Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  120


Автор: Еркін Оралбай

САЛҚЫН СУДЫ ҮРЛЕП ІШІП

Өмірдің көкпарына күнде түсіп,
Тағдырдың ызғарына пенде үсіп.
Өмір өзі осындай күнге ұқсайды,
Күндіз жарық болса да түнде өшіп.

Кейбіреулер тағдырын түрлеп пішіп,
Күбідей оңды-солды жүрмек пісіп.
Бұл тағдырдың отына аузың күйсе,
Жүрерсің салқын суды үрлеп ішіп.

Кейде ұмтылып кішкене жүлде үшін,
Сарқып алар кейбірлер мүлде күшін.
Бұл өмір даладағы гүл секілді,
Күтпесе бола қоймас гүлде пішін.

Өзгертуге тырыссаң өмір көшін,
Ол көрсетер қырсығып өлгір күшін.
Бірде саған бұл өмір қайғы əкелсе,
Бақ сыйлап бірде тосар көңіл төсін.

Күресіп бұл тағдырмен күрмек шешіп,
Кейбірлер белден бақыт жүрмек кешіп.
Алла берген байлықты көтере алмай,
Менменсіп кеуде соғып үрмек бөсіп.

Өмір сүр ар-намысты жығып алмай,
Көзді сақта харамға сұғын салмай.
Жүрегіңе иман кіріп, тəубе етпей,
Өтерсің тағдыр сырын ұғына алмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу