14.09.2021
  150


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?!

Әдетте кеңселерде әңгіме дүкені құрылып, кейбіреулердің қызыл тілін қылтылдатып, күлкісін сыңқылдатып отыратын екі күп болады. Оның бірі — дүйсенбі. Ол күні қандай әңгімелеріңіз бар ма! Кеше жексенбі өтіп, демалыс күннің деміккен арыны басылмай әңгіме судай сапырылады. Мұндайда босаған шөлмек, ішілген тентек су, тентек су ішуден туған тетір мінез, атылған мылтық мерген жіті көз, сұңқиған сұқсыр, қарасын көрсетпей қашқан қарақұйрық, саясы мол тау, балық кетпес майлы ау — бәрі де қолмен қойғандай айтылып, жемтігі жетіліп, жетістігі артылып көрсетіледі. Сейсенбі күні бұл әңгіме қайта басталмағанымен талайдың ішін тесіп, келесі жексенбіге дейін бұғып жатады.


Әңгіменің екінші бір өрістер күні — жұма. Бұл күні ертең сенбіге қонаға жүріп кететін сан түрлі саяхат қамы жасалады. Мініп кетер машина, баратын ауыл, ay құратын қол, бөкен аулайтын шөл, тазының тұмылдырығы, қырқаның бұлдырығы, бүркіттің томағасы, барар жердегі қонақасы ұмытылмай, тегіс тізіліп, көз алдыңыздан өтіп жатады. «Жоқ, олай емес былай» деп қызылөңештеніп таласып жататындар да кездеседі. Бірінің айтқанын бірі ұнатпай қабақ шытысушылық та болмай тұрмайды. Нақ осы тәріздес әңгіме Гурьевте жұма күнгі кызмет аяғында басталды:


— Мемлекеттік автоинспекцияның технигі Пастухов ертең түстен кейін балық аулап, серуен құруға аттанғалы жатыр екен, — деді майор Пуртов. Бұған құлағы елең ете түскен осы мекеменің беделді қызметкерінің бірі Якименко іле жауап қатты:


— Я, я, бізге де ойланатын нәрсе екен. Біз ауласақ балықтың көзі жұмылып қалады дейсің бе, Жайықтың, жайынын жұтар жалмауыз біз емеспіз ғой, — деп тоқтады ол. Осы кезде Пуртов қайта сөйледі:


— Автоинспекцияның бір техник сымағы кетіп барады. Егер бақытты десе балық, мына маған ілінеді ғой. Ол кім, мен кім. Ол бір техник, мен майормын.


— Ей, ей тұра тұр. Егер су түбіндегі табан балық, погонға қарай ауға түсетін болса, онда мен сенен гөрі олжалы болуыма күмән бар ма! Тінті саған ғана емес, талайларға-ақ мен есе бермей кетемін ғой.


Екеуінің әңгімесі осылай басталып, біразға кеткенімен Пуртов өзінің шенінің Якименкодан кіші екенін айтқанына ренжісе де ертеңіне балық аулауға бірге кетпек болды.


«Ел құлағы елу» деген емес пе, бұлардың балық аулай бара жатқаны бір қалада тұрып, бір өзеннен су ішіп отырған қалалық прокурордың орынбасары Чебаковқа да жетті. Прокурор бұлардан қалып қойғанына қатты ренжісе де, арты қайырлы болар деп ойлады.


— Мен олардан кеш барсам да сыбағамды жібере қоймаспын. Тіпті балық деген шіркін менің ауыма келіп өзі оралмай ма! Өйткені менің ата-бабам балықпен басынан айналысқан болу керек. Әйтпесе мен қалай-ақ, Чебаков боламын. Оның үстіне Жайық жағасының қай жерінен қармақ салып, қай аймақтан ау тартсам да маған қарсы тұрар қайсысы бар. Қармаққа қақалтып, ауға оралтып мейлі алабұға болсын, мейлі акула болсын, мейлі қорытпа болсын, мейлі құртқа болсын ала бермеймін бе!


Прокурор кіммен жолдас болып жүргенін өзі білсін, әйтеуір белгілі кәсібі жоқ Көшеков деген біреуді қолтықтап, «Победамен» зырғытып кетті. Заулаған машина Қандауыр маңындағы балық аулауға тыйым салынған участоктен апақ-сапақ, бір қараңғы, бір жарықта келіп бір-ақ шықты. Бастықтарша машина мініп, ұрыларша түн жамылып мезгілсіз жүрген бұл кім екен деп қорықшы таңданып тұрды.


— Қайығыңды бер. — деді ол қорықшыға қарап әй-шәй жоқ және зікіней сөйледі.


— Бере алмаймын, бұл жерден балық аулауға мемлекет тыйым салған.


Ақыры қорықшы қорылға басқан соң қайықты ұрлап, таңертең бір-ақ әкеліп берді. Таңертең «Победамен» «қош» та жоқ, «рахмет» те жоқ қалаға қарай қайқайып кете барды.


Прокурорымыз кешке келгенде таңдайына татығандай, тіліне тәтті, тісіне жұмсақ бірдеме ұнап қалған ба, араға бір күн салып машинамен зырғытып қайта оралды. Қасында баяғы кәсіпсіз Көшеков пен тінтініп, тіміскіп, жымысқып жүретін Сойқан деген тағы бар.


— Қайығыңды бер, — деді ол ашулана.


— Бере алмаспын, балық аулауға рұқсат жоқ, — деді қорықшы. Прокурор шақ-шәлекейі шығып, шала бүлініп ашуланды:


— Маған сенің рұқсатыңның керегі жоқ, мен сенен оны сұрамаймын, — деп ол қорықшыдан қайықты тартып алды да, сұмдығы-қулығы бірі-бірінен айнымаған екі серігіне ұстата салды. Ол екеуі қайықты қалқытып, түн қараңғысына еніп жоқ болды. Чебаковтың өзі де шектен шығып, жалманды қармағын жалаңдатып, қайықты қайрандатып суға қарай беттеді. Содан түнгі түнекке кіріп, жағаға қайтпай жоғалып кетті.


Түн ортасына таман олар қорытпаға (қызылбалыққа) қадалған қармағын жыйып су шетіне келіп отырды. Чебаков шешенсіп сөйлей жөнелді:


— Заң, заң. Заң деген мына мен. Міне енді тіске толғay, қарынға қанағат болатын болды, — Ол ауланған қорытпаның қомақтысына қуанып, ортаншысына жуанын, кішісіне кірбеңдеп, екі қолы ербеңдеп сапылдап сөйлеп, екінші жағына қойып жатыр:


— Қорытпа деген қомақты-ақ шіркін. Көрсең көзің, жесең жемсауың тояды. Ширатылған мұртын қара. Ішінен шыққан құртын (уылдырығын) қара. Па, шіркін! Самтрестен жұтқанда сан тістемге жетеді. Oh, оһ мына біреуі арыс екен аузының өзі қарыс екен. Біреу осындай қарыс ауызды қорытпа қармағына ілінген нағыз теріс азу өзім екем. Анау дөкейін қуыртып жеймін, мына кішірегін асқан соң суытып, жеймін. Туһ, мынаның құйрығын-ай тұрған бойы май екен, ананы маған таста, өзі балық емес тай екен. Мына бір шонжарын қысқа сүрлеп қоямын, ал анаған сілікпелеп бір тоямын. Бәрі қанша? Қырық бір! Түу, тук емес екен. Қап, тағы бір қырық бір болғанда қандай жақсы болар еді, әйтпесе мынау жүк емес екен...


Чебаков осылай аузының суы құрып, әрқайсысын бір ұстап отырды. Мұны жемеймін деген оның ойы түгіл назарына да кірмеп еді. Сәлден кейін келіп бұларды балық аулау инспекторлары ұстап алғанда да өзінің 190 килограмм тыйым салынған балықты аулап, үлкен қылмыс істегенін елей қойған жоқ.


Нақ осы кезде балық аулауға аттанған Пастухов та Дамба поселкесінің жанында ұсталып, бой бермей қорыкшы-инспектормен айқасып жатыр еді. Ол бұдан бұрын да бірнеше ұсталып бойы үйренген екен.


— Сендердің машиналарына маза бермеспін, — деп кіжінді ол. Ал Якименко мен Пуртов та пак осындай оқиғаға тап болды. Сол Якименко Қазақ ССР Балық өнеркәсіп министрлігіне «кешіре салыңыз, бүркей салыңыз, бізді қылмысты деп көрсетуге болмайды» деп хат жазады.


Байқап отырған боларсыздар, мемлекеттің өзінікі өзіне кетті, ал Чебаков пен Пастухов, Якименко мен Пуртов сілекейлері шұбырып, балық сорпасын аңсап отырып қала берді. Жаңа ғана аузымен орақ орып, есіп отырған Чебаков салы суға кеткендей сылқиды да қалды. Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе деген осы болды.


1978




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу