👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  84


Автор: Еркін Оралбай

АТА ЗАҢ

Шыққандай қуып қараңғы түнек түнді күн,
Азаттық келген ұмыта алар күнді кім?
Өмірге жаңа қадамын басып сеніммен,
Тәуелсіз ел айқара ашты түндігін.

Сызылып шеті егемен елдің картадан,
Бостандық алып, іштегі өксік тарқаған.
Сүйінші сұрап, қуанып жатты қалың жұрт,
Еңсені езген ауыр жүк түсіп арқадан.

Бағынбас деген заңына елдің жат адам,
Қалған сөз барды байырғы баба- атадан.
Белгілеп алып, елтаңба менен көк туын,
Алғашқы болып басылды тасқа Ата Заң.

Бере қояды оп- оңай ғана теңдік кім?
Тартуға бауын кез келді қымтай белдіктің.
Алғашқы болып жазылған құжат Ата Заң,
Белгісі болды егемен- азат елдіктің.

Елімнің қалды күнінде өткен аза- мұң,
Бостандық алған жас елге түсер назар мың.
Қорғаны болар заңменен бекіп Ата Заң,
Аяқтан шалып, алдыңнан орды қазардың.

Бәйтерек елім жайқала жайған бұтағын,
Қасымның қасқа жолынан тапқан құт- бағын.
Заңдардың барлық елімде шыққан жиыны,
Құраннан соңғы қадірлі осы "кітабым".

Тарпаңдай тарғыл жұлқылай үзген жетегін,
Болса да күшті, сүреді өмір жеке кім?
Елдіктің нақты белгісі болған осы заң,
Мойындап бәрі келісім жасар шет елдің.

Қорғаған бабам туған жер дархан бесігін,
Билері айтқан әділдік тура кесімін.
Сақтаумен біздер келеміз баба дәстүрін,
Жаңғыртып ескі салт болған жолын Есімнің.

Береке берген мұнайы, алтын- кен тасы,
Егемен елдің отызға толды бел жасы.
Еліме адал қызмет енді етем деп,
Береді антын қол қойып заңға Елбасы.

Келеді өсіп жастары қазақ жалынды,
Отаным үшін беремін дейтін жанымды.
Артайық сенім жасына елдің тәуелсіз,
Қорғайтын солар, қолдайтын солар заңымды!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы