03.09.2021
  105


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Әметовтың інісі

Соңғы күндері Садуақасовтың сасқанын айтпаңыз. Біресе Шелек ауаткоміне, біресе аудандық оқу бөліміне кезек-кезек жүгірді. «Кесені үйге кіргізбе, дүмін жерге тигізбенің» кері келді. Енді отыра берсе болды, телефоны құрғыр шылдыр ете түседі:


— Менің тілімді аласың, мен аудан ағасымын,— дейді ауатком ағасы Елемесов.


— Жоқ, менің тілімді аласың, мен сенін тікелей бастығыңмын, оқу жөніндегі бастық мен,— дейді Әметов. Екі таудың ортасында бір шыбын өледінің кері келіп Садуақасовқа әбден қиын болды. Білгіңіз келе ме, онда былай:


Жер жібіп, күн жаңа күлімдеп келе жатқан кез болатын. Оқтын-оқтын Шелек аңғарынан жылы жел соғып еңсеңді бір көтеріп тастағандай еді. Нақ осындай көңілді кезде көңілсіздік аяқ астынан туа қалады деп кім ойласын. Шелектегі мектеп интернатына тоғызыншы наурыз күні тексерушілер сау ете түсті. Ойда жоқта жүргізілген тексеру мұндағылардың әрқайсысының-ақ шеке тамырын солқылдатып жіберді. Өзі жаңа болған бастық Садуақасовтың ойында ештеме болмағанымен, интернаттың шаруашылық меңгерушісі Ілиясов пен есепшісі Кербезовтың күні бір-ақ уыс болды. Екеуінің де түрі кетіп, түсі қаша бастады. Әй осы бір тексерушілердің ойда жоқта келе қоятыны-ай! Күні бұрын айтып қойып-ақ, қой сойып, қолыңды қусырып тұрғанда-ақ келсе қайтеді екен. Кенет келуін қараңызшы.


Тексеру тұтқиылдан басталып көп кетті. Буда-буда қағаздар ақтарылып, асты-үстіне, үсті астына жіберіліп жатты. Баданадай жазулар, бадырайған цифрлар көзге түспей қалмады. Мен тамаққа кеттім, мен араққа кеттім деп тұрғандары да бар. Қайда кеткеніміз белгісіз, адасып бара жатқандарымыз да жоқ емес дейді кейбірі. Цифр сөйлегенді қай жегіш жақсы көреді дейсіз. Цифр көп сөйлеп кетсе, әрі-беріден соң сенің бедел-берекеңе, мекеме бастығы, бухгалтері екеніңе қарамай, сарт етіп мойныңа мініп алатыны да болады. Содан соң тіпті қалай туласаң да мойныңнан түспей қояды. Шындап кетсе соттатып тынады.


Осыны ойлап интернат есепшісі Кербезов цифрларды көрсеткісі келмей көп-ақ қипақтап еді, тексерушілер оған бола қоя ма? Қайдағы-жайдағы шынықты тауып, цифрларды есепшотқа былай қағып, олай қағып интернат басшыларының алдынан қаздай қалқытып, үйректей сүңгітіп өткізіп жатты. Тексерудің қорытындысы интернаттың шаруашылық меңгерушісі мен есепшісі үшін еге қолайлы болып шықпады. Бар болғыр цифрлар бадырайып-бадырайып шыға келісті. Есепшіңіз есептеп жеп, есептей жүріп кесектеп жеп жіберіпті, мың жарым сомды жымқырғаны білініп қалды.


«Басқа келген пәледен бастан құлақ садаға» дегендей, бір Кербезовпен кетсе жарар еді деп, қояндай қорқып Ілиясов отырды. Ақша документтерінің қабырғасын сөгіп, омыртқасын ойып қарап жібергенде, әр жерден жеген-ішкенге кеткен ақшалардың мойны судағы қудың сұңғағындай қылтылдап керіне берді. Интернат қоймасын таразылап тексергенде Ілиясовтың тығып қойған семіз сүбелері, қыртысты қазылары, жуан жіліктері табылып, ұрлығы ашылып қалды.


Балаларға деп босатпаған тамақты үйге тышқанша тасып кеткендігі белгілі болып қалды. Ширатылған дұңған кеспелерін шимень, гунгурман жасайтын аппақ ақ үн, буға пісер мантылар, сәбіз салған шашпа палаулар, осылардың күшік келтіретін ет, майлар, қала берсе бәрінің де Ілиясов үйіне есепсіз тасылғаны ашылды. Тексерушілер долайым есебін шығарғанда тек тамаққа арнаған нәрселерден Ілиясовтың алып кеткені төрт мыңнан асып жығылды. «Ақмағамбетпен» алысып жүргенінде 83 бөлек сабынды да сәтіне келтіріп жіберіпті.


Тексерудің қорытындысы шыққанда, Садуақасов өзінің екі ұрының ортасында отырғанын аңғарды. Айналдырған қырық күн істеген қызметі қым-қиғаш қылмысты екенін кезімен көріп, түңіліп кетті...


Арада аз күн өтті. Тексеру біткен соң есепші Кербезов бөтелкесін құшақтап, алты күн қызметке шықпай қыдырып кетті. Есепті қолдан шатастырып, кердеңдеп кетті. Мойнындағы мың жарым сом ақша да есінен шығып, арақ ауызға тиген соң ортасы толып, кемтігі жетілгендей болды. Әй шіркін, ақмағамбеттің күші-ай! Арақ ауызға тигенде сырдың суы сирақтан келмейді, есеп те түгел, ақша да жетеді. Ал Ілиясовке келсек, ұрлаған төрт жарым мың сомды бес мыңға жеткізу үшін тышқанша тасуды қойып, атжалманша асады. Садуақасов ұрылармен бірге әмір сүргісі келмеді, олардың екеуін де қызметтен шығарды. Қызметке жаңа есепші алынды. Осыдан кейін-ақ оның басы пәлеге қалып, ауатком мен аудандық оқу бөлімінің арасын жол қылды.


Ертеңіне Садуақасовты аудан ағасы шақырып, тепсініп отырды.


— Кербезовты қайтып ал. Есепшіге емес, шаруашылық меңгерушілігіне.


— Қылмысты адамды қалай аламын?


— Ауданда қожа біреу. Ол — мен.


— Менің оған таласым жоқ.


Садуақасов ауатком ағасынан үндемей шықты. Ол енді барып кеңсесіне отыра бергенде, оны оқу бөліміне шақырды.


— Ілиясовты қайта аласың. Оны шығарсаң, өзің қызметтен шығасың!— Әметов ашық кетті.


— Апыр-ау...


— Апырауы жоқ көзіңді ашып қара, Ілиясов — мына ағаңның — Әметовтың інісі. Сөз қысқа.


Садуақасов жан терге жаңа түсті. Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады. Қандай қиын, қып-қызыл қайнаған оттың ортасында қалды. Біреуі аудан ағасы, екіншісі оқу бөлімінің бастығы. Қайсысының айтқанын істесе де қылмысты болады.


Ертеңіне Садуақасов ауаткомге тағы шақырылды. Бір тәуірі мұнда бәрі де болды, Кербезовтің кімнің жақыны екені де белгілі болды. Аудан ағасы бекер айтпаған екен. Кербезов ісіне Арбазов араласты.


— Аласың Кербезовты,— деді ол да нықтап. Осылардың көзінше-ақ Әметов те ашық кетті:


— Бір ауданның оқуын басқарып отырып, жалғыз інімді қызметтен қуғыза алмаймын,— деп салды. Қысталаң жер осы болды. Ал мықты болсаң «алмаймын» деп көр. Ертең езін табаныңды жалтыратасың.


Әметовтың інісі!


— Иә, солай, байқаңдар, Ол — Әметовтың інісі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу