Өлеңдер ✍️

  09.09.2021
  135


Автор: Мерей Қартов

Қара қаншық!

Көрші шалда
бар еді қара қаншық,
Көп үрмейді,



көп итпен жағаласып.
Ұлыған дауысынан оянады,
Ай мен жерді 
жалғайтын арақашық.


 


Қан жүрекке
қалған ба ұйып қайғы?!
Өз тағдырын
өзгеше тұйықтайды.
Бір бекзаттық
қанында қалғаны ма?
Төбетті
менсінбейді, ұйықпайды!


Тауға тартып
кетеді әр ақпанда, 
Үйде өскенмен,
тағы қып жаратқан ба?
Тәңірден 
жіберілген сырттан шығар,
Абаданның 
ұрпағын таратқанға.


Арланмен
тым жақындап аралары,
Емшектері 
салбырап оралады.
Жауырыннан
көретін жортқан жолын
Кәрі шалдың
дәл келіп жорамалы.


Күндіз үрмей,
ал түнде ұлыды ма?!
Дөңбекшіді
кәрі шал қылығына.
Сол түні
ту биені жарып жепті,
Жерік болып
іштегі құлынына.


"Көз жазып қалам ба?"
-деп жалғасынан!
Ізім-ғайым
жоқ болды ауласынан,
Иттігі 
үйшігінде қалған қаншық,
Соңғы мәрте
үріпті тау басынан.


Қара қаншық
болса да қара басқыр.
Тағы ғой
тағдырына қарамас құр.
Алтайда 
ауық-ауық кездесетін,
Осының
ұрпағы ғой қара қасқыр.


***
Сезімің
суалды деп сезіктен бе,
Сөз боратпа,
мен жайлы кезіккенге
Өр мінезге,
тәкапар басыңды иіп,
Өмір сүр
тағдырыңа төзіп, көн де!


Албыртпыз
асаулығы басылмаған,
Жанар ғой
жабыққанды жасырмаған
Суыт жүрсем
салқын деп қабылдама,
Абаданым 
келді деп асыл маған.


Көркіңнен
айналайын гүл өңдестім,
Өмірде
тығырыққа тірелмес кім?!
Елегізіп 
еркем-ау елеңдеме,
Түн ішінде
ерттелсе күрең бестім.


Бұзбашы 
мен келгенде іреңіңді,
Жайып шық
саусағы бар жүрегіңді
Тілсіз неге
тудың деп тергемеші,
Таң ата 
терлеп келген күреңімді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу