Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  143


Автор: Еркін Оралбай

ОН ЕКІ СӨЗ

Тимейтіндей бәрімізге төсек төрден,
Ғұмыр жолды Алла өзі өлшеп берген.
Бірде қайғы, бірде өзі бақыт сыйлар,
Өмір осы, құралған көп бөлшектерден.

Адал жанға жаман істер тайқып ермес,
Келешекті ешкім болжап айтып бермес.
Бір шығарсаң уысыңнан желдей ұшар,
Үш зат бар дүниеде ҚАЙТЫП КЕЛМЕС.

Сусылдаған құм сағат ортайғанда,
Жеке өскен қарағайдай қалқайғанда.
Қадірін бұл УАҚЫТтың сонда ұғарсың,
Бар қызығың артта қалып қартайғанда.

Көп сөйлесе артық СӨЗ, ойланбастан,
Сол адамның бар өмірін ойран басқан.
Әрбір СӨЗге мән беріп, ойлап сөйле,
Ақылшы жоқ дүниеде ойдан асқан.

Дәм таусылды десе ажал күлкің бітті,
Керек болмас қу дүниең, мүлкің тіпті.
Адалдықпен өткізейік аз ғұмырды,
Пайдаланып Алла берген МҮМКІНДІКТІ.

Нәпсі тыйып, көрсет иман бекемдігін,
Жоғалтпай жүрекке Алла еккен гүлін.
Үш нәрсенің өміріңе маңызы бар,
Ұмытпай жүр ТҰРАҚСЫЗ іс екендігін.

Артық болмас байларға да, ақыл көптік,
Алмай жүрсе бар өмірін ақым етіп.
БАЙЛЫҚ қалар кетерінде бұл өмірден,
Бұйырары үш кез мата ақыреттік.

БИЛІК бар деп мақтану ол сордың бірі,
Елден астым десе бөсіп, болдым ірі.
Мәңгі қалар ештеме жоқ бұл жалғанда,
Ұмытпағын БИЛІК деген қолдың кірі.

БАҚЫТ жақсы адамдарды жағалаған,
БАҚЫТынан айырылмас бағалаған.
Тұрақсыз БАҚЫТ кейде ұшып-қонып,
Құс сияқты әрбір талды сағалаған.

Пендеміз ғой, Алла құлы адам атты
Қадірі артқан зат бар ма, ардан қатты?
Үш нәрсе бар, қызығымен еліктірер,
Сақ болмаса ҚҰРТАТҰҒЫН адамзатты.

Күнде салып, дұғаңызды тәпсіңізге,
Ие боп жүр, тұсау салып нәпсіңізге.
Шайтан суы ІШІМДІККЕ әуес болсаң,
Бекер қылар, күйе жағып ісіңізге.

Бұзады екен жаман деген атақ арды,
Кірлетердей кір топырақ аппақ қарды.
Бай болса да, болған жөн кішіпейіл,
Тағала да ұнатпаған ТӘКАППАРДЫ.

АШУланба ез жігіттей тақымы бос,
Сабыр қылып, әр істің ақырын тос.
Халқымызда нақыл сөз бар өсиетті,
Адамзатқа- АШУ дұшпан, ақылы дос.

Таза жүрген адал жанның ісі биік,
Жүрмесінші көңіл толмай кісі кейіп.
Тырыссаң да жанды салып, бата алмай,
АЙТУ ҚИЫН үш сөз бар кішірейіп.

Дәурендеген уақыттарың алыс қалып,
Сырт айналса, сөздерінен таныс танып.
Бұратылып аш иттей бір күнелтерсің,
КӨМЕКТЕС- деп айта алмай намыстанып.

Білместікпен тигізсең де кесіріңді,
Деп ақталма ақыл басқа кеш ілінді.
Біле тұра бар кінәсін мойынға алып,
Көп адамға сұрау қиын КЕШІРІМДІ.

Ұшса көңіл ғашықтықтан күйме міне,
Тура келер іш өртенер күйге енуге.
Жеткізбек боп сезіміңді алғашқы рет,
Айту қиын СҮЙЕМІН деп сүйгеніңе.
   
ОН ЕКІ СӨЗ өмір жолдың баспалдағы,
Шын күрестің өмір үшін басталғаны.
Бақытқа да жетерсің- ау оңайлықпен,
Кедергіден сүрінбесең басқа алдағы.





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу