Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  126


Автор: Еркін Оралбай

ҚАЛАЙЫҚШЫ ҚАЗАҚ БОЛЫП

Баба салтын ұмытып пәс түріміз,
Қазбаласа шығады лас, кіріміз.
Әр ұлтқа еліктегіш болып алдық,
Сыртта қап ата-баба дәстүріміз.

Жеткізе алмай билікке үнімізді,
Ілдебайлап көреміз күнімізді.
Дүмше молда көбейіп, бәрі білгір,
Тартпақтайды көкпарша дінімізді.

Елікте деп арабқа, түріктерге,
Сүйрейді бірі есікке, бірі төрге.
Қазіргінің уағызын көп тыңдасаң,
Кіріп кеткің келердей тірі көрге.

Білгенге діннің ия, берері көп,
Иман нұр болса жанға егері тек.
Дәріптеп өлімді көп жүрген жоқ па?
Сенгеніміз дін ислам шебері деп.

Ақтарсаңыз тарихта парақтарды,
Билепті қазақ талай тараптарды.
Сол қазаққа орысты пір еткендер,
Енді тапты жалаң аяқ араптарды.

Ширк дейді, ата-баба салтымызды,
Бұзбақ па, қазақылық қалпымызды?
Істерін бисмилласыз бастамаған,
Деп жүр ме діннен жолын халқым үзді.

Қазақтың жүр, әр ісін қиыс қылып,
Сананы жабағыдай ұйыстырып.
Арабсыз да мұсылман болғанбыз біз,
Салт-дәстүрді дінменен қиыстырып.

Өткенді сараласаң, аз-ақ шолып,
Тарихта тұр біріңғай азап толып.
Құл сияқты әкімге еліктемей,
Қалайықшы ағайын қазақ болып!





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу