Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  186


Автор: Еркін Оралбай

ҚАДІР ТҮНІ

Мың күннен де қасиетті-қадір түні,
Қадірлі ғой рамазанның əрбір күні.
Мұсылмандар жеңісі ғасырларға,
Жеткен екен ұлы шайқас бəдір үні.

Қадір түнін өткіземіз дұға жасап,
Берер түн бұл байға тəубə, құлға ынсап.
Құлшылық ет осы түн, намаз оқы,
Тегін келер сауаптарды тұрма тұсап.

Оқы құран салауатпен пайғамбарға,
Сауаптан асып түсер пайдаң бар ма?
Періштелер жер бетіне түседі екен,
Осы түні қараңғы көз байлағанда.

Мұсылманға орынды бейіштен бер,
Деп сен үшін дұға жасар періштелер.
Сиынып бір Аллаға таңды аттырсаң,
Жүрегіңе иман, сауап тегіс келер.

Қасиетін қадір түннің көбі білмей,
Күткен жандар түсінер көзін ілмей.
Осы түні Алла бəрін кешіреді,
Болса да күнəң теңіз көбігіндей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу