Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  458


Автор: Байыт Қабанұлы

ОЙНАДА КҮЛ ЖІГІТТЕР

Мен кешіп жүрген дүние біреуден кеше қалғансың,
Мен басын кескен уақыт ертеңге барсын жандансын.
Осыны көрген есі бар елеулі ерлер қамдансын,
Білемін ғой білемін, жалғансың өмір жалғансың.


Уақыт дейтін сұмырай көбелек сынды ұшып жүр,
Кешегі мен бүгінді қолтығына қысып жүр.
Мен ішіп кеткен арақты бүгінгі жастар ішіп жүр,
Мен құшып кеткен қыздарды бүгінгі жастар құшып жүр.


Күнелтпек едім қысылмай бірлігі бармен бірлесіп,
Опасыз кезек жалғандық көшпелі күнмнен бір көшіп:
Мен шешіп кеткен жұмбақты бүгінгі біреу жүр шешіп,
Мен кешіп кеткен өмірді бүгінгі біреу жүр кешіп.


Кеше де солай, бүгін де ертең де солай болады,
Еншісімен бүгіннің ертеңнің кемі толады.
Кешегі өткен ескілік бүгінгігің оралы,
Ойнада күл жігіттер солады бәрі солады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу