Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  312


Автор: Еркін Оралбай

БІРЛІК КЕРЕК


Ел көгерер ынтымақ, бірлікпенен,
Ынтымақсыз ел ісі кірлікпеген.
Ертеден қалған сөз бар, қазағымда,
Бола қоймас бірліксіз, тірлік деген.

Әділдікті қастерлеген, үрікпеген,
Қазіргідей бостан-бос дүрлікпеген.
Аталы сөз айтылса тоқтай білген,
Түсініп бақ таярын бірлік кемнен.

Айта білген ханына шынды бұқпай,
Тіл кесетін ханы жоқ, жырды ұқпай.
Бөлінгенді бөрі жер деп, ұран тастап,
Жауына жұмылғанды жұдырықтай.




Сол қазақтың тұяғы, біз қандаймыз?


Басқаның кемшілігін тез аңдаймыз.
Жақсылығын ағайынның көре алмай,
Жамандауға келгенде жез таңдаймыз.

Сүрінгенді даттаймыз, табалаймыз,
Бұралқы иттей аулада абалаймыз.
Жамандауға құмармыз, көзбен көрмей,
Жақсыға, бір ауыз сөз таба алмаймыз.

Өкініш көп бұл қоғамда езген сана,
Көбейіп тұр, баладан безген ана.
Елді ойлар азаматтар биліктегі,
Көмектесер бос уәде, сөзбен ғана.

Күдер үзген биліктен, шаршап қоғам,
Сәйкес келмей сөзден ісі алшақтаған.
Шындық деп шырылдаған азаматтар,
Сыймай елге, шетел асып жан сақтаған.

Келді уақыт мінетін ерттеп сеңді,
Алданбай бос сөздерге ертек реңді.
Аю мен аждаһаға жем болармыз,
Ертерек жинамасақ етек-жеңді.

Бәрі бекер, бір кісідей ұйымдаспай,
Іске кіріс, пайдасыз жиын ашпай.
Ел билеген азаматтар оянса екен,
Тұрғанда ел алдында сыйы қашпай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу