Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  130


Автор: Еркін Оралбай

ТЫҢДА, ІНІМ!

Тыңда, інім!
Түзу жолда аяғың  жатса тайып,
Жігерлен, тағдырыңа тақпа айып!
Өлсең де қолдан берме намысыңды,
Өмір сүр жігіт деген атқа лайық!

Демесін, алаңғасар мəн біліп пе,
Ұқсама, əпербақан əңгүдікке!
Ашуды жеңдіре біл ақылыңа,
Сабырлы ауыр мінез тəн жігітке.

Мінезді ісің болсын таза нақты,
Ез етер екі сөйлеу азаматты.
Дос деген білінеді қиындықта, 
Жабыдан айыра біл қазанатты.

Күшеніп, сене берме көп білекке,
(Ақылсыз күшпен бәрі көк тіреп пе?)
Бірақ та сөзден тайып жасқанбағын,
Тұрса да мылтық тіреп көкірекке.

Ширай түс, салса да өмір қандай сынға,
Боркемік іші қуыс жандай сынба.
Елемес тән жарасын мінезді бол,
Қырандай көтерілер талмай шыңға!

Құрмет тұт, қадірлеп өс елді жастан,
Жаратқан қорған қылып ерді бастан.
Жау келсе, ел шетіне қарап қалма,
Сен- Көк Түрік ұрпағы, ерлігі асқан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу