Өлеңдер ✍️

  14.09.2021
  173


Автор: Байыт Қабанұлы

САРЫ ҚЫЗДЫ САҒЫНДЫМ

Батырлардың ертегісін естіп
әже, қарттардан,
Жауға шауып түс көретін
ақ ту алып,
мініп жүйрік Ақтарлан.
Табаным мен алақаным
табанындай тайлақтың,
Тау ұлы едім –
Күрек ұстап,
тас көтеріп,
тартпа алған.


Сотқар едім түйін болса
оймен емес
қамшыменен шешетін,
Кешуі жоқ өзенді де
кесек мінез кешетін.
Өз дегенім болмай қалса
өзегімде өрт жанып,
Ақ Бурадай бұрқылдаушы ем
тыншым кетіп неше түн.


Былайша айтсам
күш иесі болып өстім дәу қара,
Сараң едім
шүкірлікке, тәубаға.
Жан таласып жанжал іздеп
тұрушы едім әрдайым,
Біреу мені шақырса деп сауғаға…


Бірде аңдаусыз
көрші ауылға барып едім ат қарап,
Бір кішкентай
қарақат көз қыз кезікті ақ қанат.
Сәлемдесіп саусағынан ұстап едім.
Оо ғажап!
Менің мүйіз қолымменен
өн бойыма бара жатты от тарап.


Өзі де бір тентек екен
жанарыма қадап тұрып
ұшқын атқан жанарын,
Күліп еді:
Күн қақтаған майдай еріп барамын.
Еш қарсылық ете алмадым
кіп-кішкентай қызба жанды
қызға мен,
Тасқа тиген секілденіп
тағаланған талабым.


Жүрегімді білек билеп,
кешірімді кек білген,
Тентек едім
темір торды үземін деп
шекеме шер шектірген.
Содан бастап
ақын болып өлең жаза бастадым,
Содан бастап
ұялшақ та ұяң болып кеттім мен.


Қастерледім нәзіктіктің
мөлдір тұнық бұлағын,
Мамық ұлпа ақ махаббат
болды мақсат,
ұраным.
Бүгін енді
жаны мүйіз жігіттерге
кез боп қалсам болғаны:
Алақаны – от,
жанары – шоқ
сары қызды сағынам да тұрамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу