Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  162


Автор: Еркін Оралбай

ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАМАНДЫҚТА ӨЗІҢЕ

Күн көрген ілдебайлап кедейлікпен,
Қысқа жібі күрмеуге келмей тіптен.
Жалғыз əйел тұратын жұпыны үйде,
Бар өмірі қайғырумен, күлмей өткен.

Алуға шама келмей тұрмыс түзеп,
Өміріне қайғы деген сұм іс кез кеп.
Ұзақ жылдар оралмаған ұлын күткен,
Кеткеннен басқа жаққа жұмыс іздеп.

Əр күн сайын екі таба нан пісіріп,
Көрсетіп мұсылманға тəн кісілік.
Терезеге біреуін қойып жүрді,
Жетім - жесір жесін деп хал түсініп.

Осылайша өтіп жатты күндер желіп,
Қайғыменен əйел жаны мүлде еріп.
Қойған нанды ертемен алып жүрді,
Бір қаңғыбас ақсақ шал күнде келіп.

Дегендей саубыңды ал түгелдеп,
Естіп жүрді жүргенде тал түбірлеп.
Жамандық та, жақсылық та өзіңе деп,
Нанды алып айтатын шал күбірлеп.

Көрініп, тегін нанға үйренгені,
Қайршы шал күнде келді, именбеді.
Бата орнына, сол шалдың айтқан сөзі,
Қарғыстай боп, ашуына тиген еді.

Ашу - ыза кернеген ойын түйдек,
Демейді ме ашу қысса "мойын имек".
Таба нанға у қосып қоймақ болды,
Бір арам ой əйелдің бойын билеп.

Өз ісінен сол əйел шошып мүлде,
Өткендей боп санасын осып əлде.
Отқа тастап улы нанды, деген оймен,
Болса қайтем балам да осы халде.

Адастыра жаздапты аза жанды,
Қанша адам қателіктен жазаланды.
Садақаның сауабы еске түсіп,
Қойды апарып терезеге таза нанды.

Ырық берген сабырмен төзімге көп,
Ыстық жасы əйелдің көзіне кеп.
Нан алған ақсақ шалдан тағы естіді,
Жамандық та, жақсылық та өзіңе деп.

Түсінгенге шығар деп мұны құнды,
Ұлын ойлап қайғының мұңы тұнды.
Кеш құрым сол бір күні есік қағып,
Жоғалған, азып-тозған ұлы тұрды.

Үйден кетіп, ашылмады одан бағым,
Жұмыс таппай ауылға оралғанмын.
Ұрып, тонап бұзықтар кеткен еді,
Сол себепті анашым, жоғалғанмын.

Жаттым көп естен танып ауық - ауық,
Ызғарлы түн, тұрған еді жаңбыр жауып.
Өлер едім сол бір түні қарамаса,
Қайыршы бір ақсақ шал тауып алып.

Міне отырмын қиындық көріп келіп,
Жан қиналып, тірідей өліп көріп.
Ақсақ шал бір таба нан күнде əкеліп,
Асырады жартысын бөліп беріп.

Оны естіп құлады əйел естен танып,
Тұрса да бар үміті, өшкен жанып.
Шошыды таңертеңмен ақсақ шалға,
У бермекші болғанын еске алып.

Салмақ түскен осылай арға мына,
Ұлын балап өмірінің жалғауына.
Өлтіре жаздапты ол жалғыз ұлын,
Бүгін түсіп шайтанның арбауына.

Пендешілік адамға тəн тағылғасын,
Болады екен арамдық жағы басым.
Жақсылық та, жамандық та бір өзіңе,
Деген сөздің енді ұқты мағынасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу