамдары үшін алласына жалбарынып, пайғамбардан ақыл-кеңес сұрайды, көмекке шақырады: түсінуден қалдық қой, бұ дүние не боп барады, Ордада не болып жатыр? Ауыр ойдан арылар ма екем деп, айналасына көз жіберді...


Адайдың сүйекші - шеберлері әшекейлеп жасаған ағаш кереуетке текемет - сырмақ, көрпе-жастықты қабаттап жиып тастапты. Кереге басында күмістеген ер-тұрман ілулі тұр. Шамасы, ол Шеркеш шеберлерінің қолынан шыққан - ау. Бұл Ақбай күллі Нарын бойының жылт етіп көзге түсер дүниелігін алдыра алады. Анау уықтан салбыраған алуан өрнекті әдемі желбау, басқұрларды Адайдың өнерпаз қыздары тоқыған болу керек. Ал, әне бір ескілеу қалы кілемді Ақбай бір үйір жылқыға Хиуадан алдырған шығар шамасы.


Ортекелерді көргенде Ұзақтың есіне Ақбайдың: «Арғымақты қызыл май ғып өлтірдің ғой, енді зынданда шірітемін!» — деп Құрманғазыға айтқан сөзі түсті.


Бірте-бірте Ұзақты ыза билей бастады. «Құдайым - ау, кімдікі жөн, айтсаңшы? Ақбай үйір-үйір жылқы айдап отырса да, бір ат үшін адам өмірін құрбандыққа шалмақ. Бір ат үшін бүтіндей бір рудың баласымен — Құрманғазы шыққан Қызылғұрттармен жауласуға бар»...


— Ақылсыз ашу тұл! — деп сыбырлады ол қызарған шоқтарға қарап отырып. Саусақтары жайлап барып қос ішекті сипады. Айтылмаған өкпе, ақтарылмаған реніш, тосыннан абдырап, сасып қалғаны — бәрі-бәрі жиналып келіп, көкірегіне кептелді. Қос ішек қинала, күрсіне дыңылдап, шерлі әуен булыға шықты.


...Құрмаш тері тулақтың үстінде екі қолы байлаулы жатқан болатын. Түрулі іргеден улей соққан суық желден дір-дір етіп қалтыраса да бейтаныс күйге елен, етіп, құлақ түрді. Бұл күйді Сырым батырға арнап Ұзақтың баяғыда шығарғанын да, Ұзақтың оны әдетте қарапайым жігіттердің ортасында отырғанда тартатынын да Құрманғазы білмейтін. Саз сарынында ашу-ыза атымен жоқ. Тек аяныш мұң-шер, күйініш қана бар. Сырымның жауларын кәпір деп атайды. Кәпірлерге еліктеп, қан төгуге болмайды, дейді... Сырым егер ханға қарсы қылыш көтермесе, ұзақ өмір сүрер еді. Адам қанша батыл болса да алланың бұйрығына қарсы шықпауы керек. Алла-тағала құдіретті ғой, ал өмір деген — қасірет. Алланың бұйрығынсыз ештеңе өзгермейді! Ұзақ өз жырын осылай аяқтайтын әманда.


Ал кәзір Ұзақ «Сырымның сағынышын» өзі үшін тартып, өзімен-өзі сұхбаттасып отыр. Жұлдыздары жымыңдаған жаз түнінде жан дүниесіне тосын келіп, көңіл-күйін әлем-тапырық еткен ауыр ойлардан мына әуен аз да болса сейілткендей...


Былдырлаған майда қоңыр баяу күйге құлақ тосқан Құрманғазы оның түп - тереңінде әлде бір адуын зілдің жатқанын сезіп отыр. Талайды бастан кешіріп, ашуды ақылға жеңдіру тәсіліне әбден жетілген кәрияның сабырлы, салқын қанды салауаты ғана күйшінің сезімін басып, еліккен көңілін сабасына түсіре береді. Содан да саз сыздықтап, жабығып, мұңая толғайды. Шіркін, қолын босатып, домбырасын берсе! Мына күйді ол өзінше тартар еді. Бет бүркеген жадау жамылғышын жұлып алып, бойындағы отын үрлеп, ызасын қоздырып, ашуының арнасын ашар еді. Сонда жойқын үн мынау үңірейген ашық іргеден түн тыныштығына лаулаған жалындай атыла шығып, Ақбайды жатқан жерінен жұлып тұрғызар еді, құмай тазыларын қорқыныштан қаңсылатып, жанын мұрнының ұшына келтірер еді ғой.. Әй, Ұзақ ата, күйің қандай қайғылы еді. Шел төсіндегі терең құдықтың суындай тыныш қой. Ағын да жоқ, толқын да жоқ, тылсым дүние...


Құрманғазы елең етті. Есіктегі құлыпты ашып, ішке күзетші жігіт кірді. Жасырып тамақ алып келіпті, Құрмаштың құлағына бауырыңмын мен де Қызылғұрт баласымын деп сыбырлады. Бірақ босатуға дәрмен жоқ, артындағы бала-шағасын қимайды. Ақбай жаңа бұған аттарды әзірлей бер, таңертең тұтқынды жандарм екеуін, Дулат байдың ауылына апарасыңдар, деп әмір беріпті...


* * *


Таңертеңгі тамақтан кейін Ұзақ Ақбайға барып, атын ұсынды.


— Анау Сағырбайдың баласы зорықтырып өлтірген жүйрігіңнің орнына ал. Жігітті босат. Ондай домбырашы күллі' Кіші жүзде жоқ...


— Астыңыздағы жалғыз атыңызды алғаным ұят болар, ақсақал. Құдайға шүкір, малға кенде емеспіз ғой. Бірақ мынау жомарттығыңыз қызық екен! Қайтесіз сол қарақшы немені? Айтса да, сіздей ақынның ойында не барын біз пақыр қайдан білеміз, — деді Ақбай кекесін мысқылмен қолын жайып. — Ол қаңғыбастың не керегі бар сізге? Ол болса — Қызылғұрт, ал сіз ғой, ақсақал, қасиетті Байұлының ұрпағысыз...


Ақбай екі көзін сүзіп, дүрдиген астыңғы ернін тістелей отырып Ұзаққа тесілді. Тап осы сәт Ұзақ та өзін әбден қаусаған қауқарсыз шалдай сезінді. Бұрынғы қайрат-күші, аты -шулы батылдығы қайда жоғалған? Жорыққа шыққан сарбаздай әбден сынып киінген Ақбайдың алдында құдды бала сияқты қипақтап тұр. Бай қамқа бешпетінің үстінен көбе киіп алыпты, нығына мылтық асынған, бір бүйірінде Бұхарда соғылған салмақты қысқа семсер, басында — күміспен жұрындаған түлкі тымақ, аяғында — ұзын, кең қонышты сүйір тұмсық саптама етік, қолында — сегіз өрім дырау қамшы. Ол Ұзаққа отыр деген де жоқ...


Ұзақ өзіне-өзі келіп, еңсесін көтерді де, баймен маңғаздана қоштасып болып, ұйқысыз еткен түннен екі кезі шүңірейіп кеткен Құрмашқа домбырасын ұстатты.


— Мына домбыраны Нарын бойы түгел таниды. Оны Құрманғазыдан тартып алған жан халық қарғысына ұшырайды! — деді.


Құрмаш шерменде Ұзақты қимас көзқараспен шығарып салды. Сосын жанарын жалтыр әшекейлі домбыраға аударды. Түнде күзетте тұрған Қызылғұрт қасына келді.


— Маған сеніп тапсырыңыз. Өзіңіз алып жүре алмассыз...


... Ақбай қалын, нөкерінің қоршауында шапқылап кете барды. Арттарынан Құрманғазыны алып жүрді.


Дала жолы қызық қой. Үйір-үйір жылқы: ішінде шымқай қара, тобылғы торы, маңдайы төбел көкқасқа, шаңқан боздары да бар. Әр үйірде жүген-құрық тимеген құр айғыр. Олардың қай-қайсысы да өз үйірін еркін билеп, маңайлатпауға тырысады.


Кейде басын жерге салып, жалын желбірете шапқылаған айғыр осқырып басқа үйірге қарай жақындаған байталды тырқыратып қуып береді. Бұлталақтай қашқан қу байтал ойнақылана кісінеп бөтен айғырға қарай жөнеледі. Ондайда түтілген жүн аспанға шашылып, тұяқтардан от жарқылдайды. Ал байтал болса, мойным аққудай иіп, құйрығын тігіп алады да, біресе ана үйірге, біресе мына үйірге жақындап, айнала шапқылайды. Сақа биелер оны тістеп - теуіп шендеріне жуытпайды. Байтал бәрібір ештеңені елемей, шыр айналып шапқылай береді...


Оның сыңғырлаған назды кісінеуіне желіккен айғырлар бірін-бірі аяусыз шайнап, бітіспес соғысқа кіріседі.


Енді жекпе-жекке түскен жануарлардың маңына күйлеген ерке-тотай ғана емес, екі жақтан да сақа биелер топталып келіп, шұрқырасып жақтаса бастайды...


Жеңілген айғырдың жанында ең сенімді, айнымас биелер ғана қалады, олар тіпті үйір басшысы үшін шайнасудан да тайынбайды. Бұлай болғанша, іс насырға шапты дей беріңіз. Өйткені бұндайда үйірлер араласып, жылқышылар қиналып қана қоймайды, сол жылқының иелері — байлардың арасында жанжал туып кетуі ықтимал.


Сондықтан да жылқышы жігіттер айғырлар шайнасқан жерге құрықтарын көлденең ұстап, тез шапқылап келеді де, көздеріне қан толып, құтырып кеткендей, долдана айқасқан жануарларды ажыратуға кіріседі. Бұндайда дер кезінде қашып құтылмаса, жыртақай да сазайын тартады.


— Бұ кімнің жылқысы? — деп сұрайды Құрманғазы өзінің қарауылшыларынан.


— Ақбайдікі.


— Дулаттікі.


— Ал мына үйірлер — қазақ байларының граф Безбородкоға берген тартуы. Бұл өңірдегі шөбі шүйгін жайылымдардың баршасы Безбородконың меншігінде. Ақбай мен Дулат өз жылқысын бұнда соның рұқсатымен жаяды. Жәңгір хан әскерінің аттары да осында...


Жолай кезіккен жылқышылар жөн сұрасып болған соң, жандармға сезіктене қарап тұрып, Құрманғазымен таныса бастайды. Құрманғазы ұсталыпты, аяқ-қолы кісенделіпті - деген хабар қостан - қосқа, ауылдан-ауылға таралып, Құрмаштың достары — Сарман мен Зарбайға да келіп жетті.


Міне, жол құмға кеп кірді. Суы жылы өзеншеден жаяу өтті. Қалын, сексеуілді артқа тастап, тағы да құм шағылдарына бойлады...


Құдық басындағы жалғыз мазардың күмбезіне түнеуге тура келді. Аттарға жем беріп, суғарғаннан кейін Қызылғұрт жігіті қасындағы жолдасымен ақылдасты да, Құрманғазының қолындағы темір бұғауды ағытты. Жандарм үндеген жоқ. Тамақ үстінде қасындағы үшеуге түнере қарап қойып отырды... Мына қураған құмнан тезірек құтылып, бай ауылына жетсе десеңші. Одан әрі мына екі қайсақты қасына ертпес еді, ана қарақшымен ниеттері бір шығар мүмкін, кім білген...


Құрмашқа домбырасын берді.


— Хорошая балалайка, богатая! — деп қасақана жылы лебізбен мақтап қойды жандарм, әлдеқалай болады деген оймен.


Құрманғазы өткен түні Ұзақтан естіген күйді салып көрді де, түгел тартпады. Қолын кісен қажап тастапты. Күй тыңдамақ боп жайласа отырған күзетшілер жерге қарасты. Құрманғазының қос білегіндегі қып-қызыл таңба кімге де болса анық көрінетін еді.


От өшірілді. Күмбез ішін көзге түртсе көргісіз қараңғылық басты. Жандарм мылтығын құшақтап төрге барып жатты. Есік алдына күзетші екі жігіт орналасты. Өшкен оттық жанына Құрманғазы жайғасты. Мазар сыртында құлақтарын қайшылап, болдырған аттар тұр.


Төртеуі де көз ілмей жатыр. Түн қараңғылығында тобынан адасып, жалғыз қалған кішкене құстың аянышты шиқылына құлақ түріп, әр қайсысы өз ойына шомған. Жарым түнде жел басталды. Үріккен аттар біріне-бірі тығылып, үрпиісіп тұр. Өз тағдырын өзі іштей балағаттап жандарм жатыр.


Кенет Құрмаштың құлағына ұлыған жел дыбысынан бөтендеу бір сарын келгендей болды. Біресе күшейіп, біресе талып жетеді. Қалың құмның қиыр шетінде, жер астында зілдей ауыр, жүздеген жез қоңыраулар күңіреніп жатқан сияқты.


Бұл даңғырды Құрманғазыдан басқа ешкім әзірге жел гуілінен ажырата қойған жоқ. Құрмашқа жердің өзі күңірене жаңғырығып жатқандай боп көрінді. Осы бір құдіретті зор дабыл, тереңнен шыққан ғажайып гуіл оның есі-дертін билеп әкетті.


— Естимісіңдер! — деп сыбырлады ол күзетшілерге.


— Желдің шуылы ғой... — деді олардың біреуі.


Екінші жігіт түрегеп отырып, құлақ салды. Сосын қайтадан орнына жатты:


— Тас орман ғой әндеткен. Ондай жерлер Нарынқұмда көп...


— Что? Что случилось? Говори, кайсак! — деді жандарм қолынан түсіп қалған мылтығын асығыс көтеріп жатып.


— Ағаш қой ән салған. Ән білесін, бе? — деді қызылғұрт жігіт оны тыныштандырып.


— Тьфу! Всяк вой у вас песня! — деп жандарм дәудірлеп естіртпеді. Құрманғазы орнынан тұрын, кісенін сылдыратып есік алдына барды да, қабырғаға сүйенді. Тас орманның әуеніне тесіле құлақ тігіп, тыңдай түсті.


Ал орман әуені толастар емес.


Бұтақтарды тербеген құмды дауыл оны мың жылдық ұйқысынан оятқандай, гулеп тұр, гулеп тұр. Бұл гуілде арқыраған өзеннің, сайраған құс пен жүгірген аңның жыры, осы орманның бойын жайлаған диқандар мен сарбаздардың әні бар...


Өзендері шулап, бұлақтары тартылып, қалалары қирап, шөбі түгел қурап, каналдары құмға қақалып қалғалы қашан бұл өңірдің. Бір кезде осы орманда да құс сайрап, көлеңкелі саясында жол шеккен керуендер демалушы еді. Содан бері жүздеген, мыңдаған жылдар өтіпті...


Айнала тып-типыл, бәрі де құмға көміліп қалған. Тек орман ғана бар. Ол өз бұтақтарындағы жапырақтардың қай заманда көгергенін де, судың сылдыры мен бұлбұлдың сайраған үнін қашан есіткенін де ұмытқан. Оны уақыт табы тас қып қатырған. Бұл бақшадағы әр ағаштың діңгегі шойын қазанның жалын сүйіп жалтыратқан түбіндей қап-қара, қап-қатты, жып-жылтыр.


Шіркін, мына жырдың сөздерін, мына гуілді түсінетін, түсініп қана қоймай, нотаға түсіретін адам болар ма еді! Бұл әуен еткенге алып кетер еді. Ол осы өлкенің жазмышы жайлы жан түршігер әңгімені өз құлағымен естіп, осы өңірді мекендеген патшалықтар мен елдерді көрер еді, оның көз алдында Ескендір Зұлқарнайыннан жеңілмеген жауынгер сақтардың шатырлары, торандардың, құмандар мен қыпшақтардың құм астында қалған қамалдары, парфяндар мен согдилер салған сарайлар тұрар еді, ол осы атырапты бір кезде дүр сілкінткен қалмақтармен ноғайлар әнін, аты аңызға айналған құдіретті Сыпыра жыраудың үнін естір еді. Сыпыра жыраудың бұл жерде болғандығы ел есінде әлі сақтаулы...


Уақыт адам баласын алауыздығы үшін, қараулығы мен атаққұмарлығы үшін, қырқысқан қырық пышақ қақтығыстары үшін қандай қатыгездікпен соттайды...


Енді қалың құмның шыңырау тереңінен ғажайып күй ғана еседі. Құрмашқа бұл дүниедегінің бәрі де — көне мазар да. қараңғылық қапасынан әлсіз жарығын әрең жеткізіп тұрған жұлдыздар да, аяғындағы мынау кісен де — осының әмбесі түгел Тас орман салған жан тебірентер құдіретті әуеннің дыбыстарынан құралғандай болып көрінеді.


... Тас орманның таңғажайып әуені Құрмаштың құлағынан кепке дейін кетпей қойды. Кез алдынан күзетшінің арқасынан басқа ештеңе кере алмай жүрді де отырды...


десеңші. Одан әрі мына екі қайсақты қасына ертпес еді, ана қарақшымен ниеттері бір шығар мүмкін, кім білген...


Құрмашқа домбырасын берді.


— Хорошая балалайка, богатая! — деп қасақана жылы лебізбен мақтап қойды жандарм, әлдеқалай болады деген оймен.


Құрманғазы өткен түні Ұзақтан естіген күйді салып көрді де, түгел тартпады. Қолын кісен қажап тастапты. Күй тыңдамақ боп жайласа отырған күзетшілер жерге қарасты. Құрманғазының қос білегіндегі қып-қызыл таңба кімге де болса анық көрінетін еді.


От өшірілді. Күмбез ішін көзге түртсе кергісіз қараңғылық басты. Жандарм мылтығын құшақтап терге барып жатты. Есік алдына күзетші екі жігіт орналасты. Өшкен оттың жанына Құрманғазы жайғасты. Мазар сыртында құлақтарын қайшылап, болдырған аттар тұр.


Төртеуі де көз ілмей жатыр. Түн қараңғылығында тобынан адасып, жалғыз қалған кішкене құстың аянышты шиқылына құлақ түріп, әр қайсысы өз ойына шомған. Жарым түнде жел басталды. Үріккен аттар біріне-бірі тығылып, үрпиісіп тұр. Өз тағдырын өзі іштей балағаттап жандарм жатыр.


Кенет Құрмаштың құлағына ұлыған жел дыбысынан бөтендеу бір сарын келгендей болды. Біресе күшейіп, біресе талып жетеді. Қалың құмның қиыр шетінде, жер астында зілдей ауыр, жүздеген жез қоңыраулар күңіреніп жатқан сияқты.


Бұл даңғырды Құрманғазыдан басқа ешкім әзірге жел гуілінен ажырата қойған жоқ. Құрмашқа жердің өзі күңірене жаңғырығып жатқандай боп көрінді. Осы бір құдіретті зор дабыл, тереңнен шыққан ғажайып гуіл оның есі-дертін билеп әкетті.


Бұтақтарды тербеген құмды дауыл оны мың жылдық ұйқысынан оятқандай, гулеп тұр, гулеп тұр. Бұл гуілде арқыраған өзеннің, сайраған құс пен жүгірген аңның жыры, осы орманның бойын жайлаған диқандар мен сарбаздардың әні бар...


Өзендері шулап, бұлақтары тартылып, қалалары қирап, шөбі түгел қурап, каналдары құмға қақалып қалғалы қашан бұл өңірдің. Бір кезде осы орманда да құс сайрап, көлеңкелі саясында жол шеккен керуендер демалушы еді. Содан бері жүздеген, мыңдаған жылдар етіпті...


Айнала тып-типыл, бәрі де құмға көміліп қалған. Тек орман ғана бар. Ол өз бұтақтарындағы жапырақтардың қай заманда көгергенін де, судың сылдыры мен бұлбұлдық сайраған үнін қашан есіткенін де ұмытқан. Оны уақыт табы тас қып қатырған. Бұл бақшадағы әр ағаштың діңгегі шойын қазанның жалын сүйіп жалтыратқан түбіндей қап-қара, қап-қатты, жып-жылтыр.


... Тас орманның таңғажайып әуені Құрмаштың құлағынан көпке дейін кетпей қойды. Көз алдынан күзетшінің арқасынан басқа ештеңе көре алмай жүрді де отырды...


Жандарм жаяу жүрсін деп бұйырды, Қызылғұрт күзетші аяғындағы кісенін ағытып алды. Жол шаңына қақалып ілгерілей берді. Дулат кәзір Жиделіде емес, ауылында. Көңіліне осыны ғана медет тұтады. Өйткені Құрмашты дәл бір жетекке алған өгізше не түйеше арқанмен байлап-матап, кісендеп әкеле жатқанын жиделіліктер көрмейді ғой.


Тілі аузына сыймай, шелдеп, қолындағы жарасы ашып, қамшы осқан арқасы мен талған белі шыдатпай келеді. Сонда да Құрмаш меңіреу орманның гуілі мен Ұзақтың күйін ұмыта алатын емес. Тіпті кейде орман әуені мен Ұзақ күйі бір сарынға ұласып кетеді де, күңірене шыққан құдіретті дабылдан басы дыңылдап ауыра бастайды...


* * *


Дулат үйі қоныс жаңартты. Сауын сиырларға оты мол Қарабұлақ басына кеп отырды. Оның үстіне бұл ара Жәңгір ханның тұрағынан да алыс емес. Әскер болса жақын, қауіпсіздеу.


Дулаттың ескі жұртында күзетшілер мен өз жүктерін жаңа қонысқа жеткізуге шамасы жоқ сіңірі шыққан кедей жатақтар ғана қалды.


... Күзетшілер бай үйінің қалған-құтқан жүгін сиырларға артып жатқан болатын. Анадайда үстінде орыс солдаты отырған екі аяқты арба тұр.


Дулат пен Ақбай Сағырбайдың баласын Ордадағы абақтыға апаруға әмір еткен. Күнге күйіп тотыққан қоңырқай өңді, әдемілеп ширатқан шағын мұрты бар жылы жүзді солдат көңілді ұшқын жылт-жылт еткен көкшіл - сұрқай көздерін Құрмашқа қадады. Жыртық шекпен әрең жауып тұрған зор иығына, шықшытты келген жалпақ беті мен шаң басқан жалаң аяғына асықпай, барлап қарап алды да, таза қазақ тілінде:


— Ал, жігітім, кел, жүрейік! — деп көңілді үнмен саңқ етті.


Құрмаш жан-жағына жалтақтай қарап, таныс ешкімді көре алмады да, тартыншақтаған қалпы қос дөңгелекті арбаға жақындады. Жандарм атынан қарғып түсті:


— Надеть на него наручники и гнать пешим, как приказано!


Қанжығасындағы жіпті шешіп әкелді де, жандарм Құрмашты арбаға қолындағы бұғалықтан шалып байлап қойды.


Солдат жандармға мысқылдай қарап алды да, теріс айналып кетті.


— А ты иди позади. Нечего таращиться, — деді жандарм Құрмаштың қолынан тартып қалып. — А ну, живо! И эти двое пойдут рядом с телегой. — Өзімен бірге келген екі күзетшіні нұсқап қойды.


Орындарынан енді жылжи берген кезде Құрмаш өзіне қарай тура жүгіріп келе жатқан шешесін көрді. Шамасы, ол баласының қолға түскенін, оны тап осы арадан алып өтетінін естіп, Дулаттың ескі жұртына әдейі келген болу керек. Құрманғазы анасына қарай ұмтыла беріп, ұшып түсті. Қыл шылбыр қолына батып кетті. Солдат та дереу атты тоқтата қойды. Құрманғазы орнынан әрең тұрды.


— Қайда апарады, құлыным - ау! — деп анасы оны құшақтап, егіліп тұр.


Құрмаштың көкірегінде бірдеме үзіліп кеткендей болды да, өз-өзінен әлсіреп, жылап жіберді. Өз өмірінде түңғыш рет дауыстап, қатты өксіп, балаша солқылдап тұрып жылады.


Шешесі тына қалды. Баласының басын өз кеудесінен алыстатып, бетіне үңіле қарады. Көз жасын сүртіп жатып, шешесі жандармның тыжырынған түрін көріп қалды.


— Қой, балам, сабыр ет... — деді ол. — Жауға жаныңды берсең де сырыңды берме, — деген. Сездірме нашарлығыңды жауыңа!


Солдаттың өзіне қадалған суық көзқарасынан жандарм секем алып, кірпідей жиырылып қалды. Оған анау екі күзетші де — Ақбайдың малайлары да түнере қарап тұр. Құрманғазы басын кетерді:


— Мынаны Ұзақ ақын берді, — деп арбадағы домбыраны алып шешесіне ұсынды. — Қамықпа, қорқақтықтан жылағаным жоқ. Кінәлімін алдарыңда, ештеңе айтпай кетіп қалдым...


— Осы домбырамен бағың ашылсын, балам! Шаң жуытпай сақтаймын...


Қосаяқ арба орнынан қозғалды. Шешесі көзін кимешегінің ұшымен сүртіп, баласының соңынан жүрді.


— Уә, жарандар, қараңдар! Құрмашымның күйлері Ұзақтың өзіне де ұнапты, — деп қояды ол жиналған кепке. — Кіші жүз бен Орта жүздің атақты ақыны, топ жарған домбырашысы өзінің домбырасын Сағырбай баласына бергенін енді қалың ел түгел біледі.


— Оу, алла, не жазығым бар еді алдыңда?! — деп тағы да еңірей жылады ана баласы ұзап кеткен соң.


* * *


Ымырт жабыла Ордаға кетіп бара жатқан қос дөңгелекті арбаға бірнеше салт атты қарсы жолықты. Араларында Зарбай бар болатын. Олар солдат пен жандармды у-шусыз тарпа бас салып, байлап тастады.


Құрманғазы бойындағы соңғы қуатын жиып, ерге қонды. Жылқышылар жолдан шыға шапқылап, түн қараңғылығы қойылған меңіреу далаға сіңіп жоғалды. Ақбай жіберген екі Қызылғұрт жігіті де солармен бірге кетті.


* * *


Күз күнінің алтындай сары ала бояуына малынған жайылым үстін түн көрпесі басты. Күмістей жалтыраған өзен иіріміне кеш қайтқан топ үйрек топ-топ қонып жатыр. Қой күзеткен қойшылардың даусы шығады әредікте. Өзен жағалай тігілген үйлердің алдында лаулай жанған от көрінді. Ауада түтін иісі сезіледі.


Шопандар өз үйлерінің жанында киіз жабу, ер-тоқым жастанып көз іліндіріп жатыр. Кең жазық тыншыған шақ. Кеш түсе шыбжыңдаған жыртақай байталдардың өзі де біртоға жуасып қалғандай.


Тек әлдеқайда алыста ғана күні бойы шаршаған аруананың анда-санда барқ еткен даусы мен адасқан ботаның боздаған үні естіледі... Бір үйдің жанына жылқышылар жиналған.


— Естідіңдер ме? Қызылғұрттарды тағы да шауып кетіпті. Қарауылқожа сұлтанның солдаттары алланың, бұйрығымен тағы да ел тонауға шығыпты, — деді ескі түлкі тымағын кен, маңдайына түсіре киген егделеу, арық жылқышы.


— Оңаша жерде қолыма түсер ме еді сол қожа, — деп кіжінді екінші жылқышы, астындағы тулақты ілгері - сүйрей түсіп. — Ендігәрі бөгденің атын ерттеп міне алмайтын болар еді!


Бұл Зарбай болатын. Ол он, жағына жамбастап, өшейін деген жалынға қарап жатыр.


— Исатай шақырды ғой...


— Ойлану керек, — деді егде жылқышы, біраз үнсіздіктен кейін ақырын ғана. — Беріш руымен талайдан бері жауласып келеміз. Енді қайта барып татуласамыз ба?.. Түстен кейін маңыраған ақсақ қой боп жүрмейік. Егер біз беріштермен бірігетін болсақ, онда сол елге жау тигенде аттана шаппай отыра алмаймыз...


— Олар да өз еліміз. Немене, әлде олар қазақ ауылдары емес пе?! — деп ашуланды Зарбай. Сабасына түсу үшін ол орнынан тұрып, от басына барды да, қу тезекті уатып, жалынға тастай бастады...


Өзен жақтан күй естілді. Зарбай құлақ тікті.


— Біздің Құрмаш жүрген жерде ән-күй де жүреді... — деді егде жылқышы.


— Оның руы Қызылғұрт қой, — деп мырс етті Зарбай. — Сонда қалайша біздікі болмақ?..


Бәрі ду күлді.


— Әй, осы біздің қазақ бейшарада неше ру, неше ата бар екен, а? — деп қынжыла сөйледі бір бозбала.


...Өзеннен салқын леп еседі. Анда-санда суда шолп етігі балық секіреді. Жігіттер күй ырғағын бұзып алмайық дегендей күбірлеп қана сөйлесіп отыр. Түнгі бұлттарың судағы ағараңдаған көлеңкесіне қарап Құрманғазы ойлана түседі. Оқта-текте бұлт астынан ай көрініп қалады. Жылы түнде жайма-шуақ сыршыл күй туындап жатыр.


Бұл әуенде жұлдыздың жымыңдағаны, өзен ағысының сылдыры, шөп сыбдыры, жайылып жүрген ат тұяғының дүсірі, кең жазираның жұмбақ дыбыстары, Сақыштың сыңғыраған ашық даусы — бәр-бәрі кеп бір ырғаққа тоғысқандай. Домбырасының құлағын жақсылап бұрап алған Құрмаш басқа түскен ауыртпалықтарын ақтарып, жеңілейгісі келгендей, қос ішекті баяу ғана шертіп отыр. Жиналғандар домбырашыға жақындай түсіп, қаумалап алған.


— Ақырын, Құрманғазы күй тартып отыр... — дегендей, жас қойшы саусағын ерніне апарып, ишарат жасайды. Оның бұл қимылын байқап қалған домбырашы күлімсіреп басын изейді.


Иә, ол күй тартуын енді қоймайды. Бірақ Ұзақ сияқты ескі жаранын, аузын тырнап, тыңдаушысын егілдірмейді.


Қолдан келсе, халқыңа батырлар ісін жырлайтын, елді қару алып жорыққа шығуға үндейтін Махамбет сияқты жыршы болу керек. Халық өз жыршысына сенеді, одан әмсе жаңа да жарқын жырлар күтеді. Ән мен күй — ел қанаты. Егер күндердің күнінде ән апатқа ұшырап, күй көмейіне құм құйылса, шерменде болған кер дала құлазып, тынысы бітеді. Жара жайлы ой толғайтын шақ емес...


Ол мына күйіне өз дарынының барша күшін, барша екпіні мен барша қызуын аямай құйып, домбырасын екілене сабалап тарта берді, тарта берді. Бұл күйде тас ормандардың гуілі де, арынды арғымақтардың жойқын шабысы мен құлақ тұндыра кісінегені де, батырлардың бүлікшіл асқақ әндері де бар еді.


Күй әбден қатайып, шарықтау шегіне жетіп, шырқырап біраз тұрды да, кілт үзілді. Ешкім орнынан қозғалмады. Жиналған қауым біреу сиқырлап тастағандай болып, күй тудырған ойлардың шытырман құшағынан арыла алмай, ұзақ отырды.


Құрманғазы киіз үйге қарай беттеді. Басқалар да үнсіз тарап кетті. Жайылған аттар мен жусаған қойлардың жанынан өтіп, әркім өз үйіне қарай тартты.


Қараңғылық құшағынан сыбыссыз сүңгіп шыға келгеннен болған төрт-бес жігітті Зарбай өз үйіне кіргізді. От басында егделеу арық жылқышы ғана қалды. Ол әрбір бөгде дыбысқа елеңдеп құлақ тосып, сақ отыр.


Құрманғазы да қоса кірді Зарбайдікіне. Үй-іші тастай қараңғы екен, домбырашыға ешкім назар аудара қоймады. Зарбай шырақ жағып, онысын төңкерген ағаш келінін, түбіне апарып қойды да, түнделетіп жүрген қонақтарға қарады.


— Ассалаумағаләйкүм! Аман-сау жеттіңдер ме?


— Уағалайкумассалам, Зарбай! Өзін, де аманбысың? Біз сыбысымызды сездірмедік -ау. Көрдің бе, күзетші иттерің де байқамай қалды. Атымызды алысқа, қамыс ішіне арқандап кеттік...


Жолаушылардың біреуі шыраққа жақындап, отыра қалды да, етігін шешіп, ұлтарағының астынан мұқият бүктелген шүберек алды.


— Бұ қағазды Исатай жазған. Адай мен Беріш жігіттері бұған бармақтарын басып отыр. Келіссек, біз де қол қоюымыз керек. Бұл хат жандаралдың өзіне табыс етіледі.


— «Біздің әміршіміз — Бөкейдің ұлы Жәңгір хан шектен шығып барады... — - деп жігіт арабша жазуды ежелеп оқи бастады. — Бізге қорған болар ешқандай заң - зәкүн жоқ, кім көрінген басқа шығып, қыспақ көрсете береді, енді оның бәрінің шыдап отыра берер жайымыз жоқ, өйткені сұлтандар мен байлардың өзі де бізді аш кенедей қоса сорып, мал-мүлкімізді талап алып жатыр... қит етсең, қамшының астына алып, сабап, жарадар ғып тастайды...»


Барша кез қағаз оқып отырған, басында кішкентай домалақ беркі бар, үстіне тырсылдаған түйе жүн шапан киген, иықты, жалпақ бет жігітке қадалып қалыпты. Жігіт беліне шағындау ауыр шоқпар қыстырып алыпты.


Оқып болып айналасындағы жылқышыларға қарады.


— Түсінікті ме? — деді ол.


— Иесін сұрайсың? Оқи бер...


— Егер келісетін болсаңдар, бас бармақтарыңа күйе жағыңдар да, өтініштің астына қолдарыңның таңбасын салыпсыңдар.


Басқалармен бірге Құрманғазы да бармағын басып, шығып кетті. Жылқы жусап, жылқышылар ұйықтап жатыр екен. Құрманғазы Сақыштың сағынышты әні естілген өзен жағасына қарай жүрді.


* * *


Жақып қария қой қамайтын қораның алдында тағы да тұр. Туған ауылына Құрманғазы да қайтып оралды. Дулаттан қаймықпай ашық келді.


Дулат домбырашының қайтып оралғанын да, оның дала төскейінде дос-жарандары көбейгенін де білетін. Ел де таныды. Енді онымен тартысу оңай емес. Оның үстіне ауылға жылқышылар келіп, көпшілікті Исатай сарбаздарымен тізе қосуға шақырып жүр. Бейне ауыл біткен, күллі дала құтырып кеткендей...


Құрманғазыны кештім, зорықтырып өлтірген сәйгүлігімнің, құнын дауламаймын деген сыбыс таратып жіберді Дулат. Ал өзі арам ниетін ішінде сақтап, приставқа астыртын хат жолдады.


Сарман да ауылға оралды. Жаз бойы әжептәуір ержетіп, өсіп, күнге күйіп тотығып алыпты. Мына тұрған сымбатты, бойшаң жігіттен, тілінің астына насыбайды ерекше тастағаннан басқа, түк білмейтін бұрынғы жас жылқышыны тани қою қиын еді.


Сарманның бағы бар екен. Құрмаш қашқан соң Ақбай оны ауыл үстінен өтіп бара жатқан саудагерге түйеші етіп беріп жібереді. Керуен тоқтаған жерде саудагердің жас қызметшісі Сарманға хат үйретеді. Әр ауылға, әр селоға, әр қалаға аялдаған, сауда жасаған керуеншілер айға жуық жол жүріп Ақ мешітке жетеді., Жолшыбай Сарман өйтіп-бүйтіп ежіктеп оқуды меңгереді. Өз ауылына қайта келу үшін Сарман енді кен, даланы кесе жортып, Орынборға жол шеккен шағын орыс экспедициясына жол кезер болып орналасады.


Экспедицияның басшысы үстіне офицер формасын киген, бірақ әдеттегідей иығында оқалы шені жоқ, шоқша сақалды, Сарманның байқауынша, бір түрлі қызық, әпенделеу адам еді. Бұлардың жүрісі де өнбейді, сауда керуенінен де шабан.


Жол бойы Сарман қожайынның түсініксіз қылықтарына таңырқаумен болады, бірақ бұл адамның кәсібі не екенін ойлап таба алмайды.


Бастық кейде күллі экспедицияны тоқтатып қойып, кезіккен ауылдағы науқасты емдейді әйтпесе көне мазардың бетіндегі ою-өрнектерді көшіреді. Әшекейлі құлпытас алдында ұзақ отырып, қаусаған шалдардың мылжың сөздерін жазудан да жалықпайды...


Бұл қазақтың әндерін, ертегілері мен қиссаларын кеп білетін орыс еді, бірақ сонда да тоймайтын. Неге? Онысы бір алланың өзіне ғана аян. Сарман оның көп нәрселерін түсіне бермейді, бірақ өзін қатты ұнатады да, айтқанын екі етпей мұқият орындауға тырысады. Бұл кісі Сарманға әсіресе өзінін, жатақ балаларына деген ілтипатымен, мейірімен, қайырымдылығымен қатты ұнайды.


Есімі Владимир Иванович еді, ал өзі «ориенталиспін» дейтін. Сарман одан өмірдегі кеп нәрсеге қанықты. Тіпті орыс кітаптарын да оқитын дәрежеге жетті, рас, әлі ежіктеп, буын - буынға бөліп оқиды, дегенмен қарып таңбасы енді бұл үшін түсініксіз жұмбақ емес.


Жолдағы ауылдардың бірінде экспедиция жасы отыздар шамасындағы қазаққа кезікті, үстіндегі киімі орыстардікіндей, аты Ақан екен.


Сөйтсе, Владимир Иванович оны бұрыннан білетін көрінеді, содан да «Петербордағы досына жолығудың құрметіне» арнап кішкентай той жасалды. Әлгі Ақан экспедицияда үш күн бірге болса да, Сарманмен бір де бір рет сөзге келмей, шіреніп жүрді. Владимир Иванович екеуі ертеден қара кешке дейін тоқтаусыз сөйлесіп, хабар айтысып-ақ отырғаны. Сарманның есінде өзі экспедициядан кететін күнгі әңгіме өте-мөте жақсы сақталып қалыпты.


— Сұлтан сарайларында тұратындардың ғана оқуға мүмкіндігі бар, — деді Владимир Иванович. — Мектеп - медресе де сонда, балаларға мұсылманша тәрбие беретін молда да сонда. Солайы жөн де шығар, дегенмен сұлтандар, жалпы қазақтың игі жақсылары өз балаларын оқытуға шын мұғалімдерді алдыртса дұрыс болар еді. Ал егер сол мұғалімдер өз мектептерінде кедей балаларын да қатар оқытатын болса, қандай ғанибет!


— Оқу деген түбі осыдан бірдеме шығады - ау дейтін қабілетті адамдардың ісі. Ал малшыларға оның бас қатырғаннан басқа келтірер пайдасы жоқ, бос нәрсе, — деді Ақан. Бұнысы Сарманға ұнамады. Ол шаруасын тастап, жүктің жанына отырды да, әңгімені әрі қарай тыңдай түсті.


— Түсінбедім, Ақан мырза, түсінбедім сені, деп қызараңдап қалды Владимир Иванович. — Апыр-ау, сеп де осындай ма едің? Ау, бұ қалай? Дала шіркін де дөңгеленіп барады ғой бұ таңда — қабілеті бар, ақылды қазақ баласы оқуға түседі, орыс арасында тұрып, қызмет қыла бастайды, кейбір европалық әдет-ғүрыптарды үйреніп, тіпті ішінара олардың бірсыпырасын орыстардан да артығырақ меңгеріп алады да, қайтадан далаға келген соқ баяғыдай түз патшалары мен байлардың малайына айналады тағы да. Ал бұл байлардың орыс помещиктерінен бар айырмасы шошқа орнына қой өсіретіндігінде. Онда мынадай сауал қоюға рұқсат етіңізші, құрметтім: егер сіздердің оқымыстылықтарыңыз қозы жүн қалпақтан, жылы кеудешеден, сымбатты бешпеттен, қуықтай тар балақ панталоннан, керосин шам мен жұмсақ тарантастан аспайтын болса, онда сіздерге оқу неме керек? Егер өздеріңіздің түз жайлаған халқыңыздың рухани өміріне қосар еш жаңалықтарыңыз болмаса, онда оқудың түкке де керегі жоқ қой... Соңғы кезде дәулетті қазақтардың ермек іздеп еріккен балалары — еңгезердей, жап-жас оқыған жандар «қасиетті» Бұхараға көп баратын бопты деген сөз естимін. Сонда барып парсы, араб тілдерін, мұсылман заңдарын оқитын көрінеді, сосын ең мықтағанда молда болады. Олар өздерінін, білімдарлығын салмақ етіп, қара халықты қан жылатады, ал сұлтандардың алдында құрдай жорғалайды, деседі...


— Мен басқа жағын айтып отырмын, — деп қоймады Ақан. — Оқудың кедей халыққа берер пайдасы жоғын айтамын. Керек десеңіз, оқу кейде біздің арамыздан — ақсүйектер арасынан шыққандарға да зиянын тигізеді. Исатай старшын мен Махамбет ақынның Жәңгір хан жарлығын орындаудан бас тартып, жапан кезіп, елді бүлікке шақырып жүргенін естіген боларсыз? Олар кедей емес,- арабшаны да, татаршаны да жақсы біледі, тіпті орысша да хат таниды...


— О бүліктің төркіні сауаттылықта жатқан жоқ! — деп аяқ астынан киіп әкетті Владимир Иванович. — Орыс мұжығы да бүлік сап жатыр. Бүлік болғанда қандай десеңші!.. Разин, Пугачев... Сендерде ғой Сырым Датов, енді міне Исатай мен Махамбет... Айтса да, мен Махамбетті білемін, онымен Петербургте кездескен болатынмын. Ұмытпасам, сол сапар оған халықтарды шыңырау қапастан аша таяқ пен қамшы емес, оқу-білім шығарады деген болатынмын. Ақан мырза!..


Ал орыс интеллигенциясына келетін болсақ, олардың ішіндегі ең таңдаулылары, былайша айтқанда, «бұратана» атанатын халықтар үшін қолдарынан келгенін аяп жатқан жоқ. Бір өкінішті жері — сіздің елге деген ынта-ықыласымыз әзірге Азия жөніндегі европа ғалымының папкасындағы олқылықтарды толтыру мен ұлы мәртебелі императорымыздың астыртын дипломатиясының және ішкі істер министрлігінің жасырын деректер жинағын толықтырудан әрі аспай жатыр. Қазақ халқын, әйтпесе, ел жазып жүргендей, қайсақ халқын ояту қамында не істеліп жатыр? Бұған біздің шамамыз келетін емес әлі. Әркім өз заманының декабрисі бола бермейді ғой...


Әсте, халықтар ұйқысынан оянар шақ туатын шығар, — Владимир Иванович енді Ақанға қарамай, басқа жаққа көз салып сөйледі. — Өйткені олардың ішінде Махамбеттер де, мына отырған зерделі жігіттей ақылды жандар да аз емес, — деп Сарманды нұсқап қойды. — Көрдіңіз бе, қандай зейін қойып тыңдап отырғанын, ал ақиқатында ол менімен қоштасайын деп қана келген...


Жарайды, тым мылжыңдап кеттім білем. Амал қанша, іс тағдырын сөз емес, зеңбірек шешкен заман ғой бұл!..


— Ал мырзалар, алғысымызды айталық! — деді Владимир Иванович серіктеріне Сарманды нұсқап тұрып. — Сенің ауылың осы арадан екі күншілік жер деген сөз рас па?


— Рас, — деді Сарман осынау ұзақ сапарда әбден бауыр басып кеткен орыс ғалымының қолын құшырлана қысып. Ақан оған бұрылып та қараған жоқ.


— Ал, жарайды, жолың болсын...


Ақанның аға сұлтан Баймағамбеттің інісі екенін Сарман аттанар алдында ғана білді.


Жайлаудан қайтқан жылқышылар мен қойшылар, ауылға оралған Құрманғазы мен Сарман жаз бойы кәрі-құртаң мен бала-шағаның ғана тұрағы боп қалған Жиделі басын жандандырып, басқа түскен бар ауыртпалықты ұмыттырғандай еді. Сарман өзі жол көзер боп ертіп жүрген орыстың ғұлама адамы жайлы әңгімені тәптіштеп айтады да отырады. Құрманғазы қолқа салған жұртқа жаңа күйлерін тартып береді. Зарбай болса әзіне басқа ауылдардан бір-бірлеп келетін жылқышы - қойшылармен кеңесуін тоқтатқан жоқ.


Жиделі ауылының ең үлкен ақсақалы Алдияр да үйінен жиірек шығатын болды. Ол ақ таяғына сүйеніп, бір үйден екінші үйге барып, үнсіз ғана хабар-ошар тыңдайды, Құрманғазының күйлерін естіп қуанады.


... Құрмаш адамдардан пәлендей өзгеріс көре алмады. Тек соңғы айларда шешесінің шашы бұрынғысынан да аппақ қудай болып кетті. Үлкен баласы келгенімен енді кенжесі Бай ғазының жайын ойлап уайымдайды. Бағып жүрген қозылары марқайып, отарға қосылғалы қашан, Байғазы әлдеқашан ауылға оралуы керек еді, бірақ, неге екені белгісіз, әлі қайтпай жатыр.


Жақып шалдың айтуына қарағанда, Дулат жайлаудан кешіп үлкен ауылына барысымен Байғазы келуі керек. Қазір ол Дулаттың биесін сауғызуға септесіп, құлын қарайтын көрінеді.


— Ал Дулаттың өзі енді біздің ауылға келмейді. Жақпай қалған көрінеміз. Енді үлкен ауылында отырып шабарман арқылы басқармақ. Мен білем ғой, тап осылай болады. Осынысы тыныш қой, — дейтін Жақып бір жапырақ сирек сақалын қуақылана сипап, кәртамыш көзін сығырайта жұмып. Қораны түйедей арбаңдап айнала жүріп, жаз бойы түбі қопсып, босап қалған діңгектерді түзетеді. — Жайлауға барғаныма бір жарым - ақ айдың жүзі, сонда да қуарған байдың қураған мүлкі құлайын деп қапты ғой. Бұ Дулат жалғыз шеге, үзік жіп, дара қазық жіберер деймісің. Бәрін де арабтың сыйқыршысы құсап өзің жасауың керек, түге! Қора жасайтын ағаш түсір, арқан ес, үй бүтінде... Ал Дулаттың есі-дерті түзде, өз үйінің шаруасын емес, қыз қуып әуре... Кәрі бура... Құдайдан да қорықпайды. Мен білем ғой, сондай...


Жақыптың соңғы сездері Құрманғазының жүрегіне инедей қадалды. Ақшолпанды бір топ қызбен қоса бай үйінің қымызын баптасын деп Дулат алып кеткенін ол алғаш келген күні-ақ естіген. Жай-күйін Жақыптан сұрайын деп жүр еді, енді батпады. Шал қораны жөндеп болып, қолына кетпенін алды да, жыл бойы сартап болып тапталып жатқан қойдың қиын оюға кірісіп кетті.


— Құрмашжан, бірер күн қол ұшыңды берсең қайтеді, отарға қарай тұрсаң. Әйтпесе шамам келер емес, — деді Жақып аяқ астынан қиыла өтініп. — Қысқа отын дайындап алу керек. Мен білем ғой, солай...


Шал біраз үнсіз жүрді де, сөзін қайтадан күңкілдей жалғап кетті.


— Саған не, домбыра болса — болды! Немене? Есіңде ме, қилай қашып едің? Астыңдағы ат қандай еді! Сондағы шыққан шуды айтсақ... Жә, бәрі де сабасына түсті ғой. Құдай жолыңды оңғарды: тірі қалдық, Сібірге де айдаған жоқ... Аламан29 қандай аларды дерсің байға, састырды ғой сабазыңды. Оның үстіне өзің де бір кісіні қорқытарлық хәлің бар. Қаршы әне, қандайсың. Қаймықпай қайтсын Дулат?! Мен білем ғой солай...


Құрманғазы оны одан әрі тыңдамады. Ақшолпанның бір жазға шыдамай бір жағы жәпірейіп қалған жер үйіне қарай аяңдады. Сығырайған терезесіне қойдың кептірген қарнын көріп қойған екен, онысы әбден қурап, кей жері шытынап жарылып кетіпті, төбесінде мұржа орнына түбі жоқ шелек төңкере сапты. Есік алдында сиыр жапасы, жұлынған жүн, мүжілген сүйек көрінеді. Үй иесіз қалған, тәкаппар түлғалы көңілді Ақшолпан кезге түспейді...


Әрине, басқа үйлердің де жетісіп тұрған ештеңесі жоқ, бірақ олардың есік алды таза, әйтеуір.


Ал жалпы алғанда айналадағының бір-бірінен онша көп өзгерісі шамалы. Қай үйдің алдында да үйілген тезек, текшелеп жиған теріскен отын көрінеді — Жиделі жұрты қыс қамына кіріскен.


Көктемде жастар жиылатын алаңқайдың көгалы да аяқпен тапталып, шаңытып, сарғайып қалыпты. Күллі дала, қырқа - қырқаның арасындағы кең жазық сонау шағыл құмға жеткенше топырақ өңді сұрқай реңге боялған. Бір кезде өзі қырда отырғанда Ақшолпан жасырын жолмен келетін сайдың шебі де шабылған. Екеуі түңғыш кезіккен алаң да дәл осындай тықыр болу керек.


Сол шақта бұлардың үстінен айнала ұшып, құпияларына куә болған бүркіт қайда екен қазір, не күйде екен? Аспанда көрінбейді. Дәу де болсаң, әдетінше мазар төбесінде қонақтап отырған шығарсың. Сонда Ақшолпан күліп еді оған. Іштен қатты қысылса да онысын сыртқа сездіргісі келмей, құсқа қарал:


— Сен неғып бізді айналсоқтап ұша бересің, неге қарай бересің? Көрдің бе, қандай екенімді! — деп айғайлаған болатын.


Ал Құрмаш болса қуанғанынан ба, қысылғанынан ба, әйтеуір бетін салқын шәпке тығып алып: «Ақшолпан... Ақшолпан...» — деп қайталай берген.


* * *


Ақшолпан Дулаттың жайлаудағы ауылынан кетіп қалды. Жәй емес, қашып кетті. Әкесі алыста, бай түйелерін бағып жүрген болатын. Ауылда болса да қыз намысын аяққа таптамақ болған сұмырай байға не істер еді о байғұс?


Үстіндегі көйлегінің далба - дұлбасы шыққан Ақшолпан Дулаттық қолынан әрең құтылып, бай үйінен қаша жөнелді. Дулат жейде - дамбалшаң қалпы, ысылдап-пысылдап, қоңыр - таяқ іле салған етігі сартылдап, қуып беріп еді, алдынан жаз бойы Ақшолпанның қолынан піскен ет жеп үйренген, қасқыр соғатын үлкен төбет көлденең шығып, ырылдап тұрып алды.


— Кет-ей, оңбаған! — деп ышқына ақырды Дулат, демін алқына алып. — Тоқтай тұр, қаншық неме. Ертең кеш түспей оңаша отауға қаматып қоярмын...


Сөйтті де үнсіз ғана үйіне кіріп кетті.


Қыз бай үйіне қайтып оралмады. Жалғыз аяқ сүрлеуге түсіп, дала қайдасың деп тартып отырды. Түні бойы тоқтаусыз жүріп отырып, қойшылар мен жылқышылардың ежелгі компасы — Үркер туғанда ғана аялдады. Жұлдызға қарап жөн табуды әкесінен үйренген болатын. Байқаса, Жиделіге ұстаған бағыты дұрыс екен, көңілі де орнына түсті. Күндіз жолдан бұрылып, қалын, шөптің арасынан жуа, жидек теріп жеді. Сосын шөлін қандырып алып, ілгері жылжи берді. Бірақ екі шақырымдай жүрген соң тағы да шеп арасына жасырынуына тура келді. Ұзын көш әлдеқашан өтіп кетсе де сол жерде кешке дейін жатты: біреу-міреу байқап қалып, Дулатқа ұстап берер, әйтпесе көрсетіп қояр деп қорықты.


Айналаны тағы да түн басты. Ашық аспан астында, түн құстарының жан түршігер үндерінен қорқып жатып, ол жұлдыздарға қарап көне дұғаны оқумен болды. Көктен тілер жалғыз-ақ өтініші бар: басымды, арымды аман сақтап, екі аяқты жаулар мен ит-құстан қорғай кер, туған ауылыма аман - есен жеткізіп, Құрмашымды бір көруге пұрсат бер, жасаған, деп жалбарынады.


Таң атты. Ақшолпан тан, Шолпанымен бірге орнынан тұрып, шеп басып кеткен сүрлеумен тағы да ілгері тартты.


Алыстан қылаң еткен салт аттыны көргенде, тағы да жолдан шығып, шепке барып тығылды. Аттылыдан да, жаяудан да — тірі жаннан түгел қорқады. Кейде сүрлеу тақырға, құмайт жерге, қалың ескен тобылғыға барып тіреледі де, қыз шығар жолды іздеп, шырқ айналып әуреге түседі.


Міне, жол кішкентай өзеншеге келіп тірелді. Ол тереңірек жер тауып алып, шомыла бастады. Салқын су шаршағанын басып, күш қосқандай болды. Қыз көйлегін жуып, айрылып кеткен жерлерін жіп-жіңішке қураған кендір шөппен лекерлеп қойды. Бұл келе жатқан жалғыз аяқ сүрлеу өзеннен шыққан топ, шығысқа қарай кілт бұрылып, қырқаға кіріп көрінбей кетеді екен. Ақшолпан біраз ойланып тұрды да, сосын батыл адымдап ілгері кетті. Бірақ бұрылыстан өте бере қарсы келе жатқан арбаға соға жаздады. Үстінде екі орыс отыр — жандарм мен солдат.


Ақшолпан алғашында қатты сасып қалғанымен дереу есін жиып, қаша жөнелмек еді: «Стой!» деген өктем дауыс шықты да, қарулы еркек қолы шынтағынан жоғарырақ шап ете түсті.


— Хороша кайсачка! — деп қарқ-қарқ күлді жандарм. Оның қолы жаңа ғана лекерлеп қойған көйлекке созылды. Ақшолпан солдат жаққа жалынышпен қиыла қарады.


Жалаң аяғын бір түп шиге тіреп, бар күшін жиып, бұлқынып көрді. Бірақ анау айырылатын емес.


— Ах, ты, дикарка! Я тебя сейчас, сейчас... — деп жандарм пыш-пыш етіп жатыр.


— Ваше благородье, пустите ее! Боится она, не хочет... — деді солдат.


— Марш вперед! А телегу оставь! — деп ақырды жандарм, Ақшолпанмен алысып жүріп. — Ты не тужи, служивый, и те¬бе достанется... Иди, оставь нас малость.


Ақшолпан қыбын тауып, жандармның қолын қыршып алды. Анау өкіре айғайлап, қызды жұдырығымен бетке салып қалды. Сонан соң құшақтаған қалпы тік көтеріп, шөп арасына ала жөнелді.


— Апа-а-а! — деп айғайлап жіберді. Ақшолпан. Кенет жандармның қолынан әл кетіп, өзі бір жағына қисая берді. Екі тізесін қолымен жауып, Ақшолпан солдатқа қарады. Анау жұмулы саусақтарын жазып еді, қан-қан болған тас кесек жерге түсті. Солдат сүйретіле басып арбаға барды да, өзінің ескі шинелін алып, қызға тастады.


— Мә, қызым, үстіңе жамыл да, арбаға отыр, — деді ол таза қазақ тілінде. Жандармның денесін иығына салып, төбенің арғы жағына алып кетті де, көпке дейін көрінбеді.


Ақшолпан қорқыныштан бір уыс болып бүрісіп, тісі - тісіне тимей дірілдеп отыр. Шинельді жамылып, қимылсыз қатып қалған. Ат құйрығын жайымен сипаңдатып, шыбындап тұр.


Солдат қайтып келді. Көзінде әбден шаршаған, тауаны қайтып, таусылған адамның кейпі бар.


— Кеттік... — деді ол.


— Қайда кеттік, аға? — деді қыз естілер-естілмес.


— Қайда бет алсақ, сонда барамыз, қызым... Тек алдымен суға баралық. Жуынып ал...


* * *


Степан ауылға тура барудан қорықты. Онда бұны Дулаттың адамдары көріп, танып қоюлары мүмкін. Ал Дулат, сөз жоқ, Ордаға кісі шаптырып, орыс солдаты присягасын 30бұзып, бүлініп жүрген жылқышыларға қосылып кетті, деген хабарды сотникке31 жеткізері хақ.


Сондықтан ол арбасын бай аттарына қысқы пішен дайындау үшін қазір бір сайда шөп шауып жатқан жиделілік шалғышылар отырған сайға қарай айдады.


Ақшолпан біртіндеп бұрынғы қалпына келді, бірақ сонда да анда-санда өзін құтқарған кісіге сезіктене қарап қояды. Ғажап, мына солдат осы өлкедегі таулардың, сай-салалар мем ауылдардың қазақша аттарын, бұл атыраптың барлық белгілі адамдарын жатқа біледі екен.


Степан жол бойы сөйлеуден бір танбады, тегі ақталып отырғаны ма, Ақшолпан сияқты өзінін, қарындасы жайлы да әңгіме айтып берді. Әкелерімен бірге Астрахань түбіндегі', жарты жұрты қазақы, шағын селода тұрады екен. Степанның Есбол атты досы болыпты. Хорунжийдің ауласындағы батырағы екен. Өзі аюдай күшті, емендей мықты, айлакер көрінеді. Бай орыстар көбіне-көп қиын да ауыр жұмыстарын соған істетеді. Басқаларға қарағанда табысы да мол, киімді де сәнімен кие біледі — сәтен жейде, кең балақты кеулеме шалбар, шекпен, қызыл белбеу — оның үстіне өзі де сымбатты жігіт. Степан, оның қарындасы Катя және Есбол үшеуі үнемі бірге серуендейді.


— Сен әлгі... өз жігітіңді қалай жақсы көрсең, Катя да Есболды сондай ұнатушы еді... — дейді Степан. — Әкеміз екеуміз оларға тиіспейтінбіз. Әкем өзі де батырақ болған, Есболды қатты сыйлайтын. Ал қазақтығына келсе, әкем ол жағын мүлдем ойлаған емес.


Сөз кезегі келгенде Ақшолпан аздап өз жайын да айта бастады.


— Тоқта, қызым! — деді Степан жұлып алғандай. — Жігітіңнің аты қалай дедің — Құрмаш па? Әлгі Сағырбайдың, баласы ма, домбырашы ма?


— Сол... — деді Ақшолпан, бұрынғысынан да қатты таңырқап.


— Со-ла-ай, Құрмаш де?


— Сіз оны білесіз бе? — деді Ақшолпан шыдай алмай.


— Білмегенде-ші. Ол қазіргі сенін, орныңда отырған болатын. Ал жандарм екеуміз конвой болатынбыз.


Ақшолпан оған сескене қарады.


— Қайда апарып тастадыңдар оны?


— Сабыр ет, қызым. Құрмашың тірі, аман-сау. Өз адамдарының қасында. Жігіттер оны босатып алды да, бізді сабан - сабап тастап кетті. Құдайға шүкір, әйтеуір өлтірген жоқ, — деп Степан күліп қойды. — Абдырама.


Степан қарындасы мен Есбол жайлы әңгімесін жалғастыра түсті. Той жасайтын күн де келеді. Бүкіл село құлақтанады. Кәрі қазақтар байбалам шығарып, хорунжийдың үйіне сходкаға32 жиналады да, қыздың әкесінен қызын шоқынбаған пұсырманға тұрмысқа шығармауды талап етеді. Катя әкесіне, Есболдан басқа тірі пендеге қосылмаймын, — дейді.


Енді жуандар самосуд33 жасауды ұйғарады. Есбол мен Катяны хорунжийдің үйіне шақыртады. Бірақ олар мұнда да бірін-бірі сүйетінінен танбайды. Есболға дүре соқпақ болған екен, алайда ол ниеттерін орындай алмайды. Дүйім жұрттың көзінше жазалау оңай ма, төбелес шығып кетуі мүмкін ғой.


Осы арада хорунжий: Катяны ең көрнекті, бетке ұстар қазақ қатындарының қолына беру керек, мына қарға өз білгендерін істесін, деген кесім айтады. Долы қатындар қарғадай улап-шулап, Катяны тарпа бас салады да, басындағы орамалын, аяқ киімін сыпырып алып, шіркеуге қарай ала жөнеледі...


Степан делбені тарта ұстады.


— Әкем және Есбол үшеуміз Катяны босатпақ болып топқа түсіп едік, өзімізді таптап кете жаздады. Катяны шіркеуге кіргізіп, есігін іштен іліп алды. Есбол жынданып кете жаздады. Бір жерден ат тауып мініп, жолдас жігіттерін ертіп келді де, шіркеудің есігіндегі құлыпты жұлып алды. Қатындар әбден сабап, үсті - басына қара күйе жағып, әлеметтеп тастаған тырдай жалаңаш қалыңдықты шіркеудің ішінен жұрт алдына тепкілеп итеріп шығарды...


— Ей, қызым, не айтары бар... Орыстың сорлы мұжығының көрген күні сендердің жатақтарыңдікінен де жаман. Содан да ғой кім көрінген басынатыны...


Степан атты ызалана айдады. Қосаяқ арба ойлы-қырлы жерлермен салдырай жөнелді. Әңгімесін жолай аяқтады...


... Есбол Катяны алдына алып, кең жазираға, өз адамдарына кетеді шапқылап. Арттарынан қумақ болған қазақтарды жігіттер жібермейді. Содан село қақ жарылып, қазақтар жүктерін арбаға артады да, жігіттердің қорғауымен, бауыр басқан үйреншікті жерлерін тастап, кете барады. Түн түсе хорунжийдің бұйрығымен Степанның үйіне от қойылады. Төбелес кезінде әкесін өлтіріп кетеді...


Степан енді туып-өскен селосында қала алмайды. Қалаға барып жұмыс істейді, одан солдат болады. Ендігі келе жатқан түрі мынау — қайда барарын өзі де білмейді. Жылқышылар қабыл алса — солармен бірге болады. Жақтырмаса дала деген кең ғой, жолы да көп...


* * *


Ақшолпанның хабарын алғаннан кейін Құрманғазы ылдидағы шалғышыларға тартты. Сүйіктісін қолына ап, кеудесін кернеген қуаныш жайлы, бақыт жайлы кен, далаға жар салғысы келсе де, жиналып тұрған жасы үлкендердің көзінше ондай қимылға бара алмады. Ішіндегі алай-түлей сезімді сыртқа шығармауға тырысып, Ақшолпанның үзік-үзік жүйесіз әңгімесіне құлақ салды. Қыз жиі-жиі кез жасын сүртіп, кінәлі жүзбен күлімсіреп қояды.


Степанның әнеу күнгі жандарммен бірге өзін айдаған солдат екенін бірден таныды. Құрмашқа бір ауыз жаман сөз айтқан жоқты жолшыбай. Жылқышылар бас салғанда мүлдем қарсылық та көрсетпеген. Қайта кісеннің кілтін тез тауып бере қойған...


— Сенің алдыңда көп нәрсеге қарыздармыз, орыс ағайын. Қызымызды қызыл көз пәледен арашалап қапсың. Бірақ, жоқтық жомарттың қолын байлайды, деген ғой. Саған сыйға берер жүйрік атымыз да, жібек шапанымыз да жоқ. Бар ұсынарымыз — ағайынгершілік, кел, бауырласалық. Ал алда - жалда қараңды өшіргің келсе, бай жылқысынан ен, мықтысын өзін, таңдап мін, — деді шалғышылардың ішіндегі жасы үлкені.


— Тұлпар мініп құтылмаспын, — деді Степан.


* * *


Шөпшілерге арбамен келген балаға сөйлесті де, Құрманғазы дереу Ақшолпанды өз ауылына жөнелтті. Өзі соңыра келді. Степан екеуін сыйлы қонақ деп күтіп, мол қонақасы бергенді.


Ауыл шетіне ілінген Құрманғазы алтыбақан жанында от шығып, ән салып отырған қыздар мен жігіттердің саңқылдаған дауыстарын естіген де жоқ. Есінен Ақшолпанның жандарм жайлы әңгімесі шығар емес... Бар ашуы, бойын кернеген намыс оты құлағында долы күйдей дүрілдеп келеді.


— Дала кең ғой, әлі-ақ кездесерміз, Дулат!..


... Ақшолпан үйінің алдынан өтіп бара жатып жер кепесінің маңайын тазартып жүрген қызды көрді. Қыз ыңғайсызданып, қызарып кетті де, мойнынан жерге салбыраған бұрымын арқасына қарай серпе тастап, қолын бұлғады.


— Баяғы жерде, мазардың жанында тосам, — деді жігіт атынын, басын тежеп. — Жақып атамның орнына қой бағам. Өзі ғой сұрап қоймаған...


— Баршы әрі, ат үстінен дігерлемей... — деп Ақшолпан жерде жатқан кішкентай шыбықты алып, жігітке қарай лақтырды. Сосын тағы да маңдайына түскен шашын түзеп қойды. — Әкем келуі керек. Үй-ішін жиыстырып дегендей... — Көзіндегі ежелгі ойнақы ұшқыны жалт ете түсті1, жігіт атын тебінді.


Зарбайдың үйінін, жанында қара терге түскен ерттеулі ат тұр екен. Құрмаш досынікіне кіре шықпақ болды.


— Келген кім? — деді ол мосыға қазан асып жатқан Сақышты көріп.


— Қонақ, — деді қыз бұған өкпелей қарап. — Басқа ешкімде шаруаңыз жоқ па еді?


— Әзірге жоқ. Керегім болса, өзің айтарсың, — деді де ол үйге кірді...


«Әдемі болғанымен Ақшолпандай емес. Оңай көнеді. Бөдене сияқты. Біреу кеп бас салғанша бұғады да отырады. Бүркіт пе, құзғын ба — бұған бәрі бір»... — деп ойлап қойды ол, қыздың әне бір түні су жағасында оп-оңай көне салғанын еске түсіріп...


Зарбайдын, қасында жаңа тебіндеген қияқ мұртты, өткір жанарлы жігіт тұр екен. Аяғында жіптіктей жарасымды саптама етігі бар, шолақ шекпенінің белін күміс әшекейлі жалпақ белдікпен буып алыпты, бір бүйіріне былғары қынға салған сүйек сапты қысқа кездік байлапты. Құрмаш әңгімені бұзғанын сезе қойды.


— Қонағымыз жаманат жеткізіп отыр, — деді Зарбай, жігітті нұсқап.


— Пәлі, сіз Құрманғазы боларсыз? — - деді қонақ жылы шыраймен. — Домбыраңыздан таныдым. Ұзақ берген екен, сіз оны жанынан екі елі тастамайды екен деседі ғой...


— Иә, жаманат бар, Құрмаш. Анада бәріміз бармақ басып, Исатай жазған өтінішті жандарал алмай қойыпты. Ақ патша Жәңгір ханға өзінің жандармдары мен зеңбірек сүйреткен солдаттарын көмекке жіберіпті. Жәңгір өзіне берілген старшындар мен байлардың күзетіме жүздеген қазақ-орыс әскерлері мен төлеңгіттерін аттандырып жатқан көрінеді. Ақбай мен Дулатқа да күзет келеді. Дулат, тегі, жүздігін осында жіберер...


— Бір сөзбен айтқанда, байдың сәйгүліктерін ерттеп мініп, сүңгілерді қайрау керек, — деді қонақ, Құрмаш үзіп жіберген әңгімесін одан әрі жалғастырған сыңаймен. — Ал өзіңізге, Құрмаш, ініңізді ерте келдім. Жігіт боп қалды. Түнде алып кеттім. Дулаттың қолында жалғыз қала ма, кім біледі, біз анау-мынау...


— Сонда мені жорыққа ездеріңмен бірге шықпайды дегіңіз кеп тұр ма? Сонда маған сенбейсіз бе? — Құрманғазы қонаққа тесіле қарады. — Мен сізді білем. Өткен жолы Исатайдың хатын әкелген сіз болатынсыз... Бірге кетем сіздермен.


— Жоқ! — деді Зарбай. — Құрманғазы күйлері кең далаға еркін таралып кетті. Ол енді бізге ғана керек емес. Сондықтан бізбен бірге артынан жоқтау айтар жақыны жоқ жігіттер ғана кетеді.


— Менің інім болғанымен сыңарым жоқ. Ал шеше деген әркімде де бар ғой, — деді Құрманғазы.


— Бәрін де таразылап, өлшеу керек. Көтерер жүгіміз жеңіл емес, — деді қонақ достарына басу айтып. — Уақыт бар әлі, бәрін де ойластырып шешкеніміз жөн... Айтпақшы, Дулат қанды шеңгелін жиделіге салмақ боп, бір пәлеге әзірленіп жатыр. Кеше түнде сіздің ініңізді іздеп жүріп Дулаттың үйі жаққа бардым. Бала жоқ екен, бірақ бедеге тойған айғырдай боп, көпшік үстінде теңкиіп жатқан Дулатты көрдім. Алдында бай балаларына құран үйретіп жүретін сары сақалды молда отыр екен. Екеуінің әңгімесін естідім.


— Жер шайқалған заман туды ғой, — дейді молда. — Айнала бүлік, ауыл-ауылды жын жайлағандай. Абай болыңыз, байеке, сақтықта қорлық жоқ деген. Ел аузынан Исатай мен қашқын ақын Махамбеттің есімі түспейтін болып барады. Екеуі де құм ішінде көрінеді, оңайлықпен қолға түсе ме... Осыдан бірнеше жыл бұрынғыдай, әлгі күнәкарлар қара халықты тағы да құдіретті Жәңгір ханға қарсы бастамақ боп жүр деседі...


— Бұ жолы лайықты сыбағаларын алар. Қиыршық құмнан жартас құлай ма, маңыраған көп қой Жәңгірдей арыстанды талай ала ма? — деді Дулат. — Тек аш қасқырларды түгелдей қолға түсіргенше тыныштықтан айырылатынымызды айтшы...


— Байеке, байқа, мал-мүлкің солардың қолында кетіп жүрмесін. Өзіңе сенімді малайларға, қойшылар мен бақташыларға, жатақтарға аздап қайыр-садақа беріп, құлқындарын тығындап қойсақ, сен дегенде аянбайды. Ал бір сәті түскен жер¬де арғындардың Беріште кеткен өшін еске сала қойған жөн.


Молда осыны айтты.


— Қайдағы өш? — деп елең етті Дулат.


— Байеке-ау, ойлана берсе, өш аз ба? Қазақтың жазба тарихы жоқ. Кім біледі, мүмкін, бұдан жүз жылдай бұрын Беріштер бүткіл арғын атаулының қыз-қырқынын қорлап кет¬кен шығар, ә?... — деді молда жымиып.


Дулат молдаға: «бір-екі күннен кейін үш ауылдың қойшылары мен жылқышыларын жинаймын, — деді, — ал Жиделі жұртын шақырмаңдар. Оларда менің өз есебім бар...»


— Басқа ештеңе ести алмадым. Үйдің арғы жағына Дулаттың шабармандары келіп түсіп жатты, ал мен Байғазыны іздеуім керек болды.


— Ноян-ау, бұны неге ертерек айтпадың? — деді Зарбай. — Дулаттық арамдығын барлық ауылдардың жылқышыларына жеткізу керек. Сен бөгелме. Басқа жылқышыларға тезірек бар да, Махамбет пен Исатайға кісі шаптырып, бар жайды баянда. Нысаналы жерде жолығармыз. Жиделіден қашан аттанарымызды саған хабарлайды...


Сақыш, шырағым. қайда жүрсің? Бізге қымыз не шай берші. Ноян асығып отыр! — деп Зарбай ашық қалған есікке дауыстады.


* * *


— Ерте шыға алмадым. Түнде әкем келді. Таң атқанша шапанын жамап отырдым. Бұл жолы әйтеуір түйе жүнін ала келіпті. Енді жылы жейде тоқып берем... Ал сен ше, тостын; ба мені? — Ақшолпан екі тізесін құшақтап, бір нүктеге қадала қарап отыр.


— Әкем бүгін түнде малын құм ішіне айдайды. Ұзақ боламыз дейді. Мені де әкетеді. Бәрі бір жалғыз өзім мұнда не бітірем? Дулат қашан әкетер екен деп отырмақпын ба? Әлде анау қу мазарды күзеткен кәрі бүркіт сияқтанып үй қоримын ба?


— Мен ше? Мені қайда қоясың? Өзің бейне мен дүниеде жоқтай сөйлейсің ғой, — деп Құрманғазы оны ақырын ғана құшақтады.


— Сен не сонда?! — Ақшолпан оның қолынан оп-оңай сытылып шығып, орнынан тұрды. Мойнына салған орамалы Құрманғазының қолында қалды да, қап-қара бұрымы арқасына төгілді. — Әйел алудан бұрын құда түсер болар. Ал құда түсердің алдында менен сұрау керек: келісем бе, жоқ па? Мен келіспеймін. Білдің бе?


Ол түгіне түсінбей бажырая қарады.


— Мүмкін, Сақыш келісетін шығар? — Қыз көзі күлім қағып, ойнақшып тұр, бірақ тереңінде екпе де, қызғаныш та жоқ секілді. — Сен не, тілің күрмеліп қалған ба? Құрмашай, сен тіліңді күй тартқанда ғана безейді деп бекер айтпайды екен ғой, тегі. Шертіп жіберші онда, сезді домбыраңа - ақ берейік... Білем Сақыштың сен дегенде қалай аһ ұратынын. Сен болсаң, ол туралы да, өзің туралы да жұмған аузыңды ашпайсың...


Ақшолпан домбыраны қолына алды. Құрманғазы қызды ұстай алмақ боп еді, бірақ анау сып беріп босанып кетті де, жусаған қойды дүр еткізіп үркіте - мүркіте жүгіре жөнелді.


Бұларға бағанадан бері ескі мазардың үйіндісінен барлай қарап отырған кәрі қыран қанатын далбақтатып, әрең қағып ұшып кетті.


Құрманғазы оны қалын, рауаштың, ішіне кіргенде қуып жетті. Екеуі жалпайған сарғыш жапырақтарға ұмар-жұмар құлады. Құрманғазы домбыраны тартып алып, бір бұтаға сүйей салды.


— Ессізім, ессізім менің! Сені енді' қайтып көрмейтін шығармын деп ем... Дулаттан қашқанда қасымда болмай, қанша жоқтадым өзіңді! Әлгі жандарм кезіккенде де... Степан сені камбой34 боп айдадым дегенде қорыққаным - ай!.. — Қыз көзі шалғышыларға келгендегісіндей жасқа толып кетті. Көрсетпейін деп аспанға қарап еді: — Қарашы, ана бүркіт бізді алғаш кездескен күндегідей тағы да қорып жүр. Тегі, содан бері ажыраспаған сияқтымыз - ау, ә?


Ақшолпан шырқау аспанда қалықтап жүрген бүркітті нұсқап күліп қойды.


— Қарашы, оның үстіңгі жағында және бір бүркіт жүр, — деді Құрманғазы. — Жастау екен. Биігірек ұшып жүр.


— Әйтеуір, аузыңнан сөз шықты-ау. Сөйле, сөйлей түс... Әңгіме айтшы, домбыра туралы айтшы. Маған бәрі бір. Тек үнсіздігіңді қойсаң болды...


Ақшолпан бетін Құрманғазының кеудесіне басып, сыбырлап жатыр. Жігіт қызды нәзік иығынан икемсіз құшақтап, өзіне тартты.


— Таңертең ауылдан шыға беріп Алдияр атаға жолықтым, — деді ол, қыз сөйле деп қоймаған соң. — Жарықтық, терең ойда келе жатып мені байқаған да жоқ. Сәлем бергенімде ғана қолындағы таяғымен қырқаларды нұсқап:


— Айтшы, балам, қайсысы биік? — деп сұрады.


— Анау мазарға жақыны, — дедім мен.


— Нарынқұмның хас батыры соның астында, — деді ол. — Әр төбенің асты біздің батырлардың мүрдесі. Менің ағам да осында қойылған. Өзім де соның туы астында жауға шапқам, кеп ұзамай тағы да аттандармыз. Асығу керек, балам. Дала қозғалып, ауылдар дүрлігіп жатыр, жігіттердің аузынан шыққан сөз сенің күйлерің сияқты жалындап тұр. Құрмаш. Енді жарақатты да, қанды да көргім келмейді, ыңырсыған үн естігім келмейді... Е, е балам, не көрмеді дейсің бұ шал: қарға қатқан пырансозды35 да, Жәңгірмен сөзге келген Махамбетті де, оның Шөмекей шалдарымен бірге қалай қашқанын да көргенмін. Баймағамбетті қалай жеңгенін өз құлағыммен естіп, содан абақтыға айдалғанын да, одан Кіші жүзге қашып, Орта жүзге өткенін, ақыры Бухара мен Хиуа кеткенін де білемін. Содан бері неше жыл өтті? Енді Махамбет пен Исатай тағы да қол жиып жүр. Тағы да адам қаны сел боп ақпақ. Мен енді қойдым... Дүниеде бір де бір батыр, тіпті Ертарғын да өз ханын жеңген емес. Батыр деген туған елін жат жерден келген жаудан қорғағанда ғана күшті. Ал хан әулетінің екіжүзді зұлымдығы, айлакер қулығы алдында қолынан түк келмейді... О, алла, алсаңшы алар болсаң көп қинамай!


Алдияр ата тізерлеп отыра қалды да, таңғы намазын оқуға кірісті. Кете алмай мен тұрмын...


— Құрманғазы, сен «Ақсақ құлан» аңызын естіп пе едің, білесің бе соның күйін? — деді' Алдияр ата маған намазын оқып болған соң. — Онда өзің шығарған күйлердің күші мен құдіретіне шәк келтірген жанға әмсе сол күйді тартып беретін бол...


Ақшолпан тізесін құшақтап отыр. Екі көзін жұмып, осылайша құлақ тосып отыра беру ұнайтын сияқты өзіне.


— Білем ол аңызды. Бірақ «Ақсақ құлан» атты күйді естіген емеспін, — деді ақырын ғана Ақшолпан, домбыраны әперіп жатып.


Құрманғазы домбырасын түзеді. Алдиярдың таңертеңгі түсініксіз қылығын еске түсіріп, сөзін ойланып отыр. Сонда ауыл сыртына бар болғаны қырқаларға көз тастап, намаз оқу үшін ғана шыққаны ма?..


Әдетте салмақпен, маңғаз басып жүретін салиқалы Алдияр ақсақал бүгін әлде неге алаң болып абыржулы еді. Бородино шайқасына қатынасқаны үшін патшаның өзінен медаль алған, жаудан қайтып көрмеген ержүрек батыр, батыл жауынгер Алдияр кәрияның ажалды еске алуында бір гәп бар.


Ажал, ажал... Сол қолының саусақтары перне бойлай жүгіріп, он, қолы қос ішекті осып-осып жіберді. «Ақсақ құлан» күйі де әңгімесін ажалдан бастайтыны есіне түсті...


Сонда ақылғөй ата Алдиярдың бұл күйді жиірек тарт дегені — «ажал ғана арымас» дегені ме? Ал, олай болса, мен шығарған күйлердің күш - құдіреті жайлы сөзіңізге жол болсын, Алдияр ата? Оларды несін «лаулаған жалындай» дейсіз? От деген өмір емес пе...


Алдияр сөзінің құдіретті құшағынан шыға алмаған Құрманғазы дала сазының қалай төгіліп кеткенін өзі де байқамай қалды.


— Ажал күйін сенің де тыңдағың, келген екен ғой, тыңда ендеше! — деп орнынан тұрды да, ақсақ құлан мен қатыгез қаһан жайлы көне күйді тарта жөнелді. Ақшолпан ол аңызды жатқа білетін.


... Бұл ерте – ерте - ертеде болған еді. Бір теңізден екінші теңізге дейінгі жер әлем түгелдей жалғыз кезді Шыңғыстың билігіне түскен кез. Ұшы-қиырсыз қазақ даласын ол өзінің мазасыз үлкен ұлы Жошыға берген. Қартайған хан оны өзі жаулап алған жер-дүниенің болашақ мұрагері деп есептеп, басқа балаларына қарағанда айырықша жақсы көретін.


Ал Жошы болса, жолбарыс соғып, бөкен аулап, киік пен құлан қууға құштар еді. Сарыарқаның жазығында, Көкшетаудың ну орманы мен Амударияның қопасында айлап жүріп алатын...


Бірде ол қасындағы сақтаушы сарбаздарымен бірге жапан кезіп жүріп бір үйір құланға кезігеді де, тасырлатып қуып береді...


Қос ішек безек қағады. Үйірдегі көп тұяқтық дүбірі ұлғайып, жақындап келеді. Құландардың тершіген сауыры да анық көріне бастады... Ауаны суылдай кесіп бұғалық тасталды. Жас байталдың шыңғырған ащы даусы шықты. Қыл шылбыр қылша мойынды қысып, қылқындырып жіберді. Аспанға шапшыған асау тағы қырылдап барып, күрс етіп құлап түсті...


Домбырашының қолы қимылсыз қатып қалған, тек саусақтары ғана шанақты сабалап отыр. Үйірлі құлан бетегелі жазықпен безіп барады. Міне, құланның айғыры бірте-бірте үйірінен кейіндеп, кері бұрылды да, байтал үстіне семсерін көтере тиген аңшыға қарай тура шапты.


Аңшы оқы байқамады. Көмекке келе жатқан жасауылдарының сақтандырған айғайын да естімеді.


Арындап келген айғыр Жошыны кеудесімен соғып, ат-матымен анадай жерге ұшырып жіберді. Болат тұяқ - оқ толы қорамсақты талқандап, таптап, семсерін қолдан қағып түсіріп кетті. Байтал бостандық алды. Айғыр омы үйіріне қарай қуды. Жеңгеніне жар сап кісінеп - кісінеп жіберді.


Жошы бір аяғын сылти басқан ақсақ айғырдың артынан қарап тұр. Міне, жас ханды ақсақ айғыр солай жеңген.


Үйірдің соңынан қуатты үн естіледі. Дала төсін тағы да адуынды асау сарын кернеді. Тасырлаған тұяқ дүбірі. Аспандай ұшқан көп қыранның қанат шуылы...


Ақшолпан тастан қашағандай қатып қалыпты. Аңызды қанша жақсы білгенімен домбыра дәл осылай сөйлей алар деп ойлаған емес-ті...


Құрманғазы .мен Ақшолпанның үстінде айнала ұшып жүрген кәрі бүркіт алыстан ауылға қарай шауып келе жатқан жасақты көрді. Ұзын мылтықтары күнге шағылысып, жалаң қылыштары жарқ-жұрқ етеді.


Ақшолпан мен Құрманғазы дең астында жатыр, оларға жасақ та, Жиделі де көрінбейді.


... Ашулы аңшы әзін жер қаптырып кеткен ақсақ айғырдың соңына түсті. Ал анау болса, жалын жерге жеткізе жайып жіберіп, екі кезі шатынап, анда-санда құлақ жара кісінеп қойып, үйірін тырқырата қуып барады. Бірақ жас ханның ұшқыр аты қоятын емес. Жақындап қалды, енді бір ұмтылса...


Айғыр құтылмасын сезді. Міне, тұлпардың демі мен адам даусы тым жақыннан, дәл желкесінен естіле бастады.


Үйірін ақтық рет ащы дауыспен арқырай ақырып, айдап жіберді де, жалт бұрылып, келіп қалған салт аттыға қарсы шапшып, қос аяқпен салып жіберді. Анау жерге қалпақтай ұшты, айғыр оны басымен сүзгілеп, домалатып апарды да, бір теуіп, бас сүйегін қақ белді. Сосын артта қалған сарбаздардың сауырына қадалған кеп оғына қарамай үйірінің соңынан жөнеп берді. Бозаң тартқан бетегелі далада жарадан аққан қызыл қан жіп-жіңішке із қалдырып барады...


Қаһанның шатырына Жошының қуанышты хабарларын жеткізетін шабармандар апта сайын келіп тұрушы еді. Бір апта болды, тырс еткен сыбыс жоқ. Жалғыз көзді қаһан қаһарына мінді.


— Жаманат хабар жеткізген жанның басы алынады. Түз заңы осындай! — дейді де ол баласын іздеуге әскер аттандырады.


Жошының нөкер сарбаздары ханның алдына баруға батылдары жетпей, жоқ іздеген жауынгерлерді жапан далада қарсы алады да, тізерлеп отырып, өз кеуделеріне өздері қанжар салып еле береді. Әскерлер Шыңғыстың алдына кіреуке - сауыттарын шешіп, беттерін дала-дала ғып жыртып келеді де, тақтың алдына көлденен, түсіп, үнсіз жатады, ал қаһан олардың бастарын өз қолымен шабады.


Алдияр алдындағы үнсіздік ажал себеді. Қазақ жері қан сасиды.


Қазақ жігіттері бірінен соң бірі қырыла береді. Қаһан ойын-күлкіден қалып, әбден қанына қараяды. Жер бетін қасірет жайлап, қыршынынан кеткен боздақтарды жоқтаған зарлы әуен бір тынбай, ел басына қаралы күн, шерлі түн-түнек орнайды. Сөйтіп отырғанда Шыңғыс ханға Найман ішіндегі Болатшы деген кішкентай жауынгер рудан шыққан бір кәрі домбырашы, ел кезген жыршы келеді. Аты Кет екен, көз орнында үңірейген тесік қана бар.


— Не шаруамен келдің, кер соқыр?


Кет үндемейді. Домбырасын алып, қос ішекті қағып-қағып жібереді. Сонда домбыра ен далада еркін жайылған құландар жайлы, көз жеткісіз кең жазира туралы, өз үйірін аянбай қорғайтын ашулы ақсақ айғыр жөнінде, тірі пендеге зиянын тигізбей тыныш жайылып жүрген жуас үйірдің шырқын бұзған адам жайында, адам мен айғыр арасында болған айқас туралы сыр шертеді. Домбыра бәрін де жасырмай баяндайды.


— Тоқта! Бұ не тантығаны?! — деп шарт үзеді ашулы қаһан күй сарынын. — Ажал дей ме?!


— Ұлың өлді дейді. Өзің де ұзамай елесің дейді! — деп жауап қайтарыпты Кет.


— Алыңдар басын соқырдың! — деп ақырады Шыңғыс тағындағы тіреудің алтын балдағын шеңгелдеп.


— Алдияр, ажал жайлы жаманатты мен емес, домбыра айтты. Түз дәстүрін бұзуға болмайды. Атам заманнан бері жаманат жеткізген шабарман жазаға кесіледі. Мен Жошы ханның шабарманы емеспін, күйшімін, жыршымын. Ажал жайын саған алдымен домбыра айтты да, өзін, бірінші болып қайталадың. Сонда жендет менің басымды алуы керек пе, әлде менің домбырамның мойнын үзуі керек пе?


— Ендеше, домбыраның көмейіне қорғасын құйыңдар! — деп айғайлайды сөзден жығылған қаһан шатыр ішінде зыр жүгіріп, аһлап жүріп.


Жендеттер «Ақсақ құлан» күйі тұңғыш тартылған домбыраның көмейіне балқыған қорғасын құяды...


Қазақ даласының көптеген жігіттерін ажал аузынан алып қалған ажал күйі аяқталды. Оның соңғы ырғақтары ауаға сіңіп кеткендей еді.


— Осы күй үшін хан домбыраны жазаға тартты... Естимісің... — деп Құрманғазы домбырасын жоғары кетерді де, сілкіп қалды. Ішінде әлде қандай бір салмақты зат салдыр-салдыр етті. — Бұл да қорғасын Сол заманнан бермен қарай әр домбыраның ішіне қорғасын тамызады. Ажалды жеңген күй естен кетпесін дейді! — Құрманғазы айғайлап сөйлеп тұр. — Естимісің, Ақшолпан, ажалдың арымақтығы емес Алдияр атанын, айтқаны. Ол күй құдіреті, күйдің күші жайлы айтады. Өзің айтшы, кенет барша күй тынып, барлық ән үзіліп қалса, қайтер еді? Алдияр ата дұрыс айтады. Оны түсінбеген мен ақымақ. Ән-күйді ажал жеңе алмайды... Бері қара, ән мен күй анау қырандар құсап қыр үстінде қанат қағады!


— Сен жаңағы күйді маған тарттың ба?


Ақшолпан одан жауап күтіп, тесіле қарап тұр.


— Саған, Ақшолпаным, саған! — деп Құрмаш оны құшақтай алып еді, мұрнына қыз шашының көңіл қытықтар иісі келді. Қыр гүлдері мен жусанның жұпар иісі. Ол бойын кернеген қуаныш пен кене күйдің дүбіріне елігіп, күн қызуы мен қыз алауына шарпылғандай болды.


... Ескі мазардың қожасы — кәрі бүркітті де, жас қыранды да алғашында Құрманғазының дабылды күйі қорқытып, мазасыздандырғандай еді. Енді олар түпсіз көк аспанда қалықтап жүріп, көздерін ауыл жақтан алар емес.


Салт аттылар ауыл адамдарын киіз үйлер мен жер кепелерден қамшының астына алып қуып шығып, Жиделінің ортасына, қой қамайтын қора жанындағы көгалға жинап жатыр.


Бірнеше кісі келімсектердің кезін ала беріп, жайдақ аттарға міне қашпақ болып еді, сол заматта - ақ ұстап алып, қоршалап анда апарды. Аттылардың соңында арсылдаған төбеттер ілесіп жүр. Бір киіз үй аударылып қалыпты, балалар әке - шешелерінің етегіне жармасып азан-қазан. Бірақ мазар түбіне бұл дыбыстар жетпейді...


Сойдиған шөп сабақтарының ұзын көлеңкесі Ақшолпанның бетіне түсіп тұр. Ол өзі екі шынтағын қояншөпке көме жатыр.



— Түһ, менде де ұят жоқ екен, ал сен нағыз есерсің!..


Құрманғазы үндемеді. Шаршап қалыпты. Ақшолпанды тыңдап, қырандарға қарап жатып, көңілі де сабасына түскен, рақат - ақ.


— Біз енді ажырамаймыз, — деді ол қызға бұрылып.


— Жоқ! — : деді қыз. — Сен анау жас қыран сияқты дәйім жалғыз боласың. Көрдің бе, ол бізге тағы да қарап барады. Екеуміздің сырымызды біледі.


— Әлде сен мені жақсы көрмейсің бе?


— Жақсы көргенде қандай, басқа еш бір қыз да сені мендей жақсы көрмес! — деп күрсінді Ақшолпан омырауын түймелеп жатып. — Сен бірақта сезімнің құлысың, ал сезім деген көзді ашып - жұмғанша. Сол сәтің өтсе болды, басқа адам боп шыға келесің... Мен де сенен басқа ешкімді ұната қоймаспын... Жарар, мем қайтайын... Қойыңды жиып ал.


Ақшолпан жүгіре жөнелді. Ауылға апаратын терең жыраға түсті де, көрінбей кетті.


Құрмаш құла түзде жүрегін жылытар жылудай сақтап, өзі қайтып келген күннен бері әдейі соған деп дайындап жүрген небір асыл, нәзік те аяулы сөздерін сүйгеніне айта алмай қалды...


Ол терең ойдың, құшағында, сай қуалай бытырап кеткен қойларын жинап алайын деп келеді.


Ойын гүрс еткен мылтық даусы бөліп жіберді.


Мылтық ауыл жақтан атылды.


Ол таяудағы төбенің басына жүгіріп шықты.


...Тура Құрманғазыға қарай бөркін бұлғап бір салт атты шауып келеді. Бірдеңе деп айғай салады, бірақ сөзін адам ұғып болар емес. Құрманғазы ауыл жаққа қарап тұр. Бір үй өртеніп жатыр, қою шаң мен көк түтіннің ішінде ары-бері шапқылаған адамдар. Құрманғазыға әлдекімнің жылаған үні, иттердің үргені естілді. Қару асынған адамдарды көріп, мылтықтың сол маңайдан атылғанын түсіне қойды.


Аттылы кісі жақындай түсті. Аңдап қараса, Жақып екен. Құрманғазы төбеден төмен қарай тұра жүгірді.


— Бол, Құрмашжан, мына атқа мін де, тезірек қараңды өшір. Ауылда Дулаттың нөкерлері мен солдаттары қаптап жүр. Жылқышыларды түгел айдап әкетпек. Бүлік салмақ болғаны үшін бәрін де абақтыға жабамыз дейді. Жігіттердің бәрін ұстап алды. Шешең келіп құтқар деді сені, ойлағанымдай - ақ осында екенсің ғой. Қайда барсаң, онда бар, әйтеуір алысырақ кет. Сені іздеп жүр. Мен білем ғой, солай... — деп кәріліктен күркілдеп, демін ентіге алған Жақып атынан түсіп, Құрманғазыны мінгізді.


Құрманғазы тықыршыған тұлпардың басын Нарынқұм жаққа бұрып, еркіне жібермей, тізгінін тарта ұстап тұрды да, ауыл жаққа көз тастады.


— Бол деймін! Бір пәлеге ұрынарсың, — деді Жақып ашуланып.


Құрманғазы кенет ауылдың жанындағы жырадан жүгіре шыққан көгілдір көйлекті қызды көрді. Ақшолпан ғой. Әкесіне асығып барады.


Атының басын ауылға бұрып ап, шаба жөнелді.


— Ойбай-ау, қайда барасың?! Қайт кейін... — деп сасқалақтай айғайлап Жақып қалды. — Ой, алла - ай, осылай боларын біліп едім ғой!..


Құрманғазы атының басын өртке тіреп бір-ақ тартты. Ақшолпан әкесінің қасында тұр. Өртеніп жатқан Зарбайдың үйі екен. Зарбайдың өзін алаңқайдың арғы бетіндегі ат байлайтын діңгекке таңып тастапты. Жол үстінде Зарбайдың шала - жансар жаралы аты жатыр. Ауыл жігіттері түгелдей қора жанында, жасауылдар мен төлеңгіттердің қоршауында тұр. Жейделері далба-дұлба, беттері мен көкіректері айғыз-айғыз қан. Балалар жылап, қатындар шулап, қарақшылар боқтық айтып зекіріп, ит біткен шабалана үріп — у да шу...


Құрмаш осыншама шудың ішінен Ақшолпанның:


— Тездет енді. Құтқар Зарбайды! — деген сөзін естіді.


Төлеңгіттер естерін жиып үлгіргенше ол досының қасына жетіп барып, атынан қарғып түсті де, арқанды қиып жіберді.


— Мынау Сағырбайдың баласы! Ұста! — деп айғай салды бір нөкер. — Мырза, кердіңіз бе! Мұнда, мұнда келіңіз...


— Атқа міні — деп Құрмаш Зарбайды итеріп қалды да, өзі сойылды ала салып, Зарбайға ұмтылған бір нөкерді қалпақтай түсірді, сонан соң тағы да екі нөкерді екі жаққа ұшырып жіберіп, үшіншісін бас салды.


Жалдамалы жасауылдармен жағаласып жүріп енді ғана байқады. Зарбай анадай жерде Дулаттың баласына жете алмай жүр екен. Оған ұмтылуының себебі — сол жерде байлаулы Сақыш жатыр. Бірақ төлеңгіттер оны өткізбеді. Үшеуі бірдей жабылып байлай бастады. Қамшымен де, мылтықтың дүмімен де соғып - соғып жіберді. Жылқының ту құйрығынан ескен қыл арқан Құрманғазының денесін шандыды.


Іштерінде Сақыш пен Құрмаштың шешесі бар, шал-шауқанын, қатын-қалаштан құралған топ бұларды босатпақ боп шуылдасып ұмтылғанмен ақ найза, көк сүңгіге тіреліп тоқтады.


Қайдан келгені белгісіз, әйтеуір қораның бір бұрышынан жүгіріп шыққан Байғазы көкетайлап Құрманғазыға тұра ұмтылды. Бірақ Дулаттың өңкиген бір ұр да жығы желкесінен шап беріп, арқадан қамшымен тартып жіберді де, бір теуіп топқа қайта қосты.


— Тарт қолыңды баладан! — деп Құрмаш қалш-қалш етеді. Босанбақ болып жұлқынған сайын қыл арқан денесіне бата түседі. — Әй, жарымес, күшеніп көр тағы да, мүмкін үзіп кетерсің шылбырды!.. — деп қарқылдасады төлеңгіттер.


Жиделіге осынау бейуақта қайдан тап болғаны белгісіз, қаңғыбас дуана жол үстіне тоқтады. Ол жапа шеккендерге де, зәбір көрсетушілерге де бағынышты момақан жүзбен қарап қойып, алдына жыртық шекпенін төседі де, екі алақанын аспанға жая, бар дауысына сала айғайлап, мақамдап дұға оқи бастады.


— Бісміллә, ил-ла иль-рахма-ан...


Оның қасына қара мұртты төлеңгіт жетіп барды да, мылтығының сүңгісімен қоржынын іліп алып, лақтырып жіберді. Дуана оған мүлдем назар аудармай дұғасын оқи берді.


— Әй, сайтан, жоғалт көзіңді! Ұлыма бұ жерде, — деп біреу оны мылтықтың дүмімен түртіп қалды. Дуана бет-аузымен шаң қаба құлады.


— Астапыралла! Бұндай да сұмдық болады екен-ау?! — десіп шалдар жағаларын ұстады.


— Жап ауыздарыңды!


Жасауыл дауысының қорқынышты да өктем естілгені сондай — тіпті бала екеш балалар да жым болды.


Солдаттар мен Дулаттың жалдамалы жігіттері ауылдың өздері тонаған көзге түсер жылтырағандарын қоржын - қапшықтарына толтыра бастады. Құрманғазының қасына Дулаттың баласы Мыңбай келді.


— Хал нешік, қарақшы? Енді бәріне де жауап бересің. Атқа да. Әлі жынданған жоқпысың? Түріңе қарағанда қояншық сияқтысың. Ха-ха... — деп ол жұқа ернін жымырып, көзін сығырайта күлді. — Күйіңді маған бүгін кешке тартатын боласың. Өзен жағасына үй тіктіріп, қызойнақ жасаймын, міне, сонда тартып бересің, — Ол жалт бұрылып Зарбайға қарады. — - Ал қызойнаққа сенің қарындасың барады! Құмарымды бір қандырайын. Біздің осында келуімізге де, бұнда солдаттарымды әкелуге де, әкемнің тыныштығын бұзуға да себепкер болған сен емеспісің! Сол қылықтарың үшін қарындасын, мауқымды басады. Менен кейін нөкерлердің де құмарын қандырады!.. Қалай қарайсын, бұған? Сағырбайдың баласы екеуіңді іргеге байлаттырып қоям. Сонда тұрып менің Сақышпен арадағы әңгіме - назымды тыңдайтын боласыңдар. Ал Сағырбайдың есуас ұлы құлақ құрышымызды күймен қандырады...


— Хайуан! — деп қырылдады Зарбай. — Одан да елтір мені. Тиме қызға!


— Түу, зәремді ұшырдың ғой, — деп кекетті Дулаттың баласы.


— Айдаңдар бәрін қосқа! Ал мына екеуін бөлек арқандап, құрметпен ап жүріңдер, — деп бұйырды ол Зарбай мен Құрманғазыны көрсетіп.


... Зарбайдың үйі жанып бітуге таяу, айналаға қою да ащы түтін таратқан киіздері ғана бықсып жатыр. Шашылған шүберектерді тіміскілеп дуана жүр.


Бородино түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін сыйға алған ұзын мылтығына сүйеніп, анадайда тұрған Алдияр кәрияны байқады Құрманғазы. Зарбайдың аты өлейін деп жанталасып жатыр. Жануарды қиналмасын әрі арам өлмесін деп, шал кездігін алды да, бауыздап жіберді. Сосын пышағын шөпке сүртіп, қайтадан қынына сап қойды. Ешкімге бұрылмастан ауылдың шетіне қарай аяңдай жүріп кетті. Жендеттер Алдиярға алақтап қарап қояды, бірақ бұйрық болмаған соң ешқайсысы өздігінен бата алмай тұр.


— Патшаны өз көзімен көрген адам. Одан крест пен мылтық алған, — деп түсіндірді жасауыл төлеңгіттерге. — - Жәңгір ханның өзі де бұған сый-құрметпен қарайды.


— Мырза, жолға бәрі де даяр, — деді ол Мыңбайға. Балаларымен қоштасқан қатын-қалаш шулап қоя берді.


— Тартыңдар. Ана сұлуды өзім ап жүрем. Кәне, әперіп жіберіңдер!


Бір нөкер Сақышты көтеріп әкеп, Мыңбайдың алдына көлденең өңгерте берді.


— Кешке жолығармыз, — деді Мыңбай Құрмашқа, әбден әлсіреп қалған Сақышты өзіне қарай қос қолдап тартқылап жатып. Қызда дауыс шығарып жылауға да шама жоқ еді.


— Алдияр ата, құтқарыңыз Сақышты! — деп айғайлап жіберді Зарбай. Құрманғазы екеуін ұзын арқанның бір ұшына байлап, дедектетіп атпен сүйреп бара жатқан болатын.


Алдияр тоқтап, артына бұрылды. Зарбайдың даусы оны кірелі-шығалы есеңгіреген хәлден оятып жібергендей болды. Жиделі жұртының жендеттерге жаудырған қарғысын естіді. Құрманғазыны керді, сосын көзқарасын Мыңбайға аударды.


— Тоқта! — деді Алдияр айғайламай, бірақ зілді де өктем үнмен. — Шеш Құрманғазыны, босат Зарбайды қарындасы мен екеуін. Өш алғың келсе, қорлама, майданға шық. Тиюші болма қыз балаға. Еркек үшін апа-қарындасты қоян жүрек қорқақ қана жазғырмақ...


— Ақсақал, өз билігіңіз өзіңізге, маған керегі жоқ. Барымтаны ойлап тапқан мен емес, өздерің, шалдар. Қыз менікі. Бір түн не істесем де өзім білем. Ертең қоя беремін...


— Тиме деймін оған... — деп Алдияр зілдене қайталады. Бірақ Мыңбай оның сөзіне құлақ аспады. Тоқтамай кете берді. Алдияр селт етпестен соңынан түнере қарап біраз тұрды. Сосын мылтығын жайлап көтеріп, шақпағын тексеріп алды да, серіппені басып қалды...


Осымен Жиделіде бүгін мылтық екінші рет атылды. Солдат атқан бірінші оқ қашпақ болған Зарбайдың астындағы атын өлтірді.


Екінші оқ Мыңбайға тиді.


Алдияр түтіні бұрқыраған мылтығын аспай-саспай төмен түсірді. Төлеңгіттер әдепкіде сасып қалды. У-шу мен жылаған үндер де тыйылды. Айнала кенет құлаққа ұрған танадай тынши қалды. Дулаттың баласы ерден көтеріліп, бұлғақтай шалқалап барды да, ыңқ етіп, шаңдақ жолға жалп ете түсті. Сақыш өңгерулі қалпы ер үстінде қалды. Нөкерлер топырласып мырзаларының денесіне қарай жүгірді.


— Шап, шап! — деп айғай салды, есін жиған жасауыл Алдиярды көрсетіп.


— • Оған тимеңдер деген. Мойнындағы ерлігі үшін патшадан алған наградын көрмеймісің!- — деді бір төлеңгіт.


— Керсетейін мен оған наградтың көкесін! — деп жаса¬уыл қылышын жалаңдатып суырып алды.


— Өй, ақымақ, қоя тұр, төлеңгіттер - ақ!.. — деп екінші жасауыл оған тоқтау айтты.


Мыңбайдың өлгеніне көздері жеткен соң нөкерлер қанжарларын қындарынан суырып -суырып, Алдиярды қаусырып қоршай бастады. Бұған дейін үнсіз тұрған ауыл ақсақалдары көмекке ұмтылды.


Байдың жалдамалы жендеттері мен Жиделі тұрғындары бетпе - бет майдандасты. Жалдамалы жасақтың төлеңгіттері тұтқын жігіттерді қоршаудан шығармай, ұрысқа сырттан үнсіз ғана көз салып тұр.


— Өй, төлеңгіт болмай кеткір өңшең ездер, — деп бас жасауыл тісінің арасынан ысылдап, ызалана сөйлейді. — Қаусаған шалдардан қаймығып... Өздерін темір сүмбемен шықпыртар ма еді, шіркін!..


Нөкерлер шалдарға ұрандап тиіп, жан-жаққа бытырлатып қуа бастады. Осы кезде Байғазы байқаусыз, Құрманғазы мен Зарбайдың жанына жүгіріп барып, қыл арқанды қиып жіберді. Зарбайдың зор даусы саңқ етті.


— Жігіттер, соғыңдар, қаруларын тартып ап тиіңдер!


Кенет сақылдаған ащы күлкі естілді. Сөйтсе дуана екен. Екі көзі қып-қызыл боп, айналып кеткен. Мыңбайдың өлігін шыр айнала секең қағып, айғайлап жүр:


— Дулатқа бұл сый екен, Дулатқа бұл сый екен!..


Бұдан әрі оны ешкім тыңдамады... Зарбайдың ұранын естіген тұтқындағы жігіттер күзетшілеріне тап берді. Беталды бытырлап мылтық атылды. Айнала оқ ысқырып, азынаған аттар аспанға шапшыды...


Жендеттердің біреуі Алдиярға төніп-ақ қалып еді, бірақ мылтығын аузынан ұстап алған қарт ананы дүмімен ұрып ұшырып жіберді. Сол сәтте-ақ бір жауыз оны ту сыртынан семсермен осып өтті.


Төлеңгіттің семсерін тартып алған Зарбай жендеттердің қалын, тобына қойып кетті.


Ақшолпанның әкесі — қолының ебі жоқ, алпамсадай қара күш иесі Жанпейіс түйеші Алдиярды жаралаған сұмды ұстап алып, қолын бұрап қалып еді, ананың екі көзінен жас парлап, қолынан қылышы түсіп кетті. Жанпейіс оны тік көтерді де, анадай жерге атып жіберді. Сосын қылышты тізесіне салып, быт-шытын шығарып шөпке лақтырды. Жаралы Алдиярды былайырақ алып шығып, әйелдердің қолына берді де, Жанпейіс қызына қарай жүгірді. Ақшолпан ат үстіндегі Сақыштың қолын шешіп, енді екеуі бірігіп бір тасаға қарай қашып барады екен. Соңдарына түскен екі нөкерді Құрманғазы сойылымен жасқап, жолатпай жүр. Жанпейіс аяқ астында жатқан бір тәртені жұлып алды да, қос нөкерді жауырыннан қабаттай ұрып, жалп еткізді. Сақышты Құрмаштың шешесі құшағына ала берді.


Аман қалған төлеңгіттер қайта сап түзеп, алға ұмтылды. Жігіттер кейін шегінді. Айқас болған жерде жаралылар мен өліктер қалды. Жан даусы шыққан қаңғыбас дуана қылыш жүзінен бұлталақтай қашып жүр.


— Оқта мылтықты! — деп зекірді аға жасауыл. Алдияр мен Сақышты қолтықтарынан демеген Жиделі ауылының үлкен-кішісі үркердей шоғырланып орындарынан тұрды.


Бірақ «ат» деген әмірдің орнына басқа айғай естілді:


— Уа, бол! Тездет! Ойбай-ау, кеп қалды аналар! Тура осында келе жатыр!


Таяу төбелердің артынан қолдарында кезене ұстаған найзалары, қайқы қылыштары мен семсерлері, шоқпарлары бар бір топ жылқышы: «Әруақ! Әруақ!» деп ұран салып, қарабарқындап қаптап келеді екен. Бірталайы ат үстінен қорамсаққа қол салып, садақтарын көтере бастапты. Ең алдында құла қасқа айғырға мінген кіреукелі жігіт ұшырып келеді. Ол Ноян еді, Сарман мен Степан да көрінеді. Зарбай мен Құрманғазы оларды бірден таныды.


Төлеңгіттер жол бойында тым-тырақай қашып барады. Жалаң аяқ дуана аспанға жұдырығын түйіп, соңдарынан қарқылдай күледі.


— Уә, алла, Әзірейіл қашып барады. Ха-ха-ха!


Анадайда оқшау топ болып, аттарынан айрылған, қару-жарақсыз он төлеңгіт байлаулы тұр.


— Сендер елге жасаған қорлықтарың мен зорлық-зомбылықтарың үшін тап осы арада дарға асыласыңдар! — деді Ноян жендеттерге, ашуын әрең басып. — Жоқ! Тоқтай тұрыңдар. Алдияр атаға жүгінейік, төрелігін өзі айтсын. Сендерге бүгін үкімді сол кісі шығарады...


... Алдияр ақ киіздің үстінде қансырап жатқан. Шалдар мен жігіттер киізді ақырын ғана сүйретіп, қабат-қабат ши төсеген керегенің үстіне салды да, Алдиярдың басына өздерінің шекпендері мен тымақтарын жастап, иықтарына салып, алып жүрді. Жанпейіс пен Зарбай кәрияның басы мен кеудесін ақырын сүйемелдеп келеді.


Ноян Алдиярдың алдына жүгіне қалып:


— Ата, аналар сіздің кесіміңізді күтіп тұр, — деді ол жендеттерді нұсқап. Үлкен кісілер мен әйелдер көздеріне жас алды. Жігіттерде оң сол жоқ, қанын іштеріне тартып, сұп-сұр боп тұр.


Алдияр кезерген ернін жалады да, Ноянның бетіне тесіле қарап жатып, естілер-естілмес үнмен:


— Атың кім, батырым? — деп сұрады.


— Ноян.


Алдияр атаның әлі ада болып барады. Жанпейіс аузына бір жұтым қымыз тамызған болды. Қарт көзімен қымызыңды тарт деп ишарат білдірді де, аузына сыймай, көнтиіп ісіп кеткен тілімен кебірсіген ернін тағы бір жалап қойды.


- — Жақсы екен, шырағым... Жібер оларды... Аумин.


- — Степан, шеш қолдарын. Жігіттер аттарын қайтып беріңдер. Орындайық Алдияр атаның, айтқанын, — деді Ноян.


Алдияр болар-болмас қана күлімсіреп қойды, жүзінде байсалды салауат бар. Тағы да бірдеме дегісі келіп еді, бірақ үлгірмеді. Мойны босап, кезі ашық күйінде жүріп кетті. Жанпейіс күректей алақанымен ақырын ғана сипап, жанарын жапты. Алдиярдың өңі қуқылданып, сақалы сияқты көкшіл сұрқай түске енді.


— Қош бол, ардагер! — деп солқ-солқ жылады Жақып. — Е-е, өмір деген осы да. Білем, білем, солай...


Алдияр атаның денесіне ақ шапан жауып, үстін көгілдір желеңмен бүркеп тастады. Жігіттер омы сол қалпында иықтарына салып, өз үйіне алып келді. Бородино мылтығы қасында жатыр. Алдияр оны біреуге арнап ұстата алмай кетті, мүмкін, лайықты жігіт таппаған шығар. Сондықтан да қазаға ұшыраған батырдың бұл қаруы молада да қасында жатуы керек.


Басқа ешкім жыламады, дауыс салмады. Ең аяғы жарымес дуана да тыныш отыр. Алдияр бостандық әперіп, Степан қолын шешсе де, не өз тобына, не ауыл адамдарына қосылмай, анадай оқшау тұрған екі нөкердің жанында отыр дуана. Ешкім оларға қату сөз айтқан жоқ, сес қылған жоқ. Бірнеше төлеңгіт кетіп қалған, басқалары әлі тұр.


— Тоқтай тұрыңдар, сатқындықтарыңның сазайын тартарсыңдар әлі-ақ! — деп кіжініп кетті әлгілер.


Байғазы аяқ астында шашылып қалған жебелерді теріп жүр. Дулаттың жігіттеріне одырая қарап қояды.


— Неге кетпейсіңдер? Дулаттан қорқасыңдар ма? — деп сұрады Сарман тұтқындардан. Жауап қайтпады.


— Бізбен бірге қалғысы келетіндер ел қорғауға тиіс. Пәлен ру, түген ата деп бөліспей, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Дулат пен Ақбайға, ханның өзіне қарсы шабуы керек, — деді Сарман. — Келіссеңдер, қарап тұрмаңдар. Жол қамына көмектесіңдер мынау жұртқа.


Төлеңгіттер жігіттермен бірге түйе қомдауға үнсіз кірісіп кетті. Дуана аттың өлігіне қонбақ болған қарғаларды қуа жөнелді.


Бұл түні Жиделі ауылы ұйықтаған жоқ. Алдиярды қойып, адал ұлдарын қара жерге бергеннен кейін көшуге дайындалды.


Тан, атқанша от жағылды. Жолға деп ет асылды, местерге су, айран, қымыз толтырылды. Сандық түбінен тот басқан кіреукелер, қанжар - семсерлер шығарылып, ұста дүкендерінде найза егелді. Әйелдер көз жастарын жұта отырып, еркектердің киімін жамады. Ноянның жігіттері түні бойы аттан түспей, қаруларын тастамай, ауыл күзетті.


Түн сүттей аппақ еді. Ит тимеген қалпы қатып қалған қанды қақтарға толық ай жарқырай түсіп, шағылысып тұр. Маң төбеттер құйрықтарын бұлғамайды, сүйек сұрап жылмаңдамай, тұмсықтарын аяқтарына тіреп, дүрдиіп жатыр. Күндіз олар төлеңгіттердің аттарын тірсектерінен тістеп, арсылдап үркітіп, иелерімен бірге қан майданға қатысқан болатын. Енді қазір ауылға төнген қатер бұлтын алдын ала сезгендей, тұмсықтарын түнгі аспанға көтеріп, ақырын ғана ыңырси қыңсылап қояды Ауыл жақтан шыққан қанның исін алыстан сезсе де, жақындауға бата алмаған шиебөрілердің шулаған үні әлде қайда құм арасынан талып жетеді...


Ноян мен Зарбай Сарманның қараша үйінде Исатай мен Махамбетке апаратын жол таңдап, дауласып отыр. Құм басып өту керек. Сондықтан Зарбай құдық қуалай жүретін ескі. керуен жолмен кетелік дейді. Ақыры Ноянды Сарман қостады да, екеуінің сөзі өтіп кетті: суды осы арадан, Жиделіден жеткілікті ғып құйып алып, жолсызбен тура тартқан жөн.


Бар жайды келісіп, тыныштық орнаған соң жұрттың бәрі де ертеңгі жорық жайлы, туып-өскен ошақтан айырылатындықтарын ойлап мұңға батты. Ноян қайткенде ауыр ойды сейілтіп кеп көңілін көтеру үшін Исатай мен Махамбет сарбаздарының көктемде Қарауылқожа сұлтанды қалай шапқанын баяндап отыр. Қазір сұлтанның барлық жері кедей ауылдарға берілген...


Алқа бастаған бір топ әйел жаңадан мес, шанаш тігіп, оларды тазалап жуып, үрлеп керіп, бұлақ суымен толтыруға кірісті. Ақшолпан өзі сияқты қыздармен бірге мойнынан иін ағашы түспей, су тасып жүр.


Түн жарымында ғана жұмыс аздап саябыр тартып, Құрманғазының домбырасына үн бітті.


Күні бойғы көріп - білгені — алғашқы махаббат алауы, арманда кеткен боздақтар азасы, тұңғыш жеңістің шексіз қуанышы, Алдияр марқұмның айтқандары — осынау қым-қиғаш, шытырман, асқақ әсерлердің әмбесі жиылып кеп жаңа күйге сайғандай. Маңтөбеттер де маңқылдап үргенін қойып, тыныш жатыр. Түн қараңғылығының құшағынан көлеңкедей көлеңдеген дыбыссыз дуана шығып, от басына, Құрманғазының аяқ жағына келіп отырды. Жиделіліктер жағына шыққан Дулаттың нөкерлері де отқа жақындады. Дуана әлгілерді асасымен түртіп қап, сақ-сақ күліп ала жөнелді.


— Тыныш отыршы - ей, алланың құлы, тыныш! — деді оған Жанпейіс зілі жоқ, жуан дауыспен.


— Мен дуана емес, дәруішпін Ғираттан келе жатырмын және де бұндай күйді бұрын-соңды естісем бұйырмасын, — деді жалаңаяқ жаһанкез. Осы арадан етіп бара жатқан Ноян дәруіштің бетіне үңіле қарады. Осы адамды бір жерде көрген сияқты ма, қалай? Бірақ шал теріс қарап кетті. «Қарақыпшақ Ноянның өзі. Құдайға шүкір», — деп сыбыр ете түсті де, дуана қайтадан сылқылдап күле бастады. Ноян біраз тұрды да, бұл дуананы танымайды екем деп, түйе қомдап жатқан жігіттер жаққа қарай кетті.


Жалын лаулай түсті. Қараңғылық та оттан алысырақ кеткендей. Көпшілік Құрманғазының күйін ұйып тыңдап қалыпты.


Жиделі тұрғындары Құрманғазының жаңа күйін, азаттық жолындағы күреске бастайтын жаңа серпін — «Серпер» деп атады...


Таң қылаң бере шалдар таңғы намазға жиналды. Олар шейіт болған боздақтардың, мынау көп тебенің астында қалып бара жатқан ата-бабаларының әруақтарын еске алып, туып-өскен Жиделімен, оның бал - бұлақ, сай-саласымен қоштасты, алдағы ұзақ та қиын жолда, болашақ айқастарда алладан демеу сұрап жалбарынды.


...Шыққан күнді Жиделі керуені шалғайдағы құм ішінде қарсы алды. Алда, жандарына алпамсадай Жанпейісті ерткен Зарбай мен Ноян кетіп барады. Артта, кеш соңында, топ жігітпен Сарман, Құрманғазы мен Степан келеді. Бұлар Жиделі тұрғындарын елсіз шөлмен айналдырып, құм шағылдарын кесе етіп, Исатайға бастап барады. Жанпейіс атадан қалған ескі құдықтарды жақсы біледі.


Әйелдердің сұңқылдаған жоқтауына тербеліп, қалың құмның құлазыған құба төсіне бойлай кірген бұл керуен ұзын - ақ. Ел басына түскен азалы күндерде де, туысқаннан айырылған қаралы күндерде де қазақтардың қасынан екі елі қалмайтын зарлы жоқтау сияқты шерлі әннің ырғағы да түйе адымындай ақырын, баяу. Бұл жырда туған жермен қоштасу ғана емес, жан,а жорықтың ұраны жатқандай.


Қа-ра тау-дың ба-сы-на-ан


Көш ке-ле-ді -а-а-а-а-о-о-о,


Кеш-кен сай-ын бір тай-ла-ақ


Бос ке-ле-ді -а-а-а-а-о-о-о


Е-лім-ай, е-лім-а-а-ай!..


Ай-рыл-ған ту-ған жер-де-ен


Қиын е-кен а-а-о-о-о


Мөл-тіл-деп қа-ра көз-ге-е-е-е


Жас ке-ле-ді-а-а-о-о-о


Елім-а-ай, е-лім-а-а-ай!..


Әуей жел ән әуенін қағып алып, жүрек сыздатар, аяулы да асыл сездерін, шалқар дариядай кең тынысты сарынын құм үстінде қалықтата ұшырады, көз жеткісіз дарқан далаға дамылсыз шашады. Алдияр атаның атын жетелеген қаңғыбас дәуріш те сол әннің қайғылы да қансар мұңын анау өзі кетіп бара жатқан көне сүрлеуде алыс сапарына бірге арқалағандай еді. Ол Атырау бойына тура тартты да, Жиделі көшінен қиыстап бөлініп кетті.


Ал Жиделі жазығының қожалары — қос қыран ертесінде таң бозара оянып еді, ауылды көре алмады. Мазардай қаңыраған үйлер ғана қалыпты. Тек сонау алыстан көп адамның қосылып жылаған қайғылы үні естіледі. Әлгі шерменде дыбыс Тас орманның таңғажайып күйіндей құдіретті гуілге ұласып барады...


ҮШІНШІ БӨЛІМ



Хан ордасында. Қиғаштағы жеңіс.
Шустиковпен кездесу. Исатай асықпады.
Құрманғазы мен Шернияз.
Төкенің өлімі. Сатқындық. Тастөбе қырғыны.



Ішкі орданың төрт құбыласын тең жайлаған көп рудың, батыс пен шығыстағы, түстік пен терістіктегі тайпалар мен ұлыстардың сұлтан, билері қамал қақпасынан топ-топ болып кіріп жатыр. Бәрінің де аттары қара терге түскен, қастарында мұздай қаруланған сақтағыш сарбаздары бар. Көтерілісшілердің кекті қылышынан ауылдарын да, мал-мүлкін де тастап қашқан үрейлі, абыржулы байлар да қорған іздеп осында келеді. Хан ордасына жетісімен олар алдиярдың алдында және генерал-губернатор Перовскийдің линиялық бекіністерден осында Жәңгірмен сөйлесу үшін жіберген офицерлерінің алдында құрақ ұшып, құрдай жорғалайды.


Қай-қайсысы да ханнан сенімді күзет сұрап алсам дейді.


Жасқұсқа айдалған қой мен жылқыда да есеп жоқ. Байлар қару-жарақ пен күзетті қалайда молырақ алуға тырысып, бұл үшін малды да, ақшаны да аяр емес.


Қамалды қоршаған биік қорғанның сыртындағы терең ордан әріректе аша ағаштардан кедергілер қадалып, хан қонысының айналасында күзет күшейтілді.


Хан сарайының артында жүк түсіріліп жатыр. Үй-үйдің арасынан жаңа ғана тігілген шатырлар мен жаппалар көрінеді, көгал - көгалдарда аға сұлтандардың еңселі ақ үйлері бой көгеріп қалыпты. Ұзыннан-ұзақ тақтай казармалар мен жеркепелер жалдамалы төлеңгіттерге толы.


Орда бұрынғы сән-салтанаты мен тәкаппар тыныштығынан айырылған. Кәзір ол аранын, ұясы сияқты гу-гу етеді. Байлар алғашында шатырларын қайда тігерін білмей, өзара керілдесе берсе, енді әрқайсысы өз руының осындағы өкілі — - уәзір - билердің төңірегіне топтаса бастады.


Шеркеш руының ен, кәрі биі Мұфаттың айналасына күллі Шеркештің игі жақсылары, малының көптігімен даңқы шыққан ноғайлы руының кеңесшісі — Шомбал бидің бақшасына ноғайлы жуандары, Беріштің ақсүйектері — Балқы Құдайбергеновтің жанына, байбақтылар — Құнажанның алаштар — Байтоқтың, қызылғұрттар — Татайдың маңына, тобылар, тамалар, кетелер мен кердерілер Кендібай бидің төңірегіне топтасты...


Иісі бұрқыраған күздің қою сары қымызы сабадан тегенелерге, одан кеселерге құйылып жатыр. Даланың жесе тойғысыз барша дәмі — қазы мен жая, жент пен бауырсақ, дәмді құрт, тәтті ірімшік, құс етінен, балық пен қой етінен істеген түрлі тағам, жеміс-жидек, тәтті - шекер түгелдей ордаға қарай керуен - керуенімен тартылуда. Байлардың бәрі де сықиып әскерше киініп алыпты. Жамбастарында күмістеген, асыл таспен әшекейлеген алмас қылыш, ұзын мойын тапанша. Соны азсынғандай қайта-қайта Жәңгірдің таңдаулы жасағына барып, соғыс құралдары мен қару-саймандарына қызыға көз жібереді. Таяудағы патша бекіністерінен ханға көмекке келген төлеңгіттер мен қазақтардың қаруы көтерілісшілердің қолындағы шоқпар - найза, семсер сияқты жұпыны жарақтан әлдеқайда айбарлы да қорқынышты еді. Сондықтан олардың өздері де аяқтарын алшаң басып, сенімді жүр...


Дегенмен хан әскерінің жүзбасылары да, аға сұлтандар да әлденеге қобалжулы. Ордаға сарбаз кегінен қашып, пана іздеп келген қауымды бұл да үрейлендіреді.


Асылында, бұл мазасыздық бай ауылдарын сонау көктем күндерінде-ақ, Исатай мен Махамбет ханның қайын атасы, алдиярдың үш әйелінің біреуі — Сұлүбүбіштің әкесі құдіретті аға сұлтан Қарауылқожаның әскерін талқандаған кезде-ақ жайлаған болатын.


Кедей ауылдың шабармандары Қарауылқожаның жеңілгендігі жайлы хабарды бір үйден екінші үйге екілене шапқылап жүріп жариялады. Қаптаған аламан w қуаныштан жынданып кетердей болып найза мен сойылға жармасты. Ел аузынан Махамбеттің жалынды жырлары түспейтін болды. Ақын біткен қиялы Қиғаштағы шайқас пен Исатай батырдың жеңісі жайлы жыр толғады.


Кейбір жанпезер жаршылар тіпті хан ордасына келуден де қаймықпайды. Олар алдиярдың қарамағындағы кен, алқаптық о жер, бұ жерінен бір жылт етіп, хан малайларының, қара халықтың арасында сарбаздардың жеңісті жорығы жайлы хабар таратады. Солардың біреуі осы кеше ғана айналасына бір топ адамды жиып алып, Махамбеттің өлеңін айтып тұрған жерінен ұсталды.


... Ақ киіктің орғытып.
Жүгірмегі майданды,
Батыр болмақ ойдан - ды.
Айғайласып жауға ти,
Тәңірім білер, жігіттер,
Ажалымыз қайдан - ды?!


Бұдан соң әңгіме арқауы Қарауылқожаның Исатайдан масқара боп жеңілген жайын айтып кетеді екен.


... Ата қоныстарынан сұлтандар айдап шыққан кедей ауылдың жігіттері Исатайдың қол астына наурыздың бас кезінде - ақ жинала бастаған болатын. Махамбеттің кеңесі бойынша батыр өз жігіттерін алысты - жақынды ауылдарға шаптырып, қоныс -жайылымдарды байларға бермеңдер деп жар салды.


Ал наурыздың аяғына таман Исатай қол астына пана сұрап көшіп келген ең кедей ауылдарды Қиялы Қиғаштың жағасына қондырмақ болды.


Қиғаш өзені Еділден бөлініп шыққан соң кәрі Каспийдің уысына түспейін дегендей бұлталақтай бұраңдап, қырға қарай, Нарынқұмға қарай қашады, Теңіз - көл деп аталатын бөлшек-бөлшек ұсақ көлдерге қарай тартады. Тегі, бытырап жатқан мына көлшіктер де, атына қарағанда бір кезде үлкен теңізбен жалғас болып, кейінірек бөлініп қалған тәрізді...


Исатайдың әлгі ойынан хабар алған Қарауылқожа сұлтан Қиғаш соның жерінен ағады, көтерілісшілерге тосыннан тиісіп, талқанын шығармақ болады, сөйтіп бүлікшіл ауылдарды құм ішіне түріп тастап, басшыларын ханға ұстап беруді мақсат қылады. Қарауылқожаның бұған күмәні жоқ еді. Өйткені Жәңгір хан оған бес қаруы сайма-сай төлеңгіттерін көмекке жіберген болатын. Бұл арада сұлтанның ойы хан мүддесімен ғана емес, генерал-губернатор Перовскийдің көксеген арманымен де деп түскен-ді.


Сұлтан жасағы Қиялы-Қиғашқа жетісімен қорғанысқа сайланған ауылды көрді. Барар жолдын, бәрі де жабық. Өткелдің, арғы бетінде екі жүз атты сарбаз тұр. Сегіз жүзге — екі жүз. Олардың арғы жағы — құмырсқаның илеуіндей жыпырлай қонған кеп үй, Исатай мен Махамбетке пана іздеп келгендер. Сайдың тасындай іріктелген мына екі жүз жігіт болмаса анау үйлердің шаңырағын бір демде - ақ орталарына түсіріп, өртеп жіберуге болар еді. Сарбаздар мұздай темір құрсанған болат батырлардай сұсты - ақ. Кіреукелері мен қалқандары жалт - жұлт етіп, ат үстінде ойнақшып жүр...


...Исатайдың арыстандарын көргенде сұлтанда зәре-құты қалмады, — деп қисса жырлағандай желдірмелете соғады жаршы.


... Іздеген жауы біз болып,
Жау қарасы көрінді,
Жиылған әскер білінді...
Исатайдың сол күнде
Ақтабан аты астында,
Дулығасы басында,
Зығырданы қайнайды...


Бұл сөздерді естігенде Жәңгір хан құлдарының, көздері жайнап шыға келді.


— Уа-а-аһ деген! Батыр-ай, ә!


— Айта бер, айт!..


— Өй, содан кейін не болғанын тыңдасаңдаршы.


Сұлтан батырларды қамауда құртпақ болып, әскеріне қосты айнала қоршауға бұйрық береді. Сегіз жүз солдат пен төлеңгіт Исатай қосынан шығар жолдың бәрін бітеп тастайды.


— Қақпанға түскен тышқандай боп қырылады бұлар, — дейді сұлтанның ұлы хорунжий Көкболсын. — Сонда Қиялы- Қиғаштың суын қызыл қанға бояймыз...


Сол кеште күн қызарып батты,
Құстар үнсіз сазарып қапты.
Сұлтан қосы көп от жақты...


Көтерілісшілер қосы тыныштық құшағында. Айлы түн. Салқын - ақ. Алыстан қорқау қасқырлардың ұлыған үні келеді, шамасы, қырғын боларын сезеді - ау сұмдар!..


Ақ шатырда екі иығына полковниктің алтын зерлі эполетін қадаған сұлтан отыр. Хорунжий Көкболсын, Байбақты руының старшыны Жүніс үшеуі жаңа сойған құлынның жұп - жұмсақ жас етін жәукемдеуге кіріскен. Әскерлерге қымыз да мол жеткізілді.


— Күтіп қайтеміз. Таңертең өздері берілмесе, түске жақын тізе бүктіреміз! — деп күйініп отыр Көкболсын. — Құдай ақына, әке, бір жолға сеніңізші бізге, ертең түске таман жауларыңыздың басы аяғыңыздың астында жатады, ал Махамбеттің тілін өз қолыңызбен кесетін боласыз!


— Жарайды, білгеніңді істе. Бірақ қалған басшыларын түгелдей тірі әкелесің маған, — деді сұлтан, болашақ жеңісіне алдын ала масайып. Төлеңгіттер де көңілді, думандатып жатыр, түн де оларға жарық сияқты. Ал көтерілісшілер қосын құлаққа ұрған танадай тылсым тыныштық басқан, жылтыратып бірлі-жарым оттары да меңіреу түннің қапас қараңғылығымен жарып өте алар емес. Иттер де ақырын-ақырын қыңсылап қояды. Бесіктерінде бөлеулі жатқан балалар да көздері бақырайып үнсіз жатыр...


Сұлтанның қалың қолы таң қылаң беріп, шығыс жақ арайға малына бастаған кезде ғана тынышталды.


Тап осы сәтте, — деп жырлайды жаршы, — • қара жер сілкініп қоя берді. Сұлтан шатыры селк етіп, дауыл ұрғандай қалтырай жөнелді...


Естері шыққан төлеңгіттер бірін-бірі соғып аттарына жүгірді. Ешкім де мылтыққа оқ-дәрі салып үлгірмеді.


Өткелден заулай өткен сарбаздар төлеңгіттердің қақ ортасынан кеп тиді. Екі жүз ердің екпіні сұлтанға мың сан қолдың дүмпуіндей көрінді! Қорғаушы нөкерлері оны атына әрең мінгізді. Жүніс жасауыл бөріккен қойдай быт-шыты шыққан төлеңгіттерін қайта топтастырып, анау жаужүрек жігіттерді қоршап алмақ болып жүр, кес-кестеп алдарынан шыға береді... Алайда, жол кеспесе де, қашайын деген жігіт жоқ, ұйқысыз еткен түннен, ашу-ызадан екі кездері қып-қызыл боп қанталап кеткен жігіттер үнсіз шабысып, аспай-саспай аяусыз алысып жүр. Түрлері жан түршігерліктей сұсты...


Исатайдың астындағы есік пен төрдей ақтабан ат анда - санда басымды қоя берші дегендей аспанға шапшиды. Көкболсын тапаншасын көтеріп, батырды көздеді. Бірақ ол серіппені басқан кезде Исатаймен екі араға бір жігіт түсіп те үлгірді. Хорунжиге тұра ұмтылған үш сарбазды төлеңгіттер тоқтата алмады. Тапаншасы қолынан түсіп кеткен Көкболсын қылышын суырмақ болып еді, қарсы алдынан шыға келген Махамбеттің қап-қара боп түтігіп кеткен айбарлы жүзін көріп, дереу жал құшып жата қалды да, атының басын тез бұрып ала жөнелді. Махамбет сілтеген семсер екеуінің арасына түскен төлеңгітке барып тиді.


Төлеңгіттер ақырып-бақырып, кіжіне айғайлап Махамбеттің маңынан кетер емес. Бірақ батыр жалтарып кетіп, денесіне дарытпай қойды. Жауына құйындай тигенде бір өзінде екеу емес, он қолы бардай — оңды-солды қоғадай жапырып, қойдай қырып жүр. Бір төлеңгіт қана қол тигізе алды оған. Соның өзінде атынын, құлағын шауып түсіргеннен басқа зақымы жоқ. Махамбетке қылыш та жетпеді, оқ та тимеді. Мынадай қоян-қолтық араласып кеткен айқастың ішінде мылтықтың пайдасы да шамалы болатын.


Төңірегіне мықты деген елу шақты нөкерін топтап алып, Көкболсын тағы да Махамбетке ұмтылды.


— Шап, шап, иттің баласын! Ақтар қарнын найзамен! — деп айтақтайды төлеңгіттерін. Көкболсынның көз алдында — тек Махамбет қана, құлағында соның арпалысқан демі, ысқырған қылышы. Қоршау тарыла түсті.


— Жантас! Махамбетке көмектес! — деді күндей күркіреген дауыспен түрікпен жігіті Балабек.


Сарбаздар төлеңгіттерді найзаның күшімен кері тықсырып, Исатай мен Махамбетті қорғап жүр. Өздері де азайып қалды. Жиырма-отыз ғана. Одан көп емес. Бірақ бәрі де құрыштан құйғандай, құламай берілер түрлері жоқ.


Қарауылқожа сұлтан ұрысты төбе басынан бақылап тұр. Бір жүздіктен соң екінші жүздікті өз қолынан көмекке аттандырады.


Әне — осы сәтті күткелі қашан! — Исатайдың туы шайқалып кеткенін өз көзімен керді. Шайқалып барып, қайта көтерілді. Енді ол Ерсары алыптың қолында, бұрынғысынан да биікте желбірейді.


— Аударыңдар аттарынан! Исатай мен Махамбетке бұғалық тастаңдар! Өшіріңдер үндерін иттердің! — Сұлтанның үні қарлыға шықты. Жүздіктері де кеп шетінеген кез еді. Төлеңгіттер күшпен болмаса да, көптігін пайдаланып, сарбаздарды әрең деп өзенге қарай тықсырды.


Тек қорқыныш дегеннің не екенін білмейтін Қалдыбай, ержүрек өзбек Ерсары, бұ дүниеде бұны атынан аударарлықтай күш жоқ сияқты көрінетін үндемес Нұралы, сынаптан бұлтылдаған қағылез Жантас қана төлеңгіттердің қалың ортасында қаймықпай соғысып жүр...


— Уау, ақтарып таста ішек-қарнын! — деп қуана айғайлады Көкболсын. Ерсары батырдың арғымағы мұрттай ұшты, безірейген Нұралы «дүлейдің» аты да сүрініп кетті. Бірақ олар сол сәтте-ақ арқа тіресіп тұра қалып, төлеңгіттердің аттарын семсерімен жарып құлата берді.


Төлеңгіттер тықсыра түсті. Исатайдың туы тағы да шайқалды...


Жолдастарының жау қолында қалған денелерін алмақ болған көтерілісшілер жаралы арыстандай айбар шегіп, тағы да жанталаса алға ұмтылды...


Сұлтан көріп тұр: жан алқымға тығылған қатерлі шақ келді, сарбаздардың күші сарқылған. Енді ұрысты көрер көзге айбындырақ етіп аяқтау ғана қалды. Сол ниетін орындамаққа сұлтан қиян-кескі айқасқа өзі ат қойды.


Алайда, осы арада күтпеген жағдай болды. Төлеңгіттер тоқтап қалды, алдыңғылар ат басын бұрып алып, кейінгілерді баса-көктей қайта араласты... Енсіз өткелден сарбаздарға қарай асыққан көмекті көргенде төлеңгіттерде зәре қалмады. Атқа мінген, түйеге қонған қалың қол аттандасып атой сап, сұлтан әскерлеріне қарай қаптап келеді. Апыр-ау, жаңа жасақ буларға қайдан кеп қалды, деп таңырқаған сұлтан ештеңеге түсінбей, асығыс кері бурылды.


Сұлтан әскері бөріккен қойдай быт-шыт болып қула түзге қашты. Олардың ешқайсысы да сарбаздарға көмекке ұмтылған көп әскердің, жігіттерден емес, шалдардан, қатындар мен қыз-келіншектерден құралған топ екенін және де бұл топты қан майданға Исатай мен Махамбеттің әйелдері бастап келгенін байқаған жоқ-ты. Бұрымдарын төбелеріне түйіп, тумақ киген, көйлектерін шалбарланып алған жаужүрек қатындар мен семсер найза, қара пышақпен қаруланған шалдар, қыздар жігіттерге дер кезінде көмекке келген еді.


Перовскийдің жарлығы бойынша Қарауылқожа сұлтанға көмекке полковник Гекке жіберген үш жүз солдат көтерілісшілердің көшкен жұртын ғана сипап қалды, Жалғыз-ақ кежуілге шыққан Нұралы қолға түсіп кетті.


— Біз орыс патшасы емес, Жәңгір ханмен соғысып жүрміз, — деді ол жауап берген кезде. Гекке оған Исатайдың жаңа қонысын көрсет деп бұйырып еді. Нұралы оларды адастырып апарып құмға салды.


— Неге алдайсың, бізді? — деп сұрады одан Гекке.


— Онда шаруаң болмасын. Маған бір құдайдың өзі ғана төреші! — деді Нұралы.


Сол Нұралы темір сүмбемен соққан бес жүз дүреге шыдады, сосын оны таңертең дарға асамыз деп жер үйге қамап тастады. Бірақ ол түн жамылып қашып кетті, — дейді жаршы әңгімесін одан әрі жалғастыра түсіп. — Бір офицердің атына мінеді де, шала-жансар қалпында сарбаздарға жетіп жығылады.


Есін бір жетіден кейін бір-ақ жияды. Ерсары одан:


— Қайда болдың,? Бізге айтпай кетіп қалғаның не? — деп сұрайды.


— Онда шаруаң болмасын. Ауырса — өз арқам... Жә, тән жарасын қойшы! Ана Қарауылқожаны айтсаңшы: қатындардан қорқып...


Жаршының сөзі ду күлкіге көміледі. Қиғаштағы қырғынның егжей-тегжейін тыңдаудан ешкім жалығар емес.


Сұлтанның масқара боп қашқанын ұзынқұлақ Орданың барша ауылына әлдеқашан таратып үлгерген. Көтерілісшілердің жеңісі Нарынқұмның түкпір-түкпіріне қуаныш әкелді, ел - жұрт сол жеңісті ести беруге әбден ынтызар боп, құнығып алған. Олар шайқас жайын қайта-қайта қазбалан сұрап, Махамбеттің жаңа өлеңдерін ынтыға тыңдайды.


Атадан туған аруақты ер,


Жауды көрсе, жапырар,


Үдей соққан дауылдай.


Жамандарға қарасаң,


Малын көрер жанындай,


Жүйрік аттың белгісі


Турады құйрық – жалында - ай!


Айтып, айтпай немене,


Халық қозғалса, тұра алмайды хан тағында - ай!..


Бірақ жыр кілт үзілді. Хан күзетшілері қалың топты қоршап алды да, қақ ортада тұрған жаршыны ұстап, екі күннен бері тағынан түспей, кеңес құрып отырған Жәңгірге хабарлады.


— Басын алыңдар бұзылғанның! — деді де Жәңгір, өзін басқаға алаңдатпауға жарлық қылды.


Хан ордасына барлық билер, уәзірлер мен аға сұлтандар кеңеске жиналып отырған болатын.


Бөкей ордасы әміршісінің екі жағын ала, ең құрметті орындарда патша әскерінің полковник формасын киген Қарауылқожа мен Баймағамбет, оларға жанас жасынын, үлкендігіне қарай ұлы уәзір атанған ноғайлы Шомбал, сосын Шыңқа, Аспандияр және Шынғали сұлтандар, алаш руының үлкені Алтай Досмұхамбетұлы отыр. Бұдан кейінгі орындарда — сұлтандар: шеркеш Меңдігерей, кете Тоғұм, байбақты ІІІөке. Тек айбарлы Айдалы және Қуаныш сұлтандар ғана көрінбейді. Оларды көтерілісшілер ұстап алып, кедей ауылдардың ақса қалдарынан құрылған сот екеуін де өлім жазасына кескен болатын...


Қарауылқожаның артындағы суфада қылышының сабын қыса ұстап, айналасына тұнжырай қараған хорунжий Көкболсын отыр. Қиғашта түскен жарасы әлі жазыла қоймаған.


Көкболсын қайда болсын дәйім әкесінен екі елі қалмайды. Бірақ орданың кілең игі-жақсы, бетке ұстар ақсүйектері жиылған мынау хан сарайында үлкендер алдында әдеп сақтап, шеткерірек отыруға мәжбүр болды. Осы топтың ішінде басқалармен бірге екі адамның — қарадан шыққан қос Беріштің қатар отыруы ғана оның қытығына тиіп, жынын қоздырады. Беріш руының бұл екі старшыны Қиялы-Қиғаштағы ұрыс кезінде Исатай жасағында болды. Бірақ, түптеп келгенде бұлар хан жағында. Исатайдың сарбаздары екі жүзден артпайтынын айтқан да осылар. Бірақ ұрыс бәрібір масқара боп аяқталды. Қарауылқожа сұлтан да, Көкболсынның өзі де дүйім елдің алдында күлкіге ұшырады. Кім біледі, хорунжий Көкболсынның мына екеуі де іштерінен күлетін шығар? Әншейінде бұларды қасиетті сарайдың босағасынан да. сығалатпас еді. Ал кәзір қос Беріш сұлтандармен қатар отыр. Тіпті ханның өзі оларға қарап, ілтипат білдіріп қояды.


Бұлар Жасқұсқа жасырын келген, енді ығай мен сығайдың қақ ортасында, құрметті орында шіреніп отырғандары анау. Көкбол терісіне сыймай отыр.


Заман баяғыдай болса, екеуін де айызын қандыра сабап алар еді, шіркін. Анау үлкені Еске де, кішісі Нәдір де кез келген сәтте бүлікшілер жағына шығып кетуі әбден ықтимал. Бұндайларға сенуге болмайды. Бір жапырақ ет, бір уыс күміс үшін кімді де болса сатып жіберуден тайынбайды бұлар. Е-е, заман, шынында да, бүлінген екен. Әйтпесе бұларды алдиярдың өзі жұмсап, мына отырған сұлтандар мен осы Көкбол оларды Исатай мен Махамбеттің қосына жасырын өткізуге тырыспас еді ғой! Көкбол қадірменді көп сұлтанның арасында отырған Махамбеттің ағасы — Бекмұхамбетті де жек кереді. Бұл Жәңгірдің хан атанған ен, алғашқы күнінен бастап айнымас ақылгөйі, кеңесші - уәзірі...


— Тау-қырқасыз жер жоқ, хан - патшасыз ел жоқ. Көсемсіз ру тұл, шұрқыраған қу тобыр. Аң екеш аң да серкесіз маңбас... — деп жөткірініп алып, алыстан орағытып, тақпақтап, мақамдай жөнелді Баймағамбет сұлтан. — Есуас Махамбеттің сөзіне ерген Исатай алдиярға қарап үрді, ата - бабасының қасиетті аруағына сыйынып, қардай таза қанына сеніп, өзіміз хан көтерген әміршіге қол көтерді. Онысына осыған дейін төзімділік көрсетіп келген алдиярымыздың кеңдігі мен кемеңгерлігі қандай!


Иә, ол Исатайды көп кешірді. Алдияр - ханымыздың жақсылығын білмеген сол есерге Хиуа елшісін Петрбордағы ақ патшаға ертіп баруды, кейінірек генерал Генсті орда ішін аралатуды сеніп тапсырғанын ешқайсың ұмыта қоймаған шығарсың. Қарадан шыққан қатардағы старшынға осыншама сый-сияпат көрсетілді. Тексізден текті тумайды, жабыдан тұлпар шықпайды, деген ғой. Исатай көсем - батыр болам деп өз бағын өзі байлады.


Кешірімділіктің де шегі бар! Аюға намаз үйреткен таяқ, дейді бұрынғылар. Исатайдың қызуы зынданда ғана басылып, Махамбеттің үні өшпек...


Махамбетті старшын тағайындау жөніндегі қағазға алдияр - тақсыр өзінің қасиетті тақбасын салған жоқ па?! Оған берген мал мен жер аз ба екен?! Өй, ынсапсыз кезбелер! Қасқырды қанша асырасаң да қойға қарағанын қоймайды, деп тегі рас айтады екен ғой. Асу керек дарға! Бүлікшілердің ауылдарын өртеп, өздерін патша ағзамның жазалаушыларына ұстап беру керек! Менің айтпағым осы! — деп тоқтады Баймағамбет.


— Үйрету керек, үйрету! Әбден азаптап өлтіру керек! — деп жамырай шуылдасты сұлтандар мен билер, ашу ызадан ашына сөйлеп. Алдиярдың алтын таяқшасы тағына тарс-тарс соғылды. Жәңгір шулағандарын жақтырмай қалды. Қайтадан тыныштық орнады. — Егер қарақшыларға жалғыз шауып шама келмесе, — деді әр сөзін ежелей салмақтап, ыңырана созып сөйлеген Баймағамбет сұлтан, түксиген қалың қабағының астынан Қарауылқожаға керенау қарап қойып, — онда баршамызға батаңды бер, алдияр. Күшімізге күш қосып, қолымызға алмас күрзіңді ұстат. Естен айрылған бүлікшілердің жазасын беруге менің жігіттерім сақадай сай отыр!


— Әрқайсысын темір сүмбемен жеке-жеке дүрелеп, Исатай мен Махамбетті бір арқанмен асу керек, — деді Ноғайлының кәрі султаны Шомбал. Сосын Жәңгір ханның таяқшасын тағы көтергенін кере қойды да, дереу сезін тоқтатып, басын иіп отыра қалды.


— Ашынған топ алды-артына қарамас, бірақ қара да бір, мал да бір. Оның бірбеткей топастығын қылыштың жүзімен ғана емес, ақылдың күшімен де жеңуге болар... — деп Жәңгір хан айналасындағы билер мен сұлтандарға қарап қойды, — Басы кесілсе — дене құлайды. Исатай мен Махамбетті топтан бөліп тастап, құдайды ұмытқан мүттәйімдерге қаһарлы күрзінің күш - құдіретін көрсетсе керек!


— Дат, тақсыр! Адалын айттың, ақылмен айттың, алдиярым! — деп тіріліп сала берді Қарауылқожа. — Олардың бар күші — бірлігінде. Бірлігін бұзбай алдыра қоймас кәзір. Иісі қара құтырып кетті бұ күнде. Шындап ызаланса, әлгі айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын бөспе сияқты тілі мен жағына сүйенген, сөзге бар да іске жоқ көк езу пысықтарды қың демей-ақ қылғи салады. — Қарауылқожа да Баймағамбетке жоғарыдан менменси көз тастап қойды. — Әлде Баймағамбет мырза, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Махамбеттің жүз қарақшы ертіп кеп, төлеңгіттерін бықпырт тигендей ғып сабап, ақ ордасын төңкеріп кеткенін ұмытып қалған ба? Желіккен жылқышыларды сол кезде тезге салу әлдеқайда оңай болатын. Өйткені олардың соңына кәзіргідей кеп ауыл ере қойған жоқ-ты.


— Әй, қожа, Исатаймен қақтығыстан кейін өзіңде қанша ешкі, қанша сүйем жер қалды?! — деді ызадан қып-қызыл болған Баймағамбет.


— Сен не, менің байлығымның есебін алмақпысың? — деп шарт сынды Қарауылқожа да. — Біліп қой, менің дәулетім сені мал мүлкіңмен қоса сатып алып, ішек - қарныңмен қоса сатып жіберуге жетеді!


— Тарт тіліңді! — Баймағамбет қамшысына жармасты. Ол Айшуақ ханның баласы, онымен Жәңгірдің өзі де бұлай сөйлесе алмаса керек.


— Жаптыр аузын мынау қоқиланған қожаның! — деп шаңқ ете түсті, Баймағамбеттің артында отырған Ақан.


Ханның түсі бұзылып, қолындағы жіңішке алтын таяқшасымен тақтай еденді тарс еткізді.


Тыныштық орнады.


— Сабыр етіңдер, мәртебелі сұлтандарым, сабыр, — деді кәрі би, ұлы уәзір Шомбал, әмірлі үнмен. — Қасқырдан айырылып қап, өзара ырылдасқан төбет құсамаңдар, түге! Ырыс алды — ынтымақ. Істің сәті — бірлікте. Айдалы сұлтан мен Қуаныш сұлтан сендердің қай - қайсыңнан да қорқақ еместі. Бүлікшілерді әрқайсы өзім басам деп жеке шығып еді, не болды, әне? Атадан қалған сөз бар: айла мен ақыл — егіз дейді. Жылы-жылы сөйлесе, жылан да іннен шығады дейді. Айласын тапқан айдаһардың аузынан да құтылады дейді. Исатай ұлы ханға хат жолдапты. Өтініші тексіз, сұрағаны шексіз, талаптары ессіз екен найсаптың. Қадірменді Баймағамбет пен Қарауылқожаны қараның сотына беріп, олардың мал-мүлкі мен жер-суын кедейлерге үлестіруді талап етеді, инабатты сұлтандарды қанішер қорқау, қатыгез жауыз деп атайды...


Сондықтан алдияр хан оны осында шақырып хат жолдап отыр. Бұнда ол қасына бүлікшілері мен ұры-қарыларын ертпей, жалғыз келуі керек. Егер Исатай келсе, біз оны қалай қабылдауды білеміз, ал егер келмесе...


— Онда өз обалы өзіне, біз қалай қимылдасақ та ерікті боламыз, — деп аяқтады Шомбалдың ойын алдиярдың өзі. Мәртебесі зор генерал Перовский Орынбордан солдат жіберуге дайын отыр. Зеңбіректер жолда келе жатыр. Қажет болса, Астраханьнан подполковник Алиев басқарған үш жүз солдат келеді, линиялық бекіністердегі Бизенов, Меркулов, Трофимов, Истомин сияқты полковниктер мен қазақ-орыс атамандарының жасақтары көмекке аттануға әзір...


— Ордадағы бүлік атаулыны үзілді-кесілді тыюға керек! — деп хан таяқшасымен еденді тағы да салып қалды. — Болды, Махамбетті осы тыңдағаным да жетер! — Хан ашуына ерік берді. Таяқшасын суфаның үстіне тастап, қолына шайқалмас билік пен күш-қуаттың белгісі — шоқпарын алды. Сол қолымен тақтың тіреуішіндегі алтын арыстанды шеңгелдей ұстап отыр.


— Махамбет сенің ашуыңнан садаға кетсін, қасиетті әміршім, — деп жалпаңдады ысқаяқ Шомбал, сосын сұлтандарға бұрылып. — Уа, жар салыңдар, түге: қасиетіңнен айналайын Бөкей жарықтықтың асыл ұрпағы, Жайықтан Еділге дейінгі кең жазықты еркін жайлаған Ішкі орданың әмірі Жәңгір хан алдына Исатайды тірідей не өлідей әкеп салған адамға алтындай бес жүз теңге береді! Бүлікшінің күллі мал-мүлкін де сол иемденеді... — Шомбал сөзін аяқтап үлгірмеді. Есік аңқая ашылып, күзетшілер қақ жарылып жол берді. Салтанатты сарайға хан жансыздарының басшысы кірді де, тақтың алдына келіп, тізерлей құлады.


— Бүлікшілер ордаға шаппақ. Исатай мен Махамбет баста п келеді!


Сұлтандар өре түрегелді. Кәрі Шомбал мен Баймағамбет қана орындарынан қозғалған жоқ.


— Қай тұста келеді? — деп ыс ете түсті Жәңгір.


— Жүз шақырымдай болар, тақсыр.


— Жоғалт көзіңді! Басқа ешкімді кіргізбеңдер! — деп бұйырды хан. Оның дегбірі қашқанын сұлтандар да байқап қалды. Қызметшілер үн шығармай қымыз тартты. Бәрі де тырс етпей орын-орнына кеп отырды.


— Алла-тағалам өзі көмекке кеп отыр, — деді Шомбал тыныштықты бұзып. — Енді Исатайдың талап-тілегі орындалады.


Сұлтандар үлкен уәзірге таңырқаса қарап, көздерін ханға аударды. Хан да олардан кем ғажап қалып отырмаған екен.


— Оның талап-тілегі орындалады, өзі сұраған хан жарлығын алып тынады... Тек он күннен кейін. Ал кәзір бөгелуге болмайды, алдияр. Алдарынан елшіге адам жіберіп, тоқтата тұру керек . Орынбордағы генерал Перовскийге патшаның атамандарына да, қазақ-орыстарға да, Еділ мен Жайықтағы барлық орыс бекіністеріне де дереу кісі шаптырып, оныншы күн дегенде бүлікшілердің түбіне жететіндей болу керек. Ал әзірше олар хан жарлығын күте тұрсын. Қадірменді старшындар Еске мен Нәдірге айтар өтінішіміз: бүгін түн олар Исатай қосына оралып, асау батырмен сөйлессін, оған алдиярдың Сарықамыскөл бойындағы кең жайлауды беретінін айтсын және де Исатай қосындағы бар жағдайды бізге сенімді адамдар арқылы жеткізіп тұратын болсын...


Хан үнсіз ғана шоқпарын кетерді. Шомбалдың сөзі көздеген жерінен дөп шықты. Хан суық жымиып орнынан тұрды. Сұлтандар да ішіп отырған қымыздарын тастап, жапырлай көріліп, қақ жарылып жол берді.


Жәңгір шығып кетті. Ол Зұлқарнай мен Фатима ханымның қасында бұның келуін күтіп қалған генерал - губернатордың жеке шабарманы полковник Геккеге жолығуға асыққан еді...


* * *


...Анда-санда иесіз иттер қыңсылап, ауық-ауық ұлып қояды. Тағы да тыныштық. Тас қараңғы. Күздің айсыз түндері адамнан басқаға да оңай емес. Бұл шақта жылқының өзі де бір түрлі үркек болып кетеді. Айғырлардың арқыраған аптықпалы үні де, бие - байталдың базыналы кісінеуі де естілмейді. Аттар қараңғыдан шыққан болымсыз тықырға осқырына құлақ тігіп, қорқыныштан жер тарпи бастайды. Тек түйелер ғана қашанғы қалыптарынан былқ етпейді. Мейлі көктемде болсын, мейлі күзде болсын, кез келген кідірісті, кез келген қысқа демалысты олар әманда біртоға керенаулықпен қарсы алады. Кәзір де тастан құйған алыптардай болып шөгіп жатыр. Не қозғалмайды, не орындарынан тұрмайды, не жолды босатпайды. Тегінде, көгілдір сәуле шашып жылтыраған көздері болмаса, әйтпесе күйіс қайырған дыбыстарын естімесе, Махамбет оларды байқамас та еді.


Ай жоқ. Жұлдыз да бұлт құшағында. Ауада салқын сыз бар. Аспан да, жер де түпсіз шыңырауға түсіп кеткендей. Тек көп адамның біркелкі гулеп шыққан дыбысы мен кен, жазықтың бойында, анау қырқада жанған қалың от қана даладағы тіршілік тынысын сездіргендей, айналаны түтінге бөлеп, алда айырықша бір ғаламат күтулі екенін жариялағандай.


Махамбет жаңа ғана Исатайдың шатырынан шыққан. Қанша айтса да, — осымен неше мәрте — батырды хан ордасына тоқтаусыз шабуыл жасауға көндіре алмай-ақ қойды. Исатай Жәңгірдің жауабын күтулі.


— Хан ойлануға он күн пұрсат сұрады. Мен күтуге уәде қылдым, сол сөзімді бұзбан, — деді Исатай Махамбетке.


Бекер күтеді Исатай: айқассыз қайдан берілсін Жәңгір...


Махамбеттің Жәңгірмен Жасқұстың көк жазығында жанжалдасып қалып, Жантаспен бірге Шөмекейдің кедей шалдарын арашалап қашқанынан бері жеті жыл өтіпті. Осындай көзге түртсе көргісіз тасқараңғы түндердің бірінде Хиуадан шығып, күзгі суық жаңбырға қарамастан, елсіз-күнсіз қу тақырлар мен құмдарды басып, ұзақ жол шеккен соң Жайық жағасындағы туған жерге жеткеніне де бір жыл.


Олар өзеннен түн жамылып, ұрлық қылғандай, жасырынып еткен. Бұрынырақ Бөкейханның, одан соң оның баласы Жәңгірдің және орыс патшаларының аса ұлағатты жарлықтары бойынша Ішкі орданы Россиядан ғана емес, сонымен қатар өз елі — іргелес жатқан Кіші жүз бен Орта жүздің жерін құрыш құрсаумен бөлгендей қоршап жатқан линиялық бекіністердегі қазақ-орыс жасақтарымен кездесіп қалармыз деп қорыққан-ды. Үндемес Төкені қайта жолықтырғанына да бір ай болған. Хиуаны, мұрап - ақын Мүнисті, нәзік те момын Нұрбалды есіне түсірді ғой ол...


Хиуада жүргенде ол туған елін, қоңыр салқын тоғай мен тораңғының иісін, Нарынқұмды, Жайықты сағынатын, Еділдің, ерке ағысын, сүйікті Мақпалын бір көруді армандайтын, Исатайға жетуге, Жәңгір ханмен айқасуға асығатын. Сол шайқасқа жылдар бойы зарығып, ханды жеңуге жылдар бойы ынтызар болып келсе, дәл бүгінгі түн оған аяқ астынан жеңістің ауылы алыс сияқты, өткеннің бәрі — ауыр түс, болашағы — бұлдыр сағым секілді көрініп кетті. Бұ не? Аруақтар аян беріп тұр ма? Әлде шаршағандікі ме? Ие болса да мейлі енді. Ашуына мініп, хан әулетіне тағы да қаймықпай қарсы шыққан, Жәңгірден жауап тосқан мына халықты жеңу оңай болмас. Хан Қарауылқожа мен Баймағамбет сұлтандарды елдің қолына беріп, қатыгез істері үшін жазалауы керек, сосын тартып алған жерлерін халыққа қайтаруы тиіс...


Махамбет ертеңгі күнді ойламауға, сабасына түсіп, тынығып алуға тырысты.


Нұрбалдың аянышты тағдырына налып, Мүнисті сағынышпен есіне түсірді.


Дәл осы сәтте оған Мүнистен артық ешқандай ақылгөй серіктің қажеті жоқ-ты. Бірақ Мүниске шайқас - майқасыңның қажеті шамалы. Оның албырттық атаулыдан мүлдем ада, тым салқын санатты жан екенін Махамбет Хиуада кездескенде анық байқаған. Оның есесіне тарихқа келгенде Мүнистің білмейтіні шамалы. Дүниеден қанша батыр, қанша хан өткенін, үш жүз жылдан бермен қарай олардың қай-қайсысы қазақтардың Яссадағы атақты адамдар зиратына, жыршы Қожа Ахмет Яссауидің мазарына қойылып келе жатқанын, Хиуа тағына бұрын-соңды қандай-қандай сұлтандар отырғанын саусақпен санағандай айтып бере алады. Алаша ханның тұсында ұлы уәзір қызметін атқарған Әуез бидің ұрпағы болғандықтан ба, кім білсін, әйтеуір Мүнис Хиуаны қазақ хандары Нұралы, Бұлақай және Әбілғазы билеп тұрған дәуір жайлы айтқанда өте-мөте әсерлеп сөйлейтін. Тарихпен айналысам деп жүріп, ол өлең-жырға ден қоймайтын. Хиуаның бас мұрабы деген атақтың өзін де атасы Әдине Мұхамбеттің әруағы үшін ғана сақтап қалған. Бұл құрметті атақты оның үлкен әкесіне Әбілғазы хан берген ғой. Қалай дегенменде Мүнис кәзір алыста...


Хиуадан кеткеннен кейін Махамбет оны осыдан бір айдай бұрын, капитан Шустиковпен жолыққанда алғаш рет есіне түсірді.


Шыны керек, капитан Мүниске шендей алмайды. Бірақ ол да Мүнистей ашық екен. Өзінің өткірлігі мен турашылдығы кейде адамның жымын келтіреді.


— Мен солдатпын, бұйрықтың құлымын, — деген еді Шустиков Махамбетке сол бір қиын сәтте қайырым сұрамай. Махамбет бұларды Қисық төренің ауылында жеңіп, тұтқынға алған болатын, осы арада Төкені жолықтырып, енді ғана ауыл шетіне шыға берген беттері еді. — Мені өлтірсең де, босатып жіберсең де өзің білесің. Аяғыңа бас ұрып, жалынбаймын. Тек біліп қой: ханды бәрі бір жеңе алмайсыңдар. Исатай екеуің елді бекерге қырасыңдар. Пугачтің орыс патшасын жеңе алмағанын білесің ғой, сендер де сөйтесіңдер. Оның үстіне Жәңгір ханды Николай патша қолдайды, сондықтан орыс қаруы да сендерге қарсы жұмсалады. Есіңде ме, Орынборда мен саған біздің генералдың сендердің мүфтилеріңмен достығы жайлы айтып ем ғой...


— Қорқытқың келеді-ау... — деп күлген Махамбет.


— Неліктен? Мен болсам сенің қолыңдамын. Өмірдің өзі қорқынышты ғой, елімнен қаймықпайтыным да содан. Мен де сен сияқты Волга бойынанмын. Тек мен арғы беттемін, сен бер жақтікісің. Сендер Еділ дейсіңдер, біз Волга дейміз. Жолымыз қашаннан бірге ғой. Сен екеумізсіз де қырылған ел аз емес, бізсіз де жендет жеткілікті...


— Мен сұлтандар мен хандарға шабатын жендетпін. Тыңдайтыным — тек ел үкімі. Ақ садақтан атқан оқты жау кебесін үзгенше немесе нысанаға тимей кетіп, айдалаға лағып жоғалғанша тоқтата алмайсың. Ал мергендік — күш-қуатқа, адамның өз ісіне сенімділігіне және жасымас жігеріне байланысты, — деген Махамбет оның сөзін бөліп.


— Ал егер жауың айлакер залым, сарқылмас. қуатты, ерен қатыгез болса ше, атқан оғын, баданасын бұзып өте алмаса ше?


— Халық қаһарына мінді, енді қайнаған кегін айқаста тарқатпай қайтпайды. Құлдар бостандықты шайқасқа шыққанда ғана сезеді. Жеңсек те, жер жастансақ та — бәрі бір: біздің ар-намысымызды ешкім де аяғына таптай алмайды, — деп қайтарып тастаған Махамбет. — Сен Қобыланды батырды естіп пе ең? Ол осыдан мың жыл бұрын өмір сүрген, хан атаулыға бағынып кермеген адам, бізге де сонысын өсиет етіп қалдырған... Қыр кәдесі бойынша елін сыйлағанды елі де сыйлайды: мейлі ол қара болсын, мейлі ол хан болсын. Өмірдің тәттілігін соғыста ғана білесің дейді екен Абылай. Ал сен өмірді қорқынышты дейсің. Онда бар да шабыс, бізбен емес, сол қорқынышты өмірмен шабыс. Ана солдаттарыңды ал да, бізбен екінші рет майдан үстінде бетпе-бет келтіре керме, деп құдайыңа жалбарын.


Махамбет сөйтті де, Шустиковты қайда барсаң онда бар деп босатып қоя берді.


Қоштасып тұрып, капитан Махамбет жайлы Даль-Луганский мырзаның сұрау салып жүргенін айтты. Оның өзі Петербург жазушысы көрінеді, Орынборға не себеппен келгені белгісіз, кәзір генерал-губернатордың айырықша тапсырмаларын атқаратын көмекшісі екен. Әсіресе Беріш руынан шыққан ақындықтың егжей-тегжейін сұрайтын көрінеді.


— Ол екеуіңнің Петербургте жолыққандарыңды да айтты, — деді Шустиков.


Махамбет өзін Петербургте кім білетінін кепке дейін ойланып жүрді. Ақыры Луганскиймен қалай кездескенін, онымен не сөйлескенін есіне түсірді де, бар жайды Исатайға айтып берді.


Кейінірек, сарбаздар генерал-губернаторға хат жазып, одан Жәңгірдің Ішкі ордаға хан болу яки болмау мәселесіне араласпауын, бұл сұрақты шешуге қару жұмсамауын өтінген кезде жиделілік Сарман да «Орынборда Владимир Иванович есімді өте бір әділетті Даль деген мырза бар» екенін еске түсіргем.


Содан «мына қағазды жандаралға тапсырсын» деп сәлем айтып, Сарманды, қолына пакет беріп, Луганскийге жіберді.


Екінші хат Жәңгір ханға жолданды.


Махамбет екі хаттың екеуіне де қол қоймады.


— Жауды шаппағанның өзі шабылады! Күткен сайын семсер суып, сүңгі майырыла береді! Бір орыннан қозғалмай жата бергеніміз жауынгерге жараспайды! — деп Махамбет тұңғыш рет Исатайға тигізе сөйледі.


— Қызбалық жасама, Махамбет, — деді Исатай. — Бір жеті болды. Енді үш-ақ күн қалды. Қазақ қырқына шыдасаң, біріне де шыда дейді...


Кеңеске жиылған старшындар Исатайды қостады. Бірақ ол бұған көп ден қоймаған сияқты. Старшындардың қолдауы оны не қуантқан жоқ, не ренжіткен жоқ. Керегені көзімен тесіп, әлдеқайда алысқа ойлана қарап отырып:


— Менің де айқасқым келеді, Махамбет, — деді ақырын ғана.


— Исеке, ақынға — қызбалық тән, батырдың кемеңгерлігі — оның сабырлылығында, ашуын ақылға жеңдіре білетінінде, — деп мәймөңкеледі Беріш старшыны Нәдір.


— Әй, Нәдір! Айттым ғой: күтеміз деп! Әлде сен айтқан сөзді естімеуші ме едің?! — деді Исатай ашулы үнмен.


Махамбет сезіп отыр. Исатай өз қоршауына сенбейтін сияқты, әсіресе Қиялы-Қиғашта Қарауылқожа сұлтанды жеңгеннен кейін ғана келіп қосылған старшындарға сенімсіздікпен қарайды. Басқалардан бұрын әлді ру — Алаштың старшындары көбірек мазасын алатын тәрізді. Солай бола тұрса да олардың тілін алатыны несі? Тыңдап қана қоймайды, олардың айтқанын істейтіні қалай?..


Егер бұл Исатай емес, басқа біреу болса, Махамбет оған қолды әлдеқашан бір-ақ сілтеп, жігіттерді Жасқұстағы хан ордасына бастап жөнелер еді ғой. Жәңгірдің қамалын талқандап шауып, өзін ат құйрығына байлап қойып, ауыл-ауылды аралатар еді — кегі кеткендер өз қолымен өшін алсын...


Дәп кәзір Жәңгірдің сарайында не болып жатқанын білер ме еді? Хан қосы қол созым жерде ғана тұр ғой.


Келісім жасауға кеткен жігіттер де қайтпады. Төке де жоқ. Сол кеткеннен мол кетті. Әлде байғұс шалды ұстап алып, ойына келгенін істеп жатыр ма екен Жәңгір?


«Жоқ, Теке қолға түспейді. Қайтып келеді, — деп ойлады Махамбет. — Ал хан мамық төсегінде Фатима сұлудың қасында жатқан шығар...


Жоқ, Жәңгірдің кәзір оған уақыты жоқ. Оның үстіне Фатима да бұны, Махамбетті ойламауы мүмкін емес.


Кәзір Жасқұс қорқыныш құшағында. Мүмкін онда ендігі генерал Перовскийдің әскерлері келіп орналасқан да шығар...»


Осыдан бір жеті бұрын Тастөбеде өткен ұлы құралда сарбаздар Исатай батырды өздерінін, сардары етіп белгілегеннен кейін жаңа басшыларының жарлығы бойынша Жәңгірге өз талаптарын жеткізбекке, үй іш, бала-шағаларын тастап, Жасқұсқа аттанғанда олардың алдынан хан уәзірлерінің біреуі — Алтай Досмағамбет ұлы шықты. Өзі де, қасындағы төлеңгіттері де боп-боз болып кетіпті.


— Мен, Досмағамбет баласы Алтай сұлтан, арыстандай айбатыңның алдында басымды ием, батыр, — деді ол Исатайдың қалын, қолына қарап тұрып. — Әтуерлі алдияр хан сәлем айтты саған. Батырдың алдынан шық деп жіберді мені. Мен сенімен, Исатай, алдияр ханның атынан сөйлесемін.


Тоқтат сарбаздарыңды, қасиетті тақты қанға бояма. Мені әдейі сенің талап-тілектеріңді тыңдап, біліп кел деп жіберді Жәңгір хан хан сенен он күн пұрсат сұрайды. Он күннің ішінде талаптарыңды түгелдей қарап шығады да, жауабын өзі осында келіп айтады. Қылышыңа ақылың арашашы болсын...


Исатай ойланып қалды. Старшындар ханның өтінішін орындау керек деді.


Жауап күтіп Алтай сұлтан тұр.


— Аттар алға сүйрейді, ауыздығын тарта бермесең, батыр... — деген еді Махамбет сонда Исатайға, көмектесейін, қолдайын деген ниетпен ақырым ғана сыбырлаған.


— Ат басын жіберсе, қылыш та қынабынан суырылады, тағы да қан төгіледі. Қақтығыста қаншама ханның басы кесілмеді?! Біздің алдымызда өмірден ұлы Сырым өтті. Есім ханның басын өз қолымен алып еді, бірақ не өзгерді? — деді Исатай. Сөйтті де Алтайға бұрылып, нық дауыспен:


— Біз келістік. Ал егер айтқанымызды орындамаса, оныншы күн дегенде таң ата мынау бүгінгі межеден аттаймыз да, сөзді семсерге береміз!..


Жетінші түн Неткен қараңғы еді! Әлде бұлай болуының себебі бұрынғы түндер бұлтсыз ашық болып, жер бетіндегі сарбаздар жаққан көп от аспандағы жыпырлаған сансыз жұлдыздың төменнен шағылысқан жарқылы тәрізді көрінгендіктен бе екен? Ал бүгін ай да жоқ, жұлдыз да жоқ, жағылған от та аз, оның үстіне олар болар-болмас жылтырап, әрең көрінеді.


Тас қараңғы түн-түнек. Меңірейген қапас. Тылсым тыныштық.


Махамбет ойы бөлініп, еріксізден құлақ түрді: қараңғылық құшағынан мың сан ауыздың сыбырлай сөйлеген күбірі естіледі. Жұрт әлі ұйықтамапты. Өше бастаған оттарды қоршалай түсіп, қимылсыз отыр. Әудем жердегі әне бір бұлақ басында ғана домбыра тартылып, әлде кім жұртты дүрліктіріп, өлең - жыр айтып жатыр, бірақ жел ол дауысты Махамбетке толық жеткізбей, басқа жаққа алып кете береді.


Алғашқы үш күн жігіттер ат ойнатып, енер көрсетіп, ырду-дырдумен байқаусыз тез өтіп кетті де, соңыра сауық - сайран басылып, сарбаздарды әлде қандай мазасыздық, сенімсіздік пен қам көңілділік жайлай бастады.


Айқасты аңсаған көтерілісшілерге тіпті күзгі мезгілдің әдеттегі қып-қысқа күндері де ұзарып кеткендей, жылжымай, табандап тұрып алатындай көрінеді.


Осыдан бір апта бұрын сарбаздар кез келген сәтте ұрысқа қойып кетуге әзір еді. Ызалы кек алға сүйреп, сұлтандар мен хандардың барша шатырын бір-ақ соғып таптап өтуге, сөйтіп бірер мезет болса да өз күштерін көріп, өз жеңістеріне рахаттануға қатты - ақ құштар еді олар. Бар армандары осы-ақ болатын.


Ал енді алты күн бойы қыбыр етпей сарсылған соң бастапқы жалын азайып, адамдар да зіл қара батпан күз түніндегі анау әрең жылтыраған әлсіз оттар сияқты күйкі - жүдеу халге еніп, еңселері түсіп, жетімсіреп қалғандай.


Әлде ала жаздай бел шешпей, жортуылда жүрген жауынгерлер шаршады ма екен? Әлде қос басындағы жым-жырт тыныштық жігіттер жыр жарысында, күрес пен ат жарысында күш сынасып жеңімпаздарды анықтағаннан кейін орнады ма? Ең мықты домбырашы — Жиделіден келген Құрманғазы екенінде, көтерілісші жігіттердің ішіндегі ең жүйрік ақын Шepнияз екенінде, ал қара күшке келгенде Исатайдың ескі досы Қалдыбай деуге ешкім қарсы шыға алмайтынына, Нояннан өткен мерген жоқ екенінде енді ешкімнің дауы жоқ...


Е-е, Махамбет бүгін сарбаздарды ақтау үшін де, өз қара басынын, мұң-шерін басу үшін де қанша сылтауға жүгінбеді десеңші. Қасақана келгендей, есіне Петербург түсті. Көтеріліске шыққан офицерлердің Сенат алаңындағы бедірейген үнсіз сапы мен бүлікшілердің жеңілгенін жария еткен зеңбірек дүмпуі. Исатайдың Сырым батыр туралы айтқан сөзі де ойына келді...


Орыс офицерлері патшаға қарсы халықты көтере алмады. Ал Сырым батыр бұдан қырық жыл бұрын кәзіргі Исатай мен Махамбет тәрізді ханға қарсы шықты. Есім ханды өлтіріп, тағын талқандады. Есім ханды қатыгездігі үшін жазаға тартып, еңіреген ел кегін қайтарды. Бірақ сонысы халыққа не жеңілдік әкелді? Елді кек алу үшін ғана көтеруге бола ма?


Сырым өлгеннен кейін сұлтандар мен хандар бұрынғысынан да құтырып кетті. Тұйықтан шығар жол қайда? Махамбеттің өлең-жырының, барша күресінің шынымен-ақ босқа кеткені ме?


Әлде мұны Хиуада жүрген кезде-ақ ойлануы керек пе еді? Нұрбалды қасына ертіп, әйтпесе Мақпалды сонда алдырып, өткендегі батырлар жайлы, өмірдің ашы - тұщы жағдаяттары туралы толғаулар шертіп, Сарыарқаның бір түкпірінде жүре бергені жөн бе еді?..


Басына келген осы бір жабырқау ойлардан серпілу үшін Махамбет өлең-жыр айтылып, домбыра үні шыққан жаққа қарай аяңдады. Бір үйді айнала беріп, өшкен оттың жанында жатқан Зарбай жүздігінің садақшыларына тап болды.


... — Хан айтқанымызды орындайды, әйтпесе сазайын тарттырамыз, — дейді бір жас сарбаз, — сонан соң ауылымыз Жайық бойындағы тоғайға көшіп, ата қонысын қайта жайлайды...


Махамбет аяғын ептеп басып, құлақ тосты.


— Е-е, балам, сен де әлгі қолында жоқ биенің құлынын үлкейгенде жорға ғып мінбек болған қорбаң кедей құсадың ғой... — деп мосқал сарбаз мырс-мырс күлді. — Одан да жатайық. Ұйқыдан артық бақ болмас. Айқас пен ұйқыға кіргенде ғана бостандық аласын,, қалған уақыт бағы заманнан бері қиын ғой. Әсіресе биыл. Алдыңғы жылы жұт жайлады, ал биыл қиян-кескі қақтығыстан көз ашылар емес, Атырау мен Нарын бойы қызыл қанға боялды, Еділ мен Жайық суы көз жасынан кері..ек татыды, үніміз құдайға жететін түрі жоқ, енді не пәлесін дайындап жатқанын кім білсін. Көреміз де жазмыштың жазғанын: таңертең ақ қардан аязды көрпе жамылып, жер жастанып қаламыз ба, әлде аш қасқырдай жалақтап, ақтүтек боранның алдына түсіп кете барамыз ба — кім білген. Мүмкін айқаста арманымыздан шығып, ыстық қанымызға шашалып өлерміз. Бәрі бір емес пе — бұ жалғанда өлмейтін ешкім жоқ. Қуанған да, қайғырған да бірдей. Күлсең — көңілің көншиді, жыласаң — шерін, тарқайды. Бірақ бәрінен де ұйқы артық. Келіңдер, көз шырымын алалық, тек отқа тезек пен тораңғының тамырын тастап қойыңдар...


— Тораңғы тамыры аз қапты, таңертеңге сақтайық, — деп есіней сөйледі жас жауынгер шапанын қымтана түсіп. Лап еткен жалынның жарығы оның бетіне түсті. Әлі сақал-мұрты шықпаған, Шернияз сияқты уылжыған жас екен. Махамбет дыбысын шығармай еппен басып, қостың ана шетіндегі ән естілген оттарға қарай жүрді. Дәл кәзір бұл жерден шалғай алыста, Теректікөл басында бір уыс боп бүк түсіп, балаларының жанында жатқан Мақпал келді ойына. Махамбетке қосылғалы бері махаббат ләззаты тұрмақ, күнделікті тыныштық пен кәдімгі қуанышқа да зар болып жүр-ау!..


Ойға шомға ақын қасына келген Жантасты байқамай қалған екен, селк ете түсті.


— Бүгін күзетте кімдер тұр, Жантас?


— Біз жақ қапталда Балабектің жігіттері, — деді Жантас, — Исатай жақта Қалдыбайдың жүздігі. Тыныш қой. Тәке келді ме?


— Жоқ әлі, — деді Махамбет, — Құрманғазы мен Шернияз қайда?


— Олар сенің шатырыңда. Шернияз сарбаздарға арнап өлең шығарыпты, саған айтып берем деп күтіп отыр. Құрманғазының домбырашылары ертең жігіттерге айқас жайлы бірігіп күй тартпақ. Сарбаздарды сілкіндіріп алған жөн ғой. Әйтпесе өлік шығарғандай тым ұнжырғамыз түсіп кетті, — деп қалжыңдағансыды Жантас. — Мен Құрманғазыны да, Шерниязды да тыңдадым. Жын сияқты - ау өздері! Құлақ салсаң болды — тұла бойың шымырлап, қолың өз-өзінен семсерге созылады. Қашан шабамыз Жасқұсты?


— Күту керек! Күт деді ғой Исатай, — деп ашулана қайырды да, Махамбет алдындағы қарауытқан бір нәрсені қамшысымен салып қалды. Ит екен — әрі қаңсылап, әрі арсылдап тура шапшып еді, Жантас оны бір бүйірінен қағып түсірді. Аттар осқырынып, Махамбет шатырының жанында жатқан нар да орнынан атып тұрды.


— Әй, бұ қайсың!? — деп шатырдан Махамбеттің екі інісі — Иса мен Мұса шықты. Қызыл шоқ боп өшуге айналған отқа әлдекім қураған шыбық - шөпшек тастады. Лап еткен жалын сарбаздардың жүздерін анығырақ көрсетті, іштен Құрманғазы мен Шернияз да шықты.


— Қарай гөр өздерінің сақ құлағын! Әлде қорыққандарыңнан жүгіре - жүгіре шықтыңдар ма? Неге ұйықтамайсыңдар? — деді Жантас.


— Қайдағы ұйқы!.. Енді қанша күтеміз, Махамбет аға? — деп сұрады Шернияз.


Арғы жағында кінәраты бар бұндай сұрақтар Махамбеттің жанына қанша батқанымен, батыр бұл жолы да сыр алдырмай, сабыр сақтап қалды.


— Асығыстық пен қызбалық әмсе пайда келтіре бермейді, інім, — деді ол.


— Демек, жауап та жоқ, шешім де жоқ екен ғой әлі, — деді Құрманғазы. — Мен де бір, ашыққан қабылан да бір. Домбыра орнына қолға қылыш ұстағым келеді.


— Исатай бүгін үшінші рет Жәңгір хан мен полковник Геккенің шабармандарымен кездесуге барып қайтты. Келісімді мерзім біткен кезде жаулап аласыңдар дейді шабармандар. Енді үш күн қалды.


От басына Ерсары мен Ноян келді. Олардан соң Зарбай мен Степан көрінді. Қасында көтерілісшілерге анау Астрахань түбінен келіп қосылған бір топ орыс жігіті бар Махамбеттің айналасына осы маңдағы жаппалардан шатырлар мен қараша үйлерден шыққан адамдар жинала бастады. Ешкім де ұйықтамаған екен.


— Іренжісең де айтайын, Махамбет, осы маған мынау тосынбақ ойындарың ұнап тұрған жоқ, — деді Ерсары. — Енді үш күннен соң хан: «Жоғалт көздеріңді!» — десе, не істейміз?


— Сөзді семсерге береміз онда, — деді Шернияз көңілді дауыспен.


Ерсары Шерниязға күлімсірей қарап қойды.


— Балам, сен ақынсын, ғой. Оның үстіне жассың. Семсер мен шоқпар сенің қолыңа тым ауырлау болуы ықтимал нәрсе. Еліңе сенің қылыш шапқаннан гөрі жауларды сөзбен атқаның артық. Біз өлгенде жоқтауымызды да сен айтасың. Ал қан майданға мына біз, Махамбет екеуміз шығамыз.


— Өкпелеме, Шернияз, — деді Махамбет те Ерсарыны қостап, — таңертең Теректіге аттанасың, бізді сонан күт. Сонда қалған қарттар мем балаларға көмектес. Аталы сөз бен әдемі жыр адамдарға әрқашан керек. Кей-кейде менің өзім де аттың ерін алып, дулығаны қалың шөпке лақтырып жіберіп, мал жайылған көк далада керіліп тұрып жатсам, аспан әуені мен жер әуезін, таулардың толғауы мен шөптің сыбдырын тыңдасам деп армандаймын...


Ешкімде үн жоқ. Жым-жырт.


— Ерсары аға, — деді Шернияз. — Сіз мені жассын, дедіңіз ғой. Ал хан әулетінің бөлтіріктерін он жасында таққа отырғызады емес пе. Мен жиырмаға шықтым, осы жерде кіммен болса да күш сынасып көруден қайтпан. Жас жолбарысты мысық демес, құнанды құлын демес болар... — Жас ақынның дауысында әлде өкпе сарыны, әлде ыза қыжылы бар сияқты. Махамбет оған сүйсіне көз тастады. От басындағылар түгел дерлік бір сәт серпіліп қалғандай еді. Шернияз бәріне де ұнаған тәрізді. Ашаң енді, сырт кейпі әлсіздеу көрінетін Шернияз кәзір мынау жалпылдаған жалын жарығында бір түрлі зорайып, биіктеп кеткендей...


Ерсары Шерниязға жауап қайтарып үлгірмеді. Тосыннан, жазықтың ана басынан, алыстағы құм шағылдарының арғы жағынан жан түршіктірер ащы айғай естілді. Осында келіп қос тіккен күні-ақ жасалып қойған жеп-жеңіл күзет мұнараларының басындағы қу шеп лап ете түсті.


— Аттан! Аттан! — дейді түн жарған дауыс. Ана жерде де, мына жерде де ұзын сырғауылдың басына байланған қу шептер лаулап жанып, әлде қайдан ырғағын да, екпінін де сақтамай, асығыс қағылған аптықпалы дабыл үні дүңгірлей шықты. Жылқы кісінеп, бақылдаған түйелер жылы орындарынан көтерілді. Түнгі қос түгелімен үдере тұрып, ығы-жығы боп кетті. Жазық беті жарқыраған отқа толды...


Аспан бозғыл тартып, таңғы суық жел есін жаңа жиғандай, ызылдай жөнелген кезде көтерілісшілердің көп әскері шарт түйініп, жығылған шатырлар мен үйлер түгелдей түйелерге артылып та болған еді.


Жылқыны түнгі өріске айдап кеткен жігіттер де қайтып оралды. Сарбаздар аттарын ерттеп, өз орындарына тұрып жатыр. Бәрі де күте - күте шаршаған сияқты, бәрі де мазасыздық құшағында.


Сапқа тұрған найзагерлер мен садақшылардың қатары тығыз - ақ, таңғы қызыл арай олардың дулығаларына, қалқандары мен кіреуке - сауыттарына түсіп, жалтырай шағылысады. Серейген білтелі мылтықтар мен үңірейген маузапамдар ұстаған топ өз алдына жеке сап құрапты. Оларға таяу ерліктерінде шек жоқ, қулық-сұмдықты білмейтін, аңқылдаған ақкөңіл Адай жігіттерінің жүздігі көрінеді. Оған жалғас — Степан бастаған орыстардың жүздігі. Бұлар аң аулайтын қысқа мылтықтармен, өздері көшпелі дүкенде соғып алған қайқы қылыштармен, селолар мен деревнялардан ала шыққан айбалталармен қаруланыпты. Басым көпшілігі канцлер Безбородко мен граф Юсуповтің поместьелерінен қашқан крепостной шаруалар, араларында Степанның өзі сияқты қашқын солдаттар да, Каспийдегі балықшылар тобынан шыққандар да баршылық.


Сарбаздар Исатайды күтіп тұр. Бірақ енді бұларды ешкім де, тіпті Исатайдың өзі де, аттан түсіре алмайтындай еді. Бұлар Исатай мен Махамбетке еріп, от пен суға түсуден тайынбайды, бірақ енді тағы да күте бермек емес, күздің мынау сызды - суық түнінде тоңып жата бермек емес.


Сарбаздар әбден томырығып алған.


— Исатай неге шықпайды? Түнде айқайлаған кім? Жұртты аяғынан тік тұрғызған кім? Дабыл неге қағылмай қалды? — Ел көзі Исатайдың шатырына тігілген. Оның алдында үлкен топ көрінеді. Батырлардың әлде неге керілдескен дауыстары естіледі. Неге айтысады олар?


Сарбаздар бар тағатынан айырылып, енді жарылардай болып тұрған кезде сол жақ қапталдан, сонау шалғайдан тағы да бір ащы дауыс естілді. Әлгі сөз көпшілікті беттен шапалақпен тартып жібергендей болды.


— Опасыздар!


— Сатып кетті! Опасыздық жасалды! — деген суық сөз саңқылдай шықты. — Беріштің старшындары Қисық пен Нәдір опасыздық жасады! Өздерімен бірге үш жүз жігітті ертіп кетті. Күзетте тұрған шеркештерді өлтіріп кетіпті. Беріш бізге опасыздық жасады!


— Уа, сарбаздар, Тама мен Адай, Шапырашты мен Кердері жігіттері! Айдаңдар Беріштің сұмдарын өз жүздіктеріңнен — жауға шапқанда арқаларыңа солар атқан жебелер қадалуы мүмкін! Беріш старшындары сатып кетті бізді! Олар Жәңгір ханға кетіпті! — деп айнала шу-шу етеді.


Садақшылар сапы, одан соң найзагерлер қатары бұзылып кетті. Жүзбасылар толқыған сарбаздарына не бола алмай қалды.


Шеркеш жігіттері өзгелерден оқшау бөлініп шықты.


— Қанға — қан! Беріштерге қыршынынан қиылған бауырларымыздың өлімін кеше алмаспыз!


Таяудағы төбеден табақтай тұяғымен құм-топырақты қопара шапқан Исатайдың ақтабан аты көрінді. Батырдың қасында қандай қиын сәттерде де екі елі қалмайтын жан жолдасы Махамбет бар, соңдарында — екеуінің ең жақын дос-жарандары. Сарбаздар аздап сабаларына түсті.


— Мен Беріш баласымын! Жазаларыңды алуға дайынмын! — деді Исатай күндей күркіреп. Батырдың аты әскер алдында аспанға шапшып, артқы екі аяғына тұрды.


— Бұ да Беріш баласы, — деп Исатай шоқпарымен Махамбетті нұсқады. — Қалдыбай — Адайдан, ал Ерсары болса — сарт! Бәріміз де алдарыңда тұрмыз. Жазалағыларың келеді екен — жазалаймыз Нәдірді. Ол беріштерді ғана ертіп кеткен жоқ. Бірақ бас күнәкар менің өзіммін!.. Мені сардар сайладыңдар. Мен сендерді жорыққа бастап шыққам. Мен дайынмын. Айтыңдар үкімдеріңді! — Аттардың өзі ауыздықпен алысуын қойып, ойнақтамай тынши қалды. Дегенмен тыныштық ұзаққа созылмады. Соның өзіне де талай уақыт өткен дей еді.


«Жуастан жуан шығады» дейді қазақтар. Ал мына жерде біреу емес, бүтіндей мың сан қол жуас қалғандай үнсіз тұр. Бұлардың бәрі де күні кеше ғана Исатайдың үні мен Махамбеттің жырын естісе, алды-артына қарамастан қайнаған от - жалынның қақ ортасына ойланбай қойып кететін жандар ғой.


Тағы да бірер сәт өтті. Ешкім үн қатқан жоқ. Біреудің аты кісінеді, енді біреудің қалқаны жерге түсіп кетіп, соны найзасының ұшымен іліп алмақ болып әуреленіп тұр. Жел батырлардың дулығасына қадалған үкімен ойнап, ру - рудың жіңішке жалауларына тағылған жылқы құйрығын желбіретеді.


Алға Исатай тобынан бір жауынгер шықты. Бұл Ташкентті билеген Барақ батырдың ұрпағы — кәрі батыр Асау еді. Асау күллі өмірін ат үстінде өткерген адам және өз басына жеке үй тікпегенін, сарай салдырмағанын, әйелі де, баласы да болмағанын мақтан ететін. Жалғыз басты жаһангездей немесе Қыдыр әулиедей даланы кезетін де жүретін. Аң аулайды, шеркеш руының дау-шарына билік айтады, өзіне мұра боп қалған қол астындағы ауылдардан алым-салық жинайды. Бірақ байлыққа, дүниеге қызықпайтын, атақ-даңқын ерлік істерімен шығаруға және өзіне бағынышты адамдарға жомарттық көрсетуге тырысатын. Асау Жәңгір ханның досы еді, ана бір жылдары Махамбетті ұстап, жазаламақ та болғаны бар, алайда сарбаздардың Қиялы - Қиғаштағы жеңісінен кейін соңынан екі жүз жігіт ертіп келіп Исатайға қосылған.


— Мен жауынгермін, сондықтан мына соғыста елдің жоғын жоқтағым келеді, — деген болатын ол сонда.


Исатай да, Махамбет те оның еткендегі істерін тергеген жоқ. Оның хан тұқымынан екенін де ешкім ауызға алған жоқ. Сарбаздар оған құрметпен қарайтын.


— Батыр, — деді ол Исатайға. — Біздің бәріміздің де түбіміз бір, бәріміз де құдайдың қарғысына ұшыраған, қураған қазақ жерінде туғанбыз. Кәзір бірімізге - біріміз сот құрып жататын уақыт емес. Елде сенім болмаса, ешкімнің де соңынан өз-өзінен еріп жүре бермейді. Біз саған сенген едік. Енді бүгін сол сеніміміз шайқалып кетті. Махамбет саған: «Жауды шаппағанның өзі шабылады!» — деген болатын. Біз осында келгелі бүгін жетінші күн. Бүгін бізді жау шаба бастады. Мен өз жігіттерімді әкетемін!.. Әй, Шеркеш пен Тама жігіттері, менімен бірге келгендер, бәрін, де, шық былай түгел! Өзім бастап әкелдім, өзім бастап әкетемін. Исатай да, Жәңгір де біздің ауылдарымызға тие алмайды!


Асау батыр атын тебініп қалды. Оң қапталда тұрған сарбаздар оның соңынан тартты. Аяқ асты дүр ете түсті. Орындарында қалғандардың аттары ауыздықтарымен алысып, тықыршып тұр. Тарта жөнелген жүздіктердің дүбірі мен мұнда қалған сарбаздардың қиқуы ұласып, гулеп кетті.


Махамбеттің кеудесінде бірдеме үзіліп кеткендей болып, жүрегі сыздап, ызаға булығып қалды. Бірақ ләм деп аузын ашқан жоқ.


— Исатай аға, баста бізді! — деген Шернияздың даусы саңқ ете түсті кенет. Исатайдың түсі бұзылып көзінде ашулы от жарқ еткенін Махамбет байқап қалды.


— Біз бүгін қылышымызды опасыз сатқындардың қанымен жуамыз! Алдымызда Жасқұс бар, есітелік ендеше содан өкірген хан мен бақырған билердің дауыстарын! — Исатайдың үні бұл жолы темірдей шыңылдап, айырықша шықты.


— Дат, дат, батыр! Шайқас алдында бата оқып алуға пұрсат бер, — деді үндемес Нұралы. — Құдай ұрып, таңғы намаздан қалып қойдық, енді со қылмысымызды жуып -шаймасақ... Сатқындар мен бізді қиын шақта тастай қашқан опасыздарды қарғыс атсын, құдайдан жетсін оларға! Аумин!


Нұралы өзі бастап аттан түсті. Басқалар да сөйтті. Аттарын жетектеген қалпы аңғарға шашырай тарап кетті. Әрқайсысы да ыңғайлы жер тауып алып, алдына шекпенін немесе тоқым төсейді де, құбылаға қарап шоқайып отыра кетеді.


— Оу, алла, осылай боларын біліп ем ғой, — деп басқалардың қатарына Жақып шал да қосылды.


Махамбет аңғар мен қырда қаптап отырған қалың қолға қарап тұр.


Қаншасы опасыздарға ілесіп кеткен? Қаншасы Асауға ерген? Қаншасы осында қалған? Бес жүз бе? Жоқ, көбірек. Мынау тар аңғар бейне мешіт боп кеткен тәрізді. Жә, жалпақ даланың өзі де мешіт сияқты ғой. Құдайдан бақ тілейтін, жар сүйетін, ажал құшағына енетін мешіт. Бұл мешітті жалаңдаған жұт немесе хан мен патша жендеттерінің шапқыншылығы көл боп аққан кез жасы мен өлікке толтыратын жылдар да болады...


Заман да келді қырынан,


Қамыңды же бұрыннан...


Шалқыған заман бар еді,


Іздегенің табылған.


Малдан екен берген соң,


Шыр айналып жүрген соң,


Аузы ала алашым


Сол күндерді сағынған.


Шернияз ерінің қасына көлденең салған семсерінің жүзін қолымен байқап көріп, өлеңін жалғастыра берді.


— Маған адайдың атақты батырлары туралы жыр шығарып берші, домбыраға салайын, — деп оның қасына Құрманғазы келді. — Адайлар мен Қыпшақтардың жүздігіне барам. Ұрыста да көңілді жүретін жігіттер.


— Мен де сенімен бірге барам, Құрманғазы. Исатай аға рұқсат етер. Жүр, сұранайық...


— Төке әлі жоқ. Нәдірдің соңынан қуып кеткен Ноянның жүздігі қазір қайтып оралады, — деді Исатай Махамбетке. — Сенің айтқаның дұрыс екен. Сұңқар ғана тосқан сайын толысып, батылдана түспек. Ал адамдардың күмән-күдігі көбейетін көрінеді...


Қалдыбай өз жігіттерімен Исатайдың шатырын жығып жатыр. Зарбай бастаған жиделіліктер жебелерінің есебін алып, мылтықтарының білтесін жөндеп жатыр, өз жүздігінің дайындығын тексеріп Степан жүр.


Сарбаздар бата оқып болып, аттарына мінді. Қатарласып, сап түзеді, әр жүздік өз алдына бөлініп, анығырақ көрінді.


Махамбет пен Исатай биік төбенің басында алыстағы айдауға, Жасқұстың бау-бақшасы мен жасыл шалғынына, Жәңгір ханның сарайы мен бекінісі жаққа көз жіберіп тұр.


— Жүрейік! — дейді Махамбет Исатайды асықтырып.


Исатай болса оны естір емес. Өзі ірі болғанымен басы жұмсақ тұлпарының тізгінін тарта ұстап, әлдеқандай көңілсіз ойларға шомып кетіпті.


— Төке қайда? Сарман қайда? Хатымыз генерал-губернаторға жетті ме екен? — дейді Исатай ойын сыртқа шығарып.


— Сарманды тосу бекер. Патша да, генерал да, хан да өз жауабын берді ғой: кеңірдекке — көк найза, көкірекке — көп доп 36,- — деді Махамбет ашуланып.


— Біз ажалмен бетпе-бет айқасамыз, Махамбет. Сен екеуміз мынау елді дозақтың отына бастап апарамыз... Құтылар жол жоқ. Жәңгір бізден айласын асырып кетті. Ол күш жиып, бекініп үлгерді, — деді Исатай ақырын ғана. — Құрманғазы мен Шерниязды қасыңа ертіп, өз жүздігіңді бөліп ал да, барып анау қарт аналарды, қатын-балаларды қорға, әкет оларды Жәңгірдің көрінен алысырақ, Жайықтың арғы бетіне, Кіші жүз бен Орта жүздегі ағайындарға әкет. Бірақ есіңде болсын — онда да тыныштық жоқ. Ұлы жүздің жерінде Кенесары хан майдан ашып жатқан көрінеді. Қазір қазақ жерінде тыныш жатқан түкпір болмас...


— Менің кері қайтар жолым жоқ. Жеткен жерім осы. Кезі келгенде жыр да өледі, және де кез келген мәңгі бақи өмір сүре алмайды, бірақ ақтық демі біткенше өз жырын аяқтап өлгенге не жетсін!


— Мен екі айтқан емеспін. Апар дедім ғой жүздігіңді қатын-баланы қорғауға. Олардың амандығы сенін, мойнында, жақсылап қара, — деп Исатай дауысын көтере сөйледі. Тіпті Махамбетке ауыз ашқызбай қойды. Сосын атының басын түртіс кейін бұрып, саптың алдына шықты да, шоқпарын кетерді.


— Қасиетті ата-бабамыздың аруағы қолдап - жебесін бізді бүгінгі жорықта! Біз енді... — Исатай сөзін аяқтамады.


— Сұмдық! Зұлымдық, жігіттер! — деген дауыспен қатар ең шеткі күзет мұнарасы жақтан бірінің артынан бірі шапқылаған Ноянның жігіттері көрінді. Ноянның өзі ен, алда келе жатыр. Ол атынын, басын Исатайға тіреп бір-ақ тартты. Өңі құп-қу.


— Кеше кешке таман полковник Меркуловтың солдаттары мен қазақ әскерлері Теректі көлге тартты... Төке шәйт болды. Асып өлтіріпті. Барлық линиялық бекіністерден, Орынбор мен Астраханьнан бізге қарай көп әскер қаптап келеді. Жасқұстың айналасы зеңбіректен көрінбейді, қамалдың ішінде генералдың бір полк әскері тұр, — Ноян ақырын сөйлесе де әр сөзі ауыздан-ауызға таралып, сарбаздар сапын лезде аралап шықты.


- — • О, құдай, апа-қарындасты аман сақтай гөр! Көктің кәріне ұшыра, Жәңгір хан, қорқау қасқырларға жем болыңдар, сұлтандар! Бала-шағаны оқ пен доптан аман қыла гөр! — деді әлдекім.


Кеп дулыға, көк сүңгі жарқ-жұрқ етіп, сарбаздар ат басын бұрып алды. Ойланып жатар уақыт жоқ, оның үстіне Жәңгір — ханның зұлымдығы мен қатыгездігіне ашынған мына адамдарды тоқтату мүмкін бе қазір?


— Жігіттер, хан мен полковник Гекке біздің елшілерімізді өлтірді! Қанға — қан! Олардың елшілері біздің қолымызда. Асу керек соларды. Жіберу керек өліктерін ханға тарту етіп!..


Исатайдың аты иесінің ашуын сезіп, ала жөнелді.


— Тарт Теректі көлге! — Ақтабан айғыр сарбаздар сапын қақ жарып, алға шықты. Одан Махамбеттің сынық құлақ сәйгүлігі де қалысар емес. Бұларға ілесе Ерсары, Қалдыбай, Ноян, Степандар келеді...


Бірінен-бірі озғындаған сарбаздар кен, далада андыздай шауып, зулатып келеді. Он-он бес шақырымнан соң ғана Иса¬тай мен Махамбет біртіндеп алға шығып, сапты түзеді.


Көтерілісшілер әскері енді кірпідей тікірейген кеп найзалы үшкіл сынаға ұқсайды. Құм шағылдарды, қалын, тораңғылы тоғайларды қақ жара, бетегелі жазықты баса-көктеп алға қарай заулап барады.


Махамбетті ештеңе де таңырқатқан жоқ — Исатайдың жорықты қойып, ауылға аттан деген сөзі де, Асау батырдың бөлінуі де, Беріш старшындарының опасыздығы да, бұларға барлық бекіністерден қарсы аттанған патша әскерлері жайлы хабар да. Осылардың бәрінен де Төкенің өлімі туралы жаманат оған қатты батып, есеңгіретіп кетті. Махамбетке бар пәленің ұшығы Төкенің өлімінде жатқан сияқты көрінді. Ол тірі қалып, көтерілісшілерге дер кезінде қайтып оралса, бәрі де басқаша болар еді ғой. Ол опасыздыққа жол бермес еді, өйткені Нәдірдің сатқын екенін біледі ғой. Асау батыр да кетпес еді. Иә, бәрі де басқаша болар еді деп ойлайды Махамбет.


Хиуада да, бұнда да Төкенің қалқайып тірі жүргенінің өзі көңілге тоқ, әжептәуір демеу болатын. Осыдан екі айдай бұрын Төкені ойда жоқта жолықтырғанда қандай қуанып еді Махамбет.


Сонда ол Төкенің өзі айтқан саран, әңгімесінен Ғиратқа қалай барып қайтқанын, сосын Жиделіден Махамбетке қалай жеткенін көз алдына елестетіп еді.


Сарбаздардың көшкіндей сырғыған қалың нөпіріне түскен Махамбет көп тұяқтың астында ыңырсып жатқан қара жердің гөй-гөйін естір емес. Сынық құлақ та оның ойын бөлмейін дегендей, бүлк еткізбей тербетіп келеді.


Махамбеттің ойынан Төке кетпейді. Кәзір де Жиделіден Алдияр атанын, жорғасына мініп жылыстаған дәруішті кез алдына айқын елестетеді...


Төке енді Жиделідегі есінен айырылған қаңғыбас қайыршыға мүлде ұқсамайды. Үн-түнсіз, терең ойға батып, өзен бұлақ бойларында, ойдым-ойдым көгалдарда ғана демалады, ат шалдырып, су ішкізеді. Түзде жалғыз жортқан жолаушыға тән сергектікпен түн баласы сақ ұйықтап, кішкентай кездігін қолынан шығармай ұстап жатады.


Аты алыс кетпейтінін байқаған соң түнде арқандамай бос жіберетін болды. Кеш бата жаққан оттың қызыл шоғын бір жағына сырып тастайды да, жел жағына ер-тұрманын қойып, қалқадағы қызуы басылмаған жылы жерге жатады.


Жолшыбай ауыл кезіксе, бұрынғыдай дәруіш кейпіне еніп, киіз үйлерге тура тартады. Жәңгір ханның жазалаушы әскерлері жақындап қалғанын, көтерілісшілердің ана жер, мына жерде сұлтандар мем хан төлеңгіттерімен қақтығысып қалғанын ести жүреді...


Мал баққан жалғыз-жарым жалшылардың жаппасында күзгі қымыздың қалған-құтқан сарқытын ішіп, от басында жаңа туған күйлер мен жырларды тыңдайды да, түн жамылып, Алдиярдың кәрі жорғасына мініп ғайып болады.


Бақташылар мен жылқышылардан ол көтерілісшілердің жүз - жүзге бөлініп, күллі Атырау бойын билей бастағаны жайлы, Қарауылқожа сұлтанды талқандап шауып, канцлер Безбородконың да қоныстарын тартып алғандықтары туралы және Исатай мен Махамбет тіпті жақында, осы маңайда жүр дегенді естіді...


Қалың жыңғыл өскен бір төбенің басына шыға келгенде дәруіш алдындағы ауылдан ерттеулі тұрған көп атты көріп, қуанғанынан айқайлап жіберді.


— Еншалла, көздеген жерге жеткен шығармын, — деп атының басын ауылға бұрды. Тізгінні босағанын сезген жануар да тасырлатып жорғалай жөнелді.


Ауылға жақындай бере дәруіш адамдардың киіміне қарап олардың Исатай сарбаздары емес, ұзын мылтықты төлеңгіттер екенін аңғарды да, тізгінін тартып, аяңға ауысты. Дәруішті екі кісі қарсы алып, сұлтандарша киінген біреуге ертіп апарды. Қасына ергендер ауыздарын да ашып үлгірмеді, дәруіш ат үстінен домалай түсіп, бетін шаңға көме тағзым етіп, дұғасын сарнай жөнелді. Сосын қоржынынан кішкентай даңғыра мен ұстай - ұстай әбден жылтыр боп кеткен қозы жауырынын шығарып, жын соққандай шыр көбелек айналып биге кетті.


— Е-е, ел кезген бақсы екен ғой, құдайдың құлы, — деді сұлтанның жанына келген ақсақал, — жібер байғұсты.


— Бақсылар мынадай ат мінбейді, — деп асыл киімді адам дәруішке тесіле қарады. — Мүмкін, айласы шығар, мүмкін бұл Исатай мен Махамбеттің, жансызы шығар...


— Құдайдың құлы ғой. Бұндай үйсіз-күйсіз бишараларға мейірімді болып, сауабын алу керек. Ел деген жомарт қой, астына тұлпар мінгізіп, алдына аруана айдатуы да мүмкін, — деді ақсақал нық үнмен.


«Мына екеуі не де болса бақталас екен», — деп ойлап қойды ішінен дәруіш, құтырынған биін тоқтатпай.


— Тараңдар! Жүздік келіп жеткенше ауылдан шығармаңдар бұны! — деді де төре өзінің көшпелі шатырына қарай жүрді. Ақсақал да артынан ерді.


Биін аяқтап, үстіндегі жалба-жұлба киімінің шаңын қаққан соң дәруіш алдындағы тас ошақта от жанып жатқан шеткі қараша үйге келді. Қазанда сүт пісіп тұр екен. Күнге қақтағандай қап-қара боп қатып қалған екі шал арқаларын іргеге тіреп, ақырын ғана әңгімелесіп отыр.


— Үйге кір, құдайдың пендесі, қадамың құтты болсын, табалдырығын аттаған үйіңе қыдыр қонсын. Кел, үйге кір, — деді олардың біреуі қонаққа.


Кемпір оны үйге кіргізді. Дастарқан жайды. Алдына бір кесе тары қойды. Дастарқан үстіне майы шыққан сары ірімшік, түйір - түйір құрт тастады.


— Бісміллә, — деп дәруіш тамаққа кірісті.


— Жиделінің байғұстарын құртады - ау, құртады. Жігіттерін не өлтіреді, не абақтыға айдатады. О, құдай, өзің жар бола көр, — дейді үй сыртындағы екі шалдың біреуі.


— Қолдан келер көмек жоқ... — дейді екіншісі. — Ақбай да, Дулат та, біздің Қисық төре де — бәрі бір жақ.


— Келгенде қалай көмектесесің? Қайда екенін білсек, сонда бірдеңе етуге болар. Әйтпесе мыналардың жансыздары


Сонда ол Төкенің өзі айтқан саран, әңгімесінен Ғиратқа қалай барып қайтқанын, сосын Жиделіден Махамбетке қалай жеткенін көз алдына елестетіп еді.


* * *


Сарбаздардың көшкіндей сырғыған қалың нөпіріне түскен Махамбет көп тұяқтың астында ыңырсып жатқан қара жердің гөй-гөйін естір емес. Сынық құлақ та оның ойын бөлмейін дегендей, бүлк еткізбей тербетіп келеді.


Махамбеттің ойынан Төке кетпейді. Кәзір де Жиделіде.н Алдияр атаның жорғасына мініп жылыстаған дәруішті көз алдына айқын елестетеді...


Төке енді Жиделідегі есінен айырылған қаңғыбас қайыршыға мүлде ұқсамайды. Үн-түнсіз, терең ойға батып, өзен - бұлақ бойларында, ойдым-ойдым көгалдарда ғана демалады, ат шалдырып, су ішкізеді. Түзде жалғыз жортқан жолаушыға тән сергектікпен түн баласы сақ ұйықтап, кішкентай кездігін қолынан шығармай ұстап жатады.


Аты алыс кетпейтінін байқаған соң түнде арқандамай бос жіберетін болды. Кеш бата жаққан оттың қызыл шоғын бір жағына сырып тастайды да, жел жағына ер-тұрманын қойып, қалқадағы қызуы басылмаған жылы жерге жатады.


Жолшыбай ауыл кезіксе, бұрынғыдай дәруіш кейпіне еніп, киіз үйлерге тура тартады. Жәңгір ханның жазалаушы әскерлері жақындап қалғанын, көтерілісшілердің ана жер, мына жерде сұлтандар мен хан төлеңгіттерімен қақтығысып қалғанын ести жүреді...


Мал баққан жалғыз-жарым жалшылардың жаппасында күзгі қымыздың қалған-құтқан сарқытын ішіп, от басында жаңа туған күйлер мен жырларды тыңдайды да, түн жамылып, Алдиярдың кәрі жорғасына мініп ғайып болады.


Бақташылар мен жылқышылардан ол көтерілісшілердің жүз - жүзге бөлініп, күллі Атырау бойын билей бастағаны жайлы, Қарауылқожа сұлтанды талқандап шауып, канцлер Безбородконың да қоныстарын тартып алғандықтары туралы және Исатай мен Махамбет тіпті жақында, осы маңайда жүр дегенді естіді...


Қалың жыңғыл өскен бір төбенің басына шыға келгенде дәруіш алдындағы ауылдан ерттеулі тұрған кеп атты көріп, қуанғанынан айқайлап жіберді.


- — Еншалла, көздеген жерге жеткен шығармын, — деп атының басым ауылға бұрды. Тізгіні босағанын сезген жануар да тасырлатып жорғалай жөнелді.


Ауылға жақындай бере дәруіш адамдардың киіміне қарап олардың Исатай сарбаздары емес, ұзын мылтықты төлеңгіттер екенін аңғарды да, тізгінін тартып, аяңға ауысты. Дәруішті екі кісі қарсы алып. сұлтандарша киінген біреуге ертіп апарды. Қасына ергендер ауыздарын да ашып үлгірмеді, дәруіш ат үстінен домалай түсіп, бетін шаңға көме тағзым етіп, дұғасын сарнай жөнелді. Сосын қоржынынан кішкентай даңғыра мен ұстай - ұстай әбден жылтыр боп кеткен қозы жауырынын шығарып, жын соққандай шыр көбелек айналып биге кетті.


— Е-е, ел кезген бақсы екен ғой, құдайдың құлы, — деді сұлтанның жанына келген ақсақал, — жібер байғұсты.


— Бақсылар мынадай ат мінбейді, — деп асыл киімді адам дәруішке тесіле қарады. — Мүмкін, айласы шығар, мүмкін бұл Исатай мен Махамбеттің жансызы шығар...


— Құдайдың құлы ғой. Бұндай үйсіз-күйсіз бишараларға мейірімді болып, сауабын алу керек. Ел деген жомарт к.ой, астына тұлпар мінгізіп, алдына аруана айдатуы да мүмкін, — деді ақсақал нық үнмен.


«Мына екеуі не де болса бақталас екен», — деп ойлап қойды ішінен дәруіш, құтырынған биін тоқтатпай.


— Тараңдар! Жүздік келіп жеткенше ауылдан шығармаңдар бұны! — деді де төре өзінің көшпелі шатырына қарай жүрді. Ақсақал да артынан ерді.


Биін аяқтап, үстіндегі жалба-жұлба киімінің шаңын қаққан соң дәруіш алдындағы тас ошақта от жанып жатқан шеткі қараша үйге келді. Қазанда сүт пісіп тұр екен. Күнге қақтағандай қап-қара боп қатып қалған екі шал арқаларын іргеге тіреп, ақырын ғана әңгімелесіп отыр.


— Үйге кір, құдайдың пендесі, қадамың құтты болсын, табалдырығын аттаған үйіңе қыдыр қонсын. Кел, үйге кір, — деді олардың біреуі қонаққа.


Кемпір оны үйге кіргізді. Дастарқан жайды. Алдына бір кесе тары қойды. Дастарқан үстіне майы шыққан сары ірімшік, түйір - түйір құрт тастады.


— Бісміллә, — деп дәруіш тамаққа кірісті.


— Жиделінің байғұстарын құртады - ау, құртады. Жігіттерін не өлтіреді, не абақтыға айдатады. О, құдай, өзің жар бола кер, — дейді үй сыртындағы екі шалдың біреуі.


— Қолдан келер көмек жоқ... — дейді екіншісі. — Ақбай да, Дулат та, біздің Қисық төре де — бәрі бір жақ.


— Келгенде қалай көмектесесің? Қайда екенін білсек, сонда бірдеңе етуге болар. Әйтпесе мыналардың жансыздары қайтып оралады да, бәрі жабылып жиделілерді қоршауға аттанады. Біздің ауылдан ешкімді де аттап бастырмас, атып тастайды антұрғандар. Ал кетерлерінде түгімізді қоймай тонап, бар малымызды айдап кетер...


— Балалардың Исатайға қосылғанын бұ мұндарлар кеше қоймас бізге. Махамбеттің жігіттері Қосшағылға жетіпті деседі. Осыдан қырық - ақ шақырым ғой. Хабар берсе — жиделілерге де, бізге де қол ұштарын созар еді-ау...


— Көрерміз, алда түн бар, ал дәл қазір сабыр керек, сабыр, — деп шалдар әңгімелерін аяқтады. Дәруіш кемпірдің дәміне рақмет айтып, үйден шықты.


— Атыңның ерін ал, еркін жүріп жайылсын, — деді шал. — Бірақ алысқа жіберме — айырылып қаласың. Төлеңгіттерге сендей құдай жолын қуған да бір, ұры-қары да бір, қарамайды. Өзің біздікіне түс, жол соғып шаршаған шығарсың.


Дәруіш жауап қатпады, бірдеңені мұрнынан сөйлеп, міңгірлеп жүріп, атын ұстады да, ерін алып, ауыл шетіндегі, бұлақ жағасындағы көгалға қарай жетеледі. Күзетте тұрған төлеңгіттер оған бұлақтан өтуге болмайды деп ақырып қалды. Оның өтейін деген ойы да жоқ еді. Атын отқа қойып, өзі көк шөпке аунай кетті. Бір төлеңгіт бүйірінен мылтықтың дүмімен түртіп қалды. Дәруіш шар етіп домалай жөнелді.


— Тимеңдер оған, құдайдың қаһарына ұшырағыларың келмесе! — деп айғай салды су алғалы келген қатындар.


— Өй, төбелеріңнен жай түскірлер! — деп бір кемпір таяғын ала ұмтылды. Төлеңгіттер кейін шегінуге мәжбүр болды. Оның үстіне бақсы жарлықты да бұзған жоқ, бұлақтан аттаған жоқ қой. Ендеше, ұнайды екен, жата берсін.


Бірте-бірте айналада түстен кейінгі тылсым тыныштық орнады. Тойып ішкен түскі астан кейін әскері не, шопаны не бәрі бір — кімнің де болса ұйқысы келеді, әсіресе жапан далада, мынадай шыжыған ыстықта, аптап құмның ішінде көз шырымын алмай болмайды.


Дәруіш Қосшағыл жақтан келетін жолға қарап қойды. Ешкім көрінбейді, тек әне бір аласа жоннан бертіндегі сайға тайлағын ерткен түйе түсіп келеді...


Бұлақ жағасындағы қарауылдар аяқтарын шешіп, салқын суға жуып отыр. Жым-жырт. Төлеңгіттер шатыр жанындағы лапастың астында демалып жатыр. Ерттеулі аттар ұзын ақырдың екі жағында иін тіресе құйрықтарын сермей шыбындап, анда-санда пысқырынып қойып, сұлы жеп тұр.


Дәруіш те орнынан тұрып, бұлаққа барып, аяғын жуа бастады. Сосын бұлақ жағасына жорғасын жетелеп әкелді де, қос алақанымен суды шалпылдатып атына және өзіне шашуға кірісті. Қарауылдар оның бұл ісіне алғашында күлді де, артынан көңіл аудармады. Белуарларына дейін жуынған олар төңкейіп - төңкейіп жата кетіп, көздерін жұмды.


Осы бір мейлінше бейқам сәтті пайдаланып, дәруіш енді ғана атына қонайын деп ұмтыла беріп еді, ту сыртынан дауыл соққандай дүр еткен көп тұяқтың дүсірі мен айқайлаған қуатты ұран естілді:


— Айрай!...


Әлгінде тайлақты түйе көрінген жоннан қарабарқындай шапқан атты әскер қаптап келеді екен. Тосыннан абдырап, сасқалақтап қалған қарауылдар ә дегенде заулап келе жатқан сарбаздарға дәруіш тәрізді аңырая қарап біраз тұрды да, артынша жалма-жан мылтықтары мен етіктерін алып, асығыста аттары мен қару-жарақтарын әлі сайлап үлгірмей сапырылысып жатқан төлеңгіттерге қарай жүгірді.


— Атыңдар аналарды, атыңдар мылтықпен! — деп ақырды тере. Бірақ кеш қалған еді.


— Мініңдер аттарыңа! — деп бақырды төре.


— Айра-а-ай! — деген жігіттердің ұраны құлақ жарын барады. Олардың қара жерді қою шаңға көмген қалын, нөпірі жақындап-ақ қалды. Жігіттердің қолына түсуден қашқан төре жасағы басқа жолға бұра тартып еді, бұл жақтан да алдарынан ат ойнатқан сарбаздар шыға келді.


— Аруа-а-ақ! Ару-а-ақ! — деп жарыла шапқан жігіттер ауылды екі жағынан қаусырып әкетті. Беталды, кездемей атылған оқ оларды бөгей алмады, дарымай далаға кетіп жатыр. Сарбаздар ат жалына жабысып алып, қолдарындағы қайқы қылыштарын жалаңдатып, сұсты найзаларын кезене ұстап ұшыртып келеді. Ауыл тұрғындары — шалдар мен қатындар төлеңгіттерді бас салып, аттарынан, арқан тастап, аударып алып жатыр.


Не болғанына әлі де түсінбей бұлақ басында тұрған дәруіштің қасынан сарбаздар бірінің соңынан бірі шапқылап өтіп кетті. Дәруіштің үстінде ер-түрманы жоқ жорғасы да тұяқ дүбіріне елігіп тұра алмай, солармен бірге кетті...


Аздан соң атыс та тоқтады. Төлеңгіттер мен төренің өзі төңкеріліп қалған шатырдың жанында қолға түсті.


— Алақай, Махамбет пен Исатайдың сарбаз дары келді! — деп айқайлап жүр үй -үйден шыққан балалар мен қатындар.


— Уа, жасаған! Махамбет сұңқардың өзі қонаққа келді бізге! — деп үстіндегі киімі өрім-өрім бір жігіт сарбаздарға қарай жүгірді.


— Еншалла, менің де сапарым аяқталды, — деп күрсініп қойды да, дәруіш ер-тұрманын тастаған үйге қарай аяңдады.


Қоржынын шешіп алып, иығына салды. Сосын иесіз үйге кіріп, керегедегі ожаумен шелектегі мұздай бұлақ суынан ішті де, жеңілгендерге сот құрып жатқан жеңімпаздар тобына қарай аяңдады.


Ол жігіттерге барлай қарап келеді. Бәрі де салиқалы, сабырлы жүр. Қымыз бен айран құйған кеселерді шалдар мен кемпірлердің қолынан ізетпен бас иіп алса, ал қыздардың қолынан күлім қағып, қалжың айтып қабылдайды. Ауыл ақсақалдары жомарттықтың жарысына түскендей боп құрақ ұшып жүр: сарбаздарға қонағасыға деп атап сойған айғырдың етін асу үшін бір топ кісі әлде қайдан тайқазан алып келеді. Балалар сарбаздардан дулығаларын сескенбей сұрап алып, жігіттерді қарқылдатып киіп көріп жүр. Енді бір жігіт домбыраны түзеп алып, бір қақпай желдірмені салдырата тартып көрді де, даланың ынсап - тойымы жоқ жуандарын уытты сезбеп аяусыз түйреп, өлтіре шенейтін атақты Сыпыра жыраудың ұстарадай өткір толғауын соқтырта жөнелді.


— Уаһ-һай! — деп еліктіре түседі әншіні достары. Сарбаздар жинала бастады. Домбыра қолдан-қолға өтіп, ән де жалғаса берді.


— Әй, домбырашылар, Құрманғазының күйін кім біледі? Тартыңдаршы!..


Ересек жауынгерлер ер-тұрмандарын жөндеп, күкіртпен атылатын мылтықтарын тазалап, бір жапырақ киізбен немесе бір уыс шөппен аттардың арқасын, шоқтығын сүртіп құрғатып жүр.


Ыстық әлі қайта қоймаған. Кейбіреулер кіреукелерін шешіп тастапты, енді біреулер жеңіл қалқандарын найзаларының ұшына іліп, бастарына көлеңке түсіріп тұр.


Ілгерілеген сайын аттар да, адамдар да көбейіп, жер тарыла берді.


Дәруіш қысылып-қымтырылып топ ортасына да жетті. Көгі адам қаумалаған үлкен алаңда жеңілген жаудың жеңімпаздардың аяқ астына тастаған қару-жарақтары жатыр. Тұтқындар тобы біріне-бірі сығылысып алаңның арғы шетінде тұр.


Дәл қарсы алдынан, салт атты сарбаздардың қақ ортасынан Махамбетті көріп, дәруіш тоқтай қалды.


— Болды... Алла риза болсын, жеттім - ау әйтеуір... — Ол ақыннан көзін алмай, күрсініп қойды да, белін жазды. Махамбеттің жанында Жантас бар. Басқаларын дәруіш танымайды. Әйтеуір ақынның қасында тұрғандардың бәрі де шетінен сымбатты, жауырындары қақпақтай, аспай-саспай салмақпен қимылдайтын өңшең жас жігіттер екен. Махамбеттің өзі де Хиуадағы қалпына мүлде ұқсамайды. Келбетінде келісімді тәкаппарлық пен ұстамды айбындылық бар, дауысы да көңілді, ашық.


Махамбеттің алдында бір киер шекпені қақ айырылған төре тізерлеп отыр.


— Бұның маған керегі жоқ. Исатайға апаралық. Ат соңынан жүгірсін де отырсын. Нұреке, өзің ие бол, — деді ақын ебедейсіз шомбал сарбазға қарап. Төке де тани кетті. Сүйінқара батырдың досы Нұралы ғой.


— Мойнына ит құсатып қарғы тағып, жіпке байлап, жетеле де отыр, айтсын жолшыбай қанша боздақты жер жастандырғанын, — деді Жантас.


— Онда шаруаң болмасын. Өзім білем, — деп дүңк ете түсті де, Нұралы бозарып кеткен төреге қарай жүрді.


— Ана қарашы, Махамбет! — деді Жантас көңілді үнмен. — Балабек әлгі шолғыншыларды ақыры ұстап тыныпты! — Жон жақтан бір топ сарбаз көрінді. Қолдары байлаулы солдаттарды алдарына салып айдап келеді. Екі-үш аттың үстінде ерге көлденең өңгерген өліктері бар.


— Шеш қолдарын! — деп әмір берді Махамбет Балабекке солдаттарды қастарына айдап әкелгенде. Араларында офицер бар екен.


— Ал капитан, бізге не айтасың? — деді Махамбет. — Шу аздап басылайын деді. — Сендерді генерал Перовский біздің жаққа не үшін жіберді?


— Сенің қарақшылық істеріңе көз жеткізу үшін, Махамбет! — деді офицер.


— Арқан тақта бас тақымға! Жендеттерді қырда қалай жазалайтынын білсін! — деп шу ете түсті топ.


— Дауысын, таныс қой өзіңнің! Кімсің? — деді Махамбет тұтқынның бетіне үңіле қарап.


— Капитан Шустиковпын, — деді офицер.


— Бұрынғы поручиксің ғой! — деп кесіп айтты Махамбет. — Маған қазақ балаларының саудаға түсетіндігін айтқан сенсін, ғой, орыс графы мен қазақ ханының қарау істері жайлы да айтқан сенсің. Ал енді бүгін генерал Перовскийдің жарлығы бойынша сұлтанға көмектеспек боп келген екенсің ғой?.. Біліп ал онда: сұлтанның әскерлері әлдеқашан талқандалған, жері мен малын түпкі иелеріне бөліп бергенбіз. Қарауылқожаның өзі Қираштағы қырғыннан әрең қашып шықты, — қазір ауылында болар әйтпесе күйеу баласы Жәңгір ханға барып паналаған шығар. Біз соғыссақ, генерал Перовскиймен емес, өз сұлтандарымызбен және ханмен соғысып жүрміз. Мүмкін, генералға біздің жорықтарымыз ұнамайтын шығар, Бөкейдің бөлтірігі Жәңгір хан Беріш, Шемекей, Шапырашты, Адай, Шеркеш кедейлерінің қалған-құтқан қоныстарын тартып алып, сендерге бермек қой, генералдың бізге өшігетін себебі де сол шығар?!


— Мен солдатпын, Махамбет. Солдат болғандықтан да өз генералымның бұйрығын орындаймын, — деді Шустиков.


— Бас тақымға! Бұл жерде сөз емес. арқан керек, — деп екі сарбаз Шустиковты шырқ айналды Дәл тасталған бұғалық офицердің мойныма орала кетті. — Ал-ей, жол бер! Жігіттер, қонаққа жол беріңдер! — Бір сарбаз арқанның ұшын тақымына басты.


— Тоқта, сабыр сақтаңдар! — деп айғай салды Махамбет. — Әй, жігіт, тарт атың басын!


— Таста арқанды!


— Қайсыңның бауырын, айқаста өлмей, мына солдаттардың қолынан өліп еді? — деді Махамбет.


— Бұлар әлі үлгіре қойған жоқ... — деп барып үндемей қоя қойды әлдекім. Ентелеген ел қақ жарылып жол берді. Жігіттер өліктерді иыққа салып алып өтті.


Махамбет атынан түсіп, тізе бүкті. Қалқан - қылыштары салдырап, барлық жауынгерлер, офицер мен оның солдаттарынан басқа, барша еркек жүгініп отыра қалды. Басына сәлде ораған шал сарбаздарды аралап өтіп, өліктердің бас жағына барып отырды да, алақанын аспанға жайып, құран оқи бастады.


— Антұрғандар, біздің адамымызды да өздерінше шоқындырып жатыр... — деді тістене сөйлеп бір'солдат. Дәруіш жаңа ғана байқады, қаза болған сарбаздар мен төлеңгіттердің арасында орыс солдатының да денесі бар екен. Кәрия дұғасын баршасына бір-ақ бағыштап отыр.


Шустиков солдатқа ызалана қарады. Анау жым болды. Қазақтардың бәрі екі алақандарын алдына жая ұстап, шалдың сөзін қайталап отыр. Ақыры офицер де шыдай алмады: бөтен елдің ғұрпын сыйлап, тізесін бүкті, оны көрген солдаттар да тізерледі.


— Жатқан жерлері жайлы болсын, топырағы торқа болсын!


— Бүгінгі шығынымыз нешеу?


— Он, — деді Жантас Махамбетке. — Бесеуі жарадар.


- — Біз қаншасын құрттық?


— Он үш төлеңгітті...


— Бізден екі адам шығын бар, өзіміз бір солдатты о дүниеге аттандырдық, — деді Балабек.


— - Солдаттың сүйегін жолдастарына беріңдер. Өз салттарымен қойсын, — деді Махамбет.


Сәлделі шал шәйт болғандарды жерлейтін жотаға қарай аяңдады. Жотаның дал төбесінде жаңа қазылған қабырлардың ауыздары апандай боп үңірейіп көрінеді. Шалдың соңында аттарын жетелеген жауынгер, сарбаздар кетіп барады...


— Басымызға түскен бар пәлені әкелген әзірейіл — мынау! Жендеттерді бастап келген де осы, Жиделі көшін іздеген де осы! Төлеңгіттерге бізді аяма деген де осы. Бүгінгі ұрыста қыршынынан қиылған боздақтардың қаны Алашаның осы төресінің мойнында, — деп ауылдың шал-шауқаны Қисық төреге тап беріп еді, Нұралы жолатпай, таратып жіберді.


— Онда шаруаларын, болмасын. Өзім білем, тек Исатайдың сөзін күтелік. Махамбеттің шешімін естідіңдер ғой?


— Балабек, қылышын қайырып бер, — деп Махамбет Шустиковты көрсетті де, қасына Ерсары, Жантас және Балабек үшеуін ертіп, қаза тапқан сарбаздарды қастерлеп көмісу үшін жотаға қарай жүрді.


Марқұмдардың дулығасына қарап жоқтау айтқандарға жайлап қосылып, көз жастарын сүрткіштеген ауыл әйелдері бұлақ жағасына үлкен дастарқан жайып, асқа дайындалып жатыр. От жағылып, асылған ет бұрқ-бұрқ қайнауда.


Өлгендердің денесі қара жердің құшағына берілген соң Жантас бастаған елу жігіт ауылдан шығып, құм кешкен Жиделі көшін қарсы алуға Ноянның алдынан шапты.


Махамбет әлгінде бата оқыған осы ауылдың ақсақалың үйіне сәлем беруге кетті. Қолында әбден қурап, жарылайын деп тұрған кішкентай даңғырасы бар, үстіне шақ басқан ескі -құсқы бірдемелерді іліп алған, ұзақ жолдан, шыжыған күннен арып-ашып, қап-қара боп қатып қалған дәруіш те соңынан ілесе келді.


— Жөніңді айтшы, құдайдың құлы? Табалдырығымды жақсылық хабармен аттасаң етті?! — деді үй иесі.


— Мың жаса, ақсақал! Өрескелдік жасасар — кешірім ет, мен Махамбетке келдім.


Ақын жалт қарады. Дәруіш қойнын сипалап аз тұрды да, жіп-жіңішке, нәзік нақыш, өрнегі бар күміс білезік алды. Бұндай білезіктерді Орта жүз бен Ұлы жүздің ең шебер зергерлері ғана жасайды.


Ақын білезіктен көз ала алмай тұр. Жылы ұшырап, бір түрлі таныс көрінеді. Қайда көріп еді?


Хиуада ма? Онда Нұрбал... Иә, бұл Нұрбалдың білезігі! Махамбеттің өзі әперген болатын Хиуада, Екі көзі бадырайып, дәруішке бұрынғыдан да таңырқай қарады. Анау тақиясын шешті. Сосын үй ішіндегілерді таң қалдыра тамсандырып, тер мен кірден сатпақтана кептеліп қалған басындағы бет қабын жұлып алды. Төбесінде бір тал шашы жоқ жалтыр екен...


— Төке, Төке, — деп Махамбет білезікті қолынан түсіріп ала жаздап дәруішке ұмтылды. Үй ішіндегілер, таң-тамаша. сілейіп отыр.


— Сабыр, Махамбет. Рас, мен қуанышты, жақсы хабар әкеп тұрғаным жоқ. Ал сен Жиделі көшінің алдынан жігіттерді шаптырып өте дұрыс істедің. Мен сол ауылдан келемін, Дулаттың нөкерлерімен қақтығыстарын өз көзіммен кердім. Сонда Құрманғазының күйін тыңдап, Ноянды көрдім. Бірақ Ноян мені танымады. Мен керуен жолымен келдім, ал олардың көші құм арқылы кетті.


— Ал мынауың не? — деп Махамбет бет қапты көздеді. Ноянның алдында неге шешпедің мұныңды?


— Құдай білсін! Бұл болмаса, менің саған жетер - жетпесін екі талай еді ғой. Өзің білесің, қатын-бала дегеннен жұрдаймын, Нұрбал туған қызым сияқты боп кетіп еді, ақтық, өтінішін қалай орындамайын. Ғиратқа жеткізіп сал дегеніңде сенің сөзіңді де жерге тастамап ем ғой. Бәрін де өзің айтқандай ғып істедім. Нұрбалды үйіне апарып салдым. Әкесі марқұмды көре алмадық, содан таудағы туысқандарына алып бардым... Бірақ олар Нұрбалды безек қағып жолатпады, ішінде енді-енді туайын деп жүрген баласы бартұғын. Екеуміз бір шатқалда күнелттік, мен болсам, аң аулаймын, ол ошақ басында. Бір күні суға кетті де, содан оралмады. Жартастық түбінде жатқан жерінен тауып алдым. Шамасы, толғағы кеп қалған соң біреу-міреуді шақырайын деп жартастың басына шығып, содан абайсызда ұшып кеткен болу керек. Дәл қалай болғаны бір құдайдың өзіне ғана аян... Сонда маған осы білезікті беріп: «Махамбетті қайтсең де іздеп тап, мына білезікті қолыңнан тапсыр, кезіне шоп салған жоқпын, айта бар, нақ сүйерім бір өзі еді», — деді де, жүріп кетті...


Махамбет ауыр күрсініп киізге отырды. Ал сыртта ас беріле бастады. Баршы палуандардың жекпе-жекке шыққанын жариялап, ат ойынына қатынасатын жігіттердің сайланып дайын тұруы керектігін хабарлады... Бірақ Махамбет жаршының жер жарған даусын да, шырқалған әнді де, сарбаздардың айқайын да естір емес...


Міне қазір де ол астындағы сынық құлақтың желдей ескен жорғасын сезер емес, дүрілдеген жер дүбірін, арындай шапқан атты әскердің дүбірін де естір емес. Үндемес Төкені, Бұқара мен Хиуа сапарындағы айнымас жан жолдасын ойлап келеді.


«Төке хан ордасына барған шолғыншылықтан аман оралғанда Беріш старшындарының опасыздығына да, Асау батырдың тайқуына да жол бермес еді-ау», — деп қайталай береді ішінен. Жолсыз жазықтың бір тұсынан сарбаздарға азғантай топ қосылып, Исатаймен ілесіп шаба бергенін байқаған да жоқ. Олар Теректі көлдегі ауылдардың қоныстарынан тік көтеріліп, ысқаяқ жол көзерлердің бастауымен Нарынқұмға сіңіп кеткенін, ал алдағы жолдың бәрі линиялық бекіністерден келген орыс солдаттарының қолында екенін айтты... Теректі көлге баратын жолды Баймағамбет сұлтанның төлеңгіттері мен полковник Меркуловтың қазақ-орыс әскерлері басып алыпты. Олардың қолында және екі ауыл қалған. Меркуловтың штабында Зұлқарнай да бар көрінеді. Осы хабарды жеткізген жігіттердің ішінде Исатайдың баласы Жақия бар еді.


Күн биыл әдеттен ұзақ ыстық болды. Қоңыр күз де көпке созылды. Қараша туса да не жаңбыр, не қар жаумады.


Бүгін де аспан шайдай ашық, тек батыс жақта ғана жұлым - жұлым бұлт көрінеді.


— Құдай бізді шынында да қолдайды екен. — Балабек мінген ат сынық құлақтан бір табан қалмай келді. — - Суық та жіберер емес, жаңбыр да жауғызар емес. Аспан жағы жақсы болғанымен мына өзіміздің қара жердің үсті жетіспей тұр-ау...


— Қойшы зарламай, бұл жер саған Хиуа емес, — деді Жантас, оның сөзін бөліп. Бұл Балабекке ілесе, Махамбеттің інілері — Иса мен Мұсаның алдында келеді.


— Хиуаның несі бар екен? Онда қазір тіпті жылы.


— Менің сөзім ол жайлы емес. Саған онда әр бұрыштан жан алғыш жендет немесе жансыз сығалап тұрғандай көрінуші еді ғой...


— Маған дейсің бе? Өй, нағыз қоян жүрек өзін, едің ғой. Бүгін тіпті батырсынып кеткен екенсің. Көрерміз күшіңді шайқаста...


— Сенімен шайқасқа дейін-ақ күш сынасуға болады. Аздан соң ат шалдырамыз. Дайындал жекпе-жекке. Ұстасқан жерде - ақ алып ұрып, астыма баспасам, төбемнен жай түссін...


Көп күтіп қалармыз. Жай көктемде ғана ойнайды енді, — - деп қарқ-қарқ күлді Балабек. — Одан да Шернияз сенін, бөспелігіңді өлеңге қоссын...


Шернияз бен Құрманғазыны көрмек болып, Махамбет үзеңгісіне тұрып, сарбаздарға көз жіберді. Атты әскер кең жазыққа бытырай жайылып, бірер шақырымдай аумаққа шұбатыла жортып келеді. Әр жүздіктің алдында жүк артқан аттар мен азық - түліктің артығын тиеген нар түйелер тайраңдап барады. Талайлардың жетегінде төл аттары бар. Гулеп келе жатқан осынау зор нөпірдің ішінен бір жүздікті екінші жүздіктен ажыратып алу қиын еді. Құрманғазы мен Шернияз Ноянның басқаруындағы адайлар мен қыпшақтардың аралас жүздігінде келеді. Ноянның қашанғы әдеті ғой — бұлар басқалардан озыңқырап, алда барады. Исатай да сол алдыңғы топта. Әнеки туы.


Махамбет сынық құлақты тебініп қалды да, бір жігіттен соң екінші жігітті басып озып, алға қарай ағыза жөнелді...


Бірте-бірте сарбаздардың сапы сығылысып, қатар тарылайын деді. Жол да жіңішкеріп екі бүйірден аласа қырлар қыса бастаған сайға түсті.


Махамбет те Исатайға жақындай түсті. Сауранның дәу тұяқтарымен топырақты аспанға ата зулаған біркелкі жорғасын да көріп келеді. Көтерілісшілер шұбатыла созылып, жосыла сырғып кеп, тар аңғарға құйыла бастады.


Ту ұстаған Ерсары алға шығып, Ноянның жүздігімен бірге шатқалға кіре бергені де сол еді, күтпеген жерден қақ маңдайдан жасырын қалқадан зеңбіректер гүрс ете түсті.


Доппен атты. Бір емес, екінші дүркін тағы да оқ боратты. Іле жолдың екі жағындағы қырқа - қырқаның жалынан атқа мінген солдаттар мен қазақтар көрінді.


Зеңбірек үнін естімеген дала сәйгүліктері жын соққандай болды. Аспанға шапшып, шыңғыра кісінеп, басына ие бермей ала қашып жүр. Бір сәт бәрі ығы-жығы араласып, сапырылысты да кетті. Арттағылар алдыңғыларға кеп соқтықты. Жүк артқан аттар мен түйелер жап сауғалап, беталды қашып, сарбаздарды таптап кете жаздады. Айнала қою шақ мен оқ-дәрі түтінінен көрінбей кетті.


— Қалдыбай! — деп сарбаздардың даусы мен аттардың кісінеген үнінен асыра айқай салды Исатай. — Зарбай мен Степанға қарай бұзып өтіңдер! Шығарыңдар жүздіктеріңді, оң қаптал мен сол қапталды қорғаңдар! Жаралылар мен өлгендерді тастамаңдар! Уа, бөгелме!.. Шырқалардан өткен соң жол бойында тоғысалық!


Исатай үзеңгісін тіреп, ат үстінде тік тұрды, үстінде болат семсері жарқ етті.


— Ноян! Иә сәт! Біте зеңбіректердің өңешін! — Сардардың зор үні сарбаздарға қамшы болды. Семсерлерін суырып, қатарларым топтал алды да, Исатайдың соңынан селдей ағып қаптай жөнелді. Жол жүріп келген аттарға да қанат біткендей. Алдыңғы жүздіктің жауға арындай атылғаны соншалық, дұшпан батареясы үшінші дүркін оқ шығаруға үлгірмеді...


Сарбаздарды қоршап алып, қатарларын бөлшектеп тастамақ болған солдаттар мен қазақтар қырқалардан қаптай ұмтылып, екі бүйірден тап берді. Бірақ олардың жолында күтпеген бөгеу пайда болды. Нұралы, Жақып және Жантас бастаған жігіттер жүк артылған түйелер мен аттарды екі қапталға айдап салып, мықты қорған жасады. Солдаттар мен қазақтар әлгі «жанды» қамалға келіп тіреліп, бір сәт кідіріп қалды. Алайда қиын сәттен құтылып кетуге осынын, өзі де жеткілікті болды. Зарбайдың жігіттері мен Степанның жүздігі дұшпанға ту сыртынан кеп тиді...


Қақ маңдайдағы төбенің тасасына жасырынған батареяны баса-көктей өткен сарбаздарға Баймағамбет сұлтанның қалтарыста тұрған атты әскері шабуыл жасады...


Махамбет төлеңгіттердің қоршауынан сытылып шыға беріп, анадай шаршы топта шайқасып жүрген Шерниязды көріп қалды. Әй, балалық! Әй, ақымақ - ай! Күліп жүр. Жалаңбас. Дулығасы түсіп қалған. Достарының сақтандырған айқайына құлақ салмай, ұрысқа елігіп, төлеңгіттердің қалың, ортасына қарай кіріп барады...


— Қайт, Шернияз! Біз кеттік! — деп дауыстады Махамбет ентелей ұмтылған бір төлеңгітті қайырыла соғып. Қасында бір топ жүрек жұтқан жігіттері бар Құрманғазы қаптаған найза мен қылышқа қарамай досына көмекке ұмтылды. Сұлтан жендеттері оларды да мықтап қоршап алды. Махамбеттің жолын қазақтар бөгеп, өткізбей қойды...


Исатай сарбаздарын қырқалардан асырып, кең жазыққа қарай шыға берді. Жігіттер достарының еліктерін ат үстінен іліп алып, жаралы жолдастарын да демеп, Исатайдың соңынан тартты.


— Махамбет, сақтан! — деген сарбаздың көзі шарасынан шыға бақырайып кетіпті. Махамбет қалқанын көтеріп үлгерді. Семсердің зілдей соққысынан ерінен ауып түсе жаздады. Сол заматта - ақ Махамбетке айғай салған жігіт жаңағы қылыш сілтеген жауға найзасын салып жіберді.


Махамбет бұдан кейін Шерниязды да, Құрманғазыны да көре алмады. Майданнан жосыла шыққан соңғы жүздікпен бірге соқтырып кете барды. Сынық құлақтың басын тежей көтеріліп, екі інісі Иса мен Мұсаны іздеп еді, — құдайға шүкір! — аман-есен, оң жақта келеді екен. Оларды төлеңгіттердің қоршауынан Степанның жүздігі босатқан болу керек. Дулығасы жоқ, маңдайына қан ұйысқан Степан едәуір сиреп қалған жасағының алдында келе жатыр.


Тағы да зеңбірек гүрс етті. Степанның астындағы аты оққа ұшты. Достары көмек көрсетпек болып тұра шауып еді, оларды құйындай тиген қазақтар серпіп тастады. Оң қанаттан Степанға он шақты сарбазы мен Зарбай жетті. Біреуі жетектегі атын көлденең тарта берді. Бірақ жығылған аты Степанның аяғын басып қалған екен.


Жау әскерлері қайтадан ес жиіп, қатарларын түзеп ап, Зарбайдың жігіттерін қоршады. Зарбайдың өзі тозақтың ішінен әрең деп сытылып шығып, шегінген сарбаздарға келіп қосылды.


Біраздан соң қуғын қалып қойды. Елсіз жазықты, құм мен тоғайды көктей өткен сарбаздар күтпеген жерде жағасы жарлауыт келген кішкентай өзеншеге жетті де, арғы бетіне өтіп, қалын, ағашқа кіріп жоқ болды.


Ыңғайлы жер тауып алып, сенімді күзет қойды да, жауынгерлер сауыт-саймандарын шешпестен шөп үстіне құлай - құлай кетті. Әл-қуаттан ада бола қоймаған қарулы жігіттер ғана ұрыста қаза тапқандарға көр қазып, тамақ дайындауға кірісті.


Күн түсі суық сұрқыл бұлттардың құшағына еніп, ызғырық жел гулей бастаған кезде Исатай барлық жүзбасыларды әскери кеңеске шақырды. Махамбет осы жерде ғана, тұнжыраған суық аспан астында, өзен жағасына жиналған жерде ғана, жау қолында елуден астам жігіт қалғанын, Құрманғазы мен Шернияз да солардың ішінде екенін естіді: бәрінен де Степанның жүздігі кеп шығынға ұшырапты — солдаттар мен қазақтар оларға дін мен патшаны сатқандар деп айырықша өшіккен көрінеді: жау зеңбіректеріне алдымен жеткен адайлар, қыпшақтар екен, олар басқа сарбаздарды патша әскерлерінің қалтарыста жол тосқан қалың қолынан аз шығынмен алып өтіпті.


Жол бойындағы күтпеген шайқас сарбаздарды серпілтіп тастады Аздап ұйықтап алғаннан кейін олар қайтадан әл жиып, көңілденіп, алдағы болашақ айқасты айта бастады. «Өлер болсақ, жігіт өлімімен қан майданда өлген артық!»


Көпшілігі дереу қос аттарына ауысып мініп, Меркуловың солдаттары басып алған ауылдарды қорғауға аттанайық деседі. Исатаймен ақылдасқан соң Махамбет қасына адайлар мен қыпшақтардың жүздігін ертіп, қостан аттанып кетті...


Кеш қап-қараңғы, суық болды. Терең жыраның ішінде су қайнатылып, кәнігі тәуіптер жаралылардың жарасын жуып, қайта байлауға кірісті. Ұйқыға мойымайтын кәрі жауынгерлер аздап суынғаннан кейін ағаш арасында отқа қойылған аттарды күзетіп отыр.


Отты айнала қоршап, семсерлері мен селебелерін қыса ұстаған сарбаздар ысқыра соққан желге елеңдей құлақ тосады.


Түн бола аттарды шатыр жанына әкеліп, қазыққа керілген арқанға айқастырып байлап тастады. Қысқа тірсек, күші мол дала жылқылары бастарына ілген сұлыға құныға кірісті.


Исатайда үн жоқ. Ол асығыс тігілген қараша үйде отыр. Әлгінде қас қарая бастаған шақта, күзетте тұрған сарбаз¬дар оған ескі түлкі тымақ киген бір адамды алып келген. Аш екен. Астындағы аты да ішін соғып, әрең тұр.


— Мені Қайыпғали сұлтан жіберді. Қасында бес жүз нөкeрі Аллақұлдан алған көп қару-жарағы бар. Саған сәлем айтты. Жеңіске жету үшін бар күшті бір жұдырыққа жинау керек дейді. Мінеки, хаты, — деп шабарман тымағын сөгіп, сұлтанның Исатайға жолдаған сәлем хатын алып берді.


— Бүгін жеңістің ауылы бізден қай кездегіден де алыс тұр-ау, — деді, Исатай ойлы жүзбен, түрулі есіктен сыртта тұрған ақтабан атына қарап отырып.


Сарбаздар құла айғырды сауран дейтін. Бұл сөз оларға осыдан мыңдаған жыл бұрынғы ата-бабаларынан мұра боп жеткен еді. Азия скифтері арқасында жалынан құйрығына дейін созылған қара жолағы бар ақсары түсті жүйрік аттарды сауран деп атайтын болған. Аңыз бойынша, саурандар жабайы арғымақтардан туса керек және де өздері ерен жүйрік, шыдамды да сезімтал болса керек. Олар жауды иісінен сезеді деседі...


— Сұлтан жауап күтіп отыр, ал маған басқа ат керек. Өз атым қайтар жолға шыдамайды, — деді шабарман.


— Жауапты бір күннен кейін, Махамбет келген соң аласың. Астына ат беріңдер, Қайбала сұлтанға барар - бармасымызды шешіп алғанша бізбен бірге бола тұрсын, — деді Исатай жігіттеріне.


Сарбаздардың ұйқысы ұзақ болмады. Тан, құлан шектеніп, аспан әлемі бұлттан тазарған шақта тоғайдың арғы шетінен шырқыраған ащы ысқырық естілді. Сауран оқыранып, аттар елеңдеді. Сарбаздар орындарынан тұрып, тез-тез аттарын ерттеді.


— Кеттік, жігіттер! — деп Исатай сауранға ырғып мінді. Қалдыбай келді. Қолында Исатайдың туы бар — желбіреген көк - ала жібекке аттың ұзын құйрығы мен кішкентай жез қоңырауды қосып байлапты. Оның жанында бетіне өгіз терісін көрген дәу тегене тәрізді дабыл ұстаған жігіт тұр.


— Санымыз нешеу? — деп сұрады Исатай Қалдыбайдан сапқа тізілген жігіттерге көз жіберіп.


— Бес жүз жиырма.


— Қыс жақындап қалмаса, бұдан көбірек болар едік, — деп күліп қойды Исатай.


— Қыс жол тарылтады ғой, далада жүру қиындай берері хақ — қайда барсақ та ізіміз сайрап жатады. Ал жаз болса, патша әскеріне жан-жақтан жасырын кеп соқтығып, бөлшектеп, бытырата қуып қоймас едік. Кәрі ақындар: ата-бабамыз Ескендір Зұлқарнайынды солай жеңген, өзіміз де жоңғарларды солай қуғамыз, деседі ғой...


— Бірақ ол кезде жау қолында зеңбірек пен мылтық болған жоқ қой, Қалдыбай, — деді де Исатай ілгері кетті.


Қапыда өткен дүние-ай!


Халқымның көрген қорлығы,


Хандардың еткен зорлығы... —


деп Қалдыбай ауыр күрсініп қойды. — Тауып айтасың - ау, Махамбет сұңқарым!..


Сарбаздар тоғайды тастап, ашық далаға шықты. Тас төбеге қарап келеді. Алдарында жылмаңдаған жансыздар барын, сұлтан жасақтары, Жәңгір ханның төлеңгіттері, патшаның солдаттары мен қазақтары қаптап тосып тұрғанын, солардың бәрі бұларға ажалдан басқа ешнәрсе тілемейтінін білсе де ілгері тарта берді...


* * *


Махамбеттің үш шолғыншысы өзеннің жоғарғы сағасында отырған шағын ауылға келді. Шынында, ауыл деген аты ғана. Жер үйлер мен лашықтар қаңырап бос тұр. Киіз үйлердің орнында өртенген уық - керегенің күлі ғана қалыпты. Барлық еркек кіндіктіні тұтқынға алып, малды түгел айдап кетіпті. Жылтыратып шырақ жаққан аналар қорланған қыздарының жанында жылап отыр.'Бірнеше кәрі шал мен қатындар жетім қалған балаларды жинап, киізге орап, арбаларға жатқызып жүр. Ауылда небары екі-үш жаман түйе ғана қалыпты. Шалдар ауыл адамдарын құм ішіне, бұл жерден алысыраққа алып кетпек.


— Патша жендеттері, ханның жасауылдары мен төлеңгіттері ауыл-ауылды аралап ойран сап жүр, — деді шалдар. — Кеше кешке таман бізді шауып кетті. Исатай мен Махамбеттің туысқандарын, сарбаздардың әке - шешелері мен әйелдерін ай¬дап кетті. Айналамыз қаптаған пәле. Жер-көк түгел жабылғандай бізге. Бұ құдайдың көзі шыққан ба, неге көрмейді мынаны...


Тұтқындарды айдаған жазалаушылардың қай жолмен кеткенін біліп алған соң шолғыншылар Махамбетке қайтып келді.


— Алыс кете қойған жоқ. Түн қараңғы ғой. Тәуекел! — деді Ноян Махамбетке.


— Басқаларын, қалай қарайсың? — деді Махамбет ақырын.


— Біздің арамызда су жүректер жоқ, — деді бір жігіт.


Қараңғыда Махамбет оның түсін ажырата алмады. — Қосалқыға ат түсіреміз, азық-түлік олжалаймыз, ал дұшпанның жүк көлігін құмға кететін ауылдарға береміз.


... Ноян, Балабек, Жантас үшеуі жүздіктің алдында келе жатқан. Оттарды алдымен Жантас көріп, Махамбетке айтты. Жігіттер ат үстінде қалғи бастады. Жарты сағаттай ма, әлде толық бір сағаттай ма — әйтеуір бірқауым уақыт өтті, жігіттерге таң да ататын сияқты көрінген еді. Айнала қара майдай қараңғы түн, суылдаған ши сыбдыры мен пысқырынған аттардың үнінен басқа дыбыс жоқ. Жау қосы жақтан оқта-текте күзетшілердің айғайы естіледі. Суық жел қойын-қонышты қуалап, тоңдырайын деді.


— Ұйқы тәтті ме, жігіттер? — деп сұрады Махамбет ақырын.


— Ер үстіндегі ұйқы қысқа болады, бірақ мамыққа жатып ұйықтағаннан гөрі көбірек күш қосады адамға, — деді қараңғыдан Жақыптың даусы.


— Сенен сұраған жоқ қой, жігіттердің өзі айтсын, — деді оған Нұралы.


Сарбаздар күліп жіберді. Бәрі де жақсы керіп сыйлайтын екі кәрі жауынгердің бірін-бірі қағытуы жігіттердің әмсе көңілін көтеріп тастайтын.


— Ақсақалдар, — деді Махамбет, — қастарыңа бес жігіт алыңдар да, қостың ту сыртынан шығыңдар. Сонда жол бар. Жендеттер сонымен қашады. Біз қосқа шапқан кезде жолдын, екі жағындағы қалың қурай мен шиге от қойыңдар да, өздерің өзен жағасындағы тоғайға барып, бізді сонда тосыңдар.


...Махамбеттің жасағы жау қосына сыбыссыз жанап келді де, қатарларын түзеп ап, «Адайлап!» ұран салып, тосыннан лап қойды. Тұтқындардың күзетін басқаратын онбасылар ойын-сауық құрып отырған киіз үйдің маңында ғана қысқа қақтығыс болды. Қазақтар мен төлеңгіттер ауылды тастай қашты. Бірақ алдарынан лаулаған қызыл өртті көргенде көп әскердің қоршауына түскен екенбіз деп кері тартып еді, осы арада оларды жігіттер тосып алып, семсерлерін сілтеді - ай дейсің! Махамбет жау әскерлерінің басындағы аға жасауылды іздеп жүр. Бірақ қараңғыда анық ажырата алмайды. Кенет лаулай жанған бір жалынның жарығымен жасауылды байқап қалып, тұра ұмтылып еді, анау қолындағы мылтығын кезеп, атып жіберді. Ақынның астындағы сынық құлақ жануар мойнын бұлғаң еткізіп, шыңғырып жіберді де, гүрс етіп құлап түсті. Махамбет ерден ұшып кетті. Жасауыл да түн жамылып, ғайып болды.


...Тұтқыннан босатылған жігіттер, шалдар, қатындар мен балалар — Исатай мен Махамбет сарбаздарының туған-туысқандары жазалаушылардан қалған аттарды ұстап, ерттеп мініп алды. Қолға түскен қару-жарақ арбаларға тиелді.


Махамбеттің жігіттері шағын топтарға бөлініп, түнгі керуенді алды - артынан, екі жағынан қоршалап алды да, тұтқыннан босатылған шалдар мен қатын-қалашты таң ата Сазсу өзенінің арғы жағасына өткізді. Одан әріде қалың тоғай, құба жон, құм дала.


Жақып, Жанпейіс, Нұралы үшеуі Махамбетпен, жауынгер жолдастарымен қош айтысып, көшті Нарынқұмға қарай бастап жүрді.


— Біз ауылдарды от пен суы мол адам білмес қиянға әкетеміз. Жеңіспен оралыңдар, қарақтарым. Жеңетіндеріңе сенем, — деді қоштасарда Жақып кәрия, Құрманғазының сандырақтап жатқан шешесінің қасында күйбеңдеп жүріп. Алқаны тұтқыннан босатқанда бишараның құр сүлдері ғана қалған екен.


— Ақыл айтар жайымыз жоқ, Махамбет, бірақ Сүйінқараның сөзін ұмытпа, — деді Нұралы, — Адай жігіттері қасында. Ал мен болсам — мынау, төрінен көрі жақын жанмын... — Шалдың иығы селкілдеп кеткенін байқаған Махамбет теріс айналды.


Жанпейіс өз атын Ақшолпанға берді де, өзі құдіретті жел маяға мініп, құм ішіне қарай тартып отырды.


Осыдан бір жыл бұрын Дулат байдың төлеңгіттерімен соғысқан күзгі қырғыннан кейін туып-өскен Жиделіден кетігі бара жатқанда айтқан ескі әуенді тағы да жайлап сала бастады. Бұл ән қазақ жерінде бұдан жүз жыл бұрын туған ғой. Сонда жоңғарлармен болған қантөгіс қырғындардан кейін және әлемет жұттан соң жалпақ дала күңіренген зиаратқа айналған еді... Керуен неғұрлым алыстап, ұзай түскен сайын ән де созылып, жүректі сыздата түседі:


...Ай-рыл-ған ту-ған жерден


Қиын е-кен-а-о-о-о...


Мөлтілдеп қа-ра көз-ге


Жас ке-ле-ді-а-о-о-о...


Елім-а-ай, елім-а-а-ай!..


Керуен құмға жетпей тоқтады. Құрманғазының шешесі дүние салған еді. Жан тапсырар алдында ол есін жиды, қасына келгем Жақып шалды танып, ат үстіндегі Ақшолпанды көрді, сосын ақырын ғана:


— Құрмашым қайда, Байғазы қайда? — деп сұрады.


— Сабыр ет. Қазір Жиделідегі ауылға барамыз, — деді Жақып тамағына тығылған қайғы тіреліп, өзгерген дауыспен. — Байғазы Құрмаштың қасында. Олар жеңіп шықты. Артта келе жатыр...


Ана болар-болмас жымиып қойды, сосын көз қарасын Ақшолпанға аударды. Қыз көз жасына ие бола алмай, бетін жапты да, ат үстінде еңкейе берді. Ана басын көтеріп, көштің соңына қарады да, қу даладан басқа тук көре алмады.


— Қайда олар?! — Аузынан шыққан соңғы сөз осы болады. Сырқаттан, оған қоса қарысқан желден, төлеңгіттердің қамшысынан тартқан азап қорлығы мен балаларының Қамын ойлап қамыққан қайғы-мұңы әлін ада қылып тауысқан екен. Өткен түн таң атқанша сандырақтап шықты. «Адай!» — деген ұранды да естіген жоқ, Махамбетінің жүздігі бұларды босатқанын да білген жоқ. Кенжесі Байғазыны қазақтардың кескілеп өлтіргенін де, үлкен ұлы Құрманғазы Баймағамбет сұлтанның қолына түскенін де білмей кетті...


Себелеп жаңбыр жауып өтті. Аяқ асты батпақ тайғанақ болды. Исатайдың қолға түскен сарбаздары кісендері шылдырап, аяқтарын әрең көтеріп, жандармдардың бақылауында Сібірге айдалып барады. Құрманғазы мен Степан бірін-бірі сүйеп, топ басында қатар келеді. Сусағаннан өңештері көн боп кеуіп қалған, бастары зырқ-зырқ етеді, денелері өрттей жанып, алаулап тұр.


Бұларды Баймағамбет сұлтанның ордасында - ақ мықтап тұрып дүрелеген болатын. Жүз, екі жүз, бес жүз дүреден соқты. Естерінен айырыла құтырынған жендеттер саннан жаңылып қалады да, су шашып жандандырып алып, қайтадан соя бастайды. Ақыры қимылсыз қалған жансыз денені тұтқындардың өздері қазған орға итере салады. Осыншама адам айтқысыз ауыр жазадан өлмей аман қалғандар кәзір каторгаға кетіп барады.


Орынборға, одан Сібірге жету үшін тұтқындар әуелі Жасқұстағы хан ордасына барып, Жәңгір ханның алдында тағы да бір рет жазалаушы саптан етуге тиіс еді.


Қолға түскен сарбаздардың ішінен жалғыз Шернияз ғана аға сұлтан Баймағамбеттің ауылында қалдырылды.


...Тұтқындарды ауылға айдап әкелгенде сұлтан Шерниязды басқалардан бөліп алып, өз үйінің жанындағы лапастың астына байлап қоюға әмір берді.


— Өзін Махамбеттің мұңы бір мұңдас, жаны бір жандас, рухани інісімін деп есептейтін даланың жаңа жыршысы түні бойы қалай қыңсылап, қалай жалынар екен — соны көргім келеді. Таңертең ол маған ұйқы ашар өлең шығарып беретін болсын, — деді сұлтан. — Өз басым ақынның азап шеккен ыңқылын естісем, жақсы ұйықтаймын.


Түнде сұлтанның ауылына қасындағы қазақтарымен шапқылап полковник Меркулов келді. Сұлтан үйінде асығыс кеңес шақырылды. Жанына он шақты төлеңгіт ерткен шабарман жазалаушы әскерлердің осы маңдағы бас штабына қарай қайта шапты. Ұйқыдағы солдаттар мен төлеңгіттер аяқтарынан тік тұрғызылды. Қарауылды күшейтіп, ауыл сыртындағы шолғыншыларды көбейтті, тұтқындарға қойылған күзетті екі еседей ұлғайтты.


Таңертең Құрманғазы ауыл жанынан шеру тартып бара жатқан Жәңгір ханның атты әскерлерін, қазақ-орыс полктары мен линиялық бекіністердің солдаттарын көрді. Дөңкиген ірі аттар зеңбірек сүйреп барады. Осы бір сәтте Құрманғазының мынау шынжыр - кісеннен босанып, құстай ұшып Исатайға барып, төніп қалған қатерден достарын сақтандырғысы келіп кетті. Солармен бірге айқаста болсам деп армандады. Бостандық үшін мерт болған дала перзенттері аз емес қой. Солардан артық па?!


Күзетшісі жолдастарынан бөліп, Асанның үйіне қарай алып жүргенде қашуға деген үміті көбейгендей болды. Үстіне жамылған ескі тонды былай серпіп тастап, орнынан тұрды да, кісенін шылдыратып есікке беттеді. Кісенді алар деп ойлаған еді.


— Осы жерде тоқтай тұр, — деді Асан. — Әй, жүзбасы, шығар мынау қарақшыларды қорадан, жиналсын ана жерге. Кәзір атақты күйшіні тыңдаймыз. Ол бізге бүлікшілердің жеңілген күйін тартып береді.


Тұтқындарды алаңқайға жинады. Үстері жұлым-жұлым, сақал-шаштары өсіп кеткен, түнерген, үнсіз сарбаздар Құрманғазының қасына топтана тұрды. Жау тартып алған кіреу - кесауыттары, дулығалары мен қару-жарақтары анадай жерде, арбаның астында үюлі жатыр.


— Бір-бір аяқ қымыз беріңдер. Білсін дала жамағаты Баймағамбет сұлтанның жауға деген жомарттығын, көрсін өз көзімен сұлтекемнің күзгі торсығын басқамен де бөліп-жарып ішетінін! — деді Асан.


Күзетші Шерниязды да тұтқындарға таяу алып келді, бірақ оқшау тұр деп бұйырды. Жас ақын суықтан қалш-қалш етеді. Өзі онысын сездіргісі келмейді. Степан топтан бөлініп шықты да, ақынның иығына қысқа шапанын жапты. Құрманғазы Степанға көз қарасымен ризалық білдірді.


Асан шатырының жанына жалшылар былғарымен қаптаған кресло әкеп қойды. Қасында сақтаушы нөкерлері бар Баймағамбет келді. Иығындағы полковник эполетінің үстінен сусар ішік жамылыпты. Креслоға солқ етіп отырды да, тұтқындарды, қақайып тұрған төлеңгіттерді бір шолып өтті, көзін аспанға кетерді.


— Күн жақсы болады екен. Исатайдың соңғы сұмырайлары жер құшуын алланың өзі күтіп тұр. Сонда жер бетін олардың арам қанынан тазартып, ақ кебіндей ақ қармен орайды. Патша ағзам мен алдияр ханның, даңқы артсын!


— Артсын! - — деп қайталады нөкерлері.


Сұлтан кішкентай шоқша сақалын сипап қойып, Асанға қарап сөйледі.


— Сен осы қазақ жүздерінің ең мықты домбырашысы күй тартады дедің, ә? Жә, онда патша мен ханды мадақтап күй шығарсын. Сөйтіп ол өз жазасын да жеңілдетсін.


— Домбыра әкел! — деп айғайлады Асан малайларына.


— Әй, Баймағамбет! Томағасы алынбаған құстың қырандай қалықтамайтынын, шідері шешілмеген аттық тұлпардай шаппайтынын сен білмеуші ме едің?! Мына аяқ -қолымдағы шынжыр - кісенді алдыр, содан кейін мен саған өмірі естімеген күй тартып берейін, — деді Құрманғазы қарлыққан үнмен. — Әлде сен торға түскен бұлбұлдан да қорқасың ба? — Құрманғазы Шерниязға қарады. — Жас ақынның да кісенін алдыр.


Сағырбайдың баласы сұлтанның алдында екі аяғын алшайта тіреп, қақпақтай жауырынын кере, түнеріп тұр.


Көзін сығырайта қысып, сақалын сипалаған сұлтан Құрманғазыға тесіле қарап қалды.


— Жә, сенің дегенін, болсын. Алыңдар кісендерін!


Бұғалықтан босанған Шернияз шаршаулы кейіппен шөп үстіне отыра кетті. Жалаңаяқ. Етігін төлеңгіттер шешіп алған. Анда-санда сұлтанға қарап қойып, Шернияз аяғын шүберекпен орай бастады. Құрманғазы көріп тұр: ақынның жүзінде қорқыныш көлеңкесі жоқ, тек суықтан дірдектеп отыр. Рухы қайтпаған, тауы шағылмаған.


Малай домбыра әкелді. Құрманғазы домбыраның шимай - әшекейіне көз жіберіп алды да, құлағын бұрап, тыңқылдата тартып, құлақ тосты. Содан соң:


— Домбыраң тамаққа тоймаған күшіктей шәуілдеп қалған бірдеме екен, Баймағамбет. Алдырт өзімнің домбырамды, сенің төлеңгіттерің тартып ап қойған, — деп сұлтанның домбырасын лақтырып жіберіп еді, қызметші жігіт әрең қағып алды.


Баймағамбеттің беті бүлк еткен жоқ.


Тұтқын жігіттер оның бұл қылығына мүлдем түсіне алмай Құрманғазыға алара қарап тұр.


— Сарбаз достарым - ау, неге тұнжырайсыңдар? Кетер бастарыңды, қараңдар алға! Әлде мен сұлтанға басқаша сөйлеп тұрмын ба? — Құрманғазы қолына өз домбырасын алды.


Айтса дағы айныман


Көлденеңнің сөзіне.


Әшкере болған ісім бар,


Жайылған жұрттың бәріне.


Кеткенім жоқ олжа үшін:


Кетіп едім елімнен,


Атаңа нәлет Жәңгірдің


Қан жылатқан заңы үшін,


Баданамды баса бөктеріп,


Қасыма жаттан жолдас ертіп,


Күн, түн қатып жүргенім —


Ана Нарында жатқан


Жас баланың қамы үшін!..


— Көтер бастарыңды достарым, жырым да, күйім де сендерге арналады!


Құрманғазы қатуланып алды: қою қастары қосылып кетті, көз қарасы бұрынғысынан да тікірейіп, тесіле қадалды.


Қос ішекті салып қалды. Бір қақты... Екі қақты...


Домбыра күмбірлей жөнелді. Арындап, адуындап басталды жаңа күй. Құрманғазы басын аспанға көтеріп алған, ал он саусағы домбырада өздігінен ойнап жүргендей...


Сонау шырқау аспанда жалғыз құмай қалықтап жүр. Жерден қарағанда ол туып-өскен Жиделі үстінде шарықтаған әлгі кәрі қыранға ұқсайды. Кәрі бүркіт Құрманғазы мен Ақшолпанның рауаш арасындағы соңғы кездесуін көрген. Сонда олар ақсақ құлан мен қатыгез қаһан жайлы аңызды еске алған болатын. Қаһанды жеңген ғажап күшті ол өз күйімен жырлаған болатын.


Ақшолпанмен кездесуді, махаббат жырын хан жендеттері үзіп, Құрманғазы қолына домбыра орнына семсер ұстады.


Жоқ, Құрманғазы ажалдан қорықпайды, құлдықтан қорқады. Дала бостандықты сүйеді, күшті жанды сүйеді, далада айқас дүбірі бір тынып керген емес, дала перзентін ешкім ешқашан да күшпен тізе бүктіріп көрсең...


Сонау ерте заманда Марақанды соғыссыз алған Ескендір Зұлқарнайын көршілес жатқан дала патшалығын да басып алмақ болғанда қазақтардың арғы атасы — азиялық скифтер Ескендірдің қолбасыларына былай деген екен:


— Егер сендерде тек бір-ақ адам, патшаларың Зұлқарнайын ғана жеңілуді білмесе, біздің барлық әскеріміз, әрбір жауынгеріміз жеңілуді білмейді!


Қазақтардың арғы аталары Кирдің де, Дараның да, Нәдір шаһының да бетін қайтарып, тоқ мойын жоңғарларды түріп шықты. Бірақ ру тартысы басталып, бауырластар бірін - бірі бауыздауға кірісті. Ен дала үшке бөлінді: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз. Жүз деген — бет қой. Бүлінген ел, бет - жүзі үшке бөлінген ел не оңсын! Хандар таққа, сұлтандар баққа таласты. Мал да бөлінді, құл да бөлінді. Ел күштен айрылды. Бөтен жұрттың нелер батыры бұларды біресе құман, біресе тұран, біресе половцы, біресе қайсақ деп жасқана атап, қорқа қарайтын заман келмеске кетті. Рулар ме.ч тайпаларды қулық-сұмдықпен араздастырып, өзара шағыстырып, біріне - бірін айдап салғанда ғана қазақтарды жеңуге болатынын жаулар жақсы түсінді. Ал жалпақ далада бытыраған рулардың басын құрап, қайта біріктіретін а дам табылмады. Әй, сормаңдай бейбақ құлдар! Уа, өз жерін, өз елін аш қасқырдай жұлмалаған хан-сұлтандар, қарғыс атсын сендерді!..


Жасаңдар сендер, сарбаздар! Сендер туған далада жүйтки жүріп баба күшін, аруақ құдіретін, бостандық рухын қайта тудырдыңдар... Сендер мінген тұлпарлардың тұяғы қара жерді дүрліктіріп барады, бұл адуынды, сендердің бұл адуын арындарыңды бегей алар күш жоқ...


Құрманғазы жаққа күйіне бойындағы бар жігерін, бар шабытын құйған.


Дүрілдеген кекке толы қызу серпін сұлтан жүрегінің деп бірін алып, сарбаздардың делебесін қоздырып барады. Оларға осы таяу маңда достары жөнкіле қаптап келе жатқан сияқты көрінеді. Тасырлаған тұяқ дүбірінен жүрек жарылып кете жаздап тұр. Жігіттердің еңсесі көтеріліп, қол-аяқтарындағы кісенді ұмытқан, жүздері жайдарыланып, кездерінде өшпенділік ұшқыны ойнайды...


Күй шарт үзілді, дүбір де тына қалды. Іле домбыра қайтадан безек қаға жөнелді. Сарбаздар ат басын бұрып алып, кейін қарай, тура осында шауып келе жатқандай. Тұяқ дүсірі де ұлғайып, құлақ тұндыра сатырлай бастады. Сарбаздар ендігі сәтте, — міне, міне! — ауылға лап қойып, жексұрын сұлтанның ақ ордасын аударып тастайды...


— Біздің жігіттердің екпіні ғой! Адайдың аруағы ғой мынау! Құрманғазы Адай ата туралы күй шығарды! Уә, тыңдаңдар, айқасқа бастайтын адуынды асқақ күйді! — Тұтқындар қолдарындағы кісенді де, бастарына төнген ажалды күрзіні де ұмытқан; қан майданда жүргендей айғайлап, қиқулап тұр. Төлеңгіттер мылтықтары мен қылыштарын сайлап, сұлтанның төңірегіне топтасты. Тұтқындардың қиқуынан жасқанатын сияқты, күйшінің түрі де қорқынышты еді. Шашы арыстанның жалындай күдірейіп, екі көзіне қан толып кеткен.


— Тоқта! — деп ақырып қалды сұлтан. — Бұның не күй?


— Ақ ордаңды аунатып, атандай даусыңды ақыртатын Исатайдың жаужүрек сарбаздары туралы күй!


— Мен емес, аш күшіктей өзін, қыңсылайсың кәзір! Соғыңдар темір сүмбемен екі жүз дүрені! — деп бұйырды Баймағамбет. — Ары кетті дегенде енді бір аптада сендердің Исатайларың сауға сұрап, аяғымды құшатын болады!


Ауылға полковник Геккенің шабарман - офицері келді. Баймағамбет оны өз үйіне ертіп кетті. Жасауылдар тұтқындарды мал қораға қамады. Қора сыртында жүзбасылар сүмбе, ұстаған солдаттар мен төлеңгіттерді сапқа тұрғыза бастады.


Аулада Шернияз ғана қалды.


Алпамсадай үш төлеңгіт Құрманғазының екі қолын мылтықтың дүміне таңды да жейдесін сыпырып тастап, саптан бірінші ғып сүйреп өткізді.


Команда бойынша оңынан да, солынан да шықпыртып соға бастады. Бір... екі... үш... Біреуі сүйрете ұрады, екіншісі қақ бөліп тастардай құшырлана сілтеп кеп, дәл тиер сәтінде сүмбесін тежеп қалып, жұмсарта соғады...


Құрманғазының артынан Степанды алып жүрді. Екеуі де тістеніп алған, үн шығарар емес. Сүмбе алға қуғанмен, мылтық дүре кеудеден итереді. Жендеттер жылағанды да, жалынғанды да сезбейді.


Жоқ, Құрманғазының жанына дүре батқан жоқ, дұшпанның Шерниязды бұлармен қатар жүргізіп, өз достарының азабым көрсеткеніне шыдай алмай келеді.


Бұрын бұндай сұмдықты көрмеген, ғашықтық пен батырлықты армандаған албырт ақын мынау зұлымдыққа шыдай алатын емес, достарының арқасынан сорғалаған қанды, шарт -шарт тиген сүмбені кере алатын емес. Ол солдаттардың бетіне түкіріп, достарына қарай жұлқынып, айқайлап келеді:


— Мені де! Мені де дүрелеңдер олармен бірге, — дейді еңіреп.


Бұнысына Құрманғазы да шыдай алмады:


— Өшір үніңді, бала құсамай! — деп зекіп тастады. Бұнысы бір ғана ақын емес, саптан өтетіндердің баршасына берілген бұйрықтай болды.


Тұтқынға түскен сарбаздардың ешқайсысы да жаудан cayғa сұрап жалынған жоқ. Жетеуі жазаға шыдай алмады...


Құрманғазы кісен - шынжырдың шылдыры мен бір айдаушының міңгірлей салған әніне құлақ тосқан қалпы дүреден өлген жолдастарын, Шерниязды ойлап келеді.


Бұлар ауылдан кеткеннен кейін Шернияздың тастай суық қой қораға түнеп шыққанын Құрманғазы білмейтін еді. Жолдастарына жетпек болып, төлеңгіттердің қолынан жұлқынып жүргенде үстіндегі киімінің дал - дұлы шығып, түгі қалмаған екен, содан да сабан жамылуға мәжбүр болды Шернияз.


Келесі күні ертемен оны тағы да сұлтан үйінің алдына ай¬дап әкелді. Ол Баймағамбеттің есігінің алдында суықтан көкпеңбек болып, қатып қалған қолдарын қойнына тығып, секең қағып дірдектеп тұр.


Қарауыл ақынды бүйірінен қамшысының сабымен түртіп қалды:


— Ей, бишара неме, сен кәзір алдияр Бәйекеңе өлеңмен сәлем беруін, керек. Дауыстап, естіртіп айт. Сұлтанның айтқанын неғұрлым тез орындасаң, тамақ пен киімді де соғұрлым тез аласың.


— Ассалаумағалейкүм, алдиярым, хан ұрпағы!.. — деп бастады Шернияз.


Ежелден шынжыр балақ, шұбар төс ең...


Жалаңаш елден шыққан бір сорлымын,


Жалғыз-ақ үміттімін рақымыңнан.


Басымды алар болсаң жылдам алшы,


Ызғырық өтіп барады табанымнан...


Баймағамбет үн қатпады. «Қаттырақ айт!» — деп бұйырды қарауыл.


... Бәйеке, күнім қайда баяғыдай,


Байлардың шетке шықтым саяғындай.


Басыма пәле жауып тұр осы күн


Құдіреттің көктен түскен таяғындай.


Басымды алар болсаң, шапшаң алшы,


Барады үсіп кетіп аяғым - ай!..


— Бұ қайсың? - — деп айғай салды сұлтан үйінен шықпай.


... Аржақта дүмбірлеген Арғынқазы,


Жайлаған арғын, найман Өтенсазы.


Ен қоныс, тоқты қоздап, тай құлындап,


Бірі мың боп, ел лықсып қысы-жазы.


Сол жаздың дәулетінде сұңқылдаған


Бейбақ ем ел еркесі, қоқыр қазы.


Бәйеке, танымасаң танытайын,


Мен едім Исатайдың Шерниязы!..


деп жасқанбай жауап берді жас ақын.


— Қылышым дайын тұр. Кел, табалдырығымнан аттасаң болды, өтінішіңді орындаймын, басыңды допша домалатып қағып түсіремін, — деді сұлтан.


— Мен сені қаһан сияқты ғой деп едім. Сөйтсем ата дәстүрін білмейтін топас екесің ғой. Мен құл емеспін. Жалаңаяқ, жалаңаш күйімде үйіңе кірмеймін, ханымыңның көзіне түспеймін, — деді Шернияз.


- — Айттым ғой — кір деп! — Баймағамбетті ашу қысты.


Бұ шерің ә дегенде аттай салар,


Жүгірсе, жүйрік көзі оттай жанар.


Ордаңа осы күйде кіріп болмас,


Жақтырмас ханымың да қаны қашар.


Ордаңа осы күйде кіріп барсам,


Тепкілеп қуып шығар ханышалар...


— Мә! Жап аузыңды! — деп Баймағамбет оған иығындағы сусар ішігін тастады. — Кел бері, өлер алдында қайтып берерсің!


— Бәйеке, ақылыңа рақмет. Түйе аунаған жерде түк қалады дейді ғой. Сұлтанбысың өзің, әлде суырмысың? Он тышқанның терісінен тіккен ішігіңді бермей жатып қайтып алам дейсің. Мә, ала бер! Ажалымды осы арада-ақ тостым, — деп Шернияз жырын жалғастыра берді. Сұлтан үйінің айналасына оның даусын естіген ел жинала бастады.


— Жетер, о дүниеге бірге әкетсең де бердім басымен, мә! Үйге кір тезірек!


Шернияз табалдырықтап өлеңмен аттады. Сұлтанның қыздарын мадақтап келе жатыр.


— Тоқтай тұр, — деді Баймағамбет. — Менің алты қызым бар. Бәрі бірдей емес, жақсысы да бар, жаманы да бар. Солардың әрқайсысына арнап өлең шығаршы. — Сұлтан есік алдына жиылған топты көріп, тыжырынып қалды. — Мүмкін сен менің өзімді де жамандап жырға қосарсың, а?


— Қос десең қосам!


— Айт онда!


Шернияз өз жырына дарын - қабілетінің барша күшін, халық басына түскен қайғы-қасірет пен достарының азабы үшін сұлтанда кеткен барша өшін қосып айтты. Бұл Баймағамбеттің қатыгездігі жайлы сұмдық жыр еді.


Ызаға булыққан сұлтан, қынабынан алтын балдақты қылышын суырып алып, жас ақынға тап берді. Сусар ішікке оранған Шернияз қаймықпай қасқая қараған қалпы өлеңін тоқтатпай, айта берді. Оның әр сөзі ашық есіктің арғы жағында тұрған қалың топқа анық естілуде.


— Дат, тақсыр, дат! — деп шу ете түсті топ. — Бәйеке, қасиетті дәстүрді бұзба! Айтсын ақын ақтық сөзін!


— Жап ауыздарыңды! — Аға сұлтан ашудан қалшылдап кеткенімен, ата дәстүрін бұзуға дәті бармады.


— Айт ақтық сөзіңді! Содан соң Исатай, Махамбетіңе қосып дозақтың отына аттандырамын! — деп Баймағамбет Шернизядың иығынан ішікті жұлып алып, қылышын көтерді.


Шернияз қайтар емес, күліп тұр. Жыны ұстаған дуанадай сұлтанның бетіне қарқылдап күліп, үстіндегі жалба-жұлба жыртықтарын жұлмалайды. Алдиярдың қаныпезер қаттылығы, екіжүзді ептілігі, сужүрек ездігі жайлы толғап, оның сараңдығын, аянкес, аярлығын да жырға қосты.


— Жаманда деген өзің. Әлде мен өтірік айтып тұрмын ба? Өз сөзіңе өзің қожа бола алмасаң, сенің сұлтандығыңнан не пайда, өзің тегі қазақшылықтан да жұрдай болған екенсің ғой?! — деді Шернияз. — Сен өзіңді өлеңге қос дедің, мен қостым. Шындықты айт дедің айттым...


— Дұрыс айтып тұр, сұлтан. Сөз тапқанға — қолқа жоқ, сезге сот жүрмейді, дейді қазақ. Жас екен, қыршынынан қима. Бір жолға тірі қалдыр, — деп ауыл ақсақалдары араша түсті.


— Шерниязды аяғаның айдыныңды асыра түседі, алдияр. Шектен тыс қаталдық елге жақпайды, — деді сұлтанның кеңесшілері топ тараған соң. — Басынан сипап, бауырыңа басты жылы-жылы сөйлесе, жылан да інінен шығады деген ғой...


* * *


Баймағамбет полковник Геккенің бүлікшілерді түбегейлі талқандау үшін жорыққа шық деген жарлығын алды. «Тастөбеге барар жолда сізге соңынан төрт жүз адам орда әскері мен қырық қазақ ерткен Қарауылқожа сұлтан қосылады, — делінген екен сәлем хатта. — Полковниктер Меркулов, Истомин, Трофимов үшеуі жолда... Астраханьнан шыққан подполковник Алиев үш жүз солдат пен артиллериясын сүйретіп бірер күннен соң Тастөбеге жетеді, бүлікшілердің, Оралға барар жолын полковник Бизенов бөгейді, ал менің жанымда сұлтан Шынғали Орманов бар, оның алты жүз ордашыл баскесері менің сегіз жүз солдатымның алдында кетіп барады...»


Омырауына медальдарын таққан полковник Баймағамбет қасына Асан бастаған көп нөкерін ертіп, ауылдан екі шақырымдай жердегі ойпаңда шеру тартқан қолын көруге аттанды. Жас сұлтандай үлде мен бүлдеге оранған Шернияз жол шетінде бір топ шалдың ортасында тұр. Екі төлеңгіт одан көз алмай бақылауда. Ақынның жанарында мұңды сағыныш бар, жұқа ерні дір-дір етеді.


Ол Махамбеттің өлеңін сыбырлап тұр:


Арғымаққа оқ тиді —


Қыл мықынның түбінен.


Ер жігітке оқ тиді, —


Ауыз омыртқаның, түбінен.


Жантайып жатып көп іштім


Жаздықтың шалшық көлінен,


Қайтейін енді дүние-ай!


Жағдайсыз кетіп барамын


Қасымда көмектің кемінен...


Ішкі орданың шартарабынан, Еділ мен Жайық жағасынан, Гурьевтен, Астрахань мен Орынбордан, күллі шекара бекіністері мен бекеттерінен шұбай шыққан жазалаушылар шеруі Исатай қолын айнала қоршауға кірісті. Шомбал байдың жарлығы бойынша бүткіл Ноғайлы руы жазалаушыларды жақтап, олардың султаны Шынғали Орманов Геккенің ең бірінші ақылшысына айналды. Ал Шөке, Қарауылқожа және Баймағамбет сұлтандар қару-жарақ пен оқ-дәріні мол ғып алып ап, сарбаздардың ізіне басқалардан ертерек түсті. Өйткені бұлардың әрқайсысының да Исатайда кеткен өз кегі бар, соның өшін тезірек алуға асықты...


Суық желден қақайып қатып қалған қара жер Шернияздың көңілін қамықтыра түсті. Соңғы солдаттар ауылдан кетті, тоқылдаған тұяқ тасыр да басылып, айнала құлазып қалды.


Кеудесі де қаңырап бос қалғандай. Ыза да жоқ, жыр да жоқ. Мұң-шер ғана бар.


Тура соққан ызғырық жел көзді жасауратады. Шернияз ауылға бет алды. Екі төлеңгіт те қалмай келеді. Анадайда аяңдаған ақсақалдар бастарын шайқап: «Қандай ақын торға түскен!» — деп күрсініп қояды. Шернияздың кеше Баймағамбет сұлтанға шығарған өлеңін бүгін ұзынқұлақ жай оғындай жылдамдықпен күллі далаға таратып жатқанын олар біледі. Ақсақалдар бұл өлеңнің Шернияздың атын шығаратынын да, сонымен қатар, мүмкін, Шернияздың түбіне жететінін де біледі. Торға түскен бұлбұл сайрамайды, әсіресе серігінен айрылса...


— Ой-бо-ой, сұлтанның зұлымдығы мен қаталдығына кез келген ақын шыдай бермес! Шайқасса онымен Махамбет қана шайқаса алар, — дейді ақсақалдар бастарын шайқап. —


Сарбаздарға көп қол, керім кеп қол қарсы аттамды - ау...


* * *


«... Генерал-майор Покотилов кетерде болғандай, онсыз да едіреңдеген есер тобырдың есірігі мен ептілігін өршіте түсетін жартыкеш шарасымақтар кермес үшін өзімді Горская қамалында күтіп отырған 200 қазақ тез атқа қонып, осында келіп жетсін деген қатаң жарлықты линияларға тез жөнелткен жөн шығар деп түйдім. Ал Меркуловқа менің келуімді күтпестен төрт жүз адамның отрядпен Кулагине мен Зеленыйдан шығып, Теректіқұм қонысына жеткізіңіз де, Исатай Тайманов пен оның жақтастарының ауылдарын басып алыңыз, деп бұйырдым...


Горскаядағы отряд келген соң басым көпшілігі өзгелерден недәуір айырмасы бар Ноғайлы руының қазақтарынан құралған төрт жүздей ордалықтардың көмегімен Таймановтың тобырына қарсы аттанып, өздерін ту-талақайын шығарып қуып жіберуге және де басшыларын қолға түсіруге тырысып кермекпін... Хан Жәңгір оларды қатты қорғанатын шығар деп топшылайды,» — деп жазды полковник Гекке өзінің 1837 жылғы 5 ноябрьде генерал Перовскийге жолдаған рапортында.


Ноябрьдің 9-ы. «...Мен қазақтарды және 400 ордалықты ертіп Горская қамалынан келе жатқан отрядпен қосылуға аттандым... Бірақ Кулагино мен Зеленыйдан шыққан отрядтар қазақтардың, қоршауына түсіп қалып, кері қайтуға мәжбүр болыпты деген хабар алдым... Зеңбіректер дереу далаға жіберілсін деп бұйырдым... Бұдан соң сол бұрынғы орнымда тұрған жерде Меркуловтың отряды бізден 35 шақырым жерде екен деген хабар жеткізілді. Мен сол заматта - ақ оны жақындатуға жарлық жасадым. Кешке қарай екі отряд қосылды».


Ноябрьдің 12-і. «Істің сәті түскенде артиллерия жеткізілсін деп бұйрық берілген сол он екінші күні шапқылап келген шабарман, осыдан 35 шақырым жерде орыс командасы көрінеді және олар зеңбірек әкеле жатыр, деп хабарлады. Мен олардың алдынан 500 қазақ және 100 ногай жібердім, содан 12-күннің түніне бүкіл отряд аман-есен бір жерде қосылды».


Ноябрьдің 13-і. «...Біз аттандық, Теректіқұмды бетке ұстап барамыз...»


Ноябрьдің 14-і. «... таңертең Теректіқұмнан шыққан отряд Жаманқұмнан көктей өтіп, Бекетайқұмға бет алды да, елу шақырым жер жүріп, кешкі сағат алтыда сонда келіп жетті.


Қонаға осында тоқтаймыз ғой деп ойлап ек. Марш кезінде алыстан - ақ Жаманқұм мен Бекетай аралығындағы қаша көшкен Исатай от қойып кеткен шөптің өрті көрінген болатын. Сол қашықтықтан біз көз салған жасақтар да керінді. Мен алға, 6 шақырымдай жерге есаул Еганов бастаған екі жүздік команданы және отрядтың жанындағы бір топ ноғайды жібердім, бірақ олар дұшпанға жете алмады... Исатай Бекетай құмнан 25 шақырым жердегі Тастөбеге тоқтамақ болды. Соны естігеннен кейін мен Бекетайға қону жөніндегі ниетімді өзгерттім де, аттар жақсылап тынығып, адамдар тамаққа тойып алған соң түнгі сағат екіге ауғанда жорыққа аттандым...»


Ноябрьдің 15-і. «...Тан, ата біз Тастөбеге таяндық..- Отряд Исатайдың шайқасы, шамамен бес жүздей қарақшы тұрған деңге жақындап келді. Олардың түрлеріне қарағанда қашатын сықай көрсетпеді, қайта, керісінше самдағай саңлақтары мына батырлары топ алдына шығып, ат ойнатып, қыр көрсете бастады... Мен отрядқа сапқа тұру жөнінде жарлық қылдым да, әуелі зеңбіректерді қорғайтын әскерлерді сайлап алып, алғашқы залптан кейін атакаға лап қойдық...»


Исатай Тастөбенің қарсысындағы сонау жотада зеңбірек орнатып жатқан Геккенің солдаттары жаққа көз тігіп тұр. Аттардың зеңбіректерді жотаның үстіне қалай сүйреп шыққанын, солдаттардың оларды қалай асығыс орната бастағаным Исатай анық көрді. Содан соң солдаттар күректерін алып, зеңбіректердің алдына топырақ үюге кірісті. Ұзамай сорайған мойны, қалқаны мен қылтиған дөңгелектері ғана қалды.


— Қалай ойлайсың, нешеу өздері? — деп сұрады сардар қасында тұрған Қалдыбайдан.


— Кеп, — деді Қалдыбай.


— Бәрі бір емес пе, батыр аға - ау? — деді Жантаспен бірге ат ойнатып алда тұрған Ноян көңілді үнмен, — Хандар, олар бізді жан-жақтан қаумалап келді. Оңай болмас бізге. Бірақ «жығылсаң нардан жығыл» деген ғой. Ақыр соғысқан соң дұшпанның сойымен соғысқан жөн. Жандарал Перовский мен Жәңгірдің күллі әскері түгел жиналған - ау, шамасы, төлеңгіттерін ерткен султандардың да төбесі түгел көрінеді. Несі бар, көрейік шекісіп!..


— Шекісерміз!.. Әрқайсымызға оннан келеді, — деп мырс етті Қалдыбай.


— Иә, бар жасағы түгел екен, — деді Сарман. Ол сарбаздарға көтерілісшілердің басшылары Бекетайқұмдағы кәрі қабыланшы Садықтың ағаш үйіне соғыс кеңесіне жиналған кез¬де келіп жеткен болатын. Сарман өзімен бірге он жігіт ертіп келді.


— Сіздің сәлемдемеңізді Владимир Ивановичтің өз қолына бердім. Мен оған біз орыстармен соғыспаймыз, генералдарға емес, Жәңгір ханға қарсы соғысқа шықтық дегенімде, ол маған:


«Ал сонда генерал мен хан біріне-бірі дұшпан ба екен, мырза? Жәңгірдің, иығында да Перовскийдікі сияқты генерал эполет! бар...» — деді.


Шустиковты жолықтыра алмадым. Орынборда қырдан келгендердің бәрін де бас сап ұстап жатыр. Жандаралдың кеңсесіндегі тілмашқа кіріп едім, иттің баласы, сол айтып қойып, әрең қашып құтылдым. Оның үстіне тезірек кету керек болды...


Айтпақшы, мен Орынборға барып жеткен күні, — деп қосып қойды Сарман, — сонан зеңбірек сүйреткен жасақ шықты. Маған Исатайды құртқалы бара жатыр деді. Мыналар сондағы зеңбіректер болу керек, тегі...


— Пау деген, көрерміз әлі кімнің кімді құртарын? — деді Балабек. — Күн қандай тамаша! Шайдай ашық аспан, құрғақ жел, аяз. Аттар да шыдамай тықыршып тұр.


— Естідіңдер ме? Үстіртте жүрген Сүйінқара тағы да Аллақұл ханның зекетшілер жүздігін ту-талақай етіпті. Ханға алып бара жатқан керуендерін орта жолда тоқтатып, бар дүниесін өз ауылдарына таратып беріпті, — деді Сарманға ілесіп келген жігіттердің біреуі.


— Аллақұл өзінін, бес жүз нөкері мен қару-жарағын Қайбалаға беріпті, қайтсын - ай байғұс, қайын атам Жәңгірдің орнына таққа отырып, қазақ жерін Хиуа хандығына береді деп үміттенетін шығар, — деп қосып қойды тағы біреу.


Исатай мен Махамбет біріне-бірі қарады. Қайбаланың сәлемі жәйлі сардар кеше - ақ айтқан болатын.


— Менің мойнымда зор күнә бар, Махамбет. Мен бір рет, Жасқұстың жанындағы шатырда отырғанда, сенің тіліңді алмадым. Сөйтсем сенікі жөн екен ғой, біз сонда Жасқұсты шауып, Жәңгірдің тағын талқандап кетуімізге, содан кейін ғана ары қарай не істейтінімізді ақылдасуымызға әбден болғандай екен. Мен сенін, алдыңда ғана емес, күллі жігіттердің алдында күнәлімін... Ендігі сөз сенікі. Қайбалаға барар - бармасымызды өзің шеш. Содан соң, Сүйінқарадан шабарман келді. Көмек керек болса, жігіттерімді жіберемін депті батыр...


— Жоқ! Кеш, — деді Махамбет.


Арманы бар ма жігіттің —


Қапылыста тап берген


Тайталасса жауымен


Туып өскен жері үшін?!.


Жау тоқтатып айқаста


Құрбан болса елі үшін?!


деп сезін тақпақтай жалғастырды. — Біз халықты зорлап, қорқытып немесе алдап көтергеніміз жоқ. Сарбаздар неден болса да тайынбайды. Айқастан аман-сау шықсақ, қалғанын содан кейін шешерміз.


— Мүмкін, Қайбала Жәңгірдің тағымен қоса Фатимасын да тартып алар, — деп күлді бір жігіт.


— Жоқ, оны біздің Ноянға алып беру керек. Байғұс әлі күнге дейін бойдақ жүр ғой, бүйте берсе бас кешер дүниеден! — деп іліп әкетті екіншісі.


— Саған не жоқ ей? — деді Ноян Балабекке қарап.- — Сенің менен қай жерің артық! Әлгі түрікпеннен алмақ сұлуыңды бір рет те сүйіп керген жоқсың ғой. Әлі есімнен кетпейді, Хиуада бір пәрәнжіге телміріп жүр едің, артынан оның тісі жоқ кемпір боп шыққаны қайда!..


— Дайын болдыңдар ма? — деді Исатай бала бөленген бесіктерді ең жүйрік аттарға әйелдермен бірге теңдесіп жүрген жігіттерге қарап. Жаралы сарбаздар мен балаларды қоршаудан ең алдымен шығару керек деген шешім қабылданған болатын. Алайда жарақаттар жарлықты тыңдамай, сапқа қайта тұрды.


Исатай дұшпанның алдыңғы жасағына келіп жеткен кен арбаны көрді.


— Дайынбыз! Дайынбыз! — деп жүзбасылар бірінен соң бірі келіп баяндап жатыр.


— Дұшпанға хабарлаңдар! Біз шабамыз! — деп әмір берді Исатай жау тобын нұсқап.


Бір топ жігіт мылтықтарын көтеріп, қабаттаса гүрс еткізді. Гекке мен оның офицерлері бұндай белгіні әдепсіз де шектен шыққан өжеттік деп қабылдады.


Бес жүз сарбаз патша мен ханның үш мың адамдық қолын осылай басынды.


Геккенің алдын ала дайындап қойған ультиматумы жөнінде енді сөз болуы да мүмкін емес. Бұдан бір сағаттай бұрын полковник көтерілісшілер мүмкін қаруларын тастап, басшыларын ұстап берер деген үмітте болса, енді Жәңгір хан мен Шынғали сұлтанның сөзі рас екеніне кәміл сенді. Ол екеуі Исатай қолының ақтық демдері біткенше кескілесетіні, өліспей беріспейтіні жайлы, оларды тек асқан қаталдықпен ғана тізе бүктіруге болатындығы туралы айтқан-ды.


— Атакаға дайындал! — деп Гекке атына қонды.


... Тастөбенің төбесінен тіке төмен ылдилай шапқан салт атты сарбаздар полковниктің алғы саптағы жүздіктеріне қарай, тура зеңбіректерді бетке ұстап жосылып келеді. Аласа бойлы аттарының желбіреген жалдары қанат сияқты болып ұшып келеді.


Аралары жақындай түсті. Сарбаздар көшкіндей боп тұтаса сырғиды. Өздері көп емес, жүз шамалы ғана. Қалғандары тебе үстінен қарап тұр. Жүзі бүтіндей армияға қарсы, жүздеген қазақтар мен төлеңгіттерге қарсы?.


Олардың қиқулап салған ұраны, мынау суық күздің бұлыңғыр шағында айырықша жарқырай туған шаңқан күнге шағылысқан дулығалары, қалқандары мен найзалары, қайқиған алмас қылыштары — солардың бәрі де сарбаздардың, ерен өжеттігін, қажымас қаһармандығын жария еткендей. Гекке таң-тамаша. Есіне Петербургтегі особнягінде ілулі тұрған фламанд суретшісінің қолтумасы түсті. Онда ажалынан қаймықпай, ақтық күшін жиып, егіздей жолбарысқа өлермендікпен атылған жаралы тазы бейнеленген еді...


Қылыштарын жалаң ұстаған екі жүз қазақ пен үш жүз төлеңгіт полковник қолын сермесе болды, сарбаздарға қарсы тура ұмтылайын деп, сақадай сай тұр. Алайда сөз алдымен артиллерияға берілмек. Жамырай шапқан жүзді сегіз зеңбірек пен үш жүз мерген залп беріп қарсы алады да, содан соң қазақтар турап тастамақ.


Гекке Исатайды көрді. Жігіттерінің алдында келеді. Құдайдың бергені ғой, қолға өзі түсейін деп келеді. Бұдан артық не керек! Міне олар таяй түсті...


— Атамандарын тірідей, не өлідей қолға түсіріңдер! — деп бұйырды Гекке, атты әскерін басқарып жүрген офицерлерге.


— Пли37 — Жүздеген мылтық үні мен зеңбіректердің гүрсілі сарбаздардың қиқуын көміп кетті. Бірақ айнала шаң мен түтін құшағына оранардан сәл ғана, бірер сәт бұрын Гекке қарабарқындап қаптап келе жатқан сарбаздар тобының кенет қатарларын бытыратып, андыз-андыз бөлшектене шапқанын көрді.


Зеңбіректің добы да, мылтықтың оғы да нысанаға тимеді. Қазақтар мен төлеңгіттер «ураа!», «ұр, ұр!» — — деп айқай - сүрен салып алға ұмтылды.


Бір минут өтті, екеу, үшеу... Түтін тарады. Тап сол сәтте Гекке өзінің жауынгершілік өміріндегі ен, бір масқара көріністің куәсі болды. Жүз сарбаз қаптаған қазақтар мен төлеңгіттерді бықпырт тигендей ғып Тастөбеге қарай қуып барады екен. Ес жиғызатын емес: бұлт-бұлт етіп қаша соғысып, ана бүйірден де, мына бүйірден де түйгіштеп, қазақтар мен төлеңгіттерді ер үстінен екілене жұлып түсіріп, аттарын көк сүңгімен жарып кетіп жүр. Ал Тастөбенің басынан бір жүздік тағы ат қойды. Бірер сәттен соң ол да қазақтар мен төлеңгіттердің қыры сынған қатарына майға салған пышақтай шаншыла кіріп кетті.


Артиллерия да үнсіз, атқыштар да үнсіз. Енді атса өз оқтары жаудан гөрі өз әскерін шығынға ұшыратар еді. Офицерлер Геккеге бажырая қарап қалыпты. Дұрысында Геккенің армиясы түнімен жорықта болып, ұрысқа дайындалып үлгірмегенді. Ал Геккенің өзі болса, өз күшінің артықшылығына сеніп, «шайкаға» жақындасам болды, қырық ру тобыр быт - шыты шығып тұра қашады әйтпесе келіп беріледі деп ойлаған. Сондықтан ең бастысы — бүлікшілерді қоршауға түсіру деп топшылаған.


Енді ғой дереу контратакаға шықпаса болмайды. Офицерлер сайдық тасындай іріктелген үш жүз қазақтар мен төлеңгіттерді сапқа тұрғызды.


Ең бір масқара жері — Гекке ұрыс басталмастан көп бұрын Орынборға жеңіс хабарын жеткізетін кісі шаптырып жіберген болатын. Шабарман оған қоса өзінін, ақыл -кеңестерімен Геккеге кеп көмек беріп, қажетті адамдарды тез тауып, Исатайдың соңынан көп кешікпей бастап жөнелген сұлтан Шынғали Ормановтың айырықша еңбегін мақтап айтып беруге тиіс еді.


— Жабайылардың жарыместігі ғой, мырзалар, — деді самай шашын жағына түсіре өсірген жас ротмистр топ офицердің ортасында ат ойнатып тұрып. — Аңсағандары — ажал. Өз ғұмырларынан неге безінді екен бұлар?


— Демек, безінетіндей іс болған ғой, — деді капитан Шустиков ротмистрге қарамай. — Ау, бізге не жоқ дейсің бұ шайқаста? Жеңерміз, бірақ атақ та жоқ, абырой да жоқ... — Алайда оның сөзіне ешкім құлақ салмады.


Тастөбенің биігінен таудан домалаған тас нөпірдей болып және бір жүздік төгілді. Олар шегіне бастаған өз жігіттеріне дем беріп, ұрысқа жаңа ғана кірген төлеңгіттер мен қазақтарға ойда жоқта үртіс тиді де, сасқалақтатып, қалтарыста отырған атқыштарға қарай тырқыратып қуа жөнелді.


Жалдамалылар мен қазақтар қашқақтап келіп өз солдаттарының қалың ортасына кіре берді. Оларды өкшелей қуған жігіттер дәл зеңбіректер тұрған жерге дейін соғыс салып келді де, аттарының басын жалт бұрып, Тастөбеге қарай тартып отырды. Соңдарынан кешеуілдеп барып атылған зеңбіректер мен мылтықтардың оғы оларға дарымады...


Исатайдың сол жеңі дал-дұл. Сауранның сауырында қап көрінеді: қалын, етіне оқ тұрып қалыпты, бірақ жарақаты онша үлкен емес, тіпті түкке тұрмайды десе де болады. Бұндай жарақат қайта жануардың тынысын жеңілдетуі керек. Кейде ұзақ бәйге кезінде сәйгүлік еркін тыныстай алмай, демігіп, ауыр жүгірсе, шабандоздар аттың шоқтығына бәкі тығып алады. Кішкене жарадан қанды көбік шығады да, аттың тынысы кеңейеді. Тек сүйекке жетпесе болғаны.


Оқ сауранның сүйегіне тимеген еді, яғни жануар бұрынғысынан да жақсы жүгіріп, бұрынғысынан да жылдам, ұшқыр болады деген сөз, ал жарақатын әбден суығаннан кейін ғана ауыр сынады.


— Құдайдың өзі куә, арыстандай айқастыңдар, бауырларым, — деді кәрі аңшы Садық. Ол алып күшті атан түйелер мен нән нарларды жетегіне алып, өңкиген үлкен қара бураға мініп алыпты. Жетегіндегі әр жұптың қос бүйіріне тұмсықтары пістиген ұп-ұзын емен істіктерді теңдеп тастапты.


Шайқасқа кірмеген екі жүз сарбаз Геккенің қарсы шабуылының бетін қайтаруға дайындала бастады.


— Ендігі кезек біздікі! — десіп, олар аттарының басын тарта ұстап, Исатайдың бұйрығын тосып тұр. Ал Исатай болса, Қалдыбай және Махамбетпен бірге өздері жан,а ғана тастап шыққан майдан даласына көз жіберуде. Қаптаған өлік. Иелерінен айырылып, арлы - берлі кісіней шауып, ұйлығысып жүрген аттар. Кісінеген үндері сай-сүйектен өткендей.


Дұшпан тағы да шабуылдамақ. Ту сырттарына сұлтандардың атты әскері шыға бастапты. Гекке көтерілісшілерді екі жақтан қаусырып әкеп, бір-ақ құртпақ.


Аспанды түгелдей бұлт торлап, жел күшейе түсті.


- — Әрбір әнінің аяғы бар, — деді Қалдыбай.


— Бұзып өтеміз! Жігіттер ауыл-ауылдарына тарап, жендеттердің қолына түсірмей, көшіріп әкетсін де, бізді көктем туа тосатын болсын... — деп Махамбет жүзбасылардың Бекетайдағы кеңесінің шешімін еске салды.


Ызғырық жел әуеде қалбалақтаған қар түйіршіктерін бетке ұра бастады.


— Ұрыстан қашқанды халық та, қатын да кешпейді. Бізді ешкім де жеңілді дей алмайды. Көктемге дейін қоштасалық. Ал енді біздің шегінісімізге шеп болатындар, алға шығын,- дар! — деді сардар сарбаздарына.


Жүз батыр алға шықты. Іштерінде Қалдыбай, Ноян, Ерсары, Жантас пен Балабек бар. Махамбеттің қос інісі — Иса мен Мұса да осында.


Әйелдер мен балаларды жау шебінен бірінші болып өтетін жігіттер ортасына алды. Олардың арасында Исатайдың баласы Жақия да бар. Жасы он алтыға жаңа ғана толған, содан да сардардың достары оны шайқасқа жібермейді. Міне, Жақия ат үстінен еңкейіп, бесігінде қаннен қаперсіз ұйықтап жатқан інісінің бетінен сүйді де, алға шығып, жүз батырдың сапына, Мұсаның қасына барып тұрды. Екеуі де бүлдіршіндей жап - жас, әп-әдемі. Біреуі — әкесіне, екіншісі — ақын ағасына күлімсірей қарайды. Сардар да, Махамбет те сөз қатпады. Тек әйелдері ғана парлаған көз жастарын үнсіз сүрте берді.


... Тастөбеге жазалаушылар жасағы жан-жақтан қаптай бастады. Исатай сауранды тебініп қалып, аспанға шапшытты.


— Алға, бауырларым!


Шынғали сұлтан бастаған Жәңгір ханның қалың қолы тебенін, етегіне таяп қалған болатын, олардың артында екі жүз сажындай жерде жеке-жеке отряд болып қазақтар келеді. Қос қанатта — Баймағамбет пен Қарауыл қожаның төлеңгіттері.


Сарбаздар төмен қарай, жаудың сайдың тасындай деген ең мықты жасақтарына қарсы өрттей лап қойды. Күшейіп алған қатты жел де ілгері қарай итермелей түседі. Ал Геккенің отрядтары желге қарсы келеді, қақ маңдайдан қарлы боран сабалап, бет қаратпайды.


Геккенің офицерлері ылдиға қарай ақтарыла жөңкіліп келе жатқан нөпірдің алғы сапына жүксіз түйелер мен жайдақ аттар шыққанын байқамай қалды. Сарбаздардың сүңгісінен тулап қашқан атандар мен нарлар төмен қаран құстай ұшты. Оларға жігіттердің аттары әрең ілеседі.


Төлеңгіттерге екі-үш жүз қадамдай қалғанда ышқынған жануарлар сарбаздардан жырылып ілгері шықты. Тұмсықтарынан аса серейген емен істіктері кеуделерін қорғайды. Төлеңгіттер қорқынышты тасқынның жолында тұрмай, ат басын бұрып, таусоғар алыптардан жан сауғалап қаша бастады. Бұл кезде оларды ту сыртынан қазақтар келіп қыспаққа алды. Өйткені бұларға Ноғайлы жігіттері ат басын бұра қашатындай болса, аямай қимылдауға бұйрық берілген болатын.


Құзар биіктен домалаған дәу тастардай жөңкілген дүлей түйелер дұшпан атты әскерінің алғы сапын жапыра соғып, қазақтардың қатарын қақ жарып өтті. Қарсы келгендерді ат үстінен қалпақтай ұшырып, жылқылардың ішек-қарнын істіктерімен ақтарып барады. Құтырған түйелер жаудың қалын, қолын қақ айырып өтті де, сол жойқын қарқындарымен арындаған қалпы қазылған орлардан орғи асып, Геккенің шатырын таптай - маптай кең жазыққа тайраңдап кетті...


Түйелер көтерілісшілерге жол аршып берді. Жүз батыр тізе қосып ұрысқа кірісті. Олар үзікті жағалай қылыштасып, жолдастарын өткізе бастады.


Қоршаудың үзігінен бірінші болып бураның қос өркешінің арасына жабыса жатып алған Садық қарт өтті. Одан соң жігіттердің қорғауындағы әйелдер мен бала-шаға шықты. Исатай мен Махамбет басқаларды құтқару үшін өз бастарын өлімге тіккен жүз батырмен бірге соғысып жүр.


— Уа, кетіңдер құдай үшін! Әйтпесе бәріміз бірдей қырыламыз, түге! — деп айғай салды Қалдыбай оларға ұрыстың у-шуынан асыра айғайлап.


Махамбет ұрыстың қызығына түскен сарбаздардың қоршауда қалып қойғанын аңғарды.


— Жазыққа, жазыққа шығыңдар, бауырларым! — деп айғайлады Махамбет Исатайдың қасында шайқасып жүріп.


Батыр ұйқыдан оянғандай болып:


— Алға! — деді. Сарбаздарды ертіп, қаптаған жау қоршауын бұзып шыға бергені де сол еді, топ зеңбірек гүрс еткізіп залп берді. Сауран сүрініп барып, құлап түсті. Исатай атының басынан асып, анадайға ұшып кетті.


— Қош бол, серігім! — деді сардар жаулармен соғысып жүріп. Құлаштап сермеген жалпақ семсері бір дұшпанды, одан соң екіншісін жұлындай түсірді, жұп-жұқа түйе жүн шекпенін жел кернеп, бурыл шашы желбіреп кеткен.


— Ұстаңдар тірідей! — деген жарлық естілді қазақтар мен төлеңгіттердің қалың тобынан.


— Исатай кәпірлердің ішінде жалғыз қалды! — деген Қалдыбайдың даусы шықты.


Сарбаздар көмекке ұмтылып, жауды тықсырып тастады да, сардарына жетті.


— Кетіңдер бәрің де! — деп бар даусымен айғай салды Исатай. Ұйтқып соққан ақ құйын оның соңғы сөзін барлық жігіттерге жеткізді.


Даланың ақ түтек бораны басталды. Шаршап-шалдыққан, ашыққан аттардың мойны қатып қалған, тіпті ырыққа көнер емес, тегі төлеңгіттер мен қазақтардың өздері де көздеріне қан толып, аласұра арпалысқан сарбаздардың семсер - сүңгісінен аулағырақ кетуге тырысқандай...


Жігіттердің ешқайсысы да майданнан шығуға асығатын емес, керісінше әрбіреуі көбірек болып, жолдастарын құтқаруға тырысып жүр. Оларға Исатайдың бұйрығы ғана әсер етті. Сөйтіп жау қоршауын бес адам, он адамнан бұзып шығып, жан-жаққа тарай бастады. Қуғыншылар ана топтың, соңынан да, мына топтың соңынан да далақтап барып, ұлыған ақ түтекте көз жазып қалып қояды. Нағыз жаужүрек жігіттер Исатай мен Махамбетті арт жақтарынан қорғаштап келеді.


Қантөгістің қас қырғынынан шығып бара жатып Махамбет анадайда Балабектің құлап түскенін, сол заматта - ақ оның денесінің үстінде он шақты қылыштың айқаса қалғанын кәрді. Махамбет шыдай алмай, атынын, басын кері бұрып еді:


— Ақсақал, әкетіңіз оларды! Бәріміз бірдей өлсек, кегімізді кім алады? — деп Қалдыбайға айғайлаған Жантастың даусын естіді.


Семсерін оңды-солды сермеп жүр өзі. Қалдыбай бастаған жігіттер қаша ұрыс салып, Исатай мен Махамбетті былай бөліп әкетті де, майданға қайта кіруге мүмкіндік бермеді. Ақтүтектің ішінен он шақты сарбаз шыға келді. Араларында Мұса бар. Әлгінде қоршауды бұзып шыққандар қайтадан көмекке келіпті.


— Исатай тірі ме? — Ұлыған боран мен сартылдаған, шақылдаған, ырсылдаған, шыңылдаған ұрыс дыбыстарынан олардың айғайы талып естіледі. — Исатай қайда?..


— Сен бәрімізді құртасың! — деп, Қалдыбай аңдып тұрып, Исатайдың атын сулығынан шап беріп ұстай алды да, сүйрелей жөнелді. Сардар сарбаздарының бұны тастап кете алмай жүргенін түсінгендей болды... Бірақ тағы да солдаттар жол бөгеді.


— Мен мұндамын, қалмаңдар! — деп айғай салды Исатай. Достары оны қылыш пен оқтан қорғамақ болып тұра ұмтылды. Махамбет қасында келеді. Жантас, Ноян, Ерсары бастаған жігіттер алға озып, жолды кескендермен кескілесіп кетті. Ноян жараланып құлап түсті. Жантас, Қалдыбай, Ерсарылар жанталаса шайқасып, Ноянға жетпек болып жүр. Төлеңгіттер мен қазақтардың тар қыспағына тағы да бірнеше сарбаз түсті. Солармен бірге Исатайдың баласы Жақия мен Махамбеттің інісі қалды. Исатай мен Махамбет оң жақ қанаттан, капитан Шустиковтың жүздігі тұрған тұстан сытылып шықты.


— Жақындатып алып, мылтықпен жайратыңдар, — деп әмір берді капитан. Бірақ сарбаздар қарлы боранның құшағына кіріп ғайып болды. Капитан соңдарынан екі шақырымдай қуып барды да, кері қайтты.


Қызыл ала қан болған, үсті-басын қар басқан Ноян семсерін әлі де тастар емес. Жан таласа арпалысқан арыстандай болып, біресе құлап қалады, біресе есін жияр-жимастан жолдастарына көмекке ұмтылады. Жантас, Сарман және тары да үш-төрт жігіт ат үстінде. Біреудің қылышы Ерсарының сол иығын алып түсті...


Қоршауда қалған он бес сарбаз тізе қосып, иық тіресіп алып, аяусыз кескілесіп жатыр.


— Аттарын құлатыңдар! — деп бұйырды Меркулов.


Он бес сарбаз жау қоршауында бетпе-бет қалды. Қалқандары қақыраған, киімдері далба-дұлба, үстері қызыл ала қан. Сонда да қарсы келгенді жайратып салуға сай тұр өздері. Ең алдында әбден қансыраған Ерсары, Қалдыбай, Байбақтыдан шыққан Жүніс батыр және Степан жүздігінің жігіттері «кез - кез қабылан» деп атап кеткен соңғы жігіті тұр.


— Тастаңдар қаруларыңды! — деп ақырды Шынғали сұлтан бетін жел мен қардан көлегейлеп. Бірақ жігіттердің ешқайсысы да семсерін тастамады. Ноян бір адым алға аттады да, құлап түсіп, сол күйі тұрмай қалды.


— Қаруларын сыпырып алып, өздерін байлап тастаңдар! — деп әмір етті өз нөкерлеріне Баймағамбет. Төлеңгіттер санап басып алға жылжыды, алайда сарбаздарда берілетін сыңай жоқ.


— Мыналар жынданған ғой... — деп үрейлене сөйлейді төлеңгіттер. — Тірідей беріле қоймас...


— Өмір сүргілері келмесе, атып өлтіріңдер... — деген жарлық берді Гекке.


Көп мылтық гүрс етті...


Боран күшейіп, жел бұрынғысынан да долдана ұлыды...


... Ерсары менен Қалдыбай


Екі арыстан тең өлді.


Жетім-жесір көп қалды,


Хан әскері келеді...


* * *


Садық кәрия әйелдер мен балаларды бес сарбазбен бірге Төртшағылдағы ну тоғайдың ішіне тығылған аңшылардың жер үйіне алып барды. Үстеріне қару-жарақ, азық-түлік артылған төрт түйені, бірнеше атты да ала келді...


Бесіктер шешілді. От жағылды. Аш балаларға тамақ берілді. Су ысытып, жаралыларды таңды. Қар болса, қорқыныш пен уайымды ұлғайтып, тоқтамай жауа берді, жауа берді...


Садық Мақпалға жаралыларды жуындырып, таңысуға көмектесті. Кішкентай жарақаттарға алдымен күл себеді, ал үлкен де қауіптілеріне күйдірген киіз басып, шөп жапсырады да, содан кейін таңып тастайды. Бір жігіттің он, қолының бұлшық еттері жұлым - жұлымы шығып денесі күп боп ісіп кетіпті. Бір жылқыны сойып, терісіне орауға тура келді. Әрине, қой не ешкі терісі ыңғайлырақ болар еді, оның үстіне әлде қайда тезірек шипасын тигізіп, ісігін қайтарар еді, бірақ қайдан табарсың кәзір?..


Жігіт әрең дегенде тыншып, ұйқыға кетті.


Ыңырсыған дыбыс естілмейді. Бәрі де үнсіз жатыр. Ұйқы құшағында немесе ойға шомған болу керек. Кейде біреудің ақырын ғана күрсінгені естіледі де, артынша қайтадан тыныштық басады.


Әбден қалжыраған, дала желінін, өтінде жүріп қарайып кеткен, уақыт есебінен жаңылған Мақпал ұлы бөлеулі жатқан бесікке сүйенді де, көзін жұмып, қалғи бастады. Жер үйде жым-жырт тыныштық орнады. Жылтырай жанған май шам анда-санда быжылдап қояды, сырттағы ұлыған жел де басылайын депті...


Есік алдындағы қарды тазалап болғаннан кейін бір құшақ отын көтерген Садық соңынан бір қап аязды шуалтып үйге кірген кезде Мақпал тастай қатып ұйықтап та қалған еді.


Шал отынды еденге түсіріп, тонын шешті де, жаңқаларды отқа тастай бастады. Алаулаған жалынға қарап отырып Садық ойға кетті. Жазда Жәңгір ханды жолбарыс соғуға ертіп барғанын есіне түсірді.


Хан шатырын қалын, қопадан екі-үш шақырым жердегі биік төбеге тіктірді. Ханға еру боп шыққан Бекмұхамбет уәзір із кесіп қайтуға рұқсат сұрады. Жәңгір рұқсатын берді. Садық Бекмұхамбетті жемтік тасталған жерге ертіп барды. Қастарында алты жасақшы бартұғын. Олар ну тоғайға кірді.


— Сіз осында тұра тұрыңыз, ал мен үш жігітті алып, жемтікті шолып қайтайын, жолбарыс қонаққа келген жоқ па екен, — деді Садық. Бекмұхамбет үнсіз келісімін білдірді.


Садықтың бір байқағаны — уәзір әлде неге ойланып, тұнжырап жүр, ешкіммен сөйлеспейді. «Бірге туған бауырың, алдияр тақсырың мен өзіңе қарсы соғыс ашып жүргенде ханға қызмет ету оңай болсын ба?» — деп ойлады қарт аңшы қалыңды аралап келе жатып.


Кішкентай алаңға тастап кеткен көзі соқыр, ақсақ ат жарылып қалыпты, қызыл ала қан болып жатыр.


Садық ақырын ғана сыбырлап, Бекмұхамбетке бұл арадан тезірек кейін кету керек екенін, жемтігін жеуін осы жаңа ғана тоқтатқан жолбарыстың осы маңайдан ұзамағанын, оның дәл қазір қамыс арасынан бұларға қарап тұруы да мүмкін екенін айтты. Жыртқышпен жолығысатын ыңғайлы жер табу керек, содан соң жігіттерді жіберіп, арғы жағынан бері қарай айналдыра қудырып, ұлы уәзірдің дақ алдына айдап шыққан жөн.


— Сені де жүрек жұтқан жолбарыс соққыш дейді-ау, ей, қоян жүрек қорқақ неме, бізді кейін қашырғаның былай тұрсын, әуелі өзің сөйлей алмай қалшылдап тұрсың ғой! Баста ілгері! — деді түнерген Бекмұхамбет.


— Мен бұндай ауыр сөзді түңғыш рет естіп турмын, қадірменді биеке! — деді Садық дауыстай сөйлеп, көзін уәзірге тура қадап. — Екеу баралық. Жігіттеріңізді осында тастаңыз. Бәріміз бірдей тұяққа түсетіндей ештеңе жоқ.


— Айтқаның болсын! — деп Бекмұхамбет жасақшының қолынан полковник Гекке өзіне уәзір ретінде ұлы тарту еткен жаңа қосауызын алып, құлағын қайырды да, алаңға қарай жөнелді.


Бұлар аттың өлігіне жеткен кезде ырылдаған дыбыс естілді. Алаңқайдың арғы шетінен жолбарыс көрінді. Ол жайлап басып қалыңнан шықты, тоқтады, тісін ақсита ырылдап, құйрығымен ерсілі-қарсылы сабалай бастады. Садық өзінің қолдан жасалған қосауыз қысқа бердеңкесін көтерді. Жыртқыш он бес-жиырма адымдай жерде тұр.


Бекмұхамбет қолын сілтеп, Садыққа былай кет деген ишарат жасады да, өзі сыңар тізесімен отыра қалып, көздей бастады. Ханның мынау биік мәртебелі кеңесшісі тіршілікке тым селқос қарайтындай, тіпті мына кездесуге бір есептен қуанып тұрғандай көрініп кетті Садыққа.


Жолбарыс жайлап уәзірге қарай жылжыды. Мінеки, ол жер бауырлап жата қалып, денесі шиыршық атып, секіруге дайындалды, Бекмұхамбет екі шүріппені бірдей басып қалды. Жолбарыс арс етіп, сол жағына ыршып түсті. Оқ дәл тимей, тек жарақаттап кетіпті. Ендігі сәтте жолбарыстың қайта секірері хақ. Осы арада Садық Бекмұхамбеттің мылтығын төмен қаратып қозғалыссыз тұрғанын көрді. Күтіп тұрған сияқты... Нені?.. Ерні жыбырлап, имамын айтып жатқандай. Жолбарыс қарғымақ болып көтеріле беріп еді, сол сәтте Садық та гүрс еткізіп атып жіберді. Жыртқыш жөнді секіре алмай, хан кеңесшісінің аяқ астына жалп етіп құлады да, дір-дір етіп жан тапсыра берді. Оқ қақ жүректен тиіпті.


— Мынау сенің қай қылғанын,? ! — деп ашына сөйледі Бекмұхамбет. — Өз руының қарғысына ұшырап, бірге туған бауырларынан безген жанның адам құсап өлуіне де жол жоқ па сонда?! Уәзірдің өңі құп-қу, екі қолы дір-дір етеді. Садық оның бұндай түрін тұңғыш рет көріп тұр.


Қамыс арасынан хан жігіттері қуана дауыстап шыға-шыға келісті.


Бекмұхамбет тағы да тұнжырап, тәкаппар кейпіне енді. Садық таңырқап тұр.


— Маған неғып ажырайып тұрсың кәрі бура? Бар, анау сабазды хан шатырына апаруға көмектес жігіттерге! — деп жарлық қылды да, уәзір малайы жетелеп әкелген атына қарғып мінді.


— Алдияр тақсыр, мына жолбарыстың иесі өзіңізсіз, — деді Бекмұхамбет жыртқышты шатырға әкелгенде. — Ал хан ием саған көмегің үшін ат-шапан сыйлық берді, Садық...


Кейінірек Садықпен қоштасып тұрып уәзір былай деді: «Туған, ауылын, өз үйін тастап, тыныш өлгісі келген адам алдымен үй ішінің, қатын-баласы мен бауырларының жайын ойлауы керек. Махамбетке осылай де. Білем, сен оған жолығасың. Бауырларының түбіне жеткен ессіз деп айтты де!..»


... Уәзірдің сөзі есіне түскен Садық Мақпалға қарады. Бесікке сүйеніп ұйықтап отыр. Шалдың көзқарасынан түйсінді ме, әлде түсінде ыңырсыған жаралы сарбаздың дауысынан оянып кетті ме, әйтеуір Мақпал көзін ашты да, орамалын жөндей беріп:


— Бірдеме істеу керек пе, ата? — деп сұрады.


— Жоқ, қызым, жоқ-жоқ. Тек Бекмұхамбет өзің мен анау кішкентайыңды ойлап, көп уайымдамайтынын айтайын деп едім...


— Есіңіз дұрыс па, отағасы? Оның көмегінсіз-ақ күнімізді керерміз. Кәрі ме, жас па, бәріміздің де барар жеріміз біреу ғой әйтеуір. Мені қойшы, өз жанымды Махамбетпен бірге бір шүберекке әлдеқашан түйгенмін. Тек қос сұңқарымды ойлағанда қабырғам қайысады. Тірі ме екен, айналайындар?..


Тойымызды жасағанда Махамбет маған, Жәңгір ханның сарайына апарам, енді сонда тұратын боламыз, деген еді, — деп Мақпал ақырын ғана жымиып қойды. Соңғы күндері оның жүзі жылығаны осы.


Сөзін әрі жалғады:


— Мен күліп жібердім. Жәй әншейін. «Сенің сарайыңның маған не керегі бар?» — деп сұрадым. Ол да күлді. — Мақпал үндемей қалды.


— Бізге сарай не керек? — деп қайталады ол. — Тірі қалсақ болар. Кішкентай қараша үйіміз болса, жетеді. Адам баласынан алысырақ, аза - қазадан, айқас атаулыдан қашығырақ кетсек. Мен үшін енді адам қанын көруден гөрі жапан қамыс арасында, жыртқыш жолбарыстармен бірге өмір сүрген оңайырақ. Бұрынғыдай Махамбетпен қатар жүріп, жортуыл көшер жайым жоқ. Мына кішкене күшік, күнәдан пәк сәби мені енді әкесінен ажыратып, өзіне қарай тартады... — Ол көзіне келіп қалған жасты тоқтата алмады да, не де болса көрсеткісі келмей, ұйықтап жатқан баланы аймалай берді.


— Бәрі де жөнге келер, қызым, — деді кәрі аңшы сенімсіздеу үнмен. Еңсені үнсіздік басты тағы да.


— Боран басылды, құдайға шүкір, көп ұзамай біздің сұңқарлар да келіп қалар... — деді Садық күрк-күрк жөтеліп.


— Тірі ме екен өздері? Тірі ме екен Махамбет? — деді кенет Мақпал басын жұлып алып, Садыққа жалбарына қарап. Садық қапелімде сасып қалды. Өтірік жөтеліп, күркілдеген болып, орнынан тұрды. Тонын алды.


— Сабыр ет, балам, сабыр. Махамбеттің қолы қарулы, соққысынан құтқармайды, сөзі де болат жебедей... Бәрі де ойдағыдай болады .. — деді де, ол жаңа сұрақтар қоймасын деп сыртқа шығып кетті...


Келесі күні таң саз бере қастарында тірі қалған қырық жігіті бар Исатай мен Махамбет қуғыншыларын іздерінен адастырып тастап, жапандағы жер үйге келіп жетті.


Қалжыраған сарбаздар келе ұйқыға құлады.


Садық былтырдан қалған жарым - жартысы шіріген бір үймек шеп тауып, аттарды сонда апарып қойды. Қоржындар мен теңдерден тапқан бар сұлыны да алдарына төкті.


Жігіттер күні бойы ұйықтады. Боран да басылмады. Күн үш тәуліктен кейін ғана ашылды.


Исатай айналаға шолғыншы шаптырды. Сарбаздар жер үйден бес шақырымдай жерден қуғыншылардың отын көріпті.


Жер үйден тезірек аттанып, Жайыққа қарай бет түзеді бұлар. Рас, жағада он екі шекаралық бекініс бар, олар әр өткелді кірпік қақпай күзетеді. Алайда ойланып - толғанып жататын уақыт жоқ. Садық Бақсайдан түстіктеу, Жаманқала қамалынан сәл теріскей жермен өтетін екі арадағы жолды таңдады. Бағыттарын Темірқазыққа қарап түзеп түнімен жүрді. Арттарында сайраған із...


... Шағын тоғайға кеп тоқтады. Садық бастаған бір топ жігіт жағаға қарай кетті.


Тан, ағарып келеді. Бірнеше шақырым төменнен аспанға көтерілген түтін көрінді. Онда Жаманқала бекінісі бар.


Кәрия өткелді тез тапты. Жаға жайдақ болғанымен тып - тықыр екен, айнала алыстан алақандағыдай анық көрініп тұр. Бірақ таңдап жататын жәй жоқ. Туған жер тебінгідей болды деген осы да! Арттағы қуғыншылар да, алаулай туған күн де асықтыра түсті...


Сарбаздардың шағын тобы тоғайдан шығып, өзенге жеткен кезде бекініс жақтан бір эскадрон атты әскер көрінді.


Көтерілісшілер Жайықтың салқын суын кеше берді. Алда жаралыларды сүйемелдеген Махамбет пен Исатай жалдап барады. Мақпал Исатайдың әйеліне көмектесіп келеді, олардың артында — Мұса досынан айырылған жас Жақия. Жігіттер жуан бұтақтардан байланған салдарға салған жаралы достарын жалдатып келеді.


Ең соңдарында Садық. Ол судан шыға қашпақ болған тоңмойын түйелерді қуып әуре.


Ақыры Исатайдың аты күншығыс жағаға шықты-ау. Ішкі орданың жері артта қалды. Садық әлі де өзінің атандарын түртпектеп, жағаға жете алмай жүр. Баймағамбеттің әскерлері де өткелге жақындап, атқылай бастады. Жігіттер шалға көмекке ұмтылып еді, бірақ үлгермеді. Оқ тиген қарт сұлтанға соңғы қарғысын жаудырды да, түйелердің теңкиген денелерінің арасындағы тұңғиыққа батып кетті.


Жаралы жолдастарын атқа мінгізіп алып, сарбаздар Кіші жүздің жеріне бойлай еніп шаба жөнелді. Махамбет кідіре берді. Арғымағының басын қайта-қайта кері бұрып, арғы бетке қарай береді Онда Баймағамбеттің қасына келген Меркулов керінді...


Махамбет жолдастарын қуып жетіп: «Тоқтаусыз Аралға қарай тарта беріңдер, — деді. — Маған қарайламаңдар, арттарыңнан барам. Кәзір аналардың шекарадан өткен - өтпегенін білу керек...»


Көтерілісшілер Кіші жүздің жақын маңдағы ауылдарынан шыққан аңшыларға кезіккенде күн батуға таянған еді.


Махамбет арттарында, алыста қалған болатын. Жүзі тым жабырқаулы, ой құшағында. Қуғыншылар қалып қойған. Аты да ілбіп келеді. Кенет анадай жерде қар үстінде жатқан қорамсақты керді.


Ақын тоқтап, қорамсақты қолына алды. Ішіндегі жалғыз жебенің масағы ұстарадай өткір екен.


— Жыр сияқты күшейіп жата тұрсын, — деді де жебені орнына салып, қорамсақты белдігіне іліп алды. Ұйып қалған аяқтарын жазып, ары-бері жүрді де, бір уыс қармен бетін ысқылады. Қолын қоржынға сүртіп жатып, ашыққан атының аяқ астындағы қарды тарпып, талшық іздегенін көрді.


Арғымақтың тұяғы астынан бір уыс күзгі шөп пен кішкентай ғана түйнегі бар бір түп жасыл өсімдік көрінді. Махамбет атын итеріп, үңіле қарады.


Бұл қар астында қалса да солуды білмейтін ғажайып гүл. Ақ қар, көк мұзыңды, улеген желіңді, күз бен көктемнің көл - көсір көп суын бұйым құрлы көрмей, көкпеңбек күйінде артқа тастайды да, жазға салым шешек ататын, содан талайға дейін гүлдеп тұратын көк солмас...


— Сүйінқара айтқан тастүлек сияқты екен, — деп күліп қойды Махамбет, адайлардың батыры Хиуа түбінде айтқан әңгімені еске түсіріп. Ақиығынан айырылған ұябасар өзінің ұясын қысы бойы тастап кетеді де, көктемде қайтып келіп, сары аяздан аман қалған жалғыз жұмыртқасын шайқайды деген болатын Сүйінқара. Қабығынан шықпай жатып-ақ дүниенің бар сотанағын тартып көрген балапан ғана топ жарған алғыр қыран болады. Құрманғазы мен Шернияз сондай қыранды жырға қоспақшы еді. Ал бала Мұса аңдар мен құстардың патшасы туралы ертегілерді жалықпай тыңдайтын...


Ойға шомған ақын сарбаздарының Кіші жүз жігіттерімен қалай кездескенін де, қасына келген әйелін де байқамады.


— Жүр.


Суықтан түсі қарайып, азадан шашы ағарып кеткен Мақпал қасында тұр.


— Жүр. Наймандар ауылына шақырып жатыр. Исатай сені тосып тұр...


ЭПИЛОГ


1837 жылдың 17 ноябрінде генерал Перовскийдің атына жолдаған рапортында Гекке көтерілісшілердің «...мінген аттары ерен мықты болды» және де «...олардың өздері де найзамен соғыса білетіндіктерін көрсетті» деп жазды.


«Ордалықтардың зеңбірекке қарсы шапқанын мен бұрын - соңды көрген де, естіген де емеспін... — деп ақталды Гекке Исатай мен Махамбетті ұстау жөніндегі Перовскийдің жарлығы не себепті орындалмағанын түсіндіре келіп. — Дәл де әділ суреттеуден Исатайдың шайқасы қандай жанкештілік жасағанын байқауға рахымыңыз жетеді деп сенем, биік мәртебелі тақсыр».


Сұлтандардың төлеңгіттері мен Геккенің солдаттары Тастөбе қырғынынан кейін шағын -шағын жасақтарға бөлініп, дала жолдарын көп шарлады. Жазалаушылар көтеріліске қатысты немесе оны жақтады дегендердің бәрін де қамауға алды. Жүздеген ауыл өртенді.


26 ноябрьде тұтқындарды Нижне-Уральск бекінісіндегі полковник Бизеновқа жіберіп тұрып Гекке былай деп жазды:


«... Өздерін темір кісенмен бұғалықтап, Уральский острогына" айдаттым. Ең соңғы мүмкіншіліктері біткенше Исатайдың қасынан кетпеген бұл адамдарға ешқандай аяушылық жасалмасын, бұларға әбден жеріне жеткізе сабағанда шыдамайтын шыбыртқының өзі де жеткіліксіз...»


Офицерлерді тұтқындардың рухани ұстамдылығы, өжет өрлігі мен бас имес беріктігі қайран қалдырды.


Исатайдың жақын достарының бірі Қабыланбай жараланып, шалғайдағы бір қыстауда жасырынып жүреді. Оны ұстап алып, 500 адамның сапынан үш дүркін өткізеді. Шпицрутенмен 1500 рет дүрелейді! Сонда да ол үсті-басы қып-қызыл ала қан, денесі көкала таңба, бет-аузы кентиген ісік болса да тізесін бүкпейді, басын имейді.


«Өзі жігіт - ақ, ержүрек, — деп мойындайды Гекке, — жалтарып - жасқануды білмейді, райынан қайтар емес, қайсар - ақ».


Гекке Қабыланбайдың аяғын әрең-әрең басып тұрғанына қарамастан, сескенеді. Ол батырды Уральский острогқа 39 қазаққа айдаттырған!


«Бұнда темір болмағандықтан және де Қабыланбай сияқты қасқырға жіп жеткіліксіз болар деп ойлап, мен оны бүгіннен қалдырмай Уральскіге жіберген жөндеп таптым, бұл үшін қағаз жеткізген 10 адамды және 28 кісіні бөлдім, сондай-ақ оларға Хорунжий Ереминді қосып, бәрін бірге аттандырып отырмын», — деп жазған Геккенің өзі.


1838 жылғы январь айынын, аяғына дейін ауыл-ауылда «бағындыру жұмыстары» жүргізілді. Жол бойы, орман-тоғай мен құм іші үйсіз-күйсіз қаңғыған қарттарға, әйелдер мен баларға толып кетті... «Үрей билеп үйлерінен безген жұрт, қайда барарын өздері де білмейді», — дейді Гекке саспай.


Үскірік аяз, күртік қар, ысқырған ақ боран. Айқастан әбден арып-ашқан ауылдарды құдайдың өзі жер бетінен жойып жібергісі келгендей. Құм ішінде, батпақты жерлер мен жол бойында босып жүрген қашқындар суық пен аштыққа шыдамай қырыла бастады...


Ал көктем туа әбден амалы құрып, ашынған халық тағы да Исатайдың туы астына жиналды.


1838 жылғы майдың аяқ кезінде олардың саны екі мыңдай болды.


1838 жылғы июльдің бас кезінде сарбаздар Ішкі орданың шекарасына қайтадан кірді. Оларға 4-орал полкы қарсы аттанды. Орынбордан 150 қазақ пен генерал Перовскийдің жеке резервінен бір батальон атқыштар шықты...


Сұлтандар мен ханның біріккен қолы үш мыңнан астам еді. Бәрін де өткен жаздағыдай полковник Гекке басқаратын болды.


Көтерілісшілер үш топ болып келеді деген хабар жеткізді барлаушылар. Ең алдында — бірінен-бірі алшақта Исатай мен Махамбет. Исатайдың үш жүз сарбазы бар, Махамбеттікі сәл аздау көрінеді. Басқалары Исатайдың шабарманын күтіп, Жайық бойында қалыпты.


Геккенің әскері Ақбұлақ деген өзеннің жанындағы кең жазықта жыра - жыра мен тоғайларда тығылып жатты.


1838 жылғы 12 кюльде таңертең Геккенің бұйрығы бойынша Баймағамбет бір отряд төлеңгіттерін ертіп Исатайдың алдынан шықты.


Мидай жазық далада жолықты олар. Баймағамбет майдандаспай, бұрыла қашты. Сарбаздар тұра қуды. Геккенің қулығы жүзеге асты.


Төлеңгіттер көтерілісшілерді қақпанға әкеп түсірді. Жазалаушылардың қалын, қолы Исатайдың жасағын айнала қоршап алды. Алғашқы сөзді зеңбіректер айтты.


Төлеңгіттерді қуған кезде сарбаздар бытырап бөлшектеніп кеткен еді. Бұл да Геккенің міндетін жеңілдете түсті.


Исатай бораған оқтың ортасында жігіттерінің басын біріктіріп, қоршаудан саңлау таппақ болып аласұрып шапқылап жүр. Бірер сағаттан кейін ғана он шақты сарбаз қоршауды бұзып шықты. Ал Исатайдың өзі айқастың қалың ортасында қалды.


— Қаша - қаша қажыдым. Бізге енді кері қайтар жол жоқ. Жан-жағын, лаулаған жалын! Наймандар мен қыпшақтар Шыңғысханмен шайқаста қандай өжет өліммен өлсе, біз де солай өлейік! — Исатайдың сарбаздарға айтқан соңғы сөзі осы еді.


«Қазақ Леонтий Левшин Исатайдың атын жаралады. Аты кібіртіктеп барып құлап түсті. Исатай жаяу соғысты... Төлеңгіттер Жаппар Ылақбаев, Сәтбай Байжігітов, Көбіш Сыбулин оны арт жағынан кеп ұстай алды, ал урядник Богатырев батырдың қолынан түскен қылышын ала сала, басын қақ бөлді, енді бір солдат оны кеудесінен атып жіберді», — деп баяндады Гекке кейінірек.


Махамбет Ақбұлаққа аспан әлемін қан қызыл арай жауып, сарбаздардың өлігін кезқұйрықтар айнала ұшып жүрген кезде ғана келіп жетті. Атынан қарғып түсіп, дулығасын лақтырып жіберіп, шекпенінің өңірін қақ айырды. Өңі қашып, сұп-сұр болып кеткен. Семсерінің балдағын қыса ұстап, бір өліктен екінші өлікке үңіліп, досының сүйегін таппай көп жүрді...


«Шектен шыққан көзсіз бүлікшінің жүгенсіз істерін тиюымызға мүмкіншілік туғызғам кездейсоқтықтарды бағаламауға болмайды», — деп қуана рапорт берді Гекке Петербургке.


Жазалаушылар ауыл-ауылды тағы да қылыштың жүзі, найзаның ұшымен «бағындыруға» шықты.


Шыбын жанды шүберекке түйген жүз жігітімен Махамбет суық күз түскенше Баймағамбет және Қарауылқожа сұлтандардың әскерлеріне тұтқиылдан тиісіп, тоқпақтап жүрді де, суық түскен соң жолдастарымен қоштасып, Атырау жағасындағы ауылдарға сіңіп кетті;


Абайламай айрылдым
Ар жақтағы өлімнен —
Анау Нарын деген жерімнен,
Тірі кеттік демеймін,
Кем болмады өлімнен.
Теңім үлгі алмады
Аузымдағы желімнен.
Істеген ісім кетті далаға,
Қашан өтіп шығам деп,
Қайғырамын мен-дағы
Жайықтан арғы далаға!
Басқа қысым түскен соң
Қайрылмастай күн болды
Қатын менен балаға.
Барсаң сәлем айта бар
Ата менен анаға...
Өлең айтып толғадым,
Көкірегімді басарға...
Махамбеттей мұңдыға
Енді келер күн қайда
Ханға құрған шатырды
Сүңгіменен түртіп ашарға?!.


Ақынның отты сөздері ауылдан-ауылға ұшқыр жебедей самғай ұшып, ен даланы тағы да лау еткізер ұшқындай таралып жатты.


Баймағамбет жіберген, қарамағында қазақтар жүздігі бар Мұртазағали сұлтан 1841 жылдың 5 -ші мартында таңертең Атырау жағасындағы қалың құмда отырған ақынның қыстауына келіп жетті.


Қастарында үш төлеңгіт бар урядник Голиков және Хохлов, Ведерников дейтін қазақтар үйге кіріп келгенде Махамбет ұйықтап жатқан болатын. Ақын екеуін лақтырып жіберді, үшіншісін кездікпен жаралады. Бірақ күштің басын күш алады ғой, Махамбет те кісенделді.


1841 жылғы 20 июльде Орынборда Махамбетке әскери сот болды.


— Біз шындық пен әділдік үшін, жауыздыққа қарсы соғыстық, — деді ақын сотта. — Біз Жәңгір ханға қарсы соғыстық. Сондықтан біз өзімізді Ресейдің алдында кінәлі дей алмаймыз. Біз сендерді ордаға да, соғысқа да шақырған жоқпыз. Ал өздерің келіп бізге тигенде біз де қарап қалмағанымыз рас...


Капитан Василий Шустиков көтерілісшілердің қолға түскен солдаттар мен қазақтарға күш көрсетпегенін, Исатай мен Махамбеттің тұтқындалған орыс солдаттарын айқас аяқталысымен босатып отырғанын сотқа растап берді...


Сұлтандар да, Жәңгір хан да, генерал Перовский де сотқа қатынасқан жоқ, сондықтан істің шешіміне ықпал жасай алмады.


Сот ұзаққа созылды. Ол Бөкей ордасындағы қазақ ауылдарының ғана емес, Орынбордағы орыс интеллигенциясының да көңілін алаң қылды. Ақынды өлім жазасына кесу ордада жаңа толқулар туғызуы мүмкін еді. Перовскийдің жарлығы күтілді.


... Түннің бір уағында Махамбеттің камерасына қолында шамы бар офицер кірді. Үңіле қараған ақын Василий Шустиковты таныды.


— Иә, не дейсің, капитан? Анада Қисық төренің ауылында басталған айтысымызды аяқтайын деп келдің бе? Сенікі жөн екен. Найза зеңбірекке шыдамайды екен. Күштің аты күш екен, билік те күштінікі екен. Неге келдің сен?! Үкімді хабарлауға ма? Керегі жоқ. Мен өлімге даярмын. Молданың да, поптың да керегі жоқ...


— Ер соңыма! — деді капитан қатқыл үнмен.


Екеуі дәлізге шықты. Шустиков шамды өшірді...


Капитан тыныштыққа ұмсына құлақ тосып, биік дуалды бойлап жүріп келеді. Артында — үнсіз ақын. Әлде кім кішкентай есікті ашты. Содан шығып, жолдан былай бұрылды да, бұлар бір бақшадан өтіп, аулаға келіп кірді.


— Әне жерде, қораның сыртында атың тұр: Кіші бол, — деді Шустиков.


Махамбет орнынан қозғалмады. Ол капитанға қанша тесіліп қараса да жүзін көре алмай тұр.


— Сен солдаттар салтанатты антын бұзбайды деуші едің ғой. Мен саған сенбеймін, капитан. Желкемнен оқ жұтқанша қарсы қарап өлгенім артық, — деді Махамбет нық үнмен.


— Ол өзінін, борышын өтеп тұр, мырза, — деген дауыс естілді кенет үй жақтан. Ай сәулесі түскен алаңға тағы да бір офицер шықты.


— Сіз кімсіз? Дауысыңыз таныс сияқты, — деді ақын.


— Біз сізбен Петербургте, Сенат алаңында болған көтеріліс күндерінде кездескенбіз, — деді бейтаныс адам.


— Осында да, сотта да кезіктік қой! Сіз Даль-Луганский мырзасыз ғой, — деді Махамбет.


— Бөгелмеңіз, достарыңыз күтіп тұр.


— Дәл осы сәтте менің қасымда тұрған адамдардан жақын достарым жоқ, — деді ақын. — Және олармен қоштасуым керек...


— Бұ қайсың? — деп сұрады Махамбет қораның сыртында бос атты ұстап тұрған екі аттылыны көргенде.


— Құдай-ау, келді ғой, келді! — деп қуана сөйледі жігіт. — Мен, Аббас, және Лаубай ғой, екеуіміз де Исатайдың жүздігіненбіз. Бол, Махамбет, тезірек...


Ақын ердің қасынан ұстап, атқа ырғып мінді.


Сол түні-ақ, түрме күзетшілері дабыл қақты. Махамбет камерасының есігі жабық, құлпы орнында, тек терезесіндегі торы быт-шыт. Ақын қашып кетіпті.


Орынборға келесі күні келген генерал Перовский түрме бастығын орнынан алып тастады.


Махамбетті ату жөніндегі үкімді қол қойдыруға әкелгенде генерал дал-дал ғып айырып, лақтырып жіберді.


— Кімді ат дейсіздер, мырзалар?! Қай қырғызды?! Бұдан өткен масқара болмас... Қырғыз тұтқыннан қашты деген не сұмдық! Масқара - ай! — деп зекіді ашулы генерал.


Әз адамдарының былжырлығы мен Махамбеттің қашқанын құпия қалдыру үшін және де осындай сәті түсіп тұрғанда өздерінің «мейірбандылығын» көрсетіп қалу үшін әскери сот дүйім жұртқа былай деп жар салды: «сотталушы Өтемісов... линияның аржағына өткізіліп, оған бұнда қайтып жақындауға тыйым салынды. Егер ол бұл тыйымды Бұзуға барып, ішкі жаққа аттап басатын болса, қатаң жазаға тартылады».


* * *


Махамбет туған өлкесінен алыста, Кіші жүздің жерінде төрт жыл қаңғырды...


1845 жылдың февралінде ол ордаға қайта келді. Ақын халықты тағы да көтеріліске үндеді... Генерал Перовский «түзелмейтін» қайсар ақынды ұстап, атып жіберуге жарлық берді...


1845 жылдың 11 авгусында аяқ астынан Жәңгір хан өліп қалды. Николай былай деп жазды: «Шын берілген, өте керекті адам еді, аянышты, аянышты». Генерал Перовский Фатима ханымға: «Бізге осыншама ұлағатты сын жіберген жаратқанға сыйына отырып, мен сізбен бірге көз жасымды төгемін», — деп көңіл айта келіп, марқұмның ақтық тілектерін түгелдей орындауға серт қылды. Ал өзі дереу тақтың барлық мұрагерлерін құртып, ордадағы барша билікті генерал-губернатор есебінде өз қолына алды.


Ауылдардағы жаңа бүліктің өршуінен сескенген генерал қырға хорунжий Ықылас Төлеевті жіберді. Жарлық келте қайрылды: Махамбетті құрту керек. Баймағамбет сұлтанға жазған хатында генерал хорунжий Ықыласқа мынадай мінездеме берген: «Бұл бізге мейлінше қиын істердің бәрінде де және өте-мөте орындалуы айырықша ептілікті талап ететін тапсырмаларды жүзеге асыруда таптырмайтын адам».


Ықыласпен бірге сұлтан ауылынан беріш руының биі Жаңаберген Боздақов, тобықты Төрежан Тұрұмов, беріш жігіттері Мұса Нұралин мен Жүсіп Өтеулин — - барлығы жиырма адам қоса аттанады. Олар Махамбетпен «келіссөз жүргізеді екен» деген сыбыс тарады ел ішіне.


Махамбет оларды басқа ауылдардың оңашарақ көшіп, жеке отырған өз үйінде қарсы алды.


— Біз саған жау емеспіз, дос ниетпен келдік. Жанымдағылар беріш жігіттері, Махамбет. Жәңгір хан дүние салғалы біраз болды, сұлтандар сені кешті, — деді Жаңаберген би.


Махамбет қонақтарын үйіне шақырды. Ішке төртеуі — Жаңаберген, Ықылас, Мұса, Төрежан кірді де, басқалары сыртта қалды.


Мақпал дастарқан жайды. Әңгіме басталған кезде кішкентай Нұрсұлтан үйден шықты. Қонақтар қаруларын кезене ұстап, киіз үйді айнала қоршап алған екен. Бала әкесіне айтпақ боп еді, оны біреуі шап беріп ұстап алып, аузын баса қойды. Дәп сол сәтте Ықылас та қанжарын суырып алып Махамбетке ұмтылды. Ақын оның қанжарын қағып түсіріп, өзін ұшырып жіберді. Бірақ қалған үшеуі тарпа бассалды. Ақын хорунжийді өкшесімен жерге жаныштап, бел омыртқасын үзіп жібере жаздады. «Тірідей алдырмаспын!» — деп айғай салып, үшеуін де лақтырып тастамақ болды. Біреуі омақата құлағанымен екеуі екі қолын жібермеді. Күйеуіне көмектеспек болып ұмтылған Мақпалды біреуі іштен теуіп жалп еткізді. Үйге қолында қанжары бар Жүсіп Өтеулин жүгіріп кіріп, желке тұстан салып қалды. Қызыл қанға боялған Махамбет құлай берді. Орнынан тұрған Ықылас қылышымен екі рет шауып, ақынның басын кесіп алды...


Екі көзі ұясынан шыға алайып, бедірейіп қалған Мақпал үйден қанішерлерге ілесе шықты да, табалдырықта үнсіз тұрып қалды. Аяғының астында үрейі ұшып, тілі байланып қалған баласы жатыр.


Кенет адам айтқысыз, сұмдық, дене тітіркенетін, қорқынышты күлкі естілді. Жіп-жіңішке, шиқылдаған ащы дауыс жапанды жаңғырықтырып, жүректі мұздатып жіберді. Қаныпезерлердің астындағы аттары үркіп, аспанға шапши осқырынып, басымен ала жөнелді...


Жүсіп атынан ұшып түсті. Күлкі кілт тыйыла қалды. Мақпал Жүсіпке тесіле қарап, керегеге сүйеулі тұрған найзаға қолын созды.


Қорқыныштан қалш-қалш еткен Жүсіп әрең деп орнынан тұрып, өз жолдастарына қарай ойбайлап қаша жөнелді. Мақпал сүңгіні сілтеп қалды... Мылтық атылды.


Мақпалдың көкірегі қызыл қанға боялды. Қан ақ көйлегінің омырауынан төмен қарай сорғалай ақты. Ал Мақпал болса өлер алдында тыржиып кеткен Жүсіпке қарап тұр, қылпылдаған көк сүңгінің ұшы оның қос жауырынының қақ ортасынан қадалыпты. Мақпалды атқан хорунжий Ықылас найзаны Жүсіптің жотасынан суырып алмақ болып жүр.


— Бәріңді... бәріңді де қарғыс атсын... Сендер оны өздерің... өздерің өлтірдіңдер... кәпірлер емес, — деді Мақпал ерні әрең қыбырлап. Қансырап, әлсіреп қалыпты. Жусаннан ұстап тырмысып, сүйретіле жылжып, үйіне әрең жетті. — Қашаннан бері өздеріңді... өздерің өлтіріп келесіңдер... О, құдай, Махамбетім дұрыс айтады, дұрыс!.- Ел болмай кеткір өздері - ай!.. Құтылмассың құлдықтан...


Мақпал күйеуінің бассыз қалған денесіне жете алмай, табалдырықта өлді...


* * *


1846 жылдың 4-ноябрі күні таңертең қасында Шернияз отырған Баймағамбет сұлтанның шатырына жанында үш төлеңгіті бар хорунжий Ықылас келіп кірді. Қолында алма ағашының түбірінен ойып жасаған жалпақ қызыл астау, бетін қызыл барқытпен жуып қойыпты.


Хорунжий сұлтанның алдына бір тізерлеп отыра қалды.


— Әкелгенің қандай сый? — деді де сұлтан болат қанжарының ұшымен қызыл барқытты ашып тастады. Астауда Махамбеттің басы жатыр екен. Өңінде сабырлылық, ойлылық нышаны бар.


Шернияз Махамбетке ұзақ қарап отырды. Сосын айналасындағыларға жағалай көз тастап шықты да, екі қолымен басын ұстап, айғай салып шатырдан сыртқа ата жөнелді...


Ақын өлтірілгеннен кейін Баймағамбет сұлтан Петербургте болды. Патша оны аялап -қолпаштап, сый-сияпат көрсетті, генерал шенін берді.


Бірақ сұлтан үйіне қайтып оралмады.


Аббас пен Лаубай бастаған жігіттер оны Қиялы-Қиғаштан өтерде, Исатай мен Махамбет өздерінің тұңғыш жеңістеріне жеткен жерде, суға ағызып өлтірді.


Кек қайтарғандардың ішінде Шернияз да болыпты деген сыбыс бар. Содан кейін ол аты аңызға айналған Көтібар батырдың баласы - — Есет бастаған шектінің көтерілісшілеріне барып қосылды. Бұл кезде Сібірге айдалған каторгадан қашқан Құрманғазы өзінің отты күйлерінің ызалы да адуынды арынымен жалпақ даланы дабылдатып, Көкшетау мен Жетісу, Сарыарқа мен Түркістан жерін баса-көктей, Есетке қарай асығып келе жатқан болатын...


1857 жылдың январында сұлтандар мен генерал-майор Фотингофтың біріккен қолы шектілермен шайқасқа түсті, бірақ жеңе алмады. Сол шамада Ақмешітке қарай жылжыған генерал Перовский Сыр бойындағы қазақ жасақтарымен соғысып жатты.


Арал теңізіне қарай ұмтылған полковниктер Кузьмин мен Дерышевтің, майор Михайловтың жүздіктері жол бойындағы Ішкі орда мен Кіші жүздің ауылдарына өрт салып, түтінге тұншықтырды...


«...Көне заманның соғыстарынан кейін немесе монғол басқыншылығынан бермен қарай полковник Кузьмин мен майор Дерышевтің шапқыншылығындай ешбір жексұрын мейірімсіздік болып көрген жоқ. Бұл қанішерлікті (Перовскийдің тұсында - ақ) өз кеңсесінде отырып, Липрандидің бұрынғы көмекшісі — Григорьев басқарды. Бұл қанды уақиға әлі еш жерде суреттелген емес», — деп дабыл қақты Герценнің «Колоколы» алыстағы Лондоннан.


Өздері салған егінді қорғаған үш мың шаруа қолдарына айбалта мен найза, қолдан жасалған білтелі мылтық ұстап, Перовскийдің атты әскеріне қарсы тұрды...


Торғайда, Арыс пен Жетісуда халық патша отаршылары мен өз алпауыттарына қарсы көтеріліске шықты...


Мен халықтың көптеген ғасырлар бойына жат жерлік басқыншыларға қарсы, өз азаттығы мен теңдігі үшін жүргізген күресінің бір ғана оқиғасын баян еттім...


Соңы


Орысшадан аударған ТЕЛЬМАН ЖАНҰЗАҚОВ


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы