Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  186


Автор: Ақылбек Манабаев

Жылқышы жыры



Төбемде бұлтсыз аспан мөлдіреген,

Жер бетін сипалайды жел жүреген.

Астымда бапты жарау киікше орғып,

Жібектей жал-құйрығы желбіреген.



Сақ жүріп сақшысындай айналаның,

Жылқымды қайта-қайта айналамын.

Сүйеніп құрығыма ән толғаймын,

Жүрегін елжіретіп бай даланың.



Әкеткен жаяу боран қарын айдап,

Көсіліп жатыр жазық алып аймақ.

Тепсеңде қалың жылқы шұрқырайды,

Осқырып ту биелер салып ойнақ.



Өзеннің мұз көрпесі тұйықталып,

Тұр таулар сеңсең бұлтты иыққа алып.

Күзгі ызғар сағынтады жан сәудемді,

Еппенен маңдайымнан сүйіп қалып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу