Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  247


Автор: Еркін Оралбай

ҚАРАҚАТ КӨЗДІ ҚАРЫНДАС

Кексе тартып, қалса да артта арын жас,
Жүрек нəзік лүпілінен арылмас.
Жырыма осы себеп болған бүгінгі,
Қарақат көз, сүйкімді бір қарындас.

Көңілімде қажымас бір жүр екпін,
Сол себеп пе, сұлулықты жыр еттім.
Мөлдірген көздерінен тұңғиық,
Мен іздедім нəзіктігін Жібектің.

Көрген жанның торлайтындай тор мысын,
Сұлулығы елестетіп хор қызын.
"Иә" деген бір сөз үшін барар ем,
Бұзып өтіп тағдыр құрған ор, құзын.

Болмысы оның қайталанбас өзгеше,
Қарақаттай мөлдіреген көз десе.
Сұлулығын сипаттауға жетпейді -ау,
Небір асыл арнасаң да сөз неше.

Ерекше жан, өзгешелеу басқадан,
Үні əсем, шырқағанда асқақ əн.
Жүрегі пәк, үлбіреген нәп-нәзік,
Тау гүліндей жан баласы баспаған.

Кер маралдай кербез сұлу, өзі ақын,
Өресі кең, ұғына алар сөз парқын.
Найза кірпік жасырады жанарын,
Салмасын деп қорғағандай көз әркім.

Шабытыма себеп болған ақын қыз,
Ішкі ойым дейді біздер жақынбыз.
Бұл ғаламда болмаса егер сендей жан,
Ұқпас едік сұлулықтың парқын біз.

Жараланса жанның табар кім емін,
Жанашырдан іздемесе тірегін.
Тілейтінім тек жақсылық қарындас,
Қабыл алғын ағаңның ақ тілегін!

ЕРКІН ОРАЛБАЙҰЛЫ 16.05.2021




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу