14.09.2021
  82


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Бір мекемеге төрт бастық

Аягөз ауданында құс жұмыртқасынан балапан шығаратын инкубатор станциясы ашылатын болды. Аягөз аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Жұматаев жолдас Әбдіреш Балғымбаевты станция директорлығына тағайындауды сұрап, Семей облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Коробовқа хат жазды. Бұл құс инкубатор станциясының республикалық тресінің директоры Филимонов жолдасқа осы жайында мәлімдеп Балғымбаев жолдастың директорлыққа белгіленгендігін хабарлады.


Хабар қайта алынған күні Балғымбаев жанынан құс инкубатор станциясы ашылатын жерге келді.


— Сіз кім боласыз?— деді есік алдында тұрған күзетші.


— Осы станцияның директорымын,—деп Балғымбаев есікке кіріп кете бергенде, қолында чемоданы бар тағы біреу келді. Кіре берісте әлгі күзетші оны тоқтатып:


— Сіз кім боласыз?—деді.


— Осы станцияның директоры боламыз,— деді де, ол да жүре берді.


— Болсаң бол! Сізбен директор екеу,— деді күзетші.


Бұған түсіне алмаған және өзі жол жүріп шаршап келген адам басын шайқап, қақпадан кіріп, бойы жасырына берді. Осы кезде бір машина зыр етіп келіп тоқтай қалды. Кабинадан шыққан кісі тоқтаусыз қақпаға келді.


— Жолыңыз болсын?— деді күзетші тағы да.


— Мені осындағы жаңа ашылар станцияға директорлыққа бекіткен екен.


— Жақсы, сізбен үшеу,— деді сөздің аяғын айтпай күзетші.


— Қалай, менен бұрын басқа біреулер келді ме? — Я, сіз үшінші директорсыз!


Үшінші директор кеңсеге кіріп орындыққа отыра бергенде, қақпа алдына арбалы біреу келіп тоқтады. «Бұл да көп директордың бірі болып жүрмесін» деді күзетші күліп. Шынында да солай болып шықты. Бұл да директор екен!


Сонымен төрт директор столдың төрт жағына отырып кеңес құрды. Әрине, тор жағына бұрын келген Балғымбаев ие болды.


— Мені Коробов біледі, Филимонов бекіткен дейді,— Балғымбаев.— Міне, бұйрық. Сол, сол-ақ екен келгендердің әрқайсысы өздерінің жайын сөйлеп жүріп берді. Жағдай былай болған екен:


Семей облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Коробов Филимоновқа жаңа құс инкубатор станциясына директорлыққа Балғымбаевты ұсынады. Филимонов оны бекітеді. Мұнымен бірге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының кадр жөніндегі орынбасары Колмогоров директорлыққа Қаратай Сағындықовты ұсынады. Филимонов мұны да бекітеді. Бұл екі директор мекемені ұйымдастырып болмай-ақ үшінші директор жіберіледі. Мұны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының мал шаруашылығы жөнінде орынбасары Әбділдин жолдас ұсынады. Ол — Жағыпар Айдарханов. Мұны да Филимонов бекіткен болады.


Төртінші директор Ананин әңгімесін айтқанда бәрінен осының сөзі орынды сияқты болып көрінді. Мұны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығынын тағы бір орынбасары Цикунов ұсынбақ болып, ал Филимонов бекітемін деп дайындалып отыр еді. Бұл арада Ананин ерекше ептілікпен сақтық істеп, кейін бірдеңе болып қалмасын деп алдын ала станцияның ұйымдастыру жұмысымен, болашағымен таныспақ болып келіпті. Бірақ станцияға келген соң өзінін директор болатындығына көзі жетпей, бастық болуға күмәнданып, сесі қайтып қалды.


Республикалық құс-инкубатор станциялары тресінің директоры Филимонов пен Семей облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшыларының резервте тағы да үш-төрт директоры бар екен. Олар да бүгін-ертең жана станцияға бастық болып келмекші.


1951




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу