👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  63


Автор: Еркін Оралбай

ЕЛ ЖАҒДАЙЫ

Көл суалып, орнында сазы қалды,
Сұңқарды көлдің қара қазы шалды.
Кері кеткен заманның туғаны ма?
Аң ауламай бағатын тазы малды.

Құрғақ сөзге бұқара разы болды,
Сөзі өтпей, жақсының лажы солды.
Меккеге де еріккен байлар барып,
Жүректе иманы жоқ қажы толды.

Ақын бұрын еді ғой ел еркесі,
Қазір сөздің кеткендей берекесі.
Елдің қамын ойламас, басшылардың,
Пайдасы жоқ көбейді мерекесі.

Қайда кеткен қариялар қазыналы,
Өсиет айтар ұрпаққа базыналы?
Бұл заманда байлардан мейір кетіп,
Елді ойлап шырылдар азы малы.

Қазақта көбейді істер, ар ұялар,
Секеңдеп жүр, тойда билеп қариялар.
Қызына тыйым болмай ата-анадан,
Сатам деп пәктігін қыз жариялар.

Неге кетті қазағым ұсақталып?
Ер қайда, ана туған құрсақ талып?
Не пайда мақтанғаннан барыспыз деп,
Рухани жағынан біз тұрсақ қалып.

Қазірде көбейген бе, дін де жамау?
Біреулер жүр, діни білім дүдамалау.
Кінә артамыз басқаға бүлдіріп ап,
Не боп кетті заман деп жүдә мынау.

Ел едік даңқы асқан тараптарға,
Ерлігіміз жазылған парақтарға.
Жарты әлемді билеген түркі ұрпағы,
Еліктеп жүр орыс пен араптарға.

Ру үшін айқасқандар белін байлап,
Жақсы ғой жүрсе осылай елін ойлап.
Аз қазақ руға, дінге бөлінем деп,
Босып кетіп жүрмейікші елім-айлап.

Басшылардан бұл күнде ынсап кетіп,
Өздері үшін заңды алған жұмсақ етіп.
Жұмыс істеп өзінің пайдасына,
Ел байлығын тонайды жұмсап, кертіп.

Неге үнсіз қалдық деп, шіркін кеше,
Қате істер жастарға тек серпін берсе.
Өкінбесін қалайша ел, бақшасының,
Бар тәттісі шетел асып, сыртын жесе.

Заман тыныш, тәубе деп айтар едік,
Көрінген қол жаулық қып сүртінбесе.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы