Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  203


Автор: Еркін Оралбай

СЕЗІМ СЫРЫ

Тұмандайын тауды ораған мұнартып,
Сезім келер сағыныш пен мұң артып.
Өмір осы, бақыт берсе бұлдайтын,
Қуанышқа уайым берер сыңар қып.

Тұрмаған соң бір көруге құмартып,
Сүйем деген сөздің өзі тым артық.
Ғашық болмай бұл өмірден өткеннен,
Сүйген жақсы алсаң дағы күнə артып.

Көре алмасқа қойса өзгені сынатып,
Күндері рас өсек сөзді шұбатып.
Өзгелерге сын айтқыштың өздері,
Періштедей таза болса, құба құп.

Көңіліңді бір сұлуға құлатып,
Бұл махаббат бірде алады жылатып.
Ал, біреулер көрсе қызар аңшыдай,
"Құралайды" ермек үшін жүр атып.

Махаббаттың сыры терең тұңғиық,
Түсінгенге мәртебесі тым биік.
Сезім деген- үлбіреген әппақ гүл,
Үзе алар нәзіктікті кім қиып?

Ғажап екен ғашықтардың ақ түні,
Түсте естілсе сүйгеніңнің тəтті үні.
Сүю менен ғашық болу бір бөлек,
Ең қымбаты- шын сезімнің пəктігі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу