Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  218


Автор: Еркін Оралбай

МӨЛТЕК СЫР (диалог)

Жігіт:
Ұмытпаспын, сақталар мəңгі есте,
Көңіліме гүл еккен сол бір күзді.
Кездескенде өзіңмен сəнді кеште,
Жүрек тулап асаудай шылбыр үзді.

Қыз:
Сағынышқа малып ап көздерімді,
Таңым ата, күн бата сені іздедім.
Өзіңдей ұната алам өзге кімді,
Әлде сен жүрегіммен егіз бе едің?

Жігіт:
Қауыз ашып беймезгіл күзде жарған,
Үлбіреген раушандай сезім келді.
Орындалар ма екен деп біздегі арман,
Тауысамыз қашанғы төзімді енді?

Қыз:
Бір ғажайып күй бөлеп жүрегімді,
Көңілімнің пернесін шерткеніңде.
Арманға айналдырдың тілегімді,
Жаныма сезім нұрын сепкеніңде!

Жігіт:
Көп өзгеріс əкеліп өміріме,
Жарық еттің, Асылым, түнегімді!
Сендік сезім нұр төгіп көңіліме,
Ұштастырдым арманға тілегіңді!

Қыз:
Құлай сүйсе бір-бірін ғашықтарың,
Махаббаттың дер едім несі мұңды?
Саған деген сезімнің ашып бәрін,
Жазып алғам жүрегіме есіміңді...

Жігіт:
Сені көрсем, көңілім алып-ұшқан,
Қалай ғана ұмытам сәтті мынау?
Келбетің Ай нұрымен шағылысқан,
Сүйгенім сенсің менің, ақ гүлім-ау!..

Қыз:
Ұнатып қаларымды сезген бе екен,
Жүрекке сезім келді қалай ғана?
Қалқалап жүрсең енді көзден бөтен,
Күнің боп шуақ шашам арайлана!

Автор:
Еркін Оралбайұлы
Эльмира Сәрсенбайқызы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу