14.09.2021
  91


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Қисық табандар

Нақыптың алғашқы атағы Басбаймен шықты. Өсектің қызыл тілі өрт жалынындай жалаңдап, оның алыста жатқан ері Төреңді де бір шарпып өтіп еді. Ішінде күздің қара дауылы соғып, қызғаныш оты әлеп-жалап бара жатқанымен бәрін ақылға жеңгізген жігіт бұғап көтеріле қоймады. Кім біледі, «сүйреңдеген жаман тіл сүйгеніңнен айырар» дегендей әлде біреулер өсекке қолдан теліп, сүттей ұйып отырған семьяны іркіттей ірітіп жібергісі келмейтінін кім білсін... Бірақ құрығыр әлгі «шөптің басы жел соқса ғана қимылдайды» деген де бар. Осыларды ойлап қанша толқығанымен жігіт оқуын бітіріп Алматыға бір-ақ қайтты. Дегенмен сөз құрығыр бекер шығушы ма еді, әлдекімдердің өліп барамын деген хаттарын да тауып алды. Бірақ әйелі о дүние, бұ дүниедегі қарғыспен қаруланып, тішатанған соң, сөзіне сеніп мүмкін менікі дұрыс емес шығар деп қоя салып еді.


Елу сегізінші, елу тоғызыншы жыл осылай өтіп, алпысыншы жылы сырты бүтін, іші түтін Төрен «Ташқарасу» совхозында директор болып жүріп жатты. Тіпті жақын жер болғандықтан демалыс құрғатпай келіп те тұрды. Бірақ осы кезде Нақыпқа екінші бір өсек қоса жабысып, Борақ деген біреудің аты қосамжарлай естіліп қалып отырды. Жігіт қанша қиналғанымен Нақып екеуін айырмас дәнекердей алды онға, арты бір жасқа келген үш баланың тағдырын ойлағанда іштегі жалын жалп етіп сөніп, қапы салқындап, жанып кешірімділік пен қайырымдылық торлап, соған бұрылып сала берді.


Қалашыл Нақып ауыл десе үстіңгі ерні көк, астыңғы ерні жер тіреп, қабағы қарс жабылып, «Ташқарасуға» барса ажалынан бұрын өлетіндей болып жүргенде арада екі жыл өтіп те кетті. «Ит көзі түтін танымаспен» өткен бұл жылдар Төреннің қап-қара шашын аппақ, етті. Нақ осындай іштегі ренішті сыртқа шығара алмай құса болып жүріп жатқан кезде Алматыдан телеграмма сарт ете түсті. Телеграммаға бейтаныс әйел қол қойған. «Сіздің әйеліңіздің тәртібі туралы» депті. Шынында Нақып бұл кезде үш баланы үйге қамап тастап, жалғыз басты Жәми сияқты жеңгетайлардың үйінде болушы еді. Телеграммаға қол қойған Басбайдың жұбайы Нақыпқа нақ сол неке бұзарлық жағдайда кездескен екен.


Ақыры әйелі совхозға көшуге үзілді-кесілді қарсылық білдірген соң Төрен қимаса да совхоз басшылығын тастап, алпыс екінші жылдың ноябрінде Алматыға қайтты. Өз үйіне қарамағанның қолы қарынан кесіледі дейді ғой, Төрен өз үйінің отымен кіріп, күлімен шықты. Әйтеуір үш баласы үшін көргенге соқыр, естілгенге керең болып жүре берді. Біреу ынжық деп, біреу қылжық деп, біреу тірі өлік деп естімеген қаңқуы болмаса да, туысқандары табалап жатса да былқ етпеді. Мұндайда табаның басы туысқандардан келеді ғой.


Нақыптың қызметтен уақытысымен қайтуы ұзаққа бармады. Аз күнгі көз алдау бітіп, қисық басып үйренген табан ілгерінді-кейінді кете барды. Кей күні кештетіп, кейде әндетіп, кейде иіс майы бұрқылдап сәндетіп келетінді шығарды. Бірде кеш қайтқан Нақып ыржалақтап күліп, аузының қиюы қашып, зорға сөйлеп, тәлтіректей кірді. Әшейіндегі ойын мастықпен сыртқа шығарып та қойды: «Судан құрғақ шығу әйелдің ісі, ха-ха-ха... Мен де құрғақ шығып жүрмін, мен де... ха-ха...»


Әйелінің бұл ісі ерінін еңсесін түсіріп жіберді. Шешесі есіктен ыржалақтап кірісімен-ақ балалар әкесінің қойнына тығылды, үн жоқ. Тек үлкен қызы: «Көке, ал енді жаман сөздер басталады» деп состиып, есі кетіп тұрып қалды.


— Міне, сен алып бермеген алтын жүзік,— деді ол аузын оң құлағының астына қарай қисайтып. Мен сенсіз де... иттің балалары...


Шынымен Нақып мал тапқыш болып алды. Бір күні алтын жүзік, бір күні дүмбір сырға, тағы бірде тіпті алтын сағат та қолына салып келді. Жылан терісіндей қара шұбар, жылтыр көйлек, сүйір тұмсық, биік өкше туфли. Ия, әйелі дүниені нақ осылай жинай берсе, Төрен көп ұзамай-ақ баяғы Алматының байлары Ғабдуәлиев, Пугасов сияқты көше алмай қалар. Нақыптың қалтасынан ақша борап шығып, ұзын-ұзын «Жамбыл», «Қазбек» шылымдарын бір-бір қарыс етіп будақтатып сорып отырады. Көкала түтін, буалдыр дүние бұған қатты ұнайтындай. Үйім, балаларым, ерім бар еді деу, семья алдындағы жауапкершілік — бәрі де Алматы өзені жұлып ағызып кеткен күзгі жапырақтай зым-зия. Беттегі бояу қалыңдап, бұрынғы бейне өзгеріп кеткен.


Нақ осының ертеңіне әлдеқалай көшеге шыққан Төрен бір әйелге кездесіп қалды. Әйел:


— Сіз әйеліңізді іздеп жүрсіз бе, мен ерімді іздеп жүрмін. Екеуі бір жерден табылмаса не айтарсың!— деп ызалы күлкімен булығып тұр. Бұл ел арасындағы бір ертегіні еске түсірді: Түлкі мен тырна достасып, балаларын бір жерге бағыпты. Тырна жоқта оның балапанының бірін қылғытып қойған түлкі тырнаны көре салып: «Сенікі, менікі дейтін не бет бар, ұзын мойын баланың біреуі жоқ» деген екен. Сондай-ақ кімді кім сүйрегенін кім білсін, әйтеуір қуға қу қызыл іңірде тап болған ғой. Төрен ащы да болса, мырс етіп күліп жіберді.


Аздан кейін бұлар іздегендерін тапты да. Әйелі әлдебіреудің үйінде Борақтың қолтығында отыр. Ішті бұған ыза басқа шығып, ол көріне көзге әйелін иемденген батырды ұрып жыққысы да келді. Былғанышқа қол былғағысы келмей, сабасына қайта түсті. «Қартайғанда кәрі боз жорға шығарады» дегендей ілгерілеген жасқа, ағарған басқа қарамай, сақалды қырып тастап, терек түбін күзетіп жүрген Борақ та өз төсегінен безген біз аяқ екен. Біз аяқтың бәрі әйелден шығады деймісіз, олардың apасында бір еркек те жүрмесін бе? Үйіндегі үш баласы, әйелі жел обатындай тапқанын араққа салып қисық жолға түскен екен, пақырың. Арақ дегенге ақша шақ келе ме, сондықтан мемлекет қалтасына да түсіп шығады екен. Онысы білініп қалып, ұрлығы да ашылған.


Көріп отырсыздар, қисық табандардың қисық жүрістері алты баланы жылатып, арадан аттап өтті. Іс насырға шауып Бірақ істейтін жол құрылысы тресінің партия ұйымы совет семьясын бұзған некебұзардың мәселесін қарады. Нақ осы жерде бұл құбылмалы түлкі бұлаң етіп өзгеріп түсіп, «Бәрін қойдым, ауыл шаруашылығына кетем» деді. Мұндағы жұмсақ жүректілер бұрын мемлекет қалтасын аңдыған неке бұзушының енді өздерінен кететін болғанына қуанып, аман шығарып салды.


Қазір неке бұзар Қалпе станциясынан Нақыпқа хатты қарша борататын көрінеді. Баяғысынша өліп, өшіп жазады. Үш баласы ойында жоқ... Бір күні ол совхоздың да қаржысын сақина-білезікке салып жүрмесін кім біледі? Алты баланың көз жасын кім көтереді. Жалпы мұндай қисық табандылардың балаларға ата-ана болуға қақы бар ма! Тайғанақ табандарға таға қағу керек болмас па екен?


1976




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу